Өлеңдер ✍️

  02.12.2021
  176


Автор: Нұрбақыт Мұхаметжанұлы

Жылаған жүрек

Осынау өткен өмірде,
Өкініп қалған аз ба жәй.
Күңіреніп көптен көңілде,
Жатырмын жанбай маздамай.

Аһ! ұрсам жылап армандап,
Кетердей кеуде айырылып.
Қанатым қайтып жалғанбақ,
Қалып ед қатпай қайырылып.

Талпынып таңнан күй ұғып,
Жүргенде жаңа жыр танып.
Қыршындай кеттің қиылып,
Бауырым інім Нұртәліп!

Арманға мен де жетер ем,
Аға деп жүрсең артымда.
Садағаң болып кетер ем,
Ағалық артып нарқым да.

Әмірі күшті Тәңірім,
Ертеңді бізге қимады.
Көрсетіп іні қабірін,
Қинады мені қинады.

Өшіріп отын жастың да,
Жұлдызым көктен аққандай.
Жүрегім жердің астында,
«Аға!»-деп, жылап жатқандай....




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу