Өлеңдер ✍️

  30.11.2021
  133


Автор: Кәдірбек Құныпияұлы

ҚАПЫРЫҚТА

Алматының кақталып жалынына,
Түскендейін тас қала тамұғына,
Қайран шешем алқынып демігеді
Сар даланың жете алмай сағымына.
Үй бар еді Кегенде, күй бар еді,
Үйге түсіп шәй ішер би бар еді.
Сары самаурын аулада түтіндесе,
Абысын-ажындарын жинар еді.
Шыбынсыз жаз, шырайлы күн елде қап,
Қайран шешем күй кешті-ау жүдеу қабақ.
Кеспе жасап жүретін кешке жақын,
Қорадағы малдарын түгендеп ап.
Түсіне еніп түндерде баяғы әдет,
Шаңырағын ойлайды ояна кеп.
Қапырыққа қамапты өзін-өзі
Қу жалғыздың артынан қалаға кеп.
Өкпеле енді өмірге өкпелеме,
Адуынды айналдың кекті енеге.
Қоныс бермей Алматы сыртқа тепті,
Бауыр бастық амалсыз Көктөбеге.
Бір үй алып бере алмай ақын ұлың,
Жаның жүдеп, күй кеміп, жасыды үнің.
Қара шәйді қамығып сораптайсың,
Қарғап қойып қаланың қапырығын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу