Әңгімелер ✍️
Қызыл құмақ
Асау боран. Дала алай-түлей.
Кәдімгі: «Ақпан-ақпан алты күн, айқайың сенің қатты күн» дейтін ақпан. Желі ұйтқып, қарасын біткенді қармен кесектейді, терезені сабалайды. Кейде тіпті, жұдырықтап тұрғандай ұрады...
Неше күн үзбей соғып, толастамай тұрған қаңтардың ақ бораны. Алыста мұнартқан Көктау. Таудың қар сәлделі басы көзге болар-болмас шалынады. Арқа бетінде кеудесін керіп жатқан айдын шалқар. Шалқар десе — шалқар: арғы жағасына көз жетпейді; бергі бетіндегі — жаз күні көк құрақ қыста ақ қамысты жалпақ жағасын көзбен шолып та шығарлық емес...
Оң қолда: ақ қамыстан алқа таққан ұзын Аңқаты, қос өңірі ну жыңғыл, төрі: бидайық төсек тар тоғай, аралды төбе кең алқап. Алқаптың қойыны жағалай ауыл.
Сол ауылды да, аралды алқапты да, алқалы өзенді де қымтап жатқан сары қар. Үздіксіз соққан ақ боран қартадай сары қардың үстінде желімен ойнап асыр салып жатқандай. Айнала қыбырсыз, жансыз, қарасыз. Тек қана Арал-Төбенің түбегіндегі он шақты үйдің болар-болмас бедері көзге шалынады. Ал, батыс жақ беттегі жапырайған тұмақтай, қазақы қыстаудың қармен құндақталған сығырайма терезесінен оқта-текте от сығалайды. Әлсіз сәуле боран үдегенде бір жоғалып, бір жылтылдайды.
Қаһарлы қыс аяқты қия бастырмай қарымен көміп, суығымен сығып, тірі жанды сыртқа шығармай езіп, жаншып жатқан сияқты. Бірақ...
Үйде дабыр. Әңгіме. Шүберектеп тығындаған терезенің «уіліне» төтеп бере алмай май шамы бір жанып, бір сөніп жатса да таласа сөйлеп, сөзін қағазға жазғыштап бірнеше адам отыр. Ол сөз, ол жазу: айтылып, тұжырылып, бір тоқтамға тірелген көкей кесті тілектің түйіні. Жеті өлшеп, бір кескен үлкен мақсаттың ұшы еді.
— Берер ме екен?.. Берсе іс бітті ғой! — деді екі оқтылау түрде, кішірек келген қара шал.
Оның үніндегі күдікті жігерлі пішінді жас жігіт бірден тарқатты:
— Береді, Беке! Айттым ғой сөйлестім, бәрін де шештім деп!
— Онда құба-құп! Көрмей жүрген жұмыс емес, тек жер мен құрал қолға тисін.
— Бекеңе керегі сол жер... құрал. Іске сәт!
— Бір Бекең емес, бәрімізге де.
— Ал, мен жаздым! — деп еңкейе түсті кекілді, шот маңдай сары бала жігіт. Ол малдасын құрған күйі алдына көпшіктен «үстел» қойып, қарандашын бір жалап алып, жазуға да кірісті. «Мәжіліс хат. Саны екінші. Қатынасқандар саны — алты. Оның бірі партияға мүше, бірі кандидаты, үшеуі комсомол. Қалған біреуі Қосшы ұйымының толық мүшесі...»
— Тоқта, тоқта... Олай деме. Арал-Төбедегі Қосшы ұйымының жалпы жиналысы деп жаз. Біздің коммунистер мен комсомолымыздың пікірлері бөлек хатталып, райкомға өз жолымен барады. Оны басқаша жазасың. Ал, мынау кедейлер атынан ауаткомге және ауыл Совет куәландырған бір көшірмесі Қарыз-Серікке барады. Өзім алып барамын. — деді кішкене мәжілісті басқарып отырған әлгі жігерлі жас жігіт.
— Бұл — Қызыл әскер қатарында болып жаңадан ғана ауылға қайтқан, осы жерден комсомол ұясын ашып, оған өзі хатшы болып сайланған орта бойлы, қара торы Темір дейтін жігіт еді.
— Е, солай болу керек!
— Бәсе, солай, райкомыңның өзіне, мықтап жазылуы керек!
— Теміржан біледі ғой, Қызыл Әскердің ойынын ойнап қайтты ғой! — десті басқалары Темірді қостап, риза болған үнмен.
Маздап жанған сары қамыстың оты кері шалқып, бетті шарпуға да таяу. Бірақ, құлағы баласының сөзінде, көзі жалынды қадағалап отырған атжалманды қара кемпір қамысты қазандықтың көмейіне ысырады да екінші түйдегін әзірлейді. Қазан бүлк-бүлк қайнайды.
Ас дайын. Үй жылы. Бала сөзіне кемпір өзгеше риза, іштей құжырлана қостайды. «Адам болған» Темірін құшақтап алғысы да келеді. Бетінен сүйіп: «Кішкенем... Тем-тайым!» деп қалуға дайын.
Кешікпей кемпірдің бабымен пісірген асы да желініп:
— Ал, мен жүруге қамданам, — деді Темір. — Әңгіменің ізін суытпай тез бітіріп, қаулыны бекіттіріп, беретін қарызын алып, іске белді бекем байлап кіріспесе болмайды.
— Сөз бар ма?
— Дұп-дұрыс!
— Иә, белді бекем буып, бір жола кірісу керек! — десті басқалары жамырап. Кемпір сары уайымға көшті:
— Тем-тай-ау, Теміржан-ау, мына көзге түртсе көрінбейтін ақ мылтық боранда қайда барасың!.. Қой, айналайын, адасып кетесің. Боран ашылған соң ертең барарсың. Және жеті түн... Ит-құс болса анау... Кеше өзің айттың ғой, қасқыр ұлып тұр деп...
— Ал басталды. Түу, мама-ай. Осы жоқ жерден сары уайымды қайдан тауып ала қоясың?! Көрмей жүрген аудан ба, жүрмей жүрген жол ма! Түк те уайымдама! Бүгін жетіп қонып, ертең істі бітіріп, кешке қарай қайтып келемін.
Көп уақыт өтпей-ақ жылмағай даланың кісіге қарайтын бурасындай ойында қалшылдап, қырында түтіккен дүлей боранының құшағында алысып-жұлысып Темір кетіп бара жатты. Қарсы сабалаған қар көзге тығылады, арттан ұйтқыған жел айналасын үйіріп-үйіріп келіп ту сырттан құшақтай алады. Кейде әлемді ақ буалдыр басып, еш нәрсені көрсетпей кетеді. Жалғыз аттылы тек қара жолдың сорабымен ғана соғып барады. Ол көзсіз бораннан да, бетті дарыған ақшұнақ аяздан да қаймығатын емес.
Үйде қалғандар уайымшыл кемпірге:
— Қорықпа, шеше, Темір адаспайды. Ол суық пен бораннан да қорықпайды. Әскер ойынын ойнап шыныққан жігіт қой! — деп сендіреді.
«Ол суықтан қорықпайды... Боранда адаспайды...» деген бұл жігерлі сенімді баласындай құшақтап, сығырайған шамын сөндірмей, үйде жалғыз қалған кемпір қазандыққа сүйеніп отырып, қалғып-қалғып кетеді.
2
Боран ашылып, жел толастап үскірік тоқтаған кезде далада жаяу борасын да басталып кетеді. Ол дөңесті түріп, ойды қармен қалыңдатып жатады; жолдың табанын үргілеп тынымсыз жорғалайды. Тап сол жаяу борасын сияқты, ауылды енді сөз борасыны бүркей бастады...
Көрші ауылда:
— Бұлар бір тиімді нәрсе тапты. Сөз жоқ солай!
— Темір шығарар! Кілең бір ертеден-кешке пішен шапса белі ауырмайтын, жер жыртса құйқасын тістеп тартқандай тісті-бақалар жиналған!
— Бұлар, бұлар істейді. Бәрін де істейді. Жерін де жыртады, малын да өсіреді. Жәрдем алғаннан кейін қояма?! — деп артель мүшелеріне ден қоя әңгімеледі.
Қазірет ауылында...
Мешіт түбіндегі Тентек Қажидың үйіне Сартай келіңкіреді. «Дүниеде не болып жатқанын» осы Сартай алдымен есітеді. Оны Қажы ежелден біледі. Сартайды көрісімен ол:
— Иә, би! — дейді.
Бұл да ежелден белгілі мұқам. Не есіттің? Не білдіңнің? — мұқамы. Бұрынырақ: «Волисполком сайлауы, ауылнай сайлауы болғалы жатыр. Бұған қатынастырылмайтындардың қара тізімі мынадай» деп тізбектейтін еді Сартай Қажиға. Енді бүгін:
— Мына Темір солдат кәмуна құрып келіпті. Ағыл-тегіл ақша алыпты. Кедей біткенді соған тізетін көрінеді, — деді.
— Сонда?..
— Әлгі орыстарда болып жатқан ортақшыл Кәмен. Бәрі ортақ: мал да ортақ, жан да ортақ ас та ортақ, арба да ортақ. Сенікі, менікі болмайтын көрінеді, — деді.
Бұл құлаққа жат жүрдек сөздер бірде күбірмен, бірде сыбырмен біреуден-біреуге, кәріден жасқа да жетіп, аз уақыттың ішінде үйді-үйді қыдырып, ауылды тегіс аралап кетті. Аралап қана қойған жоқ, бұл бұрын ешкім көрмеген жаңа өмірге талпынғандарды мінеп-сынап, түрлі-түрлі өрескелдікке жорып, ишаны мен қажысы, молдасы мен қожасы мол мешіт түбі: «Ақырзаманның басы осы!» десті. Ал, артельшілердің бірі көрінсе сыртынан: «Әне, тажал келе жатыр!» — деп жасырын қолын шошайтатын болды.
Тентек, ардан безген кейбір қызыл танау балалар бұқпантай әкелерінің көзеуімен он екі Қосшының малы малға жуып кетсе құйрығынан ұстап, қуалап жүріп сабады. Иттерін қуып үйді-үйіне тықты.
Бұрынғы ағайындық сезім әлдеқайда ысырылып, іштей жиырылған теріс-қабақ жаратпау өшпенділікке сүйреді...
3
Қосшы бастаған бұл жаңа талаптың шын келбеті өзгеше еді. Ол жаяу жорға қаңқу сөздермен үш қайнаса сорпасы қосылмас мағынада болатын. Бір күні Қажи-Ахмет:
— Мешіт түбі бізді ақырзаманның адамдары етіп қойыпты, — деп, бар әңгімені Темірге айтып келіп еді, Темір:
— Ақырзаман... — деді, ақырын ғана езуін тартып, — ақырзаман емес, бұл Жаңа заманның басы десе дәл болар. Өйткені, «ақырзаманды» шығарғандарға енді біздің малдан зекет берілмейді. Ал, егерде ісіміз сәтті болып, егініміз мол шықса — ол тарыдан таспа қара, таңқы мұрттарға ғұшыр тағы тимейді. Сен келіншек алсаң — оның некесін қиятын ауыл совет. Сондықтан молдекеңдерге неке қияр да жоқ. Тіпті, жаман айтпай жақсы жоқ, өліп кетсек...
— Арғы жағын түсіндім, — деді Қажи-Ахмет. — Бұл олардың өздерінің заманының ақыры шығар?!
Темір оған да езу тартумен тынды.
Артелін бекітіп, атын «Қызыл құмақ» қойып, Темір ауданнан келісімен-ақ іске кіріскен-ді. Құттың сары тап қалың қары сықыр-сықыр, ақан шананың жалпаң табанына басылды. Он екі үй қосшы Қарыз-Серіктен үлкен-үлкен сүзбе ау, темір соқа, тырма, сүт машина, тағы да басқа құрал-сайманның не кереметін үздіксіз тасып жатты. Қамыт, доғасын сайлап, темір соқаның күрегі мен қылышын шыңдатып, ат-көлігін күйттеп, жазғы егіске сақадай сайланды. Бәрі даяр. Тек жаңа қар кетуін күтті.
Көктемде қара қошқыл, жазда сарғыш тартып жататын құба жонның арғы жағы ақселеу жамылған кең жазық; бергі арқа беті — бетегелі боз жусанды кең жайылым. Осы құмсақ қоңыр жонды Құмақ деп, кейде тіпті күзгі өңіне қарап жұрт Қызыл құмақ деп кеткен. Бұл жонның асты-үстіне себілген тұқым, әсіресе қызыл тары, шықпай қалған жылы жоқ-ты. Мұндай мол нәубет беретін шұрайлы жер о бастан текті, дәулетті, құрал-сайманы жеткілікті жандардың қолында келген-ді. Жалғыз атты, ағаш соқалы кедейлер қолы жеткен бір бұрышына да мәз — таяқтап, жарым деселеп жыртып көже-түйір талшығын айыратын. Жасынан қолы жетпей, көкейін тесіп келген осы жерді айтып Темір артельді бекіттірерде жер бөлімінің бастығына:
— Қосшы мүшелеріне Қызыл құмақтың сауырын бір тілдірсем болғаны, — деген.
Бастық оған:
— Қызыл құмақ та сенікі, сары құмақ та сенікі. Тек ісіңді жолға қоя біл, артельді еңбекке жұмылдыруға жетекте. Сонда досқа күлкі, дұшпанға таба болмайсың! — деп серттескендей, Темірдің қолын қатты-қатты қысқан еді.
Артельге сол егістіктің аты беріліп «Қызыл құмақ» делінген.
Артель кешікпей тағы бір жаңалықтың басын көрсетті. Қарыз-Серіктен алған ақшаға қаладан талтақ мүйіз, қызыл көз, арыстан кеуде, әукесі жер сызған, алқызыл кілем түкті көлбауыр бұқа мен Ресей қойының тұқымы, тағы мүйіз дыр қошқар сатып алып келді. Бұл қызыл бұқа мен қошқар да біраз әңгімеге желі болды.
— Мынаған қай сиырын қашыртпақшы?
— Оны қой. Қошқарға ше?! — деген улы кекесін де бүлкілдеді...
Бірақ, кешікпей мысқыл сөз бен кекесін лебіздер жайына қалып:
— Темір, қарағым, мына мұқырға күжбаныңды бір рет босатшы, — деп өтінушілер молайды.
Сөйтіп, бұрынғыдай емес, Қарыз-Серік арқылы алынған машина-сайманды, бұқа мен қошқарды көрген соң артель туралы жұрт пікірі екіге жарылды. Бірен-сарандары:
— Осыған біз де жазылсақ қайтеді? — деп толқыды. Бұларды:
— Қоя тұр, байқайық. Енді не болар екен? — дейтін тежегіштер де табылды.
Бұл сияқты толқушылар мен тежегіштер саны күн санап молая берді де, ал, егістік жер мен жайылымның шұрайлысын уысынан шығармай келгендер шоғыры үркердей бөлініп, іштей жиырыла түсті...
4
Көктем келді! Ғажайып шақ!
Жер босап, қар еріп жатыр. Қыр ала шабыр тартты. Сусылдақ үйректер күні-түні көкті тілгілеп, жаздың бұйдасын жетектеп, жүйткіп жүр. Жыламсырап ағып, сайларға су да құйыла бастады.
Қыр да, ой да тебіреніп, аяғын күн санап шірене түседі.
Өзгеше бір қауырт қимылдың нышаны көзге елестейді. Өкпек жел есіп, жұмсақ қоңыр ала бұлттарды аспанның о шеті мен бұ шетіне айдайды. Сай қабағындағы қар лықсып, жентектеліп, сағат санап мүжіліп барады.
Айнала мәз-мәйрам. Жұрт үйге кіруді білмейді. Жазға мәз!
Терезенің алдына шығып алып, бала біткен күнге көзін сығырайта қарайды. Ұшқан үйректі санап, шұбырып үй төбесіне шығады. Бұлар көктемге екі есе мәз!
Сиыр бұзаулап, қой қоздап жатыр...
Әлсін-әлсін аспан сұрланып та қояды. Дөң басы одан әрі қоңырая түседі. Кешікпей ойтаң жер көгілдір суға шомылды, қырат басы көгеріс тартты.
Қызыл құмақ артелі сақадай-сай. Өзара күбір-күбір әңгіме-дүкен құрды:
— Үш соқаны қатар салсақ құмақтан арғы селеулі жазықты тегіс тілсек! — дейді.
— Әттең көлік жетіңкіремейді... Ізінше тырманы да қоса жүргізу керек. Бұған тағы да екі-үш ат болса?..
— Шіркін, десейші! Сиыр жегін не өндірерсің...
— Саспаңдар, ағайындар, Асан мен Сүлеймен уәдесін берді: «біз де кіреміз» деп. Енді ана Құлыштың Тапалы мен Байдосын тарту керек артельге. Сіздер сөйлесіңіз, бір табан жақынсыз ғой. Қубаш ишан мен Өрекеңнің өгізін цоб-цобағанша» бізге қосылсын, — деді Темір Өтеулі мен Өтекешке дем беріп.
— Ойбай-ау, Теміржан-ау, Асан мен Сүлейменнің уәдесін бергенін бізге неге айтпадың, сұр қылайын дедің бе?! Ту-у, өзіңде қызық жігітсің. Бәрін бабына келтіріп болып, сонан кейін барып айтасың. Атандай екі ат, нардай екі жігіт қосылды десейші! — деп еді Өтеулі қуанып, ал, Өтекеш:
— Мен Құлыштың екі баласына Атапкелдің екі баласын қоса және Мерғалиды да қосып алайын. Бізге қосылмағанда олар не бітіреді, — деп желдірте жөнеліп еді, бірақ Темір оны тоқтатып қойды.
— Өтекеш, сен тым құлашты кеңге жайып жібердің. Әзірге сол айтқан Тапал мен Байдосты икемдейік. Әңгіме қолдағы осы бар құралмен құмақты дұрыстап жыртып, тұқымды жақсылап сеуіп, жақсылап тырмалап, сонсоң шыққан астықты жинап алсаң болды. Жерге, құралға қолы жетпей отырған кедей-батырақ артельдің тиімді екенін көріп өзі арыз береді, — деді.
— Осы дұрыс, — деді Өтеулі. — Теміржан біледі. Бәрінің ретін біледі.
Қызу мінезді, тез қимылды Өтекеш бұған да қол қойып:
— Дұрыс болса не тұрыс бар, онда Өтеулі, біз кеттік. Біз айтқаннан кейін Құлышовтар қайда барушы еді, екеуін де кіргіземіз артельге. Темір мұны басыңдағы бөркіңдей біл, — деді.
Сөйтіп, бұл екеуі ағайындарын көндіруге кетті.
5
Артельшілердің асыға күткен егіс күні де келіп жетті.
Жарқыраған жап-жаңа үш темір сабан, тырма қатар тіркесіп, Қызыл құмақтың қопармалы май сауырына азуын да басты. Қособаның екі жақ жонын бірдей қамтып, Дуана беттегі селеулі жазықты тұтас жырту үшін үш күннен бері өлшеп-пішіп, Темір тыным таппап еді. Енді бүгін өзі бас болып, алдыңғы соқаны қабырғалап, Бекеймен бірге қосыла айдасып жүр.
Ұстарадай болат түрен қылыштың тілген ізімен қара жерді бауырдай төңкеріп барады. Боразда үстіне боразда сұлап, үш сабаның жолы кере құлаш жосылып қала береді.
Не қызық — жаңа қоныс қызық. Жаңа жайлауға жаңадан ірге тебу ала-бөле шат-ты. Ал, көптен бері ұмтылған жаңа жер, жаңа егіс, жаңа сабанның бастапқы желі кішкене артельді тұтасымен аяғынан тік тұрғызды — бірінші күні тайлы-таяғы қалмай бәрі қырға шыққан-ды. Ат басын кезек жетектеп, сабан құйрығын таласып ұстап, кешке дейін Қособаның бауырынан кетпеген еді. Бұл қарқын, бұл қимыл бәсеңдеместен әлденеше күнге созылды.
Көп жер тілінді. Тілінген жер топырағы қурамай тұқым себіліп, тырмаланып та жатты. Ынта-жігерді үдетті. Жігер шаттыққа бөлей бастады.
Қызыл құмақ сонымен бірге кейбіреулердің ішін удай ашытты. Әсіресе, бұл құнарлы жерге өзгенің соқасын тигізбеген. Құбаш ишан мен Тентек қажы және Сартай атқамінер үйінде отыра алмады.
— Не жаңалық бар... Не болып жатыр? — деп, күндегі әдетінше Тентек қажы қабағын түйді.
Жалпы жұрт ісіне, мінезіне қарай Тентек қажы деп кеткен Орекеңнің сұрайтын жаңалығы, көбінесе, артель туралы екенін айтпай-ақ білетін Сартай:
— Не болушы еді, Қажеке, бәрі де болып жатыр: өкімет маңдайынан сипап — міне қаржы, міне құрал-сайман, міне жер, міне су, міне билік — десе, не істемейді, бәрін де істеп жатыр. Қособаның батыс бетін, кәдімгі Құбекең ишанның Қара мектебіне дейін тіліп тастаған. Күні-түні сол жердің басында баласы да, шағасы да. Тырмалап та жатыр. Ең кемі отыз десе жерге тұқым себеді-ау деймін. Сонда отыз деседен жүз елу пұттан астық алса, келесі жылы келіп мына сіздің қайын жұртыңызды да тілгілеп жүрмесін... — деп, Тентек қажыны қыжыртып қойды.
Тілін жиып көрмеген қажы тентектігіне басып:
— Ана сары сопақ ишан не бітіріп отыр. Құдайына сеніп отыр ма? — деді.
— Кім біледі?.. — деген екіұшты жауап қайтарды да Сартай, — Қажеке, мен ишанға жолығатын едім... асығыс едім... — деп, жылжып жүре берді.
6
Қабағын қарыс жауып, сабаудай ұзын кірпіктері көзін бүркеп, сырлы асатаяғына сүйенін, Құбаш ишан төрт терезелі қарағай үйінен шыға келгенде, күн ұясына еніп бара жатыр еді. Батқан күннің жоғарыдағы бұлтқа шашылған сары ала сәулесі кей кезде көңілді сергітпейді, ол шашырап атқан ертеңгі шапақтай емес, әлде осы бейуақ себеп болды ма, әйтеуір есік алдындағы орындық-тасқа отырған ишанның жүзі солғын еді. Ол төмен қарап көзін жұмды. Ойға шомғандай қимылсыз қалды. Не көп — ой көп. Ойға оралмайтын нәрсе аз. Ишанның көңіліне кешегі мен бүгінгі нәрселер тұс-тұсынан жамырап, көз алдына көре бастаған суреттер тізіле қалды. Алдымен, артельдің үбір-шүбір жиыны, әлденеге жанталаса ұмтылған ерекше қимылы, Бекей мен Асанның күбірлесіп әңгімелескені, кепкесін көзіне түсіре киіп, Темірдің ентелей басып аяңдағаны келді. Әлдекімнің ат жеккені елестеді. Сонсоң, қырға қарай шұбаған көліктің, адамның, сабанның, тырманың... атам заманнан бөтен ешкімнің қолы тимеген, аяғы баспаған құмақтың тілінген сауыры бұлдырады... Ишан селк етті, жүрегі тітіреп, денесі түршігіп кетті. Мезет, безгек жандай қалшылдап кеткенін өзі де байқамай қалды. Аздан кейін: «Астағыпыралла, алғаязы белла! Фани... Бәрі жалған! Бәрі өткінші! Бәрі алдамшы!..» — деп күбірледі.
Ол төмен қарап ұзақ отырды. Бір кез ой толқытқан жан-жүйесі қайтадан қалпына түскендей болды. Ишан енді басын жоғары көтеріп, жан-жағына көз тастады. Бәрі орнында, бәрі қаз қалпында. Кешкі әлем ішінен тынып тұрғандай. Садағы ендеп кеткен судың лықсып, жарға соққан дыбысы құлаққа шалынады. Алысырақтағы ызы-қиқы, көлді басына көтерген құс шуылы да ап-айқын. Рақат дүниесі!
Кенет кешкі сиырдың мөңіреп-аңырап, оны қарсылаған әйелдердің «ау-хауы», иттің үргені, балалардың шулағаны ишанның сабырлы қалпын тағы да бұзып кетті. Ол елегізе түсті. Мұның үстіне қара кемпірдің жалғыз сиырын айдап бара жатқаны көзіне ілікті де ойына тағы да артель, Темір, қосшы... құмақ... егіс... тізілді... Осының бәрі сүйреп келе жатқандай, кәдімгі алшақ мүйіз, әукесі жер сызған, көзі қып-қызыл көлбауыр бұқа денінен өте берді де «не істеп отырмын?» дегендей, мойынын жайлап бұрып тұра қалды. Тұра қалды да «зәре-құтыңды бір ұшырайын» дегендей жалма-жан ашалы темірдей тұяқтарымен кезек шеңгелдеп, топырақты Құбаш ишанның нақ алдына шашып-шашып жіберді. Ишан орнынан ұшып түрегелді. Бұқа көздің қызылын молайта түсіп, оның «ниетін аңдыды».
Ишан асатаяғын ала ұмтылды.
Бұқа күжірейе түсіп айбатын күшейтті.
Ишан еріксіз қысқан ыза мен наразылықтың тізгінін тежей алмай қалды: асатаяқ бұқаға белдемеден сарт етті! Ал, ашудың қолға аударған оқыс күші асаға түсті — сандалдай белдемеге кездесіп, таяқ ортан белінен үзіліп, шырқырап басы аспанға шығып кетті...
«Малғұн!» — деді ишан. Өзі шоқ етіп отыра кетті.
Асамен бірге бастан бақыт құсы да қосыла ұшқандай. Екі көзі сынған таяқтың қолда қалған тұқылында. Бақырайған күйі ес те жоқ, түс те жоқ. Ойда тек киелі таяқ. Оның санқилы қасиеттері. Көз алдында буалдыр суреттер... Елестер...
...Бұхардың қайнаған қазандай, асты-үстіне шығып жатқан ығы-жығы өмірі. Жәрмеңкедей қаласы. Көкке қол созған көк күмбезді қос мешіт. Айшықты найза мұнара. Қасындағы діни медіресенің төңірегіндегі сапырылысқан жандар. Инеліктей қатқан қатпа шәкірттер. Осылардың арасынан айлар, жылдар бойы бет-бедері қарсы алдынан кетпеген Сейт Ахмет әулие бөлініп шығып, өзгермеген пішінде, жетіп келгенге ұсады... Ұзын сақалы кеудесіне түскен күйі, мұртын таңқита қырған, ұзын жақты етсіздеу бетте баяғы үлкен мұрын, арық қоспақтың өркешіндей, оң жағына қисайып тұр... Түрі де өзгермеген. Тіпті үні де...
— Шырағым, Түбек елінен келдің... Хақ жол іздедің-ң... Сол мақсатыңа жеттің-ң... Міне, Куәлік Нәме. Міне, Ғаса! Ізгілер ұстаған Ғаса! Берік тұт-т!.. — дегенде, мұқамдап сөз аяғын қадаған үніне дейін мүлтіксіз естілгендей болып кетті...
...Содан кейін... Бұхарадан оқып шыққан, әулие қолын алған, ишандық дәрежеге ие болған, атақты Құбаш Халайық салған Мешітке Имам, Медіресеге Бас Ұстаз! Хұтбасы Құрандай Имам! Уағызы имандай ұйтқы! Үлкені бас иіп, кішісі тізе бүгіп сәлем берген Имам! Жер. Су. Бақ. Дәулет... Бәрі, Бәрі...
— Құбеке, Имам! — деді біреу арт жағынан.
Имам селк етті.
— Сартаймысың-ң?
— Иә, Имам. Нұрсұлтанға сәлеміңіз табыс етілді.
— Ім-м. Табыс-с...
Ишан сөзін аяқтамай асығыс түрде қаза қалған екіндісін өтемекке намазханасына кіріп кетті.
7
Желсіз, тымырсық жазғы түн. Жұрт тегіс ұйқыға кеткен шаң. Айнала тып-тыныш. Тек қана Аңқатының кемерлеген суы лықсып, жарға соққан дыбысы ғана есітіледі. Жағаны алыстан көмкеріп, жынысты, қапырық, қалың көк жыңғыл қарауытып қабағын түйе түскендей. Бейуақытта кенет үрген желмен қозғалып, басын сілкіп-сілкіп қалған қара бураның шудалы келбетіндей сұсты, адамның зәре-құтын қашырарлық. Жағаның бұл түкті қабағын бетке ұстап, ішінде қара ниетті әлдекім отырса да жан байқар емес.
Оқта-текте бүтін аймақты солқылдатып әупілдек күмпілдейді, оған жарлы жағаның әлдеқайдағы жары дем беріп, дүңкілін зорайта түседі.
Сол ит мұрыны өткісіз қара барақ, биіктігі ат жалын шаларлық ну жыңғылдың арасына, қораға шабатын қасқырдай, бір адам қас қарая жетіп бұққан-ды. Көкжал бөрінің соңына ерген серіктеріндей оның жанында да «атқосшылары» бар еді. Ежелден түн жамылған жандардың кәсібі белгілі: алып кету, айдап кету, ұрып кету...
Бастығы: қыр мұрын, қос танауы қусырыла түскен. Екі ұртында оймақтай еті жоқ дерлік жағы суалып қалған. Өзі еңгезердей. Өңі қара қоңыр. Көзі ұясына жасырынып тұрғандай...
Жағадан қыратқа қарай созылған тар түбекті жалғыз аяқ жол жарып жатыр. Ол жолдың ұшы биіктегі ауылға тірелген. Бұққандардың бастығы биікте тұрған биік үйдің терезесінен көзін алмай отыр еді... алыстағы шамның сөніп қалып, қайтадан жанғанын көзі шалып ол:
— Жігіттер, жиналыңдар! — деді тұншыққандау қоңыр үнмен.
Жігіттері күбір-күбір етті де, су сепкендей үнсіз қалды. Жым-жырт. Жалғыз-ақ Торытөбелдің тыпыршып, жер тарпығаны құлаққа шалынады. Еңкектеу келген ұзын иесі тыпыршыған аттың құлағын, көзін сипайды. Ат тынып, құлағын ғана қайшылайды. Иесі демін ішке тартса, ол да солай еткендей. Қояндай жалтарып, жықпыл жыраға соқпай, тақыммен бұрылып, таласа сілтейін деп тұрған сияқты.
Ұзын адамның аяғы үзеңгіге, етегі ерге тиер-тиместе Торытөбел жел үрлеген үкідей ұшты...
Шырт ұйқыда жатқан Темірдің денесін суық шымырлатқандай, тұла бойы түршігіп бара жатты. Ол бетін бір жыбырлатты да кеудесін қозғады. Үстін мың батпан қара тас басып жатқан сияқты жаншып, езіп, қозғалтпайды. Зіл дене олай-бұлай қозғаса да бір қырына аударылып түсуге ырық бермеді. Көңілі ояу, көзі жұмулы, бейне бір ың-жың жәрмеңкенің ортасынан шыға алмай жүрген сияқты. Тула бойы жиырылғанда бесіктей балтыр еті бұлтиып, бұлшықтары ойнап кетеді. Ұзақ булығып жатып, бір кез ол аяғын серпіп-серпіп жіберді. Көзін зорға ашты. Үйдің іші тастай түнек. Қараңғыда жан-жағына қармана түсіп, орнынан түрегелді. Аяғын баса бергенде құлағына әлдеқайдағы тасыр-тұсыр шапқан аттың дүрсілі естілді.
Оны оятып жіберген де осы дүрсіл-дүбір еді. Өңі екенін де, түсі екенін де әбден айыра алған жоқ, сонда да есікке қарай жүгірді. Шамамен жетіп екпінмен иықтап қалғанда, тас қылып сыртынан тіреп кеткен есік селк еткен де жоқ, қайта өзін кері серпіп итеріп қалғандай болды.
Бір бәленің болғанын Темір ешкім айтпай-ақ сезді. Оның көзіне түк нәрсе көрінбей өңі бозарып кетті. Денесі көйлегіне сыймай түксиген қалпы, безгек жандай, тісіне-тісі сақ-сақ ете қалды. Ол қошқарша кері шегініп, пәрменмен иықтай соққанда үйдің жары «солқ» етті. Жақтауымен бірге опырылып шалқасынан құлаған есіктен әрі етбеттей, екпінімен өзі де ұшып түсті.
Аздан кейін ол сүріне-жығыла, қарасы үзіліп кеткендердің алыстағы көмескі дыбысы шыққан жаққа қарай жүгірді. Бірақ, дүрсіл алыста екенін, бұл және оп-оңай жеткізе қоймайтын аттылы адамдар екенін Темір сәл кейін түсінді... Басқа ұрған балықтай тұра қалды. Сөйтті де кейін қарай ұшты. Аулаға кірді... Қолдағы өзі мініп жүрген Қарагер жоқ... Шылбырмен шандып байлаған қақпа ашық, шалқасынан жатыр... шылбыр шорт кесілген. Қасындағы Бекейдің ауласы да тап сондай... Торышолақ та қолды болған...
— Нұрсұлтан!.. Әттең, сенімен бір айқассам! — деді Темір тістеніп.
8
Шөккен нардай көлбеп жатқан жота-жота Көктау, асусыз асқар болмаса да, даланың жалпақ жазығында тау атағына ие. Оның да өзіне сай құз-қиялары, жықпыл-жыралары, қойнаулары, асулары, жылап аққан бұлақтары бар. Бетін күн, желкесін жел кемірген қотыр тастары айқара құшақтасып жатады. Таудың арқа беті тіп-тік қия. Құлама. Күңгейі — жайпақ еңку. Еңку төмендеп барып шұңқырлы ойпатқа айналып кетеді. Шығыс беті сілемденіп, құмақты, шағылды, көз жетпейтін жазыққа ұласып жатыр.
Көктаудың жықпыл-жықпылын сүзіп, бірнеше қыраттарынан асып, енді келесі дөңеске бет қойып жүріп келе жатқан он шақты адамның алдында Темір бар еді. Оның қабағы қату, жүзі түксие түскен, өзгеше ызғарлы. Тау мен дөңестің екі арасындағы үлкен ойпаттың іші жықпыл-жықпыл жыра, бірімен-бірі жалғасып жатқан қотанның аумағындай көп шұңқыр. Ішіне түссе адам адасарлық жынның ойнағы сияқты шытырман шұңқыр. Мың шұңқыр.
— Дәуде болсаң осының ішінде жатырсың ғой, — деді Темір ерні жыбырлап, айналаға көз жіберіп келе жатып.
Бұл болжал орынды да еді. Сол жылдары Ордадан Гурьевке дейін, Гурьевтен Оралға дейін өрлеп, кейін серпіп, Ойыл мен Қиылдан әрі Маңқыстау түбегіне баспаналап шарлап жүрген Ерғали мен Құныскерейдей болмаса да түн жамылып келіп ат алып, оңаша өрістен мал қуып кетуші ауыл арасының қарақшылары да мол болатын. Бұлардың барар жері мен басар тауы да жақын төңірек — күндіз ой-шұқырда бұғып, түнде торитыны ауыл маңы ғана...
Келе жатқандардың алды жылан қырқа. Темірдің есіл-дерті қырқаның арғы бауырына түсу. «Сөз жоқ осы қырқаның астындағы көп қуыстың бірінде!» — дейді ол ішінен. Тіпті оның көз алдына Нұрсұлтанның алпамсадай ажарсыз бет-сиқы елестеп те кетеді. «Әттең бір...» — деп, қырқаға жеткенше асығып, атын тебініп қалады.
Күн батуға таяу тұр. Таудың кәрі қабағы батар күннің қызыл шапағына шомып, қыртыс-тыртысы жазыла түскендей. Әскер алқымдап жылан қырқаға да таянды. Әскер деген аты ғана — небәрі он екі-ақ адам. Олар: Қызыл құмақтың Темірі, Асан және Қажи-Ахмет. Сонсоң аудандық милиция бөлімінің үш қызметкері, ГПУ-ден бір жігіт, қалғаны аудандық комсомол комитеті қосқан жастар-ды. Бәрі де қару-жарақты.
Ұзамай, жылан қырқаның басынан бір адам қараң ете түсіп, жоқ болды.
Жалма Темір де, басқалары да аттарын матай салып, бір жүлгені қуалай қырқаның үстіне қарай бет қойды. Құс ататын мергендерше бүкшеңдеп, тұс-тұсынан тырмысып, қырқаның жалына жармасты.
Кепкасын қалтасына тығып, наганын қолға жалаң ұстап, жұрттан бұрын Темір ілгері ентелей берді. Ол алдындағы қауып-қатерді елемеді. Бар ойы аттардың айналасында. Сатып көзін жоғалтып жіберсе не болмақ? Атсыз, көліксіз не істемек? Біреуді екі ете алмай жүргенде... Егін алтын шашақтанып қалған. Енді бір жұмада басын тегіс иерлік...
...Аяғының астындағы қос шұңқырдан мылтық «гүрс» етті. Кейінде қалған тау да оны жаңғырығымен қостағандай. Алдында жатқан қоңыр-қоңыр көк тасты бетіне ұстай Темір жата қалып еді, екінші атқан оң бұл теңкиген өлік тастың шекесін жалап «шың» еткізді, өзі әлдеқайда жоғары серіпкендей болды. Өзін көздегенін сезіп, Темір қара жерді қапсыра құшақтай алды. Біраз жатты. Мылтық дауысы да толастады.
Енді бұлардың кейінгілері қырқаға иек сүйей бергенде тарыста-тұрыс... Төңіректі көк түтін құшақтап, айнала тұманданып жүре берді. Бұққандар шұңқырдан, келгендер қырқа жиектен тәуекел атады. Келгендер қанша? Бұққандар нешеу? Екі жаққа да жұмбақ. Бұрқ еткен түтін мен тарс еткен мылтық даусын ғана санауға боларлық. Мұны да есепке алған жан жоқ. Бірнеше минуттан кейін мағынасыз атыс кілт үзілді. Аңдысу. Іштен тыну.
Аздан соң:
— Ал, атқылаңдар! — деп айқалады да, Темір түтін тұманы молайған кезде қырқаның басынан тастаған кесектей, төмендегі шұңқырға сүңгіп кетті. Алдында алмас құрулы тұрса да тоқтар емес...
Наганының құлағы қайырулы, сары ожаудың сабындай қос шұңқырмен жалғасып жатқан жалғыз аяқ жыра-жүлгемен жүгіріп келіп, Темір қарсы алдынан кездескен бір шоқ жусанның түбіне құлай кетті. Бұл қос шұңқырдың кіре беріс босағасы еді. Бұғып жатып дем алды. Жасырынған жауының қай жерде, қалай атып тұрғанын байқады.
Апан екеу, бірақ екі арасы кетік — бірімен-бірі жалғасып жатыр. Үлкендеуінің кеңдігі қой қорасындай, тереңдігі — кісі бойы бар. Шығар жер Темір жатқан жүлге сияқты. Кең шұңқырдың төрінен бұл екі ара едәуір жер — жиырма-отыз саржандай. Шоғыр жусанды паналаған Темір үйрек алар қаршығадай-ақ қомданып отыр. Шоқ жусаннан сығалап қарап, қай жерде қандай адам барын бақылайды. Кейіндегілерге «Тоқтата тұрыңдар!» деуге де шама келер емес. Үсті-үстіне атыс. Мылтық күрсіліне төбе тулап, тас жылап жатқандай. Еңбектеп жылжып, ол үлкен апанның нақ жиегіне жетті. Бұққан үстіне бұға түсті: не бәрі екі бұрышта екі-ақ адам, бейне бір қақпанға түскен сияқты, бұрыштан-бұрышқа бүктетіле жүгіріп, зыр қағып жүр. Бір бұрыштан атып қалып, екіншіге бүкшеңдейді...
— Ә, түсіндім қулығыңды! Сырттағылар: көп екен, айнала атып жатыр! — десіннің айласы. Қарай көр, — деп, ол ішінен күліп жіберді. — Тоқтай тұр, бәлем. Енді қайда құтылар екенсің! Керек болса: екеуіңе екі-ақ оқ! Бірақ, тірілей ұстау қажет.
Көз үйрене келе аралары аса жақын сияқтанды. Бөліп, көз таса етіп тұрған шымылдық — бір ғана қу шөке. «Осының өзі анық Нұрсұлтан ба?» деп қадала қарайды. Сол. Кәдімгі алпамсадай ажарсыз Нұрсұлтан. Бет-ауызы ап-айқын көрініп тұр: мұрны, иегі... Өндіршегі сорайып, көйлегінің жағасынан бір қарыс шыққан.
«Бұрын жұрт: Нұрсұлтан өмірінде саспайды деуші еді, бұл жолы не болған? Зыр қағып, жүгіріп жүр. Оқта-текте мен жаққа жалтақ-жұлтақ қарайды, сытылып шығар жерін көздегендей!» дейді Темір ерні жыбырлап.
Уақыт жылжып, айнала қара көлеңке тарта бастады.
Темір бұққан күйі, шөкеден сығалап, екеуінен көзін айырмайды. Шұңқырдың қақ ортасында қоқыр-соқыр болып үйілген киім-кешек. Кезек-кезек келіп содан екеуі оқ алады. Бар қаруы: қолдарындағы екі шолақ мылтық пен оқ алар жерде жатқан қылыш болуы керек. Қасындағысын Темір тани алмады, бұрын-соңды көрмеген адамы. Серігі кім болса ол болсын, оның аңдығаны тек қана Нұрсұлтан. Орнынан қозғалмайды, наганының құлағы қайырулы, қит етсе шап беруге дайын жатыр.
Бір кезде қасындағы шақпақ қара жігіт Темірге қарай жүгіріп келе жатты, бірақ мылтығы кезеулі емес, ауызы екінші жаққа бұрулы. Атып салмақ боп Темір наганының шаппасына қолын жылжытты. Сұқ қолы шаппаға барып та қалды. Кенет: «маған келе жатқан жоқ қой» деген ой кілт тоқтатып тастады. Ал, шақпақ қара мылтығын көлденең ұстаған күйі, шұңқырдың жиегіне жармасқан еді. Ол басын жоғары қылтитып, айнала үңілді. «Осы құрғыр айласын асырып атып жіберер» деп, Темір бұрын қимылдау үшін наганын дөптеп, қарақшы қарадан кірпік қақпай көзін айырмады. «Бұл не қарап тұр?» деп ол қарақшының үңілген жағына көз тастап еді — бір нәрсе қараң етіп қайта жоқ болды. Шақпақ қара солай қарай мылтықты бір басып қалды да, екінші қайтып оқ шығармады, бұрылып әрі жылжыды.
Шаппадан қолын кері тартып ол «Уф!» — деді. Жаны жаңа ғана жай тапқандай, аударылып шалқасынан жатты. Желкесімен жер сүзе, енді жауын төбесімен қарап, шалқалап аңдыды. Шірене түсті. Денесін жазды. Ұзақ уақыт етбеттеп жатып құрысқан бойын қалпына келтіргендей болды.
Қадау-қадау атыс ұзаққа созылды. Қараңғы түсе бастады. Темір енді аударылып, шынтақтап жатып аңдыды. Кейінгі адамдарының қай шұңқырда жатқанын ол анықтай алмады. Таудың түні тұнжыр түн ғой. Қалай атысты екен? Не анықтау керек, не алу керек сияқты. Жазғы қысқа таң атып қалуға да таяу. Бірте-бірте жұлдыздар сирей бастаған да сияқты.
Аздан кейін торғай шыр етті. Тау қойыны таң алдындағы ұйқыға кеткендей тып-тыныш. Темірдің көзі Нұрсұлтанның ербелеңдеген қимылында. Ол бір тұрып, бір отырады. Қасындағысы шұңқырдың жиегіне жабысып тұр. Үнсіз. Сәлден кейін Нұрсұлтан винтовкасын жерге бір ұрды да қасындағыға:
— Неше оғың қалды? — деді.
Анау сұқ қолын шошайтты. Темір ішінен: «Е-е» деді.
Екеуі жалма-жан жиналып киімдерін кие бастаған сияқты...
Қашуға айналғанын сезіп Темірдің жүрегі алып ұшып, беті дуылдап, еті шіміркеніп кетті. Екінші минутте оның тұла бойы күйіп бара жатқандай болды...
Екеуі шұңқырдың жылан қырқа жақ жиегінен басын қылтитып бір қарап алды да тура Темірге қарай жүгірді. Бұл нақ босағада тұрып тап беретін тарғыл мысықша жиырыла қалды, наганының аузын туралады...
«Екеуі болмас... Біреуін... Нұрсұлтанды...» — деген ой жалт еткендей болды. Және: — Жә бұлар... Жә мен...
Өлім аузын арандай ашып тұрғандай. Толғануға шақат жоқ. Сұқ қол наган шаппасына жабысып қалды. Мылтық даусы жерді солқ еткізгендей болды. Орнынан ұшып тұрып, түйдегі жазыла түскен көк түтіннің астынан Темір құлаған жолдасының беліндегі наганға жармасып жатқан Нұрсұлтанды көрді. Сол арада алас ұрған ой: «Нұрсұлтан — Құныскерейден қалыспайтын мергеннің бірі» деген жұрттың лақабын көлденеңдетті. Жан ұшырғандай ол қарғып барып, басын көтере берген Нұрсұлтанды құлаштап соғып сарт еткізді, жұдырық шекеден тиді. Екінші рет соққанда ол етбеттеп қалды да Темір басына қона түсті. Қорылдағандай бір дыбыс беріп жатқан шақпақ қараның наганына жармасқан Нұрсұлтан қолы қарусыз бос көрінді. Бос қалған қолмен жер тіреп ол үстіндегі Темірді бөрік құрлы көрместен көтере түрегелді. Екеуі шап берісті. Неге екені белгісіз, қолы тиген сәтте ол жас жігітті аспандата көтеріп, ұршықша үйіріп ала жөнелді. Көтеріп жерге ұрар әдіске қарсы амал үйіргенде, тақымын тас қылып жиырып алды да, анау енді тастай бергенде Темір жазып қалған аяғымен жерге дік етті. Құламады да, қолын да жазбады. Ол жалма-жан «Ап!» деп, көре көзге алқынып қалған Нұрсұлтанның белінен қапсыра құшақтап, «ендігі кезек менікі» деген адамша үйіре бастады. Бірақ, қарақшының ирелеңдеген ұзын тірсектері жерден көтерілмей, аяғының ұшы тырманың тісіндей жерді ыдырып, айналасы бір жарым саржандай шеңбер сызып тастады. Темір екшеп-екшеп алып көтере берді және басы айналғанша үйіре берді. Сонсоң бөксесі бұлаңдап жоғарылай бергенде қарсы үйіріп шалқасынан жерге тарс ұрды. Дұшпан сұлық қалды. Сәл ентігін басып, есін жинаған Темір арт жаққа қарап:
— Асан! — деп айқай салды.
Бұл ертеңгі дауыс екі есе үдеп шығып, сол маңдағы төбе-төбені қуалай, тас біткенді жаңғырықтырып өтті.
Жер астынан шыға келгендей шұңқырға қарғып түскен Асан:
— Ант ұрғандардың екеуін де сылқитып салғансың ба? — деді.
Ол ойында ештеме жоқ, сұлап жатқан екі адамға кезек қарап басын шайқады, асықпастан шақшасын суырды.
— Асеке, тойға келдің бе, соншама! — деп, Темір оның жайбасарлығына ренжіп: — Тез! Тез! Мә белбеу! Байлаңыз ананың қолын! — деді.
— Е, байламағанда! Қазір. Мына ұйқы ашарды иіскеп алайын...
Асан мен Темір Нұрсұлтанның екі қолын тас байлап бола бергенде, жылан қырқаның астынан аңдып атқылаған кейіндегілері де келіп қалып еді.
Қаруларын алып, үсті-басын мұқияттап тінткен жігіттер Нұрсұлтанның қалтасынан алақандай ақ қағаз тапты. Онда: «Бұл діннен безгендерге не істесең де күнә емес — дейді Құбекен. Жарықтық, Ишан біледі ғой...» Қысқа сөз. Арапша жазылған. Қол да жоқ, таңба да жоқ. Біріне-бірі қараған жігіттерге:
— Бәрі белгілі ғой, — деді бастап жүрген аудан қызметкері.
Басқалары бас изесті.
Екі қолы байлаулы Нұрсұлтанды жетектеп, Асан ыңырсып «Әлеуләйіна» салып келеді.
Ендігі бұлардың маңдай алды: «Кәміл сонда!» деген, көп шұңқырдың әрегіректегісі. Ол шұңқыр бес-алты ат түгіл, бір үйір жылқыны да көзден таса етерлік. Мұны Асан жақсы біледі.
1933 жыл.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter