Өлеңдер ✍️
ӨМІРЗАҚ ДЕГЕН АҚЫН БАР ЕДІ
Өмірзақ деген ақын бар еді,
Айтуға соны хақым бар еді.
Қасында жүрген сырластарының
Барлығы дерлік батылдар еді,
Барлығы дерлік ақындар еді.
Жарық жұлдызы болатын жырдың,
Кетті де қалды сол ақын бір күн.
Жүздерден озған жүйрік еді,
Саналмайтын ол санаты мыңның,
Кетті де қалды сол ақын бір күн.
Жырымен елді жақсылыққа үндеп,
Жоғалар әлі жоқшылық бір деп.
Қу тірлік мына құлазытқанда
Кететін еді бақсылық та іздеп,
Жыры жүр енді жақсылыққа үндеп.
Елінің сеніп нұрлы ертеңіне,
Қуаныш етті мұңды өртеді де.
Есіміне оның кереғар болып,
Өмірі қилы тұнды «ертегіге»,
Сенді бірақ ол нұрлы ертеңіне.
Өмірзақ деген бір ақын өтті,
Жырымен жұртты жылатып өтті.
Жырымен жұртты жұбатып өтті,
Қарсы келгенді жұдырықпен де,
Өлеңімен де құлатып өтті.
Өмірзақ деген бір ақын өтті.
Таниды інісі, таниды ағасы,
Бүгінде оны таниды Алашы.
Ақын есімін ту қып көтеріп,
Желбіретіп жүр Қали қожасы,
Бүгінде оны таниды Алашы!
Өмірзақ деген ақын бар еді!...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter