Әңгімелер ✍️
Ақ тырналардың ұясы
Аяқ астынан Ақмырзаның ішкілікті қойып, ел қатарлы жібі түзу жан болып шыға келгені — қыдырып барған жерде айта жүрерліктей әжептәуір жаңалық еді.
Оның осы бір құбылысына қуанғандай, біраз күннен бері ауа райы да ашылып, аспан мөлдіреп, айнала-төңірек жадырап тұр. Көктем кеш туса да, алты ай қыс міз бақпай жатқан қалың қар тез еріп, жас көк қаулап бой көтеріп қалған. Ертелі-кеш аялай ескен жел алтын күрең бақтағы жеміс ағаштарының буын-буынын босатып, бүршік ата бастаған.
Ол жұмыстан келген соң есік алдындағы сәкіде жападан-жалғыз отыратын әдет тапты. Ескі күпәйкесінің жағасына мойнын тығып алып, темекісін бұрқыратып үн-түнсіз ойға шомады. Не ойлайды? Көңілін жайлаған қандай мұң-шері бар? Ол тек бір өзіне ғана аян. Әйтеуір, күтпеген жерден түйіліп, үйіріліп келе қалатын көктемгі жаңбырлы бұлттардай қалың ой ішкі дүниесін торлап алатыны анық.
Кейде оның жанына балаларының біреуі келіп отырады. Жаутаңдап әкесінің жүзіне қайта-қайта қарайды. Өкпелеген адамдай үнсіз томсырайып отырған әкесіне іштей аяушылық білдіреді.
Ақмырза тумысында кішкентай жаратылған жан еді. Жағы қушиып, көзі шүңірейіп, үстіндегі күпәйкесі бағзы бір замандардағы батыр бабасынан қалған шекпен сияқты қолпылдап жүретін. Кішкентай адамның мұңға батқаны расында да аянышты-ақ. Бірақ амал қанша...
* * *
Жылы да жайма-шуақ күндер тізіліп өте берді. Ол бүгін ауыл үстінен таспиықтай тізіліп ұшып бара жатқан тырналарды көрді. Алғашында байқамаған екен. Тыраулаған таныс үнді құлағы шалса да, аспанға қарамай тұра беріпті. Есік алдында ойнап жүрген кіші ұлы Келесбай қуанып:
— Көке, тырналарды қарашы! Тырналар ұшып барады! — деп айқайлағанда ғана селт етіп, зеңгір аспанға қарап көз тіккен.
Тырналар тым-тым биікте ұшып барады екен. Қылаусыз ашық аспан төсінде баяу ғана қалықтайды. Тіпті қанаттарын да қақпайтын секілді. Жер бетіндегі қыбыр-қыбыр ұсақ тіршілікке биіктік атаулының қасиетін ұқтырғысы келгендей, тәкаппар күйде самғап барады.
Кіршіксіз ашық аспанға тесіліп ұзақ қарағандыкі ме, көзі жасаурап сала берді. “Қай жақтан ұшып келесіңдер, қасиетті құстар, — деп ойлады ол толқып, — енді қайда ұшып бара жатырсыңдар?.. Сендерді көрмегелі де көп уақыт өтіпті-ау!.. ”
— Көке, неге жылап тұрсыз? — деді кенет Келесбай.
Ақмырза алақанымен жанарына үйіріліп қалған жасты тез сүртіп:
— Жай әншейін, — деді. Үні қарлығып шықты. — Жай әншейін, аспанға көп қарағандікі болар...
— Ал мен аспанға қаншама қарасам да, көзімнен жас шықпайды, — деді ұлы мақтанып. — Қанша қара десеңіз де, қарай берем!
— Қой әрі... көзің ауырады.
— Түк те ауырмайды. Тағы да қарайын ба?! — деп Келесбай көгілдір аспанға сіңіп көрінбей кеткен тырналардың соңынан және көз тікті.
Қора жақта велосипедінің дөңгелегін аспанға қаратып қойып, шұқылап жөндеп жатқан Тәшкенбай:
— Көке, оған “қой” десеңіз қайта ерегісіп кетеді! — деп ескертті.
— Ә, солай ма?..
Сосын: “Әй, бұның мінезінің солай екенін мен неге білмеймін, а?.. ” деп ойлады өкініп.
— Алдыңгүні де ауылдың үстімен тырналар ұшып өткен, — деді Келесбай. — Арысбек айтады, ақ тырналар да болады дейді. Сол рас па, а, көке?
— Ия, ақ тырналар да болады.
— Сіз өз көзіңізбен көрдіңіз бе, а?
— Жоқ. Мен ақ тырналарды көрген емеспін.
— Олардың мекені қай жақта болады екен, а?
— Білмеймін. Алыс жақтарда болатын шығар...
Жаңағы ұшып өткен тырналар Ақмырзаның көңілін көк теңіздей толқытып кетіп еді. Көкорай шалғында жалаң аяқ жүгіріп жүретін балалық шағы есіне түскен. Сосын Келесбайдың аяғына қарады. Бәтеңкесінің табаны сөгілейін деген бе, қалай өзі?.. Ар жағынан бас бармағы көрініп тұр ғой.
— Аяқ киімің тозайын депті-ау, — деді оған. — Мектепке де осымен барып жүрсің бе?
Келесбай аяғына бір, көкесіне бір қарады да, үндемей қалды. Ал Тәшкенбай велосипедін жөндеп біткен болуы керек, зуылдата айдап көше жаққа шығып кетті.
— Көке, — деді кенет Келесбай біртүрлі жаутаңдай қарап. — Тәшкенбайдың бәтіңкесі де жоқ. Әлі күнге боти киіп жүр.
Ақмырза оған не айтарын білмей тосылып қалды да, ақырын ғана шашынан сипап қойды. Сосын темекісін тұтатып, сәкіге барып отырды. “Қамар қайда қарап жүр, — деді іштей торығып. — Балалардың бәрінің киімі тозып кетіпті. Бірсыпыра жаңалап беру керек екен. Өткен айда айлықты кешіктіріп еді... Осы жолы уақытымен қолға тисе, сол күні-ақ бәрін дүкенге өзім ертіп апарайыншы... ”
Сөйтіп ойлауы мұң екен, арқасынан бір ауып жүк түскендей, жеңілдеп қалды. Іштей айлық алатын күнге қанша уақыт қалғанын есептеді. Әлі біраз күту керек екен...
Ақмырза гаражда механик болып істеуші еді, жалақысы жаман емес-ті. Бірақ бұрындары соның қаншасын үйге әкелетіні, қаншасын ішіп қоятыны есінде жоқ. Әйтеуір, айлық алған күні аяғын әр жерден әлтек-тәлтек басып әрең келіп, босағадан аттай бере құлап жүргенде, Қамар күйініп, енді қайтып бірге тұрмастай болатын. Ех, Қамар, Қамар... Сенде не жазық бар? Бес баланың бейнеті аздай, күйеуің тағы масыл болса, күйінбегенде қайтесің...
Қазір де қабағында бір салқын сыз бар. Жұмыстан соң есік алдында жалғызсырап отыратын Ақмырзаның тұсынан үй шаруасымен олай-былай өткенде көз салмауға тырысады. Тағы да сол құрғырды аңсап, аңқасы кеуіп отыр ма деп ойлайды-ау, сірә. Әлі де сенбейтін болғаны-ау...
* * *
Бүгін Қамар үйдегі көрпе-жастықтың бәрін далаға шығарып жайып, кіргізіп еді. Содан ба, үй-іші жаңарып қалғандай тап-таза, күн шуағына малынғандай әдемі бір қалыпқа еніпті. Балалар да көңілді, ойыншыл болып алған. Аралары бір жасқа толар-толмас кішкентай екі ұлы — Задария мен Монтай қайта-қайта таласып, шатақ шығара берген соң, ақыры Қамардан таяқ жеп, екеуі екі бұрышта жатып ұйықтап қалды. Келесбай көзі кіртиіп, сағат түнгі он жарымға дейін телевизор көрді. Күнде бір нәрсені бұзып, қайта жөндемесе көңілі көншімейтін Тәшкенбай бүгін де ауызғы үйде даладан тауып келген темір қорабын шұқылап ашып, ішінен ораулы жезін алып қойды. Үлкені Арысбек ғана түпкі бөлмеде ұзақ отырып сабаққа дайындалды. Сабаққа дейді-ау, төсекке жатар алдында Ақмырза оның жанына барып, не оқып отыр екен деп қарап еді. Мектептің оқулығы емес, басқа бір қалыңдау кітап екен. Арысбек қысылып қалып, кітаптың бетін алақанымен жауып, не айтпақ едіңіз дегендей, көкесіне қиыла қарады. Ақмырза не десін... Үнсіз қарап тұрды да, бұрылып келіп өзінің орнына жатты.
Үйдің бүгінгі жұмысын бітіріп, Қамар да төсегіне келіп қисайды. Жарықты сөндірген соң, қараңғы бөлмеде өлі тыныштық орнады. Жанындағы кішкентайларының көрпесін қымтап жатып Қамар ақырын ғана күрсініп қойды...
— Қамар, — деді әлден соң Ақмырза үн қатып. — Мен... мен ішкілікті біржолата қойдым... Енді татып алмаймын.
Қамар үндемеді. Тағы да тым-тырыс тыныштық басты.
— Сенбей жатырсың ба?
— Қайдам... — деді Қамар екіұштылау.
— Татып алмаймын дедім ғой...
— Бізге де жақсы болар еді. Біржолата тасташы сол бәлені... — Ол бұл жолы іш тартып, өзімсініп айтты.
— Кел, қасыма жатшы.
— Тс-с... балалар оянып кетер. Қазір барам ғой...
Екеуі, көптен сағынысып қалған жандардай, жылы төсекте тәтті табысты. Қамар күйеуінің иығына басын қойып жатты. Оның шашы Ақмырзаның танауын қытықтады. Аздап айран иісі сезіледі... Ақмырза оның мойнынан құшақтап, шашынан құшырлана иіскеп қойды.
— Ақан, — деді Қамар кенет басын көтеріп, күйеуінің жүзіне тесіле қарап. — Шынымен қойдың ғой? Айтшы. Шыным деші...
— Имандай шыным...
Қамар енді оның мойнынан өзі тас қып құшақтап, бетіне бетін тақады. “Ақан дейді-ау... — деп ойлады Ақмырза ішінен. — Бұл сөзді Қамар айтпағалы қай заман... ”
Ақан деп ол екеуі алғаш қосылған жылдары айтушы еді. Үйленгендеріне бір жарым жыл болғанда Арысбек дүниеге келді. Сол күні Ақмырза құрдастарына өзінің қуанышын жуып, өкіртіп тұрып ішті. Содан соң-ақ ол бұлайша еркелетуді мүлде ұмытқан-ды. Өзі де, ішсең — іше түс дегендей, кілең бір арыстай ұлдарды туа берді ғой... Бірақ ол байғұста не кінә бар? Ақмырза арақ ішсін деп туды ғой деймісің осы балаларды? Ал бұл болса, әуелі ұлдарының қуанышы үшін деп ішті, сосын бәрі ұл болып кетті деп ішті. Әйтеуір, ішетін адамға сылтау көп-ақ...
— Қамаш, шыныңды айтшы, сен мен туралы не ойлап жүрдің?
Қамар бірден жауап қата қоймай, біраз үнсіз жатты да:
— Ойлануға уақытым болды деймісің?.. — деді екіұштылау жауап қатып. — Балалар өссін дедім. Солар қатарынан қалмасын деп кеңсе сыпырдым, елдің жібін иіріп, шұлығын тоқып беріп те ақша таптым... Арысбегім ер жетіп, келін түсірсем, құтылармын бұл тозақтан дедім...
— Ойбо-ой, оған дейін не заман?!
— Ер жетіп қалды ғой. Биыл сегізінші бітірген соң училищеге түсемін деп жүркүнім.
— Қойшы-ей, сегізіншіні бітіріп қалды ма? Мен оны жетіншіде оқиды деп жүрсем.
— Жетіншің не... Кеше дәу атамның үйіндегі аппақ апам айтады; мал қоралап жүріп Мақанның үйінің тұсында ысқырып тұрғанын көрдім дейді.
— Бөтен біреудің үйінің жанында ысқырып несі бар-ей оның. Іші толып бара жатса, өзіміздің есіктің алдында тұрып-ақ ысқыра бермей ме.
— Сен әлі түсінген жоқсың ба?.. Мақанның осылармен жасты қызы бар ғой.
— Е-е...
— Әне, солай... Біз де енді кемпір-шал болдық. А-а...
Ол тәтті есінеп алды да, көзін жұмып қалғып бара жатты. Ақмырзаның есіне Тәшкенбайдың боти киіп жүргені түсті.
— Қамар... а, Қамар, — деп әйелін иығынан түртті. — Балалардың үстіндегі киімі тозып кетіпті ғой.
— Ы-ы...
— Айлық алған күні бәріне бірсыпыра киім сатып алайықшы.
— Ым-м...
— Кімге не керек, соның бәрін ертең маған бір парақ қағазға жазып беріп қойшы.
Қамар үн қатпады. Басын Ақмырзаның иығына сүйеген күйі алаңсыз ұйықтап кетіпті.
Ол көпке дейін кірпік айқастыра алмай, қараңғы үйде көзі бақырайып жатты да қойды. Тәшкенбайдың боти киіп жүргенін, Арысбектің ер жетіп қалғанын ойлады. Енді Мақанның орта бойлы, дөңгелек жүзді келіншегі көз алдына елестеді. “Қыз бала шешесіне тартып туады” деуші еді ғой...
Сөйтіп жатып көзі ілініп кетті.
* * *
Алма ағаштар түгел гүлдеді. Табиғат ұзатылатын қыздай жасанып, құлпырып шыға келді. Олардың біраз жылдан бері жөндеу көрмеген ескі тамының өзі де аппақ гүлдердің арасынан әп-әдемі болып көрінеді. Келесбай пысықсынып күнде сыпырып жүргендіктен ауланың іші мұнтаздай. Апасының мақтағанына көңілі өсіп, бар ынта-шынтасымен істейді жұмысты. Үй ішінде бұрын-соңды болмаған бір көңілділік бар.
Бүгін Ақмырза жұмыстан, Тәшкенбай сабақтан келе сала екеуі мал қораның қиын ойды. Әкесі күреп, қол арбаға салып беріп тұрды. Ұлы танауын пысылдатып, қайта-қайта тартып қойып жүріп тасыды. Ал кішкентай Задария мен Монтай да көздері күлімдеп, жымың-жымың етеді. Бірақ Тәшкенбай жұмыс істеп жүргенін білдіріп, сабыр сақтап үндемей тұра берді. Қиды апарып төгіп келген соң ғана:
— Көке десе, Арысбек шибарқыт шалбар алсам ба деп жүрген, — деді мұрнын бір тартып қойып.
— Е, аламын десе — алсын.
— Ол жүз сом тұрады ғой.
— Мейлі, екі жүз сом болса да, алсын. Көңілі соны қаласа, өзі ұнатса, кисін де жүрсін.
— Егер ақша жетпей қалса, мен Арысбектің ескі бәтіңкесін киіп жүре тұрам.
Ақмырзаның қолынан күрегі түсіп кете жаздады. Неге екені, Тәшкенбайдың мына сөзі жүрегін шым еткізді. Оған аңтарыла қарап тұрды да:
— Жетеді, — деді ақырын ғана үн қатып. — Жетеді... бәріңе де жетеді. Кімге не керек, бәрін алып беремін.
Соны күтіп тұрғандай-ақ Задария мен Монтай жарыса:
— Маған машина!
— Маған да! — деп қалды.
Көкесінен көңілді жауап ести сала, екеуі де қуанып:
— У-р-ра — деп айқай салып, мәз болып жүгіре жөнелді. Олар ойнап кеткен соң Тәшкенбайдың бір нәрсе айтқысы келді. Өз-өзінен қысылып, көкесіне қайта-қайта көзі жәудіреп қарай берді.
— Көке, — деді сәлден кейін. — Наубайханашының ұнын өзіне қайтарайықшы.
— Қайдағы ұн? — Кенет Ақмырзаның өзінің де есіне түсе кетті. — Ә-ә! Ол не, сұрап келіп жүр ме?
— Жо-о, өзі сұрамайды ғой. Бірақ баласы күнде мазақтайды.
— Не дейді ол?
— Сізді... сізді ұры дейді.
— Ұры дей ме?! Өтірік айтады ол. Біз ұрлап алған жоқпыз, қарызға сұрап алдық. Солай деп айт. Айлық алған күні ұнын өзіне қайтарамыз.
Ақмырза қи күреп жүріп қыста болған сол бір оқиғаны есіне алды. Наубайханаға үсті жабық машинамен отыз шақты қап ұн келген. Түсірісетін адам таппай зыр қағып жүрген наубайханашы Икрам-әкәға гараж жақтан аздап қызулау келе жатқан Ақмырза жолығып қалды да, ол көмектес деп жата кеп жабысты. Қамар үйде ұн қалмады деп құлағының етін жеп жүрген. Бір қабын қарызға сұрап алғысы келді. Бірақ ондай ой санасына кейін оралып еді ғой. Әуелі наубайханашыдан тамақ жібітетін бірдеме табылып қалар деп дәметкен. “Бірдеме” дегені өз-өзінен түсінікті, әрине. Сөйтіп, бір машина ұнды ақ тер, көк тер болып жүріп тасысын. Арқасындағы қапты түсіре беріп Икрамға қарап:
— Қалай? — деп қояды.
— Уй, бәрәкәлла, бәрәкәлла! Мың яшаң! — дейді ол.
Ақмырзаның күткені “мың жас” емес. Жүз жасаса да құдайына дән риза. Ал қазір оған “жүз грамм” болса тіпті қатып кетейін деп тұр. Сондықтан да арқасындағы қапты түсіре беріп тағы да:
— Қалай? — дейді жымыңдап.
— Уй, бәрәкәлла! Мың яшаң! — дейді Икрам риза болып.
Ал Ақмырза ыза болып: “Әй бәрәкелдең де, мың жасың да бар болғыр, — дейді іштей күйініп. — Бізге “жүз” де жетеді!”
— Таңдай жібітпейміз бе?! — деді ақыры.
— Уй, Ахмырза, мәћәзін жабылып қалды ғуй... Үйде арах жох...
— Табамын деген кісі табады ғой. “Қалменторгқа” барсаң... аласың да қайтасың.
(Ауылда арақты он бес сомнан үйінде жасырып сататын Қалмен деген кісі бар еді.)
— Хайда-ан?! — деді Икрам даусына өкініш араласып. — Оған сонша ахшаны хайдан табам?
— Әй, — деді Ақмырза алақанына жұққан ұнды қағып тұрып. — Ендеше, бір қап ұн бер.
Қарызға деп әдейі қасарысып айтпады. Икрам көзі жыпылықтап тұрып қалды да:
— Булмайды ғой, — деді.
— Болмаса, мен болдырайын, — деді Ақмырза қисық сөйлеп. Сөйтті де “әуп” деп бір қап ұнды арқасына салып, үйіне қарай мықшыңдап жөнеле берді.
— Әй, Ахмырза, тоқта енді! Мұның халай?! — деп айқайлады Икрам. Бірақ соңынан қуып, қаптың ұшына жармасқан жоқ. — Әй, Ахмырза, Ахмырза-а... — деп басын шайқап қала берді.
Кейін, бір қап ұнды орталап қалғанда, осы әңгімені Қамар есітіп, қатты өкпелеп еді. Тәшкенбайдың да айтып тұрғаны сол оқиға ғой.
* * *
Күн тіпті ысып кетті. Жердің ылғалы кеуіп, көше бойлап әрі өткен, бері өткен машиналардың ізінен шаң көтерілетін болды. Келесбай да есік алдын сыпырамын деп бұрқыратып-ақ жібереді кейде. Алма ағаштарының гүлі ертелі-кеш төгіліп, таусылып бітті. Ақмырзаның балалары бұл жолы әкесінің айлық алатын күнін асыға күтті. Кім не алғысы келетінін айтып күнде кешкі тамақ үстінде у-шу болып қалады. Бір парақ қағазға дүкеннен алатын нәрселердің тізімі жасалды. Оны жазып жүрген Келесбай.
Торкөз дәптердің бір парағына ірі-ірі әріптермен:
1. Арысбекке — шибарқыт шалбар (импортный)
2. Тәшкенбайға — бәтіңке (39 размер)
3. Маған — тәпішкі (орысшасы тапочка), көйлек
4. Задарияға — машина
5. Монтайға да машина (екеуіне бірдей алу керек, әйтпесе, менікі жақсы, менікі жақсы деп таласып қалады)
6. Апама —... деп жазып, апасына қарағанда, ол:
— Әй, мені келесі айлыққа қалдырыңдар. Келер жолы не аларымызды білмей аңқиып қалмайық, — деп күлді. Сөйтіп, әзірге бәрі де осы тізімге тоқталды.
Бүгін, міне, Ақмырзаның айлық алатын күні. Балалар әдеттегіден тыс тату, көңілді жүр. Біресе Келесбай, біресе Тәшкенбай велосипедке мініп, көшенің бас жағына дейін зуылдатып барып қайтады. Көкем келе жатқан жоқ па екен деп біраз қарап тұрады да, кейін қайтады. Гараж жаққа баруға бүгін біртүрлі ұялады.
Неге екені, Ақмырза күндегі келетін уақытынан кешігіп жатты. Ақыры, Тәшкенбайдың шыдамы таусылып, мектептің арт жағында доп теуіп жүрген балаларға қосылып ойнауға кетті.
Күн батуға тақады. Көкем қашан келеді деп біраз қыңқылдап алған соң, Задария мен Монтай да жалығып, үйге кіріп кетті. Арысбек сәкіде отырып кітап оқыды. Тек Келесбай ғана төзімділік танытып, қақпаның алдында тұрып ұзақ күтті.
Бір кезде осылай қарай дедектеп жүгіріп келе жатқан Тәшкенбайды көрді. Қуанғаннан жүрегі атша тулап, Задария мен Монтайды айқайлап шақыруға да шамасы келмей қалды. Адам біреуді ұзақ күтіп жүріп, кенеттен қуанышты хабар естісе сасқалақтап, есі шығып кетеді ғой. Келесбай да сөйтті. Тәшкенбайдың алдынан жүгіріп шығып:
— Көкем... көкем келе жатыр ма? — деп сұрады алқынып.
Ол үндеген жоқ. Бақса, Тәшкенбай жылап келеді екен. Түкке түсінбеген Келесбай:
— Саған не болды, а? Төбелесіп қалдың ба? — деді тосылып. — Не болды, а, Тәшкен?.. Көкем қайда?
Тәшкенбай оның тұсына жете бергенде сәл тоқтап, көз жасын жеңінің ұшымен сүртіп тұрып:
— Көкем... көкем мас, — деді булыға сөйлеп. — Ана жақта... Мақанның үйінің жанында шарбаққа сүйеніп тұр...
Келесбайдың алып-ұшқан көңілі су сепкендей басылып, талай күнгі қуанышын әп-сәтте біреу тонап алып кеткендей, ішкі әлемі құлазып сала берді... “Қалайша?.. Қалайша?.. Бізді алдағаны ма сонда?.. — деді еріндері дірілдеп. Көкем енді ішпеймін деп еді ғой... Бізді... бізді бүгін мәгәзінге ертіп апарамын деп еді ғой... ”
Келесбайдың да көзіне жас үйірілді. Тап қазір оның мынау ауылды, мынау жәпірейген үйді тастап, басқа бір алы-ы-ыс жаққа кетіп қалғысы келді.
Ақмырза шарбаққа сүйеніп, тәлтіректеп үйіне жеткенде, есік алдында қаз-қатар тізіліп тұрған балаларын көрді. Бәрі де үнсіз, жабырқау күйде бұдан көз алмай қарап қалыпты. Ол теңселіп кетіп, қайта түзелді. Көзінің алды бұлдырап тағы да қарады. “Бұлар неғып тұр-ей?! — деп ойлады. — Тырналар сияқты тізіліп?.. Өй, әкең... ”
Кенет, шынында да, балалары аппақ тырналарға айналып, аспанға ұшып бара жатқандай көрінді. “Әй, — деді ол қолын созып, — әй, қайда барасыңдар? Тоқтаңдар, тоқта... ”
Аспан айналып жерге түскендей, дүние шыркөбелек боп кетті. Әне, әне, Ақмырзаның балалары ақ тырналарға айналып, алыстап ұшып барады. Жо-жоқ, ұша алмай жанталасып жүр. Біресе көкке ұмтылады, біресе жерге соғылады. “Әй, әй, не болды сендерге? Қайда... қайда кетпек болып жанталастыңдар? Өз ұяларыңды тастап қай жаққа ұшып кетпекшісіңдер?! Тоқтаңдар, тоқта... ”
Ақмырза оларға қарап қолын созған күйі жерге гүрс етіп құлап түсті.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter