Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
28.11.2021
351
ТІЛЕК
Жігіттер ораза ұста, намаз оқы,
Ғарасат майданы бар тергеледі.
Шал ақын
Ораза тұт,
нәпсіңнің тізгінін қақ,
Ауызыңды аш, құрма мен
тұзды ырымдап,
Қомағай бір бейопа заман келді
Құнығуға тұратын құзғыны ымдап.
Ораза тұт,
Аллаға құлшылық қыл,
Нұр тілеулі тәмсілге тіл шынықтыр.
Түйсініп біл баянсыз боқ дүниені,
Бүгін бар да, ертең жоқ тіршілік бұл.
Ораза тұт,
Тәрк етіп тән құмарын,
Сәресімен сабақта таң мұнарын.
Жақсылықтың шомдырып шуағына,
Күллі әлемнің тойындыр жарлыларын.
Ораза тұт,
өзіңді тәрбиеле,
Былғанбасын жан – мұңға, тән – күйеге.
Қадыр түні халқыңа бақыт тіле,
Жалбарынып әулие-әмбиеге.
Ораза тұт,
оразаң қабыл болсын,
Иманды жұрт ізгілік таңын көрсін.
Жақсылыққа үндейтін жарқын дәстүр,
Қасиет боп қазақы тамырда өнсін.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter