Өлеңдер ✍️

  02.12.2021
  224


Автор: Нұрбақыт Мұхаметжанұлы

ЖЫЛАТПАҢДАР, ӘКЕЛЕР, ҚЫЗДАРЫҢДЫ

Жылатпаңдар, әкелер қыздарыңды,
Құлақ қайтып қабылдар ызғар үнді?!
Қыздың жасы киелі деуші еді ғой,
Еңіресе ерітер мұз-қарыңды.

Жылатпаңдар, әкелер, жас қызыңды,
Жылатып-ап естіп қөр, басқа ызыңды.
Қалың малға сатпай-ақ, жас қызыңды,
Онсыз да сен табарсың ас-тұзыңды.

Қайран алтын қаракөз қарындастар,
Күйік кетіп барады арында асқар...
Күйіп кетіп, жанады жас жүрегім,
Қалмағандай қауқары жанымда астар.

Теңін тауып қосылар өзге жастар,
Сенімі мол бақыттан сөздері асқар.
Қызығады қызғана қарап соған,
Көңілде мұң, бұл күнде көзде жас бар.

Қайтып шыдар қыздары жегенде азап,
Түршікпейтін темір ме денең ғажап?!
Қайда кеткен қаракөз қарындасты,
Теңін тапса, тегін бер деген қазақ?

Қарындасым, қайтемін, қайтем енді?
Жоғарыны өзгерткен қай төменгі?!
Қаба сақал мына бір қырықтағың,
Он сегіздің ойпырмай қай теңі еді?!

Қарындасым, қайтемін, қайтем енді?!
Жар қыларсың жазу сол май шеменді.
Сенің жасты көргенше жанарыңды,
Неге тесіп кетпеді жай төбемді!
Қарындасым, қайтемін, қайтем енді!..

Отқа түстің келін боп он жетіңде,
Шеше болдың шерлі төрт, тоң жетімге.
Жарды құшпай зар құшып, зарлы құсым,
Жылайды деп, естідім күнде түнде...

Жылайды деп естідім күнде түнде,
Жылап өмір өткізу міндетің бе?
Жастығыңды жылаған жар қойнынан,
Құтқаруға шағынам кімге, кімге?

Жылатпаңдар, әкелер, қыздарыңды!
Құлақ қайтып қабылдар ызғар үнді?!
Қыздың жасы киелі деуші еді ғой,
Еңіресе ерітер мұз-қарыңды!
Жылатпаңдар, әкелер, қыздарыңды!

Кейін қап, кең Текестің кер белеңі,
Жанарда жасыл талдар тербеледі.
Желпілдеп етек-жеңі желмен ұшып,
“Елім!” деп еңіреген ер келеді.

Кетпедім сенен елім өкпелі боп,
Екен ғой бұл өмірдің өткелі көп.
Өтіпті он бес жылдай қиыр шетте,
Арада ай, жыл аумалы-төкпелі боп.

Салмақтап сағыныштың жүрдім күшін,
Ұшырдым туған ел деп жырдың құсын.
Бір батсаң батпағына бата берер,
Тірлік-ай, сен де ана құрдымбысың?!

Қаптаса қара бұлттай басыңа мұң,
Келеді көңіл аулап қасыңа кім?!
Туған ел білді ме екен ең болмаса,
Жетім боп жетер ұлы жасығанын?

Өтті күн өксік толы алыс қырда-ай,
Қатардан қалдым кейде жарыстырмай.
Әйтеуір әлегі көп жел тағдырым,
Он бес жыл қойды өзіңмен табыстырмай.

Айрылған енесінен құлындайын,
Құлындап батты барып күнім дәйім.
Қаһарлы қырдың қысы қарыса да,
Ел десем еш уақытта суынбайым!

Жетімің жүрді алыста жаны байлау,
Тағдырға тәлкек қылған қаны қайнау.
Бұл күнде он бестегі ұландарың,
Жат санап барғанымда танымайды-ау!?

Барғанда маған мейлі сыйлама гүл,
Жанымды жат болдың деп қинама ауыр!
Тарымас тіпті әуелі он бес түгіл,
Бойжеткен ару менен жиырмадағы ұл!

Қиялым қиыр шалып жеткізбес пе?
Бұл тағдыр кермесінен өткізбес пе?
Ақсақалдар алпыста артта қалған,
Бар болса келді биыл жетпіс беске.

Арман не аталарға салем берсем,
Қуанар қастарыңда қалам десем.
Қарттарға қайтып жауап қата аламын,
“Көрінбей қайда кеттің балам?” – десе!..

Бармысың бәрің аман дана қарттар,
Халқыңда қартың барда қанағат бар.
Ой түзеп он бес жылда оралғанда,
Қарттарым, қазынаңды балаңа ақтар.

Жыл өтсе жылға құрмет жаңа той бар,
Қияға барып қонар қанат ойлар.
Апыр-ай, інім неге келмеді деп,
Алаңдап жүрдіңдер ме, ағатайлар?


Санаға сақтап келдім атын елдің,
Қатайтты қатал тағдыр дәтін ердің,
Баяғы тентектікті тастап бір-ақ,
Келді енді, ағаларым, артыңа ергім.

Сақтаған сары алтындай майын қарын,
Күн сайын көбейді ме, уайымдарың?
Жігіт боп келе жатыр, ақ жеңгелер,
Он бес жыл қаңғып кеткен қайындарың.

Білсеңдер баяғы еркек бала күйін,
Бірі жоқ мінезінің ала-құйын.
Қара бала, қатпа қара жігіт болып,
Сергітті сергелдеңнін дала миын!

Бір белес қызық ғұмыр қыр басқаным,
Жұтқан соң қыр ауасын бір басқамын.
“О, тас бауыр, сен әрең он бес жылда –
Келдің бе?!” деп алқымдар құрдастарым!

Қызарып жүздеріңе тұрды ма ызғар?
Сыршыл жан санадағы сырды бұзар.
Қызығып қырдың сұлу қызын алдым,
Сол үшін кешіріңдер құрбы қыздар!

Келем деп келе алмадым неше бұрын,
Қайнадым қара шайдай неше құрым.
Кеудесін кеміргеннен зор сағыныш,
Ақын боп кетті елім, кешегі ұлың!

Кейін қап кең Текестің кер белеңі,
Жанарда жасыл талдар тербеледі.
Желпілдеп етек-жеңі желмен ұшып,
Елім деп еңіреген ер келеді...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу