Өлеңдер ✍️

  28.11.2021
  247


Автор: Аслан Ғафуров

ҚҰЛЫНЫМ!

Түсімде көрдім қасқа құлынымды,
Апыр-ау кісенеген үні мұңды.
Желпінтіп самал желге бетім тосқан,
Сағындым сенің салған дүбіріңді.

Жібектей күлте жалы бұйраланған,
Сырықтай сұлу сирақ сидаланған.
Ғайыптан пайда болдың жануарым,
Жыр қылып жүрегіме құйған арман.

Көп кездің көл бойында кеш құрымын,
Қарашы етек жиып ес білуін.
Бал күні балалықтың ойыма кеп,
Еріксіз еске түсті ескі күнім.

Бала боп тақым қышып тайға міндім,
Иеңнің сағынғанын қайдан білдің?
Ойыма сағыныш боп оралады,
Қызыққа өткен толы қайран күнім.

Жануар келген кезде кемеліңе,
Адамдар айналдырып керегіне.
Сені де ерттеп мініп ертеңгі күн,
Тағдырың көндіреді-ау дегеніне.

Алқынып алыс қырды кезермісің,
Айғыр боп айдалаға безермісің.
Еріксіз езуіңді сулық қажап,
Арқаңа ер батарын сезермісің?

Түсімде көрген сайын сағынамын,
Қашаннан хас жүйріктің жауы қалың.
Жарқылдап жақсы адамның жетегінде,
Жортқанда жолың болсын жануарым!!!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу