Өлеңдер ✍️

  02.12.2021
  289


Автор: Нұрбақыт Мұхаметжанұлы

КЕШ ҚАЛЫППЫН

Қанша жылдар кетті өтіп санамаудан?
Бала кезден бар санам саған ауған.
Тай суарып соңыңнан жетуші едім,
Су алғалы сен барсаң жағалаудан.

Ой-хой, онда табиғат көркем еді,
Көктем, жазда көл бойын, көр төбені...
Кок аспанның бір шеті о, кұдірет,
Кешкі қызыл шапақпен өртенеді.

Тыңдар болсаң жүрекпен дала — күй, ән,
Нұрға балқып кететін бала қиял...
Сүйіп алып бетіңнен деуші едім ғой,
«Мейлі көкем ешкім жоқ далада уял».


Қандай сұлу нұр жүзің күлкі ойнаған,
Қарап-қарап қайтемін бір тоймағам.
Жерде екеуміз еліктей ойнақтасақ,
Көкте желмен қызығып бұлт ойнаған.

Тал шырша мен сезеді терек нені?
Жасыратын жат көзден желектері...
Тайым тұрар томпыйып түк білместей,
Сарқып ішіп суыңды шелектегі...

Жазғы кештің жамылып кешкі алауын,
Сенен гөрі сәл үйге кеш барамын.
Кешігеміи деп жүріп кездейсоқта,
Кеш қалыппын өзіңнен,
Кеш, қарағым!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу