Өлеңдер ✍️

  02.12.2021
  262


Автор: Нұрбақыт Мұхаметжанұлы

ОТЫЗДА

Біз де жетіп қалыптық отызға да,
Ой толатын жас қой бұл отыз дана.
Жиырма бесте жігіт боп жарытпадық,
Бала болып ойнармыз отызда да?

Ой түзейтін шақ еді отыз деген,
Отауынан ордалы от үзбеген.
Бал арадай гүлдерден шырын іздеп,
Ойын салып келеміз о, қызбенен.

Балалықтан санамыз неге өспеді,
Өтті үш он, өмірдің белес-белі.
Кеше атамыз отызда орда бұзып,
Отағасы атанған емес пе еді?!

Ер үмітін ел болып ақтадық па?
Жүре бердік жер бетін таптадық та.
Тұңғышы боп анадан туылсақ та,
Әкемізге әлде біз тартпадық па?!

Тартпадық па шынымен тегімізге?
Намыс деген бар ма осы тегі бізде?!
Тепсе темір үзетін тегі біз бе?!
Ойлайықшы отыздың теңіміз бе?!

Біз де жетіп қалыптық отызға да,
Қайда барсаң «қырық қыз, отыз бала».
Бала жігіт болатын түріміз бар,
Ой түземей бой түзеп отызда да.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу