Өлеңдер ✍️

  28.11.2021
  134


Автор: Кәдірбек Құныпияұлы

АЙДЫ ІЗДЕУ

Қанаты қайырылған кептердей
Ай бұлтқа арбалды адасып.
Себезгі сәулесі өшкендей
Тым өктем түнекпен санасып.
Жарыққа зәру боп жанарым
Түйілді. Айнала – қараңғы.
Айымның ашатын ажарын
Самалды күттім мен таң алды.
Жер бетін зілдене орады,
Түнгі аспан қап-қара кілем боп.
Жанымды жалғыздық тонады,
Тымырсық. Лүп еткен леп жоқ.
Алыстап барасың Сен неге,
Үміттің шырағы жанбай ма?
Сәулесін түсірер кеудеме
Апырмау, арайлы Ай қайда?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу