Өлеңдер ✍️
Ескерту
Жүргендер кеше мені түп етектеп,
Атайтын атымды олар «Нүке» деп тек.
Ал бүгін алдан шықса сырт айналып,
Сыртымнан сыбырлайды мүгедек деп.
Сол сыбыр тиер маған оқтай қарып,
Тойтарыс бергім келер тоқтай қалып.
Кемсітіп күлме, ағайын кемтар жанға,
Келмесін бастарыңа отты айналып!
***
Көңіл көктем жайнады гүл ашылып,
Өр толқынға барамын құлаш ұрып.
Көре алмайтын көп дұшпан күңк – күңк етіп,
Іші күйді «қайтеді-деп,- мына шірік».
Ерлік маған еңбектен бұйырғанда,
Қыран қиял самғайды қиыр маңға.
Қайтер еді «шірік» деп жүргендердің,
Жай отындай төбеңнен құйылғанда.
***
Қалжыраған қалпыма қарап қана,
«Қамықпа, аға» дейсің бе қарақ бала?
Бұл ағаңды бұл күнде қамыққанда,
Жұбатады қалам мен парақ қана.
Сұрамай-ақ қой, қарақ, жәйімді сен,
Құлатты да қуратты қайыңды сең.
Құмарлана жыр жазсам құрсаулаған,
Ашылады «шарт» етіп уайым – кісен.
***
Толқын сүзіп, келем жүзіп,
Өмір деген теңізбенен.
Алып ұшып денем қызып,
Асыл арман сені іздеген.
Дауыл соғып кемем бір күн,
Тасқа тиіп талқандалар.
Туған жердің топырағында,
Етім шіріп қаңқам қалар!?
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter