Өлеңдер ✍️

  30.11.2021
  324


Автор: Әбубәкір Қайран

Киіз үй

Есейіп қалдың, міне, жеткіншегім,
Бойыңа мін тақпайды ешкім сенің.
Ұлтыңның ұлы болып қалу үшін
Керек қой білік, білім, өткір сезім.

Түңілмес тілегім – сен, тірегім – сен,
Сен барда нұр өміршең, жыр өміршең.
Адамсың – Отаныңды сүйе білсең,
Күні ертең отауыңды тіге білсең.

Отауың – көтеретін шаңырағың,
Шаңырақ – ең үлкені қазынаның.
Қазақтың киіз үйі – ғажап әлем,
Сол жайлы түсіндірем бәрін-бәрін.

Өйткені, киіз үйің – киелің бұл,
Жасыңнан көкейіңе түйерің бір.
Ағашы киіз үйдің – үй сүйегі,
Ендеше, ең алдымен, сүйегін біл.

Жаралған тал, қайыңнан үй сүйегі,
Қазаққа Құдай берген бұл сый еді.
Ағаштан жонып, кесіп, иіп, тесіп,
Жасайтын ұсталарды ел сүйеді.

Оларды бір-ақ сөзбен «үйші» деген,
Тілеуін бай тілеген, би тілеген.
Ордасын орнатам деп ерекшелеп,
Хан, төре тең сөйлескен үйшіменен.

Үйшілер – нақ ұсталар ерінбейтін,
Ешқашан бос қызыққа берілмейтін.
Бастаған үйі бітпей тыным таппас,
Осы ғой «өз-өзіне сенім» дейтін.

Наурыздан бастап олар тал таңдайды,
Сарылып күні бойы салпаңдайды.
Кесіп ап келіскенін, топтап бумай,
Ешқашан ауылына қайта алмайды.

Жалғасып үйшіліктің ғұмыры әрі,
Қызынып, өз ісіне қызығады.
Әспеттеп әкелінген түйеге артып,
Қабығын тал, қайыңның сыдырады.

Ағашта дұрыс та бар, қырыс та бар,
Барлығы жөн-жөнімен сұрыпталар.
Қойған соң көлеңкеде кептіруге,
Үйшілер көңіл демдеп, тыныс табар.

Үйшінің сақтығынан жан асқан ба,
Бір адам зейініне таласқан ба?!
Ыстықта қурап, қаңсып кетпесін деп,
Су бүркер дайындалған ағаштарға.

Қоңыр жел сылап-сипап, нұр күн өтіп,
Темірдей болар ағаш, тым құны өсіп.
Ақырын саусағыңмен шертіп көрсең,
Тұрады домбырадай «зың-зың» етіп.

Жүйелеп, керектісін санап бәрін,
Өзіне қояды үйші талаптарын.
Сонан соң қозға салып, тезге салып,
Балқытып, түзетеді ағаштарын.

«Қоз» деген – ыстық оттың қоламтасы,
Ағаштың балқытатын «жонарқасын».
Құралды ағаш түзер «тез» деп атар,
Бұлармен ұста ісінің келер сәті.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу