Өлеңдер ✍️

  04.12.2021
  258


Автор: Сейфолла Оспан

Не жақсы?

Біріншіден не жақсы?
Биязы мінез, тілалғыш,
Бал-бұл жанып жүретін
Бауырмалдық – сол жақсы.

Екіншіден не жақсы?
Ерте жатып, мезгілмен
Ерте тұрып,төсекті
Ерінбей жисаң – сол жақсы.

Үшіншіден не жақсы?
Үйдің ішін тазалап,
Үстіңе де қарайлап
Үлгіре алсаң – сол жақсы.

Төртіншіден не жақсы?
Тал шыбықтай таңертең,
Тартылып кеп ойнасаң,
Тамаша әдет – сол жақсы.

Бесіншіден не жақсы?
Былдырламай көбірек,
Байыпты да байқағыш
Бала болсаң – сол жақсы.

Алтыншыдан не жақсы?
Ашу деген бәледен,
Алшақ жүріп жанаспай,
Ақылды болсаң – сол жақсы.

Жетіншіден не жақсы?
Жауқазындай жайраңдап,
Жұрт ісіңе қайран қап
Жатса, шіркін, сол жақсы.

Сегізіншіден не жақсы?
Саспай, жастай өнердің
Сүйсең бірін беріліп,
Сан істерден сол жақсы.

Тоғызыншыдан не жақсы?
Тәтті досқа сөз беріп,
Танып жүрмей артынан
Табанды болсаң – сол жақсы.

Оныншыдан не жақсы?
Ойлап істеп ісіңді,
Озып шықсаң ортадан,
Бәрінен де сол жақсы.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу