Әңгімелер ✍️
Дауыстың иесі
Міне, міне, орайы келіп, енді екі-үш күннен соң жаңа фильмнің түсіру алаңынан табылуға тиісті Әскербектің әлденеден түңілгендей, сіркесі су көтермей кірпігі әрең-әрең қимылдап, түс ауғанша керіліп-созылып жатқан түрі мынау. О-хо-оу, мұндай босбелбеулікті кім көріпті. Таңдай қақтыратын құбылыс қой мұнысы! Есік алдындағы ескілеу мәшенесін өкпеге бір теуіп, Күнсұлуды жұмыс орнына жеткізіп салысымен жолай балабақшаға соғып, қызы Ақмаралды айналып-толғанып, жаны тырнақ ұшына тірелсе де ол шыдамсыздығын сездірмей, өзін барынша байыпты ұстап, кешкілік кешікпей әкетуге және уәде беріп, содан әкемтеатрға жеткенше көше кептелістеріне ұрынбау үшін қуыс-қалтарыспен жанұшыра жүйткитін ол Әскербек пен мына Әскербекті салыстырып көріңіз! Ол Әскербектің тірлігі онымен де түгесілмейтін. Ең басты шаруасы, әрине әкемтеатр. Өнер институтын бітіре салысымен киелі шаңырақтың құтты табалдырығынан жүрексіне аттағаны болмаса, берер жылдың бедерінде осы зәулім ғимараттың «отымен кіріп, күлімен шыққан» аға-апаларының жылы қабақтарының арқасында ма, әлде өзінің қолды-аяққа тұрмайтын пысықтығынан ба, әйтеуір орта буын актерлердің тобына қосылды да кетті. Режиссерлер күрделі рөлдерді де сеніп тапсырды. Әскербек те әлінің келгенінше аянып қалған жоқ. Аянып қалмағаны — сахнаға шыққан сайын өзіне дейінгі корифейлерді іші-бауыры елжіреп, қаншалықты мойындағанымен бәрібір орайын тауып, сол «психологиялық қайшылықтар мен жан алып, жан беріскен арпалыстар» арасынан ешкімге ұқсамайтын өз «менін» де көрсетіп бағуға тырысты. Жанталатасты десеңіз де мейліңіз. Оу, көкірегі ояу көрермен сәл анайылау айтқанда, ін аузынан тышқан аулаған мысық қой. Жұртқа қайдам, осы теңеу өзіне ұнайды. Жылт еткен жаңалығыңды бірден аңғара қояды. Фойеден түсіп келе жатып, сен туралы әңгімелеседі, бара-бара әлгі жылт еткен жаңалығың, ізденісің «жаңа Жантөриндер мен жаңа Смоктуновскийлердің аяқ алысын байқаған боларсыз?» дейтін лепті сөйлеммен аяқталады.
Әскербекті Әскербек қып елге таныстырған сөз жоқ — театр. Сондықтан жұмысы болсын болмасын, ертеңгілік театрдың ап-ауыр емен есігін ашып, басшыларға бір көріну міндеті. Сахнаға дайындық түстен кейін басталады. Кейде даталы күндерге байланысты жиналыстар өтіп жатады, мейлі кәсіподақтың жиналысы болса да, Әскербек ерінбей-жалықпай бір төбе көрсетіп кетеді. Шығармашылық ортада елде жоқ еркіндік қалыптасқан. Актер де гүл қауызынан нәр жинайтын бал арасы тәрізді ғой тәйірі! Бұл теңеуді де өзі ойлап тапқан. Соған орай көшеде, жиын-тойларда әлдекім бұрын-соңды естімеген тосын ой, тосын пікір айтып қалмас па екен деп елеңдеп, үнемі құлағын тосып жүреді. Әзіл-қалжың, анекдоттарды да ерінбей-жалықпай тыңдайды. Турасына көшкенде жиналыс құмарлығы шамалы, оны сондай ортаға еріксіз сүйрелейтін әлгі құштарлық.
Әлдеқашан еңбек демалысына шықса да, театр төңірегінен қол үзбей жүрген екі-үш ақсақалға сәлем берсе де, үстінен ауыр жүк түскендей жеңілденіп қалады. Ол кісілердің бүгінде бірі-күзетші, бірі-аула сыпырушы, бірі тағы бірдеме. Әскербектің етітірілігіне, еңбекқорлығына кәдімгідей қызығады. Жастық күндерін естеріне түсіреді. О заманды ет-бауырлары елжіреп соншалық сағынбаса да, бірақ оның да азды-көпті қызық-шыжығы болғандығын жасырмайды. Алтындай уақыттарының текке рәсуа боп, жел сөз — өтірік мақтаудың, өтірік қолпаштаудың желкенсіз қайығына мініп, ашық теңіз үстіндегі адуын толқынның қақпақылына түсіп, сергелдеңге ұшырағандарына да бармақ тістеп өкінеді. Қазіргі жағдай мүлдем басқаша, қоғамның бет-алыс бағдары өзгеше. Әр күн, әр сағат қатаң бақылауда. Сана, адамның ақыл-ойы атойлап алдыңғы планға көтерілген. Уақыттың дегеніне көніп, соның ығына жығылып, «көрер жарығыңды, берер ырысыңды ортайта көрме» деп аспанға алақан жайып, құрғақ қиялға беріліп, «бұтына толып, ісіп-кеуіп» жүрген бір жан жоқ. Бәлкім, ондайлар да аракідік кездесер, бірақ көп емес. Дені мына Әскербек секілділер, бұлар келе жатқанның кетпенін, бара жатқанның балтасын беліне қыстыра кетіп, ешкімге тәуелді болмай, ешкімге жалтақтамай, керек десеңіз, күллі уақыты да өз мүддесіне жарата білетін, тоқ етерін шиырғанда, «шығынсыз, таза пайдамен өмір сүруге дағдыланған осы күнгі «жаңа қазақтар».
Ой, шіркін-ай, әлгі ақсақалдардың көкірек кілтін тауып армансыз сырласса, тыңдайтын құлақ табылса — олар әлі де ашылмаған алтын сандық қой. Өстіп, ешкімге кесірін тигізбей, «бала, қалайсыңды?» кәдімгі қамқор көңілмен айтып, араларында томпаңдап қашанғы жүрер дейсің... Деуін десе де арыға тереңдеп бара алмайды. Үйіне шақырып, иықтарына бір-бір шапан жауып, Күнсұлудың жылы жұмсағын алдарына тосып, құрметтеп қонақ еткісі-ақ келеді. Үлкендердің батасын алса да несі кетеді.
Әне, бұл неткен жанталас?! Басшылардан жеңіл-желпі тапсырмалар алып шыққан Әскербек театрға кірген-шыққанды бақылап, гример кабинеттерінің кілтін қабылдап, әлдекімдерге «дұрыс жүрсеңдерші түгелер!» деп өз баласындай ақыл айтып жататын Үргенішбай ақсақалмен де жөндеп амандаса алмайды. «Ассалаумаәлеукүм!», «Әлейкүмсаламмен» аяқталады барлығы. Әскербек өзі білім алған институттың төменгі курс студенттеріне айына екі-үш мәрте шеберлік-сыныбын өткізеді. Одан қолы сәл босаса ешқайда бұрылмастан Қазақ радиосына тартады. Ақын-жазушылардың әдеби шығармаларын нәшіне келтіріп, айыз қандырып оқуға келгенде Әскербектің алдына түсетіндер сирек. Айтқандай, қаланың шет жағына қоныстанған орта мектептің жоғары сынып оқушыларына қобыздан сабақ беретіні тағы бар...
Сөйтіп ұзақтыкүн анда шапқылап, мұнда шапқылап, кештің қалай батқандығын байқамай, балабақшадағы жұрттың соңында қалатын қызынан «сөгіс» алып, оның өкпесін жазуға да біршама уақытын шығындап, шала бүлініп жүретін Әскербектің оу, мына жатысына жөн болсын! Бұл жатысы қай жатыс?!
ХХХ
Сүйретіліп балконға шықты. Үлкен шаһар екі-үш тәуліктің ішінде өзгеріп кеткендей, төңірігіне тіктеліп қарады. Алтыншы қабаттан төменге назар салғаны сол еді, коммерсант көршісінің мәшинеден әлдебір қораптарды асығыс түсіріп, әлдекімдерге асығыс пәрмен бергендігін аңғарып қалды. Абзалы көрінбеген. Ескі әдет бойынша «амансыңдар ма?» дегенді қол көтерісіп аңғартатыны еске түсті де, ілкіде кейін шегінді. «Әскербек, қалайсың?», «Жақсы, бәрі жақсы». «Ал үлкен экрандағы бейнеңді қашан көреміз?» — Осы ма естиін дегені. Бұрын әлгі сұраулы сөйлем бір есептен Әскербектің өнер жолындағы оң сапарына сенім, екінші жағынан адамды, әсіресе актерді үлкен жауапкершілікке жігерлендіретін, қамшылай түсетін сын тезі секілді естілетін. «Асықпаңыз, көрші, бәрі рет-ретімен. Өнердегі асығыстық — өзіңе жау. Бұйырса жылдың соңына таман бір қараға тұяқ іліктіріп қалармыз. Алдымен кинотеатрға өзіңізді шақырамын. Тұсаукесердің құрметті қонағы боласыз. Артынан банкет...»
«Сол банкеттің нүктесін бұйырса біздің үйде түйіндерміз!»
Әдемі ниет. Және ауызға салғаннан еріп жүре беретін қант қиығындай тәттілігін айтсаңшы! Жә, бұл бергі жағы ғой. Әскербектің кастингтен сүрінбей өтіп, тарихи кинодрамаға түскелі жатқаны күллі театр қауымына белгілі болған. Мейлі, басты рөлді оң жанбасына ақы-пұлсыз кім өңгере қояды, қосымша, жанама рөл болса да шүкіршілік. Кино мен театр сахнасын қатар алып жүру үшін де өзін-өзі азапқа салып, шүмектеп терлеуге тиіс екендігін жақсы біледі. Әскербек өнер жолындағы азаптан қашпайды. Оңай олжадан сақтасын. Ел аузына ілігіп, көзге түсудің де қиямет-қайым қиыншылығы жетерлік. Алдымен тырбыңдап, өмір көрген, азды-көпті тәжірибе жинақтаған болмыс-бітімің, білім-білігіңнің көмегімен белгілі бір биікке көтерілесің. Жұрт жапатармағай дүрлігіп, дуылдатып қол соғады. Ондайда сенің кейбір рөлдегі шалағайлығың, жеріне жеткізе алмаған әлсіздігің де ескеріле бермейді көп. Қызуы бет шарпитын көрерменнің ықылас-пейілі де бұрқ-сарқ қайнаған қазан секілді ғой бейнебір! Бәрі, баршасы жиналып келеді де бір рөлді жан-тәніңмен ойнап, мың-сан жүректі дір еткізген жалқы сәтің — үлкен өнер жолындағы алтын көпірге айналып шыға келеді сонан соң. Маңдайыңа шаң тимейді. Осы тұста: "мынау қайтеді-ей, баса көктеп қайда барады-ей!" дейтін қызғаныштың қызыл иті де әлгі тілеулестеріңнің ортасына қосыла кетіп, бірақ жымын білдірместен «бір орайы келгенде оңбай сүріндірермін» дейтін бақай есеппен азуын көрсетіп-ақ үлгереді. Байқамайсың, мүмкін байқасаң да бірге жүрген әріптестің қолынан ондай арамдық қайдан келсін дейтін кеңпейіл, ары кеткенде етек-жеңі жиналмайтын қазақилық оған бас ауыртуға мұрша бермейді.
Оу, бұл неткен түбі көрінбейтін зілмауыр ой-тұман?! Көңілденгісі-ақ келеді, өзгелер секілді кәкір-шүкірді жұмыр басына тықыштамай, желіден босанып кеткен арғымақтай еркіндікке шыққан бойда, құйрық-жалын дала желіне сүйгізіп, армансыз шарықтағысы-ақ келеді. Болған ондай дәурендер. Өнерге үш қайнаса сорпасы қосылмайтын ескі көзкөргендермен серуендеп, сыра ішіп, артын коньякпен тұздықтап, түннің бір уағына дейін бір-екі күн шалықтаған. Пах! Ал содан шыққан мүйізі қайсы? Екі иіні түсіп, екі көзі ілеленіп, шаршағандығы ұмытылар ғой біртіндеп. «Өнер адамына мұндай шалықтау да қажет, мұның аты — шаңнан сілкіну» деп қанша жерден өзін ақтағысы келсе де, Күнсұлу жылы қабақ танытпады. Тәрелкедегі суыған асты «тойып келген боларсың» деп алдына немкеттілеу ысыра салады да, қызын құшағына қысып, арғы бөлмеге кіреді де кетеді. Ақмаралының : «менен қайран шамалы» дегендей ұп-ұзын кірпіктерін үсті-үстіне қағып, соңына жалтақ-жалтақ қарап, әкесіне аяшылық білдірген түрін кісі ұмыта алар ма?!
Кейін мұндай «азаттықтың» жеке басына көк тиын пайда әкелмейтіндігі былай тұрсын, шығармашылығына күллі зиян екендігін сезді де, кілт тоқтады. Сірә, дер кезінде «тормыз» берді. Ал кешегі Әскербекке мүлдем ұқсамайтын бүгінгі Әскербек «бұл келеңсіздіктен кішкене бой тасалаймын ғой, бәрін ұмытамын ғой, мына жарықтықтар бәрін ұмыттырады ғой» деп сыйлы қонақтарға дәм таттыру үшін сатып алынған өте қымбат коньяктар мен бискилердің жылтыраған бөтелкелерін айналы буфеттен бір-бірлеп сурып алғанымен, тығынын ашуға батылы жетпей, батылынан бұрын «қарғам-ау, бұлармен серік болғандардың қайсының жұлдызы жанып еді?!» дейтін гүрзімен ми шайқалтқандай қатал үкім екі қолын көтертпей, тұла бойын дірілетіп ала жөнелді. Аш өзекке түскен удың әсерімен құдай берген бар талантынан жұрдай айырылып, жер сипап қалғандар аз ба? Жә, жұртқа белгілі бұл «тарихтың» бетін тырналасаң ар жағынан таныс, бейтаныс бейнелер кесе-көлденеңдеп, бірімен-бірі иық түйістіріп, бірде біреулері тылсым құпиясымен қол бұлғап жандарына шақырғандай; бірде екіншілері «жолама, біздің жанымыздан саған орын жоқ, бізден үлгі алатындай өнеге және жоқ» деп қатулы қабағымен асқан жанашырлық танытқандай, жан түршігерлік айқайға басып, тұс-тұстан андыздап шыға келеді.
Әскербек әлгі «бас жазарларды» айналы буфетке қайта тығып, енді сәл кешіксе көзге көрінбейтін бір сиқыр құрдымына жұтып жіберетіндей, балконға атып шыққан-ды. Сөйтсе... мұның басы қататындай, дүниенің өзгеріп кеткені шамалы екен. Үлкен қаланың қою түтін тұмшалаған көңіл-күйі бәз-баяғысы; сол аспан, сол азан-қазан тіршілік, көше толы кептеліс. Әлденеден құр қалғандай арлы-берлі асыққан дамдар. Қайда барады, қайдан келеді? Тірі пенде тіс жармайды. Оның саған да қажеті шамалы. Әйтеуір, жер басып жүргендердің қатары сиремесе екен... Кенет Әскербектің жүзінен шуақ төгіліп, жадырап сала бергені. Ерніне тигізген бір тал шылымды да умаждап-умаждап күл салғышқа атып ұрды. Өзі, жалғыз өзі не шешеді. Әскербектің өнердегі жанашырлары да, қатал сыншылары да мына көше бойымен ары-бері ағылған адамдар. Театр табалдырығынан аттаған сәттен олар көрермен кейпіне айналады. Көрермен — алтын тақтағы айбарлы патша. Сен оның ой-пікірін сатып ала алмайсың. Көңіл жықпастықпен айтыла салатын «алдыраз болсынды» әркім-ақ айта салады.
Ал Әскербекке керегі ол емес, көрерменнің де көрермені бар, шыбын жаныңды көзіңе көрсетіп, арқаңа аяусыз мың-миллион дүре соққандай қабырғаңды сөгетін әділ сын айтатыдардың қатары сирексіп кеткен бе деп содан үрейленеді кейде. Қазір күллі әлемді ішінде іліп алар бір дәнегі жоқ, өңшең желбуаз сөздер көтеріп тұр. Қай жағыңа қарасаң да көретінің оты жоқ өлеусіреген мүскін жанарлар, гүмпілдеген мақтаулар. Жұмыр басты пенде байғұстың да «мен керемет екенмін ғой, сірә, өз-өзімді танымай жүрген болармын» деп соның ығына иіле салуға дайын тұратыны несі екен, а?! Бөйте берсе мына қоғам қайда барады?! Қайда барсын — ашық теңіз үстіндегі ескексіз қайықтай қақпақылдаған адуын толқын тепкісіне шыдамай, әрі-сәрі күй кешеді де, күндердің күнінде оқыс жартасқа соғылып, ортасынан қақ бөлінеді. Саған керегі осы ма?!
Е, соны айтам-ау, мұны кинодрамаға түсіргісі келмеген шақар режиссердің қатаң талабы да Әскербекке көрсетілген жанашырлықтың бір белгісі шығар. Жартасқа соғылатын жерден құтқарып қалды. Алқынба, аспа-саспа, өнер жолындағы абырой-беделді өтірік, жәдігөй, жиіркенішті ұғыммен шатастырма! Және кіді, кірпияз өнер әлемінде ұсақ-түйек болмайтындығын естен шығарма! Ал Әскербек не істеді десеңші! Режиссердің бір ескертпесін дұрыс қорыта алмай, бұлқан-талқан ашуланған. Бітіп тұған шаруаның әдейі шырқын бұзды деп, мән-жайға тереңдеп бара алмаған. Бір жақты түсінді, пенделіктің тар шеңберінен аса алмады. Менің орныма бір танысын ойнатпақшы ғой, мені сөйтіп бір сүріндірмекші ғой, Әскербек секілді оңды-солын аңғаратын әрі сахнада ысылған актерді жұрттың көзінше түсіру алаңынан шеттетсе басқаларға сабақ, сен түгілі әкемтеатрдың ортаң қолдай актерін де қуып жібергем дейтін айбар таптырмайтын көздір. Оңтайынан келген олжа. Кинода Әскербек оғыз заманындағы бақсының рөлін ойнамақшы-тын. Жарты жыл бойы рөлдің ішіне кірген. Қобыз шанағын бауырына қысып, түннің бір уағында балбырап ұйқыға кететіндігін былайғы жұрт қайдан білсін. Сол дәуірдегі бақсыларға тән іс-әркеттерді ескі кітаптардан тіртінектеп оқығанын, рөлге толықтай дайын екендігін енді кімге дәлелдейді. Режиссерге ә дегеннен Әділбектің шаң қобызы ұнамады. Қызыл қайыңнан ойып жасалған жып-жылтыр прима қобыздың дыбыс ырғағына мән берместен, бірден қарсылық танытты. «Үстіңде алба-жұлба киім, ал қолыңда прима қобыз. Жоқ, мұнымен оғыз заманының шындығын аша алмайсыз! Сіңірі шыққан, ішектері үзілгелі тұрған, шанағы күнге күйіп қақыраған, бір сөзбен айтқанда, ескі қобыздың жұрнағын табыңыз. Және табуға тиістісіз, онсыз маған өкпелемеңізді» нығарлап, шегелеп айтты. Оу, ағайын-ау, осындайда талап-тілек бола ма?! Қақыраған қыл қобызды қайдан табады? Қорқыттың қобызы, оның қайда қалғандығын кім біледі? Жергілікті музейлерге сұрау салған. Олардан жарытып жауап ала алмады. Жоғарғы сынып оқушыларына қобыздан дәріс беретін Әскербек өнер үшін несін аяйды, прима қобызын «құрбандыққа шалып», «оғыз заманының жәдігеріндей сүргілеп, жамап-жасқап, ескі дүниеге айналдырып» жіберсе мәселе бірден шешілмей ме?! Режиссер бұл амалына да құлақ қоймады. «Жасандылықты жаным сүймейді" болды бар айтқаны. Ал мұнан соң жүйкені жұқартпай көр, жынданбай көр! Тарихи драмаға түскелі жатқаны күні бұрын елге жайылған. Жә, бәрінен бұрын сүйікті жары Күнсұлу не ойлайды. Күйеуі туралы оның пайым-түсінігі тіпті өзгеше. Коммерсант көршісінің келіншегі екеуі тұсаукесерге киетін көйлектерін де тіктіріп қойған. Мұндай да қызық болады, ә?!
ХХХ
— Неге көңілсізсің? - деді Үргенішбай вахтер Әскербекті театрға кірер жерде жолай тоқтатып.
— Жәй.
— Жоқ, жәй емес. Сен кешегі Әскербекке мүлдем ұқсамайсың. Келінмен ұрысып қалғаннан саумысың?
— Жоқ - ә, келіннің тілін табамыз ғой бір адамдай.
— Жөн-ақ, енді не, сүзектен тұрғандай көзің кіртиіп. Мейлі, айтпасаң айтпа, сендердің семьялық жағдайларыңда не шатағым бар, дұрыс жүрсе деген тілек қой біздікі.
Әскербек сәл бөгелді. Үргенішбай ақсақалдың кісі айнала алмайтын қуықтай күзет бөлмесіне кіріп, кіршеңдеу кеседегі суып қалған шайды бал ұрттағандай екі-үш мәрте ашқарақтана жұтты.
— Сізден жасыратын не бар... «Осылай да осылай», — Әскербек болған жайды бүкпесіз баяндады. — Оғыз заманындағы шаң қобызды қайдан табамын?
— Сен былай істе, — деді ақсақал ақ кірпік көлеңкелеген солғын жанарын Әскербектің жүзіне бұрып, — Сен былай істе... репетициядан соң үйіңе тұра жүгірме, аялда, бір амалын қарастырайық. Ұмытпасам, театр жертөлесінде ескі-құсқылар сақталған қойма бар. Оған тірі жан бас сұқпағалы жиырма-отыз жыл болған шығар. Оның кілтін сұраған да адам жоқ. Кілт менде, үйде... немереме звандап, осында алдырайын. Сонда... ұмытпасам ескі қоймада... түкпірдегі ағаш сандықтың ішінде арса-арсасы шықан бір шаң қобыз жатушы еді. Сенің іздер жүргенің сол болар. Оның ішегі бар ма, жоқ па, дауысы шыға ма, шықпай ма... оған жауап бере алмаймын. Менікі... егер біреу-міреудің көзіне түсіп, қолды боп кетпесе... саған жәрдемдесу...
Үргенішбай ақсақал айтпақшы, «арса-арсасы шыққан» шаң қобызды көргенде режиссері түспегірдің әйелі ұл тапқандай қуанғаны: — Ал сіз ондай қобызды қайдан табамын деп қара аспанды қапылтасыз. Іздемейсіздер, іздегілеріңіз келмейді. Барға шүкіршілік барлығыңыздыкі. Міне, оғыз заманындағы бақсының рөлі шынайылығымен жарқ ете қалады деп үміттенемін. Біздің түбімізге жетіп жүрген кесел — жасандылық.
Әскербекке мұндай төтенше жұмыстардың қажеті шамалы еді. Шаң қобыздың қыл ішегін қалпына келтіру де бір азап. Жарылған шанақты желімдеп, бұзау терісімен қаптамаса, дұрыстап дыбыс шығармас. Алдымен ыстық суға салып, қырық жылғы шаң-тозаңнан тазартты. Сәбиді құндақтағандай қобызды ақ матаға орап, жер үйде тұратын бір ағайынының орама пешінің қуысына тығып, әбден кептірді. Әрине, осының бәрі шебердің қолынан өтсе арман не. Скрипка шеберханасынағылар ат-тондарын ала қашты. Әскербектің қобызға деген ала-бөле құштарлығы мен жанашырлығын сезді де «осы пәледен аулақ жүргеніміз абзал» дегендей, бағасы туралы ауыз ашпастан, кері бұрылды.
Түн жарымында тұра салып, қу ағаштың көмейінен күй төгілетіндей, сұқ саусағымен шіреген шанақты шертіп-шертіп жіберіп, құлағына тосатындығын қайтерсің. Бұл қыл қобыздың қашан дүниеге келгендігін және қандай шебердің қолынан шыққандығын бір құдай біледі. Қобыз сағағында сан саусақтың ізі бар. Әбден ақ жемі шығып ескірген. Жылқының қылынан есілген ішекті әке-көкелеп жүріп, қала сыртындағы фермер жігітің қорасынан әзер тапты. Тиегін арнаулы ағаш цехына барып, тапсырыспен жасатты. «Арса-арсасы шыққан» қыл қобызға біртіндеп жан ене бастағандығын да ішкі түйсікпен риясыз сенеді. Бақсының қобызы дайын, үйкеліс арқылы дыбысы шықса болғаны. Қалған шаруа Әскербектің мойнында, рөлін барын салып ойнап шығарына күмән келтірмейді. Екінші жағынан, көзі шатынаған режиссердің аузына да құм құйсам деп арманданды. «Дүниенің бар тетігі тек соның ғана қолында тұрғандай, ол болмаса аспан мен жер төңкеріліп кететіней шіренгенін айтам да!» Әскербек те шарт сынатын тұста өз-өзін әзер тежеген. Иілген. Ұлы мәртебелі Өнер үшін деген соң тістесіп, үн шығара алмады. Сол көнбістігі мен шыдамдылығы мұның пайдасына шешіліп келе жатыр біртіндеп. Қобыздың ылғалды шанағы даңғырлап кепсе, түсіру алаңынан бір-ақ табылады. Режиссердің жүзіне де шырай жүгірер; талабын орындатқан табандылығына мазаттана ма, әлде Әскербек секілді бірбеткей актерді «жуасытқанына» рақаттана ма, әйтеуір жүрген жүрісінен бір нәрсеге риза болғандық рай байқатар.
Аялы алақанымен сылап-сипап, ара-тұра құшағына қысып, ескілікті түсінік бойынша қобыздың иесі де, киесі де мұнан былай өзі екендігін дәлелдегісі келіп, тілге оралған сүрелерді ішінен қайталап, ал кеп, сымдай тартылған қыл ішекке саусақ ұшын тигізе бергені сол ... О, жаратқан, тағы қандай жол-жоралғыны ұмытты?!... Тағы сол, екінші мәрте... саусақ тигізбестен ішек үзіледі де кетеді. Ішектің бұрауы келіскен-ді. Шанаққа тақпас бұрын күш салып, тартқылап көрген. Ойпыр-ай, осындайда тым тақуалық жолға түспесе де, кімнің алдында кінәлімін, кімге қиянат жасап едім дейтін сұрақтардың тура кеңірдектен алатыны-ай! Оу, әйтпесе не көрінді? Былайғы кезде шиыршық атып, тіспен тартқыласаң да анау-мынауға үзіле қоймайтын қыл ішектің саусақ тигізбейтіні қалай?! Бырт, бырт... Тілін калимаға келтіріп, бойдағы діріл атаулыдан айығып, Қорқыт бабасының аруағына сыйынуды да естен шығармай, үшінші мәрте ниеттенген... Масқара, адам сенбейтін құбылыс қой мұнысы?! Дың-дың... құлағы шалған алғашқы дыбыс осы ғана. Қыл ішек алмастың жүзі тигендей шоршып, бырт ете қалады. Жамап-жасқаудан да шаршаған, шаршағанынан бұрын Әскербек алтын уақытының текке шашылғанын іші ашиды! Өнер институтындағы шеберлік сабағын бір танысына табыстаған. Орта мектептегі қобыз сыныбы қалды жайына. Міне, намазға жығылған молдадай құбылаға жүзін бұрып, «арса-арсасы шыққан» қыл қобызды алдына өңгерген күйі әлденелерді күбірлеп, өзімен-өзі әлдебір қиял әлеміне «кіріп» кеткен түрі мынау! Кейде «көрген-баққаным осы ма, атамнан әрмен!» деп, мейлі Қорқыт заманынан келе жатқан киелі жәдігер болса да, тізеге бір басып, қақ бөлінген шанақты балконнан лақтырып жібергісі-ақ келеді. «Мұнан басқа да тірлігім жетеді бір басыма».
Театрдағы кезекті спектакль Әскербек ескі қобызды қолға үйретіп алсыншы деп қарап тұра ма?! Театрға барар, қайтар жолда да әлгі оқиғалар есінен екі елі шыға қоймайды. Біреулер айтса сенбес еді, құрдастары айтса күлкі қылар еді, Әскербектің көз алдында өтіп жатқан әлгі құбылыстарға таң қалмай көріңіз! Енді не істемек, қобыз табылды, қайта жөнделді. Бірақ қобыздың көмейіне қорғасын құйғандай үні шықпайды. Ертең көрде тұр, «қайда жоғалып кеттіңіз?» деп көзі шатынаған режиссер дікектер тірі тұрса. Әлде тарихи драмадағы жанама рөлінен бас тартып, үлкен сенім білдірген режиссерге де рақмет айтып, өзіне таныс ескі сүрлеуді шиырлай түскені жөн бе екен, а?! Киноға түспесе де өлмес!
Екі кештің арасында Үргенішбай қарияның құрқұлтайдың ұясындай үйшігінен қайта табылды.
— Не?
— Не болсын, қобыздан дыбыс шықпайды, дыбыстан бұрын ішегі үзіле береді. Шертіп қалсаң бітті, шиыршық атқан қыл ішек үзіліп түседі. Мұнда адам түсінбейтін не құпия бар? Айла-амалым түгесілді.
— Ай, өзім де солай болар-ау деп топшылағам. — Ақсақал кіршеңдеу кеседегі қанжылым қара шайды басына бір-ақ көтеріп, жасаураған жанарымен Әскербектің жүзіне жақынырақ үңілді: — Бәрі түс-ін-ік-ті, бұдан әрі өзіңді де, қобызды да қинама. Қобыздың иесі бар әм киесі бар.
— Қиял-ғажайып ертегі айтуға шеберсіз-ау, ағасы?!
— Қыңырайма, айтқан тілді ал, бұл — түбі сенің басыңа қонған бақ, өнердегі бағың! Қобыздың үні шыққан сәттен сенің жолың болады. Қобыздың иесі бар, тірі, Сыр бойында, Жосалы стансасында Уәйіс деген қобызшы тұрады. Есебім бойынша жасы тоқсанға таяған болар. Қол созым жерден Қорқыт кесенесі көрінеді. Барып батасын ал. Мына қобыз Уәйістікі. Дауыстың иесі тірі тұрғанда оның рұқсатынсыз өзім білемдікке салыну — сорақылық. Ертеңнен қалмай жолға жинал. Артыңа қарайлама...
ХХХ
Сыр бойындағы Жосалы стансасында тұратын Уәйіс ақсақал Әскербек барғанда кірпігі ғана қимылдап, өлім аузында жатқан-ды. Кәдімгі көпке белгілі ауыр сырқат. Қылтамақ. Өңештен қара судан басқа ас өтпейді. Үй ішіндегілер үрпиісіп қалды. Өлмелі қария кімге керек, сонша жерден ат сабылтып...
Көкірегі сырылдаған қария тарамыс қолдарын ілгері созып, қобызды көргенде жүзіне нұр жүгіріп, жастықтан басын қақшаң еткізіп жұлып алды: — Сен әлі тірі екенсің ғой, абызым... Мен сені баяғыда... Қайдан табылды.?
— Театр қоймасынан.
— Жә, мұны бір кәдеге жаратпақсың ғой шамасы? — Уәйіс ақсақал Әскербектің жөн-жосығын да сұрамастан, бауырына басқан қобыз шанағы бойына ерекше қуат дарытқандай тіктеліп отырып, әңгімеге көшті: — Біз де жас болғанбыз, қалқам. Өнерлі жанның аяқ-қолын жерге тигізбей көтеріп жүретін желі болады. Оны біреулер жын дейді. Болса болар. Осы өңірдегі №1-ші Уәйіс қобызшы мына -- мен, ел қатарлы өмір сүрдік. Күншілік жерге жететін ерекше дауысым қобыз үнімен қосылғанда төңірек дірілдейтін. Атағым елге жайылды. Алматыға, өнер ордасына шақырды. Құзырлы органдардың адамдары араласты. Хан сарайында жүресің деді шалқақтап. Бармадым, бармағаным -- қол созым жердегі Қорқыт кесенесін қалай қиып кетемін... Ақыры күдер үзді білемін. Ертіректе әлгі сен айтқан театрдың бір топ әртістері гастрольдік сапармен келген біздің облысқа. Мен де сахнаға шықтым соларға қосылып. Тағы да шақырту. Ауылда қалсаң талантың тұңшығып өледі деді. Бірақ олар Қорқыт кесенесінің құдіретін қайдан түсінсін. Көнбедім. Ертең мына қобызының соңынан сүмеңдеп өзі келеді деп, мына жарықтықты қояр да қоймай күштеп әкеткен. Мен кесене іргесінде қала бердім... Көрер жарығым түгесілмеген екен. Қазір өлсем де арманым жоқ! Қобызым сенімді адамның қолына түсіпті. Алдымен менің дауысымды тыңда. Сосын саған батамды беремін. Содан соң ішегі де үзілмейді, үні де тұншықпайды...
Бәли, Әскербек өз көзіне өзі сенбеді. Уәйістің қобыз үніне қосылған диапозонды дауысы барған сайын екпін алып, жаңғырықтай естілді. Қобыздың ішегі дың-дың. Біраздан соң батасын беріп, қобызды баласындай айналып-толғанып, Әскербектің қолына табыстады.
Қап, тарихи драманың режиссері осы эпизодты түсіргенде фильм тақырыптық тұрғыдан жанданып, өнердегі шынайылық өз өрнегін құрар еді-ау деп, іштей тебіреніс үстінде Уәйіс ақсақалдың -- дауыс иесінің батасын алған Әскербек қалта телефоны арқылы енді бар шаруаны былай ысырып қойып, оғыз заманындағы бақсының рөліне шабыттана кірісетіндігін және театрға таптырмайтын тың кейіпкер тапқандығын әлдекімдерге қуанышпен хабарлап жатты.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter