Өлеңдер ✍️

  01.12.2021
  123


Автор: Кәдірбек Құныпияұлы

ЖЫР ЖАЛАУЫ. МӘСКЕУ САПАРЫНАН КЕЙІН

Жүрсін Ерманға



Жырмен ұшып, ал бірде жырмен ағып,
От жүректің ұшқынын Күннен алып,
Айдан алып әппақ сыр анау бір жыл
Қайтып едік Мәскеуге бірге барып.
Қуанышын арқалап, азабын да,
Қайнадыңыз осы өнер қазанында.
Айтыс өтті Мәскеуде халықаралық
Таң қалдырып орысын, қазағын да!
Жұрты қолдап жәдігер бастамасын,
Өлең, айтыс тең қақты қос қанатын.
Орманды елде ойлы бір айтыс өтті –
Тамсандырып орыстың астанасын.
Қыран жырға айналып бала дәптер,
Қанат қақты, қарымын бағалап көр.
Жалаулатып жеңіспен қайтты ақындар,
Сіз қолбасшы болғанда олар әскер.
Санаты мол өтіп жүр сан дүрмектер,
Айтыс деген ғажайып! Ал күндеп көр.
Барғанша да келгенше ән ағытты
Дәулеткерей, Ораздар, Балғынбектер.
Бір купеде менімен Оразалы,
Білінбеді сол сапар жол азабы.
Ауызашар дайындап зыр жүгірді
Бақыт жеңгем. Болатын ораза айы.
Демеп еді ақша етем, атақ етем,
Болды ма әлде берілген бата бөтен.
Оразалы бауырдың ойлап тұрсам
Мәскеу барған сол соңғы сапары екен.
Сізді қанша қарсы алып күліп бектер,
Бір жиынын қазақтың ұлықты етті ел.
Жалынымен қолдады Қырымбектер,
Дарынымен қолдады Ұлықбектер.
Қасиеті қазақтың жырланып кең,
Мәскеу төрі танысты күллі алыппен.
Жалын жүрек жастарға бата берді
Мырзатайдай ағамыз мырзалықпен.
Дұшпаныңның елемей табаларын,
Болғанша ой – өрт күрестің, сана – жалын.
Демеушілік танытып келе жатыр
Амангелді, Өмірзақ ағаларым.
Атбегісі айтыстың, баптаушысы,
Ұлы өнердің шырақшы, жоқтаушысы.
Біле-білсем дәл осы соқпағыңды
Патшаның да кесетін жоқ қайшысы.
Шыңға қарай бет алар енді бағыт,
Сенім семсер болғанда сең бұзалық.
...Жыр жалауын сол жылы желбіретіп,
Алматыға жеңіспен келдік алып!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу