Өлеңдер ✍️

  02.12.2021
  91


Автор: Нұрбақыт Мұхаметжанұлы

АҚБАСТАУ

Ауылдың басы еді Ақбастау,
Ағатын қүлап ақ тастан.
Қасқайып тұрған құздары,
Кеткендей тартып қақ бастан.

Қыздары суға барғанда,
Барушы ем мен де жастаумын.
Айыру қиын күлкісін,
Қыздардың, я бастаудың.

Тұп-тұнық еді шіркін-ай,
Бастаудың суы тап-тастай.
Қыздардьщ тісі бастаудың,
Түбіндегі ақ тастай.

«Киелі бастау» деуші еді,
Ақсақалдары ауылдың.
«Соқырдың көзін жайнатып,
Жарасын жазар жауырдың».

Деп бастауды қастерлеп,
Қорғаштап-ақ жүретін.
Әруақтардың бастауда,
Көзі бардай білетін...

Сол қарттар көшіп кеткелі,
Не күйдесің ақ бастау?
Қара лай болып қара су,
Ақ тасыңды дат басты-ау.

Жағаңда тұрмын жабырқап,
Мұңымды шағар жан таппай.
Бір келіншек таңырқап,
Жанымнан өтті жалтақтай...

Бұл күні әлгі айбатты,
Қасқайып тұрар құз да жоқ.
Тұнығыңа қана алмай,
Бас қойып тұрар қыз да жоқ.

Бәрі жоқ, бүгін бәрі өзге,
Қайнарым жатыр көміліп.
Балалық бастау қайдасың?
Жас кетті көзден төгіліп...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу