28.11.2021
  204


Автор: Нұрғали Ораз

Сиқырлы көл

Күн сәулесi бетiнде жалт-жұлт ойнап, бiрте-бiрте жылына бастаған тұңғиық көл секiлдi төңiрегiне жып-жылы шуақ шаша қарайтын осы бiр тостағандай қара көздi қайдан көрдiм?..


Есiмде жоқ... Оған сiрә, қайта-қайта жалтақтап қарай беретiн болуым керек, ол да: “...ойыңа түспей отырмын ба” дегендей кей-кейде жалт етiп, баяғы-ы бiр ескi танысымдай iш тарта күлiмсiрейдi. Ақ құба, ашық жүзi, артына қарай аса ұқыппен жатқыза тараған қап-қара шашы, жазық маңдайы — бәрi-бәрі таныс. Тек қайдан көргенiм, кiм екенi есiме түспейді. Ойпыр-ай, осындайда адамның жады да кiлтi жоғалған ескi сандықтай қасарысып, ашылмай қалатынын қайтерсің.


Қайта-қайта жалтақтап қараймын деп отырып үй тола қонақтардың ортасында өзiмнiң әбес қылық жасап алғанымды аңғармаппын. “Байқа... о келiншектiң қасында күйеуi отыр”, деп сыбырлады оң жағымдағы әрiптесiм құлағыма аузын тақап. (Демiнен винегреттiң иiсi шығады). Алдымыздағы мынау емен үстелдiң бетi кiшiгiрiм өзеннiң арнасындай жалпақ болғаны мұндай жақсы болар ма, “арғы беттегiлер” оның не деп сыбырлағанын естiген жоқ. Естiсе, бәлкiм, езу тартып күлер едi.


Бәрiбiр сол таныс бейнеге жаутаңдап қарай бергiм келедi. Тап бiр менiң көзiм — жылқыға, ал оның жанары — темiр қазыққа айналып, екi арадағы көзге көрiнбейтiн қыл арқан ешқайда жiбермей, шыр айналдыра тартатын секiлдi. Кей-кейде жанарымыз бiр-бiрiмен ұшыраса қалады; сол сәтте әлгi сиқырлы қазық лезде күн шуағына малынған айна көлге айнала кетедi де, көз жасындай мөлдiреген тұнық айдыны сәуле шаша күлiмсiреп: “кел, кел, тұнығыма бойла” дегендей жып-жылы лебiмен аймалап, қызықтыра, ынтықтыра түседi.


Отырыстың ортасына таман сөз кезегi әлгi жұмбақ келiншектiң күйеуiне келгенде асаба жiгiт олардың қасына барып, оң қолымен иығынан қапсыра құшақтап тұрып: “Бiздiң Сәкең! Бұрынғы үй құрылысы тресi бастығының орынбасары, қазiргi бiрлескен трансұлттық компанияның вице-президентi!” деп, басқаларымыздан ерекшелеп, айрықша құрметтеп таныстырады. Бойы ортадан сәл жоғары, әлде сәл төмен, күтiмi кiсi қызығарлықтай қызыл сары жiгiт бiр кездерi өзiнiң қайдағы бiр үй құрылысы тресі бастығының орынбасары болғанына қысылғандай екi бетiнiң ұшы қызара езу тартып, қызыл шарап құйылған ұзын сирақ семiз бокалды саусақтарының ұшымен ғана қыса ұстап орнынан тұрды.


Оның бүгiнгi қоныс той иелерiне қандай тiлек тiлегенi есiмде жоқ. Жадымда қалғаны: ерлi-зайыптылар бiрге сөйлесiн деп, асаба жiгiттiң әлгi тостаған көз жұмбақ келiншектi де бiрге тұрғызғаны. Келiншектiң бойы күйеуiнен сәл биiктеу екен...


Иә, сонда... сонда, екеуi бiрге, қатар тұра қалғанда барып оның кiм екенi, қайдан көргенiм есіме сап ете түстi. Сол. Нақ өзi. Тiптi өзiмдi өзiм ұмытып, орнымнан атып тұра жаздап барып әзер барып шыдап қалғандаймын.


Иә, мен оны ендi таныдым. Бәрi де есiме түстi. Есiме түскен сайын келiншектiң өзiне емес, қасындағы күйеуiне көбiрек назарым ауа бастағандай. Өйткенi осыдан он шақты жыл бұрын мен оны да көргем.


Ал ол менi... менi ғана емес, көк мұнарға оранған Қаратаудың бөктерiндегi сол бiр санаторийде бiр ай бойы емделiп, демалып жатып бiр үйдiң балаларындай бiр-бiрiне бауыр басып, етене араласып кеткен бiздiң ешқайсымызды да танымайды.


Ал бiз оны бiлемiз. (Бәлкiм, бiлмейтiн де шығармыз). Дәлiрек айтқанда оған беймәлiм бiр құпия бiздiң көңiл-сандығымызда сақтаулы жатқаны анық. Сол құпия сиқырлы таяқша секiлдi, оны бiздiң көз алдымызда әп-сәтте кiшiрейтiп жiбередi. Ол трансұлттық компанияның президентi болмақ түгiлi, тiптi құдiреттi империяның президентi болып кетсе де аласарып сала бередi.


Осыдан он жыл бұрынғы құпия... Бiлмеймiн, ескiрген сайын құпияның құны арта түсе ме, әлде кеми бере ме?.. Әйткенмен, күтпеген жерден есiме түспесе, мүлде ұмытып та кетуiм мүмкiн екен-ау. Бәлкiм, ескi құпия дегенiңiз, бетi бұта-жапырақтармен жабылған ескi ор сияқты болар-ау. Байқамасаң, күмп берiп түсiп кетерсiң...


Расында, мен осы ойға түстiм бе, жоқ әлде орға түстiм бе, бiлмеймiн, көз алдыма алыстап кеткен... шындығында, келмеске кеткен күндердiң бiр елесi оралды бұлдырап.


...Қаратаудың бөктерiндегi ауасы таза, табиғаты көркем қуысқа қоныс тепкен санаторий қақпасының алдына жетiп, таксиден түскен соң, ары қарай, бас корпусқа дейiн жол сөмкемдi көтерiп бiраз жер жаяу жүруiме тура келдi. Алдыңғы жақ бiрте-бiрте биiктей беретiн өр болғандықтан, жарты жолға жетпей-ақ демiм бiтiп, өкпем аузыма тығыла бастаған. Күркiрей ағып жатқан асау өзеннiң үстiне салынған ағаш көпiрдiң жақтауына арқамды сүйеп, алқынып тұрып аз-кем тыныс алдым. Биiк өскен ағаштардың қою көлеңкесi мен ақкөбiктене сарқырап ағып жатқан судың қоңыр салқын лебi әп-сәтте аптығымды басып, әлгiнде, осында жеткенше бiр пәс қиналғанда: “Алыстан арқаланып келетiн адамдардың жанын қинамай-ақ, ердей келген көлiктi есiк алдына дейiн жiбере салса қайтер едi”, деген ойымның әбес екенiн ұқтым. Шындығында, бұлбұлы сайрап, елiгi ойнап, өзiмен-өзi мамыражай тiршiлiк кешiп жатқан мынау ну орманның iшiне қанша зәру болсаң да түтiн құсқан техниканы кiргiзуге болмайды екен. Мүлде болмайды екен!..


Бас корпустың алдындағы гүлзар бақта санаторийдiң күнделiктi емi мен шипасы қонып, диланып қалғандары күлiмдеген көздерi мен балбыраған жүздерiнен ап-анық көрiнiп тұрған екi келiншек пен оларды қызық әңгiмеге алдандырып отырған қара торы, қысық көз, мұртты жiгiт тұстарынан өтiп бара жатқанымда маған қарай көз қиықтарын тастап, бұдан былай осы жерде бiр-бiрiмiздi көрiп жүретiн болдық қой дегендей бастарын сәл иiп, сәлемдескендей ишара жасап қалды.


Өзiме берiлген бөлмеге кiрiп, жол сөмкемдегi киiм-кешектерiм мен оны-пұны заттарымды жайғастырып, жуынып-шайынып, содан соң айналада не бар, не жоғын аңдап алмақ оймен сыртқа шыққанымда, күн ұясына батып бара жатқан алагеуiм шақ туған болатын. Есік алдында манағы мұртты жiгiтпен тағы да ұшырасып қалдым.


Ол бұл жолы маған ескi танысын көргендей жымия қарап:


— Иә, қалай, өз бөлмеңiзге орналасып алдыңыз ба? — дедi iш тарта сөйлеп. — Танысып қоялық, менiң атым Күмiсхан!


— Батырхан!


— О, екеумiз де “хан” болдық қой! — Ол маржандай тiзiлген аппақ тiстерiн түгел көрсете қарқылдап күлiп алды.


Мен де жымиып, басымды изеп, “иә, “хан” екенбiз ғой” дегендей iзет бiлдiрдiм.


— Айналамен танысуға шықтыңыз ба?


— Иә.


— Бұл бiр ғажап жер! Қараңыз, көрiңiз!.. Бүгiн сағат тоғызда санаторийдiң клубында француз фильмi болады. Қаласаңыз, бiрге барып көрейiк. Сұлу келiншектермен таныстырамын!..


— Келiстiк!..


Сол күнi-ақ екеумiз тез тiл табысып, бала кезден бiрге өскен сыралғы жандардай шүйiркелесiп кеттiк. Әлгi француз фильмiнен соң манағы екi келiншектi ертiп, өзен жағалай серуендедiк. Мезгiл әлi жаз болса да, түнге қарай тау iшi салқындап, бойың тоңазып, жаурай бастайды екенсiң. Күмiсхан қасындағы Айсұлу есiмдi ақ құба, сұңғақ бойлы келiншектiң иығына бiлегiн артып, бауырына тартып жылытқысы (әлде жылынғысы) келгендей қыса түседi. Келiншек те кет әрi емес, тек бiзден ептеп қысылып, ұялатын секiлдi. Екеуiнiң бұған дейiн-ақ көңiл жарастырып үлгергендерi осыдан-ақ беп-белгiлi.


Ал мен... мен болсам, жер бетiндегi санаторийлердiң бәрiнде үздiксiз “жазылып” жататын махаббат романының бiр кейiпкерiне алғашқы күннен бастап айнала кетуге жүрегiм дауаламай, оң жағымдағы ақ мақтадай үлбiреген келiншекке көзiмнiң астымен ауық-ауық ұрлана қараймын.


Содан соң бiз корпусқа қайтып оралып, жап-жарық фойедегi жұп-жұмсақ креслоларға жайғасып отырып теледидар тамашаладық. Мiне, сол кезде мен әлгiнде, қараңғылық құшағында байқалмаған таңғажайып сұлулықты тұңғыш рет көрдiм. Ол осы, күн сәулесi жылытқан тұңғиық көлдiң айдынындай күлiмдеп әрi тұнжырап, тылсым да сиқырлы күшпен өзiне қарай тарта жөнелетiн жұмбақ жанар-тұғын. Мен сонда дүрдиген қалың ернi мен таңырайған кең танауы сүйкiмсiздеу етiп көрсететiн Күмiсханға сол “көлдiң” қайта-қайта жалт етiп қарай бергенiн көрiп, әлдебiр сұмдықты алдын ала сезгендей тiксiнiп қалғанмын. Сиқырлы “көлдiң” иесi де, киесi де Айсұлу едi...


Шындығында, санаторийде өткiзетiн жиырма төрт күнiң бiр басқа да, қалған өмiрiң бiр бөлек сияқты. Көпшiлiгiмiз мұнда емделiп, тынығып қайту үшiн келдiк дегенiмiзбен, әшейiндегi адамды ығыр қылатын күйкi тiршiлiктiң тар қамытынан мойнымызды босатып, аз уақытқа болса да Азаттық алғанымызды сезгенбiз, сезген бойда өмiрдi қайта бастағандай, бұрынғы өткен күндерден есе қайырып, өкiнiштерiмiздiң орнын толтырар сәт туғандай желпiнiп, қызық пен махаббатқа белшемiзден батып қалуға асыққанымыз да рас-ты.


Содан ба екен, мұндағылардың қай-қайсысы да сыртқы өмiрден оқшауланып, санаторийдiң ат шаптырымдай ғана ауласындағы мамыражай тыныштық пен күнбе-күнгi қамқорлықтың жөргегiне оранып, сәбидей алаңсыз, бозбаладай арманшыл болуға тырысар едi. Тағы да бiр байқағаным, төрт мезгiл тамағы дайын, түнгi ұйқысы тыныш, өзiн-өзi әлпештегеннен өзге тiрлiгi жоқ, аста-төк ықыласқа бөленген адамдарда махаббаттан басқа уайым да, қайғы да болмайтынға ұқсайды...


Басқасы басқа, түскi астан кейiн санаторий ауласындағы сәмбi талдардың көлеңкесiнде қалғып-мүлгiп отырып, кiмнiң кiммен қыдыратынын, кiмнiң кiмге көңiлi ауып жүргенiн бақылайтын екi-үш шал, төрт-бес кемпiрдiң де азаннан кешке дейiнгi әңгiмесi мен бiр-бiрiн бүйiрден түртуге ғана жарайтын әзiл-қалжыңдары да сол — әйел мен еркек арасындағы қарым-қатынастың айналасынан алысқа ұзамайтын-ды.


Дегенмен, санаторий жолдамасының мерзiмiне сай жиырма төрт күн болса да барақатты өмiр сүрiп жатқан бақытты жандардың ортасынан да суырылып шығып, көзге түсетiн аса-а бақытты жандар болады екен. Олар, әрине, бiздiң ортамыздағы Күмiсхан мен Айсұлу едi!..


Уақыт деген қарияның қолындағы сиқырлы таяқшаның құдiретiмен олар бәз-баяғы жастық шаққа ғайыптан қайта оралып, қуанышы көп, уайымы жоқ, бейқайғы, алаңсыз күндердiң қызығына батып, бiрiн-бiрi сәл көрмей қалса сағынып, ең бiр аяулы да қымбат шақты бастарынан кешiп жатты.


Бiрде бiз санаторийдi қоршап тұрған биiк таудың бiр шыңына шығып қайтпақ болдық. Мұндағылардың айтуынша, әлгi шыңның басында бiр қасиеттi бұта өседi екен. Сол бұтадан бұтақ қиып алсаң, алдағы өмiрiңде алаңсыз бақытқа кенелесiң. Бағзы бiр заманаларда айдай әлемдi билеген әмiршiлер де осы таудың басындағы сол қасиеттi бұталардан асатаяқ жасатып алатын көрiнедi...


Өз басым мұндай құдiретке сенбеймiн. Шығыста не көп, аңыз көп. Егер сол аңыздардағының бәрi емес, аз ғана бөлiгiнiң өзi расқа айналған күнде, бiз әлдеқашан бақытқа кенелiп, қой үстiне бозторғай жұмыртқалаған арқа-жарқа заманда алаңсыз, рақат өмiр сүрiп жатқан болар едiк. Бiрақ бiз, қазақтар — қазақ болғалы берi азаптан көз ашқан күнiмiз бар ма?.. Бәлкiм, сол — сар даланың сағымындай әдемi қиялындағы бақытты, мамыражай заманға жете алмай, зарыққан соң да бiздiң ел осындай аңызшыл, ертегiшiл болып алған шығар.


Әйткенмен күнбе-күн бiрге серуен құрып, бiрге уақыт өткiзiп жүрген жолдастарымнан бөлiнiп, бұл саяхаттан бас тартуды лайықсыз көрiп, мен де жинала бастадым. Сiрә, тауға шығуға зауқымның соқпағаны белгiсiз бiр құдiреттiң тылсымына сенбегендiгiмнен ғана емес, бұйрат-бұйрат құм төбелерден басқа биiгi жоқ шөл далада туып-өскендiгiмнен де шығар.


Санаторийден көп ұзамай-ақ кежегем кейiн тартып, алға қарай басқан аяғым керi кете бастаған. Қайта-қайта өкпем аузыма тығылып, ентiгiп тоқтай беремiн. Әуелде осынау машақаты мол саяхатты қызық көрiп, әп-сәтте шың басына желпiлдеп жетiп барардай желпiнген ақ мақтадай үлбiреген аппақ келiншек те тас төбедегi шақырайған күнге әлсiн-әлсiн тәмпiш мұрнын тыжырайта қарап, “уһ” деп шаршаулы күйде күрсiнедi.


Менiңше, мұндай ұлпа келiншектiң маңдайына жазылған тағдыр — тас басып, тауға шығу емес, қала орталығындағы жылы да жайлы пәтерiнде үлде мен бүлдеге оранып, сыланып-сипанып отырып кешкiлiк қызметтен келетiн күйеуiн күту; ол келген соң аяғындағы жеңiл тапочкасын тырп-тырп басып, жұмсақ халатқа оранған қалпы керiлiп-созыла жүрiп кешкi асын алдына қою, содан соң кейiнгi кездерi басының сақинасы жиi-жиi ұстап, қан қысымы қайта-қайта көтерiле беретiн болғанын ызыңдап айтып, биыл жазда тағы да санаторийге барып, емделiп қайтпаса, жағдайының мүшкiл боларына өзiн де, күйеуiн де сендiрiп, шын аурудай о жер, бұ жерiн ұстап ыңқылдап жүрiп төсек салу...


Алға қарай бiр басып, екi басып, тағы да тоқтап... алқынып тұрып тауға қараймыз. Әй, бiз бұл биiкке ешқашан да шыға алмайтын шығармыз. Күмiсхан мен Айсұлу әлдеқашан ұзап, көрiнбей кеткен. Қазiр қай тұста бара жатқандарын бiлмеймiз. Бiздiң мынау бейшара кейпiміздi қызық көрген аспандағы күн де қалт тоқтай қалып, келемеждей күлiп, көк желкемiзден шыбықпен түртiп ойнаған сотқар баладай алтын сүңгiлерiмен төбемiзден нұқып-нұқып қояды. Серiктерiмiзден көз жазып қалған соң, бұдан ары қарай босқа салпақтай беруге құлқымыз да болмай, манадан берi сұр жыландай иретiлiп үрейiмiздi ұшырған жалғыз аяқ соқпақтың жиегiндегi бiр түп бұтаның көлеңкесiне сұлай-сұлай кеттiк.


Қылаусыз ашық аспанға көз тiгiп, шалқамнан жатып ойладым: “Адамдар осы неге қанағатсыз? Неге шыдамсыз?! Бүгiнгiсiн мiсе тұтпай, ертеңгiсiн қоса ойлайтынын айтпағанда, бiр орнында тұрақ таба алмай, далада отырса қаланы, қалада отырса даланы аңсап; ойда жүрсе қырды, қырда жүрсе ойды көксей беретiнi несi екен?..”


Одан соң алақандай беторамалын маңдайына жауып, кеудесiндегi қос анары бiр басылып, бiр көтерiлiп бiрқалыпты тыныстап жатқан келiншектiң демiне құлағымды тiгiп, тың тыңдағандай бiраз қимылсыз жаттым. Қызық... Ол не ойлап жатыр екен қазiр?..


Дәл жаныңда, қол созымдай ғана жерде, әрбiр тыныс алғанына дейiн анық сезiлiп жатқан адам да сен үшiн мүлде жұмбақ, мүлде бейтаныс әлем. Оның ойында не бар екенiн бiлмейсiң. Iшiне түсiп көрген жоқсың... Түбi терең, тұңғиық көл сияқты.


Оны қазiр құшақтап, аймалап сүйсем, әрине, қарсылықсыз көне бермек. Өйткенi бүгiн таң алдында ғана құшағымыз ажыраған. Егер мен тағы да елiтiп, емiренiп, қолымды төмен қарай жүгiрте бастасам, онда ол: “...қойшы, саған не болған”, “...ұят қой”, “...бiреулер келiп қалар”, “...кешке дейiн шыдашы”, “...өзiм барам ғой” деуi мүмкiн, бiрақ, бәрібiр оның iшкi әлемiнде қандай толқындар жүгiрiп, қандай ойлар желкенiн көтерiп жатқанын бiлу мүмкiн емес.


Асылы, бiздiң бәрiмiз де галлактика атты ұлы мұхиттан бөлiнiп түскен алуан-алуан көлдермiз...


Көзiм iлiнiп барады екен:


— Қарашы, аналар бiзге қарап қолдарын бұлғап тұр! — деген дауыстан селк ете түстiм.


“Ақ ұлпа” шың басына қарап үлбiрей қалыпты. Сона-ау биiктен кiп-кiшкентай боп көрiнген қос ноқат бiзге қарап, қыбыр-қыбыр етiп, кiп-кiшкентай қолдарын тынымсыз бұлғайтын секiлдi. Жо-жоқ! Ықылас-пейiлдерiңе рақмет. Бiз ол жаққа жете алмаймыз. Ондай шырқау биiкке шығуды тағдыр, сiрә, бiздiң пешенемiзге жазбаған болар...


Жүзiмдi бұрып, “Ақ ұлпаға” қарап едiм, ол да: “бұдан ары қарай аяқ басуға шамам жоқ” дегендей шекесiн тыржитып, басын шайқады. Сосын биiктегiлерге қарап қолымды бiр сiлтедiм де, үлбiреген “Ақ ұлпаның” тiзесiне басымды қойып жата кеттiм.


“Апыр-ай, анау екеуiн соншама биiкке желiктiрiп алып шыққан қандай күш? — деген ой келдi маған. — Тау текедей секектеп, шаршау дегендi бiлмейдi ғой тiптi. Әлде... олар шынымен-ақ жасарып, бозбала мен бойжеткендей ұшып-қонып жүр ме екен?! Бәрi де адамның көңiлiне байланысты екен-ау...”.


Мен тағы да аспанға қарадым. Кенет сонау көк жүзiнен екi көз бiзге кiрпiк қақпай тесiле қарап тұрғандай боп көрiндi...


Олар таудан қайтқанда өте көңiлдi едi. Тiптi шаршағандары бiлiнбейдi. Алғаш рет оңаша шығып, ел көзiнен тасада армансыз сүйiскен бозбала мен бойжеткендей бал-шырын бақытқа мас. Кесiлген дөңбектей тау бөктерiнде сұлап жатқан бiздiң мынау ұйқылы-ояу, үрпi-түрпi түрімiзге таң қала қарап күле бередi.


Кешкiлiк бiз фойеде бiраз отырып, бүгiнгi көрген қызықтарымызды әңгiме етiп, дәлiзде адам аяғы басыла берген кезде жұп-жұбымызбен екiге бөлiндiк. Сондағы Айсұлудың есiк алдында сәл кiдiрiп, сүйрiктей аппақ саусақтарын жыбырлата күлiмсiрей “қоштасқаны” дәл қазiргiдей көз алдымда...


Ертеңiне тым кеш оянғаным есiмде. Тұла бойым зiлдей боп, қозғалтпай қалыпты. Содан сәскеге дейiн бiр оянып, бiр ұйқтап шалжиып жаттым да қойдым. Түске таман Күмiсхан келiп есiк қақты.


— Әй, — дедi ол iшке кiрер-кiрместе аузын басып тұншыға күлiп. — Бүгiн бiр қызық болды. Санаторийге кiм келгенiн бiлесiң бе?!


Мен басымды шайқадым.


— Айсұлудың күйеуi... — дедi бiреу естiп қоймасын дегендей сыбырлай сөйлеп.


— Қойшы-ей!


— Шын! Шын айтам. Жаңа ғана екеуi фойеде отыр екен. Мен байқамай қалып, күндегiсiнше “Айсұлуша!”деп құшақтап ала жаздадым.


— Мәссаға-а-н!... Сосын не болды?


— Құдайдың өзi сақтады-ей бiздi!.. Айсұлу көзiн қысып үлгермегенде бар ғой, екеумiз де бүгiн абыройдан жұрдай болар едiк. Күйеуiнiң өзi де бiр... Айсұлудың тасасынан көрiнбейтiн кiшкентай ғана бiреу екен!..


Шынында да, бүгiн бiр қызық болыпты-ау дегендей менiң де екi езуiм екi құлағыма қарай жайылып, ыржиып күле бердiм.


— Жүршi, — дедi ол кенет дегбiрсiзденiп. — Екеумiз аулаға бiрге шығайықшы. Мұндайда адам жалғыз жүруге бiртүрлi ыңғайсызданады екен.


Мен орнымнан тұрып, жуынып-шайынып болғанымша, ол байыз тауып отыра алмай, балконға бiр шығып, iшке бiр кiрiп сенделумен болды. Киiнiп жатқанымда кенет түсi өзгерiп:


— Әне, әне, олар сыртқа шықты, — дедi балконнан төмен қарай үңiлiп. — Берi кел! Болсаңшы тез!..


Есiме түссе, әлi күнге дейiн күлкiм келедi. Екеумiз аяқ астынан бала болып кеткендей, балконда бастарымызды түйiстiрiп тұрып санаторийдiң ауласына шыққан ерлi-зайыптыларды сырттарынан бақылай бастадық. Олар жаңа түскен жас келiншектей “ұялшақ” сәмбi талдардың көлеңкесiне барып кiдiрдi. Шамасы, үй-iшi, бала-шағаға байланысты шаруалар айтылып жатқан болар, бiрiне-бiрi әлдененi түсiндiрiп, бас изесiп келiскендей болады. Күйеуi тыңдап, әйелi сөйлеп жатқан кезде ойлаймын: “...балалардың жай-күйi қалай... жандарым-ау әшейiн, сағынып-ып кеттiм ғой өздерiн”, “...маған алаң болмаңдаршы, ендi аз ғана күн қалды ғой, құдайға шүкiр, қан қысымым бұрынғыдай тез көтерiлмейдi, жүрегiмнiң шаншығаны да басылған сияқты”, дейтiн болар. Ал ендi, күйеуi сөйлеп, әйелi тыңдаған кезде: “...балалар демалыста, шал мен кемпiрдiң көз алдында шауып жүр, сен оларды уайымдама, өзiңдi күт, ең бастысы, денсаулық емес пе” дейтiн сияқты.


Сәлден кейiн олар сәмбi талдың көлеңкесiнен берi шығып, иық түйiстiре қатар аяңдап санаторий қақпасына қарай бет алды. Оның бойы Айсұлудың бойынан сәл-пәл аласа екенiн мен алғаш рет сонда байқағанмын.


— Мұндайлар қызметте тез өседi, — дедi Күмiсхан әлденеге ыза болғандай Айсұлудың күйеуiнiң арқасынан көз алмай қарап. — Отызға жетпей облыстық тресте орынбасар... Ендi бiр секiрсе, бiз бара алмайтын биiктен бiр-ақ шығады. Көр де тұр. Жоғарғы жақтағы ағаларының аялы алақаны ғой оны жерге тигiзбей көтерiп әкетiп бара жатқан. Бiрақ... (Күмiсхан оны сыртынан кекетiп, мырс-мырс күлдi.) Бiрақ басқа жақта есесi кетiп, намысы жерге тапталып жатқанын бiлмейдi-ау!..


Мен оның көңiлiндегi ащы қыжылдың не сұлу әйелге деген қызғаныштан, не жап-жас жiгiттiң жоғары лауазымды қызметiне деген көреалмаушылықтан туып жатқанын бiле алмай, таңырқап қалдым. Сонсоң таң алдында ғана өз бөлмемнен “ешкiмге көрiнбей” шығып кеткен “Ақ ұлпаның” да күйеуi ертең осылай әйелiнiң соңынан iздеп келе қалса, мынау секiлдi (санаторийге келгелi берi алғаш рет оның есiмiн атағым келмедi) сыртынан күле қарап, табалап тұруға дәтiм жетер ме едi деп ойладым. Жо-жоқ... Бiрақ ол менiң күнәмдi жеңiлдете ала ма? Қара — қарама, күл — күлме... ендi бәрiбiр емес пе?! Менiң одан айырмам не...


Кенет... кенет менiң бұдан ғана емес, анау қаннен қаперсiз кетiп бара жатқан жоғары лауазымды жiгiттен де еш айырмамның болмай қалуы мүмкiн екенiн ойлағанымда жүрегiме бiреу бiз сұғып алғандай шаншып қоя бердi...


Бiр қызығы, тап сол сәттен бастап менiң “Ақ ұлпаға” деген сезiмiм қалай тез суыса, маған жұмбақтау бiр себептермен Күмiсхан да Айсұлуға аяқ астынан салқын қабақ танытып шыға келдi. Оны санаторийдегiлер сол күнi-ақ сездi...


Ертеңiне екеумiз келiншектерден тасаланып, өзеннiң арғы бетiндегi ағаштан қиып салынған кафеге бардық. Шынымды айтсам, санаторийге келгелi берi күнбе-күн бiрге жүрiп, уақытымызды көңiлдi өткiзiп жатырмыз дегенiмiзбен, анығында бiз олардан мезi боп, жалығып та үлгерген екенбiз. Содан да болар, бүгiнгi мынау салт басты, сабау қамшылы күйiмiзге iштей қуанып, тележкасынан құтылған тракторлардай жеңiлдеп келемiз.


Сыртқы көрiнiсi ертегiлер жинағындағы аюдың үйiне ұқсайтын шағын кафеде күндiз адам көп бола бермейтiн. Мұнда негiзiнен, кешке қарай санаторийде демалып жатқан сұлуларды аңдып келетiн төменгi ауылдың жiгiттерi жиналып, таң атқанша азан-қазан музыка ойнатып, алқын-жұлқын билеп, асыр сап көңiл көтерiп жататын-ды. Бiз терезенiң алдындағы үстелге келiп жайғасып, бүгiнгi бостандығымызды алаңсыз бiр атап өткiмiз келгендей томпақ бет, семiз барменге бiрден iшiмдiк алдырдық.


Бiраздан соң кафеге бiрiнен-бiрi өткен сұлу, тал шыбықтай майысқан екi бойжеткен кiрдi. Олар дөңгелек қоршаудың ар жағындағы томпақ бет барменге қарап жымиып, саусақтарын қимылдатып “сәлем” бердi де, бiздiң жанымыздан өтiп бара жатып:


— Мұндайда орта толсын деушi ме едi, қалай?! — деп сыңғырлай күлдi.


Бұлар бiздiң санаторийде демалып жатқан студент қыздар болатын. Ара-тұра асханаға бара жатқанда, кешкiлiк вестибюльде қарама-қарсы ұшырасып қалғанда үзiп-жұлып бiлгенiмiз: екеуi де жақсы оқып, көзге түскендерi үшiн институттағы кәсiподақ комитетiнiң тегiн жолдамасымен келген. Бiзге олар әлi тым жас, құрық тимеген асау тайлардай көрiнушi едi.


— Бүгiн немене, “жеңгейлерден” жасырынып қашып келгенсiздер ме?!


Олар тағы да күлдi. Бұл ендi бiзге ашықтан-ашық “тиiсудiң” белгiсi едi. Күмiсханның көздерi ұшқын атып, қызыл көрген бүркiттей жалт ете қалды.


— Қыздар, бiрге отырсақ қайтедi, а?!


— Ой, онда сiздердiң құпияларыңызды бiлiп қоямыз ғой.


— Жандарым-ау, сендерден сыр жасыру мүмкiн бе?! Мына бiздiң мәңгiлiк сырымыз да, жырымыз да — өздерiң емес пе.


— Қойыңызшы! Шын айтасыз ба... ағай...


— Бiз бiлмеушi ек!..


Сайтан күлкi... Елiктiрiп, желiктiрiп әкетiп барады. Олар сосын бiздiң столға келiп отырды. Қыздардың даусында, қимылында әдейi қылымсу, жасанды наз, жорта еркелiкпен бiрге жастыққа тән жарасымдылық та бар едi.


Бiз кафеден көңiлдi шығып, өзен жағасындағы қара ағаштардың түбiне келiп суға түстiк. Көп iшiлген жеңiл шарап буын-буынымызды алып қойыпты. Былқ-сылқ етемiз. Бiр-бiрiмiзге қарап күле беремiз. Аяқ астынан бала боп кеткендей бiр-бiрiмiздi қуалап, су шашысып ойнаймыз. Құлаймыз.


Бiз маспыз...


Бәлкiм, шараптың буы емес, өтiп бара жатқан жастық шақтың сөнер алдындағы жалыны, ең соңғы демi шығар... Ол мынау жап-жас бойжеткендердiң бейнесiне енiп келiп, ес-ақылымыздан айырып, елiтiп, ерiтiп... қоштасып жатқан болар?!.


Одан соң кафеге қайта оралып, тағы да, тағы да жеңiл шарап алдырдық. Олар бiздiң тiземiзге отырып алған, мойнымыздан құшақтап, аппақ сүйрiктей саусақтарымен шашымызды тарақтайды. Еркелейдi. Мүмкiн, бiздi еркелететiн шығар, кiм бiлген...


Сосын бiз мастықпен ар-ұятты мүлде ұмытып, бiр-бiрiмiздiң көзiмiзше, елдiң көзiнше ұзақ-ұзақ сүйiстiк. Дөңгелек ағаш қоршаудың ар жағынан бiр сап-сары асқабақ бiзге күле қарайтын сияқты. Бармен жiгiтке ұқсайды...


Сосын биледiк. Таң сарғайып атқанша биледiк... Төменгi ауылдан келген жiгiттермен сол күнi мәңгi бақи айырылмастай дос болмаққа ант-су iштiк. Бiздiң де шыққан тегiмiз ауыл деп мақтандық, қалада жапа шегiп, қайғы жұтып жүрмiз деп мұңайдық. Кекiл шашы көзiне түскен бойжеткен билеген кезде кобраға ұқсайды екен... Санаторийге қалай келiп, өз бөлмеме қалай кiргенiм есiмде жоқ.


Мұндағы аз ғана күндiк қызықты өмiрдiң өз заңдылықтары, өз шарттары бар. Мұнда “ғашықтардың табысуы” қалай тез болса, “махаббаттары” да сондай қысқа болмақ. Ал тұрақтылық дегенiңiз — қылмыс. Сiз бұл жақта неғұрлым өтiмдi, өткiр, аузының салымы бар серi жiгiт атанған сайын айнала қоршаған ортаның талап-тiлегiнен шығып, өз мiндетiңiздi мiнсiз, абыроймен атқарып жүргендей сезiнесiз... Өйткенi бұл — уақытша, алдамшы “кiшкентай өмiр”. Ал сонда, үлкен өмiр дегенiмiз не? Оның бұдан қандай айырмашылығы бар?..


Бiрақ аз күндiк қызықтың ерте ме, кеш пе, әйтеуiр таусылатыны белгiлi, әлде соны бiлгендiктен бе, әлде асып-тасып қуанумен бiрге қурап-солып қайғыруды да ұмытып қалған ба, әйтеуiр бiздiң айырылысуымыз “Ақ ұлпаға” зәредей де әсер еткен жоқ. Күндегi әдетi бойынша мезгiлiмен асын iшiп, емiн қабылдап, шұбатылған ұзын дәлiзде қарам-қарсы ұшыраса қалсақ, төңiрегiндегiлердi онша менсiнiңкiремейтiн тәкапбар әйелдің кесiрлi әдетiне бағып кекiрейiп өте шығатын болды.


Ал Айсұлу болса, мынау санаторийдегi “кiшкентай өмiрдiң” сыртында шұбатылған үлкен өмiр бар екенiн, онда өзiн күйеуi, баласы күтiп жүргенiн ұмытып, алғаш сүйген жiгiтi алдап тастап кеткен жас қыздай бiр-ақ күнде бәрiнен түңiлiп, өз бөлмесiнен шықпай, жылап-еңiреп жатып алды...


Бұл кезде бiз тынығып, ем қабылдауды, тiптi мезгiлiмен тамақ iшудi де ұмытып, уақытымыздың көбiн арғы беттегi кафеде өткiзiп жүрдiк. Ылғи да түн ортасына таяу санаторийге қатты қызу болып ораламыз. Кей күндерi аяғымызды әр жерден әлтек-тәлтек басып, бiр-бiрiмiздi сүйеп, ұзын дәлiздiң бойымен “жар жағалап” келе жатамыз. Ондайда кiмдердiң есiк-терезеден сығалап, соңымыздан мысқылдай күлiп тұратынын да бiлмеймiз.


Бiрде түс мезгiлiне таяу тағы да кафеге барып, “бас жазып” қайтуға жиналып жатқанымда бiреу бөлменiң есiгiн саусағының ұшымен ақырын ғана қаққандай болды. Қыздардың бiр болар еркелеп тұрған деген оймен есiк аштым да, өз көзiме өзiм сенбей таңырқап қалдым. Есiк алдында маған кiрпiк қақпай тесiле қарап Айсұлу тұр екен. Күн сәулесi қиғаштай түсiп, бiрте-бiрте жыли бастаған тұңғиық көлдiң бетiндей үнемi шуақ шаша қарайтын жанары бұл жолы әлдекiмдi жұтқысы кеп, демiн iшiне тарып тұрған қара судың бетiндей түнерiп, жансыздана қалыпты.


— Кiруге бола ма? — дедi ол жылай-жылай көз жасы да, мұң-шерi де таусылып, көңiлi әбден қатайып алған жанның қатқылдау үнiмен.


— Кiр, иә, кiр... — деп мен абдырап кейiн шегiндiм. Ол айра-жайра боп шашылып жатқан бөлмедегi заттарға назарын да салмай, бiз өкше туфлиiмен еденнiң паркетiн тесiп жiберердей тық-тық басып терезенiң алдына қарай өттi. Содан соң кiлт бұрылып:


— Мен сiзден мұндайды күткен жоқ едiм! — дедi маған үкiм шығарғалы келiп тұрғандай жүзi сұрланып.


— Ана досыңыз сияқты сiз де арамза екенсiз!


Мен ашынған әйелдiң ащы сөзiн естiмей жүрген жан емеспiн, әйтсе де оның тым астамси, өктем сөйлегенi намысыма найза болып қадалды:


— Сiз осы, — дедiм ызаға булығып, — Не айтып тұрғаныңызды бiлесiз бе?..


Ол маған жалт қарады. “Көл” бетiне қабыршақ мұз қатып, қара суық ызғырық жел көтерiлген сияқты.


— Бәрiң де опасызсыңдар! — дедi қалшылдап.


Ол өзiн мүлде ұмытқан... Иә, ұмытқан.


— Осының бәрi де уақытша емес пе, — дедiм мен өз сезiмiне өзi алданып тұрған сұлу келiншекке бiртүрлi жаным ашып. — Мәңгiлiк ештеңе жоқ қой...


— Иә, — дедi ол жаңағының бәрi түсiм екен ғой дегендей күбiрлеп. — Екi күннен соң бәрiбiр кетемiн ғой бұл жерден...


— Менiң де мерзiмiм бiтуге таяп қалды, — дедiм оның күнделiктi өмiр шындығына қайта оралып, тiршiлiк қамын ойлай бастағанына қуанғандай сергек үн қатып. — Күмiсхан да екi күннен соң қайтады.


— Содан кейiн бiз бiр-бiрiмiздi мүлде көрмеймiз, — дедi ол маған емес өзiне айтып тұрғандай жанары тұманданып.


— Мүмкiн, кездесiп те қалармыз. Жер дөңгелек қой.


— Жоқ, — дедi ол басын шайқап. — Маған осы көрген “қызығым” да жетедi.


Содан соң осында көрген “қызықтан” қалған белгiнiң бәрiн бiз өкше туфлиiмен жаншып, таптап өшiрiп кеткiсi келгендей тық-тық басып бөлмеден шыға жөнелдi.


Сол күнi түн ортасында тағы да есiк қағылды. Әуелде кiм болса да ашқым келмеген. Бiрақ есiк қатты тарсылдап, бүкiл дәлiздi жаңғырықтыра бастады. Ашпайтын болсаң, бiз де кетпеймiз дейтiн сияқты. Есiк алдында Күмiсхан мен “Ақ ұлпа” тұр екен. Өздерiнде өң-түс жоқ.


— Айсұлу... — дедi Күмiсхан ентiгiп. — Айсұлу жоқ!.. Таба алмай жүрмiз!..


Жүрегiм су ете түстi. Ұйқым шайдай ашылды. Жылдам киiндiм де соңдарынан ердiм. Көз алдыма Айсұлудың күндiзгi сұп-сұр жүз дi елестедi. Ол... Ол неден де болса тайынбайтын сияқты. “Бүгiн өзi бiртүрлi боп жүр едi... бiртүрлi боп жүр едi...” деп тынымсыз күбiрлеген “Ақ ұлпа” да жүйкеме тиiп келедi. Күмiсханда ес жоқ, түс жоқ. Егер Айсұлу бiрдеңеге ұшырай қалса, ең алдымен күдiк туғызатын адам сол ғой. Жаны мұрнының ұшына тақалған болар, әрi-берiден соң ол ұят-аятты, ар-намысты жиып қойып, санаторийдегi жiгiттер жататын бөлмелердiң есiгiн қағып, Айсұлу келген жоқ па деп ашықтан-ашық сұрай бастады. Олардың бiразы беймезгiл шудың тегiн емес екенiн сезiп, iле-шала бiзбен бiрге iздесуге шықты. Кейбiреулерi iштей күлiп, әп бәлем, көзсiз серiлiктiң соңы немен бiтетiн де көретiн күн бар екен-ау дегендей, артымыздан шоқ-шоқ деп күле қарайды. “Ойпыр-ай, осы санаторийден аман-есен кетсек екен әйтеуiр! Мұндай қызығы да, демалысы да бар болсын!” Естуiмше күндiз, сiрә, менiң бөлмеме келердiң алдында болар, Айсұлу Күмiсханның бөлмесiне кiрiп, қатты шу шығарып, оны өткенде өздерi таудан қиып әкелген “асатаяқпен” ұрмақ болған көрiнедi. “Ендi маған да, саған да тыныш өмiр жоқ! Бүйтiп жер басып жүргенше, екеумiздiң бiреуiмiз кетейiк ар-ұятты арқалап!” деген сияқты суық сөздерде сонда айтылған...


Бiз сол түнi Айсұлуды таң атқанша iздедiк. Күмiсхан санаторийден шамамен он-он екi шақырым қашықта жатқан аудан орталығындағы темiржол вокзалына қарай жаяу тартты. Бәлкiм, Айсұлу пойызға билет алып, сонда қалып қойған болар. Әлде бiржола үйiне қайтып кеттi ме екен?... Бiрақ оның заттары әлi сол қалпында түп-түгел өз бөлмесiнде тұр емес пе.


Жым-жырт түн. Бүгiн дүйсенбi болғандықтан, арғы беттегi кафе жабық. Ағаш үйдiң маңдайшасындағы жалғыз шам сығырайып, иесiз қалғандай жетiмсiрейдi. Санаторийдiң маңын ары-берi бiраз кезген соң, қасымдағы жiгiттер бiртiндеп өз бөлмелерiне кеттi. Ал менiң iшке қайтып кiргiм келмедi. Онда барғанмен, бәрiбiр кiрпiгiм айқаспайтыны анық. Оңаша жатқан адамға әр түрлi сан-сапалақ ойлар үйiр келедi. Қалай дегенмен, бұл iске менiң де қатысым бар ғой.


О, Құдайым-ай!..


Осылайша сыртта сенделiп жүре тұрғанымның өзi жақсы. Түн болса салқын. Санаторийдiң қараңғы қуыс-қуыстары мен дәрi сасыған түкпiр-түкпiрлерiнде тығылып жатқан құбыжық ойлар қазiр осы суықтан қорқып, сыртқа шықпайтын тәрiздi. Қайткенде де тау жақтан ескен салқын леп қыж-қыж қайнаған ащы өкiнiштiң уытын басып, ой-санамды сергiтiп тұрғандай...


Сiбiрлеп таң атып, қара көк түннiң бояуы бiрте-бiрте оңа бастады. Өзен жағасындағы талдардың жапырағын сыбдырлатып шатқал бойымен ерке-шалық самал жүгiрiп өттi. Сонда көрдiм; арғы бетте қап-қара шашы алдына төгiлген ару келiншек өзен суына шайынып отыр екен. Аздан соң орнынан көтерiлiп, кеудесiн салқын самалға тосып тұрып алақанымен бетiн сүрттi. Аһ деп, жалын ата күрсiнгендей болды. Неткен сұлулық, не деген ғажап!.. Арайлап атқан ақ таңға аппақ бiлегiн артып, аймалай сүйiсiп тұрған секiлдi. Кiм бұл?.. Кiм?.. Құдайым-ау, мынау кәдiмгi өзiмiз iздеп жүрген Айсұлу ғой!..


Кенет арғы беттегi ағаштардың арасынан аюдай қорбаңдап томпақ бет, семiз бармен жiгiт шыға келдi де, оны жерден iле көтерiп кафеге қарай ала жөнелдi. Әлгiнде ғана ақ құба Таң-жiгiттiң иығына асылып тұрған арудың бiлегi ендi сап-сары асқабақты құшақтап бара жатқандай болды, о-о жалған дүние-ай!..


Сол күнi кешке Айсұлу пойызбен қайтып кетiптi деп естiдiм. Ал ертеңiне санаторийдегi соңғы күнiмiздi атап өтiп, кафеден түнделетiп келе жатқан бiз — сол баяғы екi “хан” өзен жағасындағы ағаштардың тасасынан шыға келген асқабақтай-асқабақтай жiгiттердiң жұдырығына тап болып, оңбай таяқ жеп, бет-аузымыз күптей боп iсiп, ел көзiне көрiнуден қалдық. Қайтатын күнi бiздiң бейшара кейпiмiзге қарап тұрып, жаны ашыған ешкiм болған жоқ. Бәрi де күлдi. Өйткенi мұндағылардың бәрi де уақытша болса да қызық көру үшiн келген жандар емес пе?!.


* * *


Содан кейiн Айсұлуды көрiп отырғаным осы. Күн сәулесi бетiнде ойнап, бiрте-бiрте жылына бастаған тұңғиық көл секiлдi қара көз сол баяғысынша төңiрегiне жып-жылы шуақ шаша қарайды. Өткеннiң бәрiн тереңiне батырып, ешқандай белгi қалдырмай, жым-жылас қып жұтып қойып, тұп-тұнық боп мөлдiреп жатқан секiлдi.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу