Өлеңдер ✍️

  30.11.2021
  227


Автор: Әбубәкір Қайран

Жабынды

Сөз етсем киіз үйдің сүйектерін,
Жеткіншек, бір сен үшін жыр еткенім.
Тек қана құрғақ жырлап қою емес,
Аралас саған деген тілектерім.

Білесің – сүйек сырты ет пен тері,
Солардан білінеді нәт пен тегі.
Дәл солай – үй киізі сапасымен
Өзінің дәрежесін ескертеді.

Киіз үй жабындысы төртеу болар:
Туырлық керегені қоршауға алар.
Ал, үзік уық үстін тұтас жауып,
Көтерер нөсер құйып, жауса да қар.

Жабады шаңырақты түндік деген,
Терезе қызметін бұл жүктеген.
Тұрады күндіз ашық, түнде жабық,
Қарайды оған бәрі құрметпенен.

Төртінші – киіз есік, сондай сара,
Тұрады бір басында болмай шара.
Суықта түсіріліп, үй жылытып,
Жай кезде түріледі маңдайшаға.

Сүйек пен жабындыны жымдастырар –
Әр түрлі болып келер бау-басқұрлар.
Тігіліп киіз үйі болғаннан соң,
Төрінде отағасы малдас құрар.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу