Өлеңдер ✍️
ЖАР ЖАУАБЫ
Аяулым-ау!
Арыстандай айбатпен,
Қарс айырды жүрегімді қайғы әттең.
Тағдырыма тағдырыңды таңып ап,
Бақытыңды жүрмін бе осы байлап мен?
Күлкісіз күн, ұйқысыз таң атып жүр,
Жаза берем жалындатып жатып жыр.
Жігітіңнің жүдеп бара жатқаны,
Білем, жаным, жаныңа ауыр батып жүр.
Аппағымсың аймалайтын аялай,
Қозы үшін қайта туған Баян-ай!
«Не керсем де сеніменен көрем» деп,
Неге айтып ең, сен өзіңді аямай?
Сүйдің, жаным, жаныңменен мені шын,
Үздім піскен махаббаттың жемісін.
Білсем егер сал боп қалар ғұмырды,
Тумас едім мен анадан сен үшін!
Жазықтымын жарым сенің алдыңда,
Сан қайғыға жас жаныңды салдым да.
Әлегі көп тағдырымды әлде сен,
Сүйіп тұрып, байқай алмай қалдың ба?
Арнасымен ағар өмір өзені,
Жастық деген жалындайтын кез еді.
Қыршынынан қызығыңды қидым ба?
Сүйген жүрек бәріне де төзеді!
Үміт құсын асулардан асырдым
Жаным, қашан жан сырымды жасырдым,
Адамдықпен ақындықты ардақтап,
Ар алдында махаббатқа бас ұрдым!
Пәк көңілің маған қандай тұнық тым,
Құрбанымын сендей ақын жігіттің.
Сал болсаң да жақсы жарым деп біліп,
Үзбей жырын жалгай берем үміттің!
***
Сәуірдің саумал самалы,
Сергітті серпіп сананы.
Сезімі балқып балбырап,
Жайнады жарым жамалы.
Жұпар леп танау жарады,
Құмартып мас қып барады.
Самалға жазып сәулешім,
Ойнатып шашын тарады.
«Ойна» деп маған қарады.
Мерекем менің, мерейім,
Шашыңды өріп берейін.
Бала боп мейлі еркеле,
Бала боп кеттің демейін,
Ана боп кеттің демейін!
Не дейін енді не дейін! ?
Ойыма осы мен де мәз,
Ойныңа сәулем сен де мәз.
От қойныңа орап-ап,
Сырқатымды емде, жаз!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter