Өлеңдер ✍️

  02.12.2021
  162


Автор: Нұрбақыт Мұхаметжанұлы

Түн

Сыр айтады мақпалдай түн әркімге,
Осы түнде қозғалар кей дертің де.
Осы түнде кездеседі ғашықтар,
Ғашықтықтан мұңаяды Жер күнге.

Тебіңдейді талай – талай әңгіме,
Жезтаңдайлар түнде шырқар әңді де.
Осы түнде одақтасып жүректер,
Осы түнде тоқтар кейі мәңгіге.

Осы түнде талай сұлу жыр туар,
Осы түнде талай жаға жыртылар.
Осы түнде дүниеге сәби кеп,
Осы түнде талай тамыр қырқылар.

Жаңалықтар осы түнде ашылар,
Талай маржан осы түнде шашылар.
Талай – талай ғимараттар от құшып,
Талай – талай алаулар да басылар.

Теңіз жатар буырқанып тасынып,
Жартас – шыңға толқын қолын асынып.
Осы түнде келер алыс жолаушы,
Қимас жандар бірін алыс асырып.

Осы түнде сырласады жұлдыздар,
Бүрістіріп бал гүлдерді түнгі ызғар.
Осы түннің қол жүгіртіп қойнына
Тұрар батыл шың – құздар.

Бүгін түнгі сәуленің тым сұйығы-ай!
Тымырсықтан демалыстың қиыны-ай!
Түн күлдіріп көтермек пе көңілді,
Езуіндей ырсияды қиық Ай?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу