26.11.2021
  1112


Автор: Жаңабек Шағатай

Ботадай көзің мөлдіреп

— Сәл кідірші, иығыңа сүйенейін. Жалаңаяқ жүргенді жақсы көрем ғой, топылайымды шешіп алайын да. Тү-у, тапырламай тұршы-и...


Уай, жасыл шүйгінді кызғылтым нәзік табанымен абайлап басқан бойжеткен айдай сұлу: құлын мүшесі күміс сымнан соққандай; иығынан аса құлаған бұйралау мақпал шаш оң іргеде бой созған мырза теректің жұқа күміс ұнтақ жалатқандай жапырағын желпіген самалдың ағынымен тік жаурында ойнайды майда толқын болып. Желек арасынан себезгілеген шұғыла түн бояулы жібек шаштың әр талында жалт-жұлт етіп, қыпша белі бұратыла басады әр қадамын, аз ғана діріл қаққан әппақ балтыры... у-у бесті қайыңдай бір мінсіз.


— Ауылдың бірге өскен қызы еді. Бөлмесінде отырса екен, — деп мазасыздандың аппақ мойныңды иілдіре алға созып. Үніңде дегбірсіздік бар. Ұры самал маңдайға төгілген шоқ кекіліңмен еркелеп ойнап үлгерді: «Ән-ні, пысығын қара!» — Тек бір жаққа қаңғып кетпесе екен. Ауылға кетіп қалмаса де.


Кенет алыстағы ауылым ойыма оралып, көңілім алабұртқаны. Оқудан қуылып, көктемге салым жер астымен жеткенмін үйге. Ашулы әкем кесіп айтыпты: «Миқұрттың оқуға өресі жетпесе, отар бағуға шамасы келеді. Салыңдар салпаңдатып қаракөлдің көтенінен», деп.


Ызғыған қозы шұбатқан бірінші сақпанды бағу ит қорлық. Кісі аяғы сирек ауылда салың суға кеткен, мажығулы пұшайман хал. Таңғы шалқар даланың қайталанбас сұлулығы ғана сансыраған санаға тыншу. Кешкі сұлу арай да.


... Өліараның таңы сап-салқын. Әлі де дымқыл сыз бой тоңазытып, дене тітірендіреді. Қиялай түскен күн сәулесң қалы кілемдей күреңседегі түйір-түйір жақұтты — таңғы шықты нұрландырып, көк майса ақық алқа таққандай көз қарықтыра жайнайды. Әрбір тамшыға аспандағы бозторғай, қалқыған бұлттар, жасыл дала, бәрі-бәрі сыйып кеткен. Әттең, бір түйір шыққа сыйған мұқым дүние кең құшағына сыймайды!..


Саулықтар бір-бірімен жарыса майса кешіп, шүйгінді бырт-бырт үзеді обырлана. Өткір тұяқтары таңғы шықпен жуылып жалтырайды. Ақық моншақтар үзіліп түседі, сүйріктен сыңғыр қағып.


Дзин-дзин... осы нәзік әуен ауада үзілмей тұнып қалған. Әттең, барша қорғансыз сұлулық сияқты мөлдір шықтың ғұмыры да қас-қағым-ау. Сүтке тойған қозылар күн қызбай-ақ кең жазықта әрлі-берлі дүркірей жарысып, тынбай шапқыласуда: таңдары жарқ-жарқ ете жүйткіп, бірін-бірі шаршамай қуаласты. Кенет әлдебір бір көк қошақан шапқылаған күйі енесінің бауырына барып тығылды да, титімдей қызыл тілі сүйірленіп, сыздап, үрпісінен аппақ сүт тамшылаған желінді тұмсығымен түртіп-түртіп жіберіп, борпылдата емді үлкен міндеті бардай.


Бой тамыры босаған мама саулық сарғыштау көздерін шала жұмып, үстін-үстін күйіс қайырады мекіреніп. Бар тамырдан сүт ақты-ау бұлақ болып. Әлгінде тынымсыз ойнақтағанда ұйпалақтанған қошақанның бұйра елтірісі бір пәсте ғана жалт-жұлт етіп, құлпырып сала бергені. О, шіркін, ана сүтінің шексіз қасиеті-ау...


«Ғажап, кей елеусіз ғана нәрселер, айтылған сөз неге кенеттен адам ойында басқа жайттарды, қазіргі сәтке еш қатыссыз оқиғаларды тірілтеді осы?!»


— Қатарласып жүрсеңші. — Жалт қарағанда ботадай қара көздеріңнің түбіне жұмбақ күлкі ұялапты. Жұқа пердеше тұтылып, мөлдірей тұнады. — Неменеге кейіндеп қала бересің? Балтырым түп-түзу менің.


— Іхм-м!.. Онда тұрған не бар? Мейлі, мылтықтың стволындай болсын, — дедім қандағаштың бір шоқ сырғасын аямай тістеп. — Қатыгез табаныңа тапталған жазықсыз майсаға жаным ашиды әшейін.


— Сонда... — Танадай боп дөңгеленген жанарыңды ернеулеген күлкі қазір, енді міне шашу болып ақтарылатын сияқты. Мөлдір қарашықта титімдей оттар ұшқындайды.


— Сеніңше адамдар жер баспай, инелікше қалықтап ұшуы керек пе? Қайдағына айтпай, аяғыңды жылдамырақ бас. Ой, кержалқаусың-ау...


Қала шетіне орналасқан мақта-мата комбинатының жатақханасы қалың тоғаймен шектесіп жатыр. Салқын самал аймалаған ауыр жұмыс істейтін қаракөз қыздар — қазір де байғұстар ұзынынан сұлап, демалып жатқан шығар.


Жартылай ашық тұрған әлдебір терезеден жүрек суырған әуен сызылып қана естіледі кенет. ҚазГУ-дың қорасындағы құлақ жейтін қиқу емес, қоңырлана желпіп, сыр тұнып толқиды. Энгельберт Хампердинг! Ағылшынның күміс қоңырауы. «Ғажап, барқын үнді мұңлы әншіні бұндай уақта кім тыңдаушы еді, а?! Оны алакеуімде, жүрегің әлденеге атқақтағанда ғана тыңдау керек қой».


— Ал ентігіңді басып, соы жерде тұра тұр. Мен бөлмелеріне жылдам кіріп шығайын. Айтқандай, ақ қайыңды жақсы көруші едің, — дедің томпақтау, шиедей алқызыл ерніңе күлкі үйіріліп, — әне, анау қайыңды құшақтап, сырласып қал.


Расында бақтың бұрышында бір тамырдан түп алған үш балапан қайың жұқа жапырақтары сыбдырлай иіліп тұр. Қоңыр дақты аппақ діңінде айрықша нәзіктік бар.


«Үй, ақ қайың! Сыр шертерім сен емес. Аяқ бітіп, құмды ауылға неге ғана көшіп бармайсыңдар, а?!»


... Тарыдай шашылып жайылған отардың ортасында шалқалай жатырмын. Арқан бойы көтерілген күн әлден-ақ қызу. Әлтаман мұқым дүниені табаға салып, майсыз-ақ шыжғырар, сірә. Түпсіз зеңгірде шарбы бұлттар қалқиды жалқаулана. Маңай тып-тыныш, тек құмыр көмей бозторғайлар ғана мәңгілік әніне басып, тү-у биікте талмай шырылдайды. Ашқарақ қойлайр ғана алға ентелеп, жарысып жайылады. Тысыр-тысыр жүгіре басып, бырт-бырт шөп үзеді. Айналам тұнған әдемі әуен: майда тысыр-тысыр.... Жұмсақ бырт-бырт... Мамыражай тыныштық тұлабойымды буып, өң мен түстің арасында талықсып, еріксіз ілініп кетті көзім. Ілкіде құлағыма ақ жауынның үні әлсіреп жетіп, құмығып естілген сияқты еді. Әйтеуір тысыр-тысыр... Ә-ә, түсім бе бұл, немене?.. Алматыда сыбдырлап жаңбыр жауып тұр деймін. Тоқтамайтын жауын. Алыс тауларға шөккен қалың бұлттың бауырын отты қамшы — найзағайлар дыбыссыз, бірақ жарқ-жұрқ ете тынымсыз тілгілейді. Бір топ бұрынғы курстастар ұшарлығында найзағай жарқылдаған биікке тырмыса, жан салып өрмелеп барады тізбектеліп. Кенет... жүзі қою мұнардан көрінбеген біреуі соңына жалт бұрылып, қайта-қайта қол бұлғады. Биіктерге шақырды-ау. «Жо-жоқ, бармаңдар, бауырларым! Басында ылғи жасын ойнайтын биіктер тым қауіпті... Құлайсыңдар! Ылдида-ақ жүрейікші...» — деп жанұшыра айқайлағым келеді. Әттең, үнім шығар емес. Ал олар ақырын биіктеп барады, бірсін-бірсін бұлттардың арасына сіңіп көрінбей барады...


Жер-жаһанды кернеп кеткен қорқынышты гүрілден шошынып ояндым. Қақ әкеңнің... қаңғыбас геологтардың тікұшағы төбеден өтіп келеді қалбағайлары зырылдап. Әлі де мәңгіріп, айналаға есеңгірей қараймын. Түк ой жоқ. Төбеде шақырайған күннің өткір, жерге шаншыла төгілген ащы сәулесі торала бетімді дуылдатып, қос білегім тотияйын төгілгендей ашысын. Көнім кеуіп, таңдайым желімдей боп, аузым кеуіп тұр. Жалақ ернімді әйеңкестеніп, жаладым, жырым-жырым терісі тілімді тырнап түсті. Сонда ғана селт етіп, маңайға үрейлене көз жүгіртуге дәрменім жетсін. Отар шығандап, тү-у алыста, көз ұшында теңіздей толқыған ақ селеулі алқапқа ендеп үлгеріпті. Боз мұнарда бұлдырап, ақ шулан дарияда қалқыған қара қайықтардай тербеледі. Мана тұсап жіберген Шайтанқасқа да жал-кекілі желпілдей қос аяқтап қарғып, топалаң келгірлердің соңынан салып ұрып барады-ай. «Бүлдірдім, — деп ойладым жүрегім зырқ етіп. — Бәрі құрыды! Тағы да айқай еститін болдым. Құдайым-ай, тек жас қозылар ыстықтан ұйқтап қала көрмесінші. Жоғалды деген сол ғой».


Шайтанқасқаның соңынан жүгірдім жау-жәлем. Жер шетіне жетердей жан ұшырдым. Қашаған неме «құрқұрға» табандап тоқтап, оңайлықпен ұстатса қанеки?! Тұмсығы ақжемделген керзі етіктің қомпылдаған қонышы балғын балтырымды аямай қажайды. Арса бойымды ащы, жылбысқы тер тұтасып жапқан...


«Еһ-һей, ақ қайың, сонда титімдей сая, қол орамалдай көлеңкеге зар болғанмын. Мұнда майысқаның кімге қуаныш, тал-дарақ түк таңсық емес. Қайнаған жазда саяң өкпесі өшкен қойшы балаға керек-дүр».


... Кеңдігі көздің аясына сыймайтын алқапта тарыдай шашырап жайылған бірінші сақпан ымырт жабыла белегірдің етегіндегі қос қоңырау — екі киіз үйге қарай қаптады. Шайтанқасқаны ақырын аяңдатып үйге қарай келемін. Әтеңе нәлет, отардағы екі-үш ешкі де тызалақтап, ізіммен ентелей салып шұбалтып шаң шығарсын. Күндегі әдеттері ғой, қой қотанға келгенше есік алдындағы ыдыстарды қаңғырлатып, бір-бір тіміскілеп алу қажет.


Ағатайым үюлі баялыштың ығындағы дімкәс движокты жөндеп, ток бергізе алмай арпалысуда. Қу темір де қырсық, ағам түнде титімдей телевизорынан балет көре алмай шала бүлінген. Таң атқаннан терісіне сыймай жүрген. Қазір де жауырыны күдістеніп алыпты, сірә, движок көнбеген-ау. «И-и, итшілеген тірлік-ай, айқайдан бәрібір құтыла алмас болдым да». Іштей күрсіндім. Аттан түсіп, мама ағаш етіп көмген қисық сексеуілдің иір-иір бұтағына шылбырын іле бергенім сол-ақ, қос кебенек те жетті ұзын сақалдары желбіреп, ентіккен күйлері есік алдындағы бос шелектерді шаңға аунатып үлгерген. Онсыз да оңып тұрмаған ағам басын кілт көтеріп:


— Кебенек келгірлерді қусаңдаршы-әй, — деп барқырай айқайласын. Даусы тарғыл-тырғыл, жүдә өктем. Сосын белін жазып, «кебенек келгірлерге» бір пәс шұқшиып қарады да, бәр-бәрін айтпай-ақ ұқты. Шерлок Холмс!


— Малды қырыпты ғой, малғұн! Қойды селеуге салыпсың-ау тағы да, — деп гүжілдеді. Екі кештің арасында барқыраған дауыстың жаңғырығы шығыс көкжиекке біртіндеп ұйыған қараңғылық қойнына сіңді жаулап барып. Ұшқыр жебедей зуылдап, кірш етіп қадалды.


Ұзын мойнын төмен салған Шайтанқасқа бар денесі дір етіп, басын жерден жұлып алды да, ішін тарта терең күрсінді, Кәдуілгі шерлі кісідей күрсінді.


— Мойның салбырап, ай мен күннің аманында басқан аяғың артқа кеткен албастымысың! — деп зіркілдеді ағам Шайтанқасқаның жалын сипап тұрған маған қарап. — Тірлігіңде түк берекет жоқ сенің.


Қазандық қасында күйбеңдеп, кешкі ас қамдап жүрген жеңешем күйелеш-күйелеш көсеуін салдыр еткізіп, тастай салды да:


— Құдай-ай, бейуақта неменеге бақырасың? Қара іңірде иманымызды қасым қалдың ғой, — деп шаптықты. Оның да даусы ащы екен. — Жаның шықты ма?


— Қайтіп жаның шықпасын, малды селеуге жайыпты. Қанша қақсадым, ұзын мұрттары қозының қарнын теседі деп. — Әсілі, ағатайым қол тоқпақтай қатынынан қорқады-ей, әлде... сыйлай ма, бір демде сабасына түсіп қалғаны.


— Қайран қозылар қырылатын болды... Әуелі түгел болса де.


— Құдай сақтасын енді. Селеудің сүйегі қата қойған жоқ шығар. «Бірінші сақпанды өзің жай» деп қанша қақсадым, сен де айналшақ болғандай үйден шықпасың. Жас бала білмеген шығар мәнісін.


— Қайдағы бала! Пәле болды ғой ол, не оқуды оңдырмады, нәйеті қой баға білмейді сүмпиіп, — деп бұрқылдады ағам дімкәс движокты дүңк еткізіп бір теуіп. — Көктемде қойды қалың қандымға бақты жабағы жүнді әр бұтаға байлатып. Ұрыссам, «қандымның шешектері лағыл моншақ сияқты екен. Қызығып кеттім», деп лаққаны. Нағыз нақұрыс қой...


«О-ох!» Жүрегіме мың сан ине қадалды кірш-кірш етіп. Өртеп кеткен, аямай шымырлатқан өткір инелер. Жер дөңгеленіп барады, ал мен жағым жарылардай тістенемін. О-о, бұл ағатайым аузынан естір ауыз сөз ба еді?! Екі бетім дуылдап, тас маңдайымды ердің қапталысына басып, теңселіп тұрмын. Көзім удай ашытып, тамағыма ыстық желімдей тұтқыр түйін тірелсін, жұтына алмай қиналдым. Запыран татиды. Тынысым тарылып, құлағыма құр күңгір естіледі еміс-еміс.


— Қойсаңшы, — деді жеңгем бәсеңдеу дауыспен. — Жүрегі тым нәзік пе, әлде Алматыдағы жолдастарын сағына ма, әйтеуір бір мұңды ғой. Көңіліне қарасаңшы бір ауық.


— Әтеңе нәлет, неғылған нәзік жүрек, неғылып таусылмайтын мұң ол. Қарадай жүнжіп... Бәрі құрысын, қойды қыратын болды ғой қиялданып. Селеуге жайғанын айтсайшы, қастығы бардай.


— Қоя қойшы енді, — деген жеңгемнің даусында сыры жұмбақ діріл сызаттанды. — Өрттей сағынышымен салыстырғанда оған селеуің не, сексеулің не сенің? Ой, кәпір-ай, сен сезіміңді ерте жоғалтқан екенсің-ау. Енді қойсаңшы...


Көз шарам ып-ыссы. Кірпігіме іліккен жетім тамшы сәл дірілдеп тұрды да, жүзімді күйдіре төмен сырғып, омырауыма тамды. Сол сәт сірісі жыртылған кебісті тырп-тырп сүйрете басқан жеңгем жаныма таяп келіп, қолын иығыма салды.


— Кішкенем, көңіліңе ауыр алмашы, — деп жеңіл күрсінді сосын. — Ақымақ емес пе, азғантай миы қаракөлдің соңында іркіт боп кеткен... Кішкенем, немене, жылап тұрмысың? Қоя ғой, үйге жүрші... Құдай-ай, мен қайтейін енді?


Батқан күнді бетке алып, жүгіре жөнелдім. Құстай ұштым: сол зымыраған күйі ауыл іргесіндегі жатаған төбенің ұшарлығына шықтым да, боз жусанға бауырымды төсей етпетімнен жығылдым...


Бас көтергенімде он бесіне толған ай аппақ нұрын атырапқа аямай сеуіп тұрған. Жусан иісі сызаттанып сезілген түнгі дала дел-сал, дөңгеленген шартарап уыз толы шарадай. Қоп-қою күміс сәулені уыстап ұстап, мейір қанбай сіміруге болады.


Әсте-әсте сабама түстім. Өз-өзімді алдарқаттым... Кімнен көремін, кімге өкпе артамын? Бәрі де рас, ащы да ауыр шындық. Біреуге алдындағы мал жақын. Ал маған не жақын осы? Санам сансырап, кеуде кемірген белгісіз сағыныштың түлкібұлаң құйрығынан қашанғы қуамын!? Іздегенім жеткізе ме...


— Кел, көкеңді шақырайық, қарны ашты ғой, — деді жеңгем есік алдына ілестіре шыққан кішкене ұлына. Айдың күміс нұры алакеуімдендірген түнде бейнелері еміс-еміс бұлдырайды. — Кел, қатты айқайлап шақырайық.


— Көке, көк-е, үйге кел! — деп шырылдады төрт жасар сәби нәзік даусы тымық ауада тым-тым алысқа сіңіп. — Енді үйге келе берсей. Папам ұйықтап қалды, болды, ұрыспайды.


— Кішкене-ау, ағаңа өкпелеп, туған үйден безгенің қалай? Өйтіп өкпешіл бола берме...


«Ей, ақ қайың, сенімен сол түнде шын сырласқым келген-ді. Сен көңілі қаяулы қойшы балаға қатты керексің, ақ қайың! Бірақ, керек жақта өспейтінің жаман...»


— Көп тосып қалдың ба, бөлмесінде жоқ екен. Сменасы ауысып кетіпті. — Аққұба, ат жақтылау сұлу жүзіңде реніш, ішкі қиналыстың табы ойнайды. Иіле біткен қарлығаш қанат қастарың түйіліп, томпақша қабағың сәл шытыңқы.


— Бекер әуре болдық. Бөлмелестерімен құр отырып-отырып қайттым. Құдай-ай, қарызға ақша сұрауға түк бата алмадым.


— Тфу, титімдейге сонша қинадлғаның не? Бағанадан... бірдеңе болды екен десем. Азары, кейін аларсың ауылдасың шын Атымтай болса.


— Енді қашан? Бірер күнде диплом қорғаймын. Оған ақша былай керек, — дедің ренігің әлі тарқамай, нәрестенің білегіндей жұмыр, мінсіз сағағыңды бармағыңмен сызып. — Ауылға, үйге посылкамен алма салайыншы деп ем. Сіңлім мектепті бітіреді ғой, соны қуантайын десем...


— Ақша құрғыр жоқ дейсің ғой...


— Тоқтай тұишы. Алманы сатып-ақ алғанмын. Қып-қызыл апорт. Әсіресе, хош иісі қандай керемет!


— Енді неге мазасызданасың? Болды да.


— Қайдағы болған? — Тұнық, жалтыраған жанарыңда ине жасуындай ашулы ұшқындар ойнады. — Филфак пен бізідң болашақ ақындардан көрдім ит қорлыөты. Бәрі ақымақ па, шұбырып, баққандары қыздардың бөлмесі. Ұлардай шулап, түкке татымайтын тақпақтарын оқиды.


— Қойсай, ақындар өкпешіл келеді. Тым құрыса өлеңдерін деші...


— Мақұл, өлең-ақ болсын, бірақ ұйқастырғанның бәрі өлең дей алмайсың. Араша түспей-ақ қой. Ал біздің бөлмеде бір «ақындардың анасы» бар емес пе, сол кеше балконға қойған алмаларымды топырлаған ақындардың аузына тоса беріпті, албасты. Бір топ «классик» қойсын ба, түк қалдырмай, витамин деп сыпыра жеп кетіпті. Тіпті, өзім де ауыз тимей қалдым.


— Ха-ха... Қасқалар қаршылдатқан екен дә тәтті алманы. «Витамин» деп пе, жүдә?! Тістеріне қанқұрт түскірлер-ай... Іх-хі! Ойбай-ай, бүйірімді тестің. Алма жеген ақындарда кеткен өшіңді менен аламысың?!


— Өзің ғой мазақтайтын. Айтшы, енді не істеймін? Алманың бағасы удай екен. Соңыма ерген жалғыз сіңлім мектеп бітірген дастарқанына қойса деп едім. Жаным ғой ол менің. — Ақша жүзіңде әлі де толғаныстан қызыл арай үлбірейді. — Ал біздің жақ есілген құм, емге көк түйнек табылмайды. Есіңде қалсыншы десем...


— Біздің ауыл да жеміс-жидекке жетісіп тұрған жоқ. Арулары алма жемей-ақ бойжетеді.


— Сөйлемеші, — дедің жанарың сәулелене жарқ етіп.


— Сөйлемеші... Адам деп саған сыр айтқан өзім де ақымақпын.


— Жарайды.Ашуыңды басшы енді. — Сұлу қыздың алдында аздап кішірею онша кінә емес шығар бұл пәниде?! — Бір амалы табылар.


— Мәссаған, тал түс болып қалыпты-ау. Ал не істейміз? — деп тағы да ақша жүзіңде жұқалтаң арай албырап ақырын жымидың. Маржан тістерің жарқырады. Тосын шешімге келгендей, кекілің желп ете басыңды сілкіп қалдың. — Жүр, тауға шығайықшы. Таулар адамды неге өзіне тартады да тұрады осы. Неліктен ылғи қол бұлғап арбайды көңіліңді.


— Бала күндеріңде биік тау көрмегендер асқар шыңдарға құмар болатын шығар.


... Екеуіміз тау жаққа биіктеген сайын бұлттардың шудасы қалыңдай түскен. Басқа күндегіден мүлдем бөлек, көз суырғандай ерекше. Боразда-боразда болып, шығыстан батысқа қарай түтілген мақтадай шұбатылып, ұлпаланып жатыр. Көкпеңбек аспан бұлтсыз тұста тіптен түпсіз тұңғиық болып мөлдірейді. Көгілдір мұхимттан көз алу мүмкін емес. Оң қол жағымызда сылқ-сылқа күлген бұлақ былдырай сөйлеп, ыршып-ыршып ағады.


— Көк аспанға көп сұқтандың ғой, — дедің мойылдың әлі піспеген жемісін үзу үшін әуреге түсіп тұрған қалпыңда. Мойылдың бұтағы солқылдайды, қыпша белің одан өткен майысқақ. — Абайла, қылқи мойның үзіліп жүрмесін.


— Анау созылып жатқан бұлтты бауырлап ұшқан самолетті байқайсың ба?


— Иә, көріп тұрмын.


— Аппақ қанаты күміс көбіктерді дыбыссыз сырып бара жатқан сияқты. Бұлттың бәрін жинап әкетіп жүрмесін.


Бір сәт жанарыңды көзіме қадап, қозғалыссыз тұрып қалдың. Сандалдан шапқандай тікше иығыңды тырналаған мойыл бұтағы мойныңа еркелей асылды.


— Аспанға құмарсың ба? — дедің әлденеге таңданғандай бас шайқап.


— Әй, баяғыда, сегізінші класс бітірерде Москваға, министр оборонға хат жазғанмын. Ұшқыш болғым келеді, оқуына түсіріңізші деп. Тіпті, ауылдағылар біліп қоймасын деп хатымды аудан орталығынан салып жібердім поштаға.


— Өлә, бұрын пысық бопсың-ау. Хатыңа жауап келді ме? — Мөлдіреген бота көзің дөңгеленіп барады.


— Қайтіп жауап келсін? — Бас шайқап күлдім. — Итім біліп пе, министр оборон орыс болады екен ғой, ал мен хатты қазақша сойдақтатқанмын.


— Ой, жынды-ы... Бұл не пәле деп министрдің үрейі ұшқан шығар-ау сонда.


Сыңғырлаған күміс күлкі бұлттардың баурына үлпілдеп ілінсін: қиялай түскен күннің жалқыны қатары мінсіз маржан тісіңе шағылып жалтылдады да, бір ыршып қара көзіңде нұрлана ойнап, титімдей үзігі алқызыл ерніңе қонақтай қалды. Құдай-ау, еңкейе беріп шұғыланы мейірім қанбай толғап жұтуға аласұрдым...


— Ауа қапырық екен. Жүр, бұлаққа барайықшы, — деп еркелей, күлдің тағы да.


Аққан суда сыры жұмбақ құдірет бар: көп үңілсең көз алдың мың сан бояуға малынып, бастау түбінде ғажайып жұмбақ әлем дірілдейді. Еңкейген күннің шұғыласы су бетінде қиғаштап қалқып, алтын шабақтай шоршып ойнайды. Майда ағыс кесек тастарға ақырын соғып, қалқыған көбіктер бұлаққа малған ақ балтырыңа жанаса келіп жарылады, кейбірі шырқ үйіріліп, қимай дөңгеленіп, ақыры беткейге қарай екпіндей қалқып жөнеледі. Жамырасып, жарысып ағады.


— Пысынап кеттім ғой, — дедің үніңде жұмбақ діріл тұнып. Кеудеңді кере жиі-жиі дем алдың. - Сен қарамай отыршы, көйлегімді шешейін. Тек қараушы болма...


— Іх-і!.. Қабырғамдыс қаусатасың-ей. Қызық, қыздардың қолы неге ауыр осы?


— Өзің ғой кінәлі. Қарама десем... — Даусың ерке назға толы. Жүрегім тілім-тілім. — Сосын айтшы, қанша қызды білетін ең? Қол салмағын өлшегендей...


— Енді-і... Сірәғысын айтқаным ғой.


— Бұлтақтама, сірәғысын емес, сразуын айт. Кәне, апам «үндемегеннің ішінен үйдей пәле шығады» дейтін. Сен де сондай көрім шығарсың?


— Айыптап бақ. Ал апаң жігітті ұруға болмайды демеуші ма еді? «Қасиеті қашады» деп.


— Иә, айтатын. Кешірші. — Ілкіде тосылып қалдың. Даусыңда өкініш табы бар ма, қалай?! — Ренжімеші, ұрғаным емес, бауырыма балап еркелеймін саған.


Неге екенін қайдам, бір-бірімізге жалқы рет те бұрылып қарамай отырмыз. Ал менің өмір бақи осылай отыра бергім келген.


Сағағынан себепсіз ерте үзілген долананың жүрекше жапырағы су бетімен қалқып келеді. Ағын су тасқа тіреліп ыршығанда ғұмыры келте көк өрім шарасыз шоршып-шоршып қалады жаны бардай.


— Үміті үзілген, желкектеген күндері қайтып келмес жапырақ, жасыл мұңлық, — деп күбірледің ақырын ғана. Қиналып айттың. Құдайым-ай, үніңде торығу, үмітсіздікпен шектескен ауыр мұң жатты. — Жапырақ болып жүзгім келеді. Толқындар үстінде қалқып, алыс-алыс қиырларға жетсемші...


Ізінше дауысыңды сызылтып ән салдың. Жайшылықта жастар ылғи айтатын қарапайым ән мүлдем құлпырып, құбылып сала берді.


... Жарқын құшақ жайған айым,


Бір өзіңе сай болайын.


Мені сүйген жүрегіңнің


Лүпілінен айналайын...


Сосын ақырын, наздана ыңылдауға көштің. Кеудем алағай да бұлағай. Жүйке тамырларым қатты тартқан сым ішектей зыңылдап тұр. Саусақ тисе үзілер енді...


Баспалап, көзімнің қиығын ұрлана тастадым өзіңе. Ақ мәрмардай иығыңа көбелек қонақтапты. Көгілдір нәзік қанатындағы алтын жолағы ирелеңдеп, жеңіл самалмен діріл қағады.


Кеудеңе түсті енді сумақай көзім. У-ей... жылтыр қабығы бар қос анардың тереңдеу ойықтан жанарға ұрған томпақтау үсті айнадай әжімсіз. Шіркін-ай, жалғыз рет уыстап ұстар ма еді?!


— Қарама дедім ғой саған. — Мойын бұрмай, бота көзіңді бұлақтан айырмай отырып айттың. Бірақ... даусыңда түк реніш, зіл жоқ-ты.


Әлгі бақытты көбелек (басы айналған шығар-ау) ілкіде лып етіп ұшып кетіпті. Тек аппқ иығында қанатының бояуы — алтын нүкте қалыпты жылт-жылт етіп. Әлде көбелек қонған жоқ па еді?!.


— Іздемей-ақ қой. Көбелек ұшып кетті, — деп жымидың сәл-сәл мұңайған секілденіп. — Адамның арманы сияқты ұшып-қонба екен.


— Мұңаймашы. Адам арманының баршасы орындала беруі мүмкін емес. Бірақ, алдағы күнге үмітпен ғана ғұмыр кешеді де адам баласы.


— Айтқаның шындық-ау. Таңқаламын, бір философ: «Адамның аузы ауқат ішу және шындық айту үшін ғана жаратылсашы», деп күйзеліпті ертеде.


— Есуас екен, — деп мырс еттім. — Байғұс, білмеген ғой, сенің аузың сүю үшін жаралған.


Еңкейіп су іліп ап, уыстап шаштың бетіме. Түссіз тамшылар ауада мың құбылып, күмісше бұрқырады. Іщ-ай? Тас бұлақ қанша еркелеп күлсе де, мөлдір суы тастай суық екен ғой. Ал сенің жаның тым-тым нәзік көрінеді, бота көзді мөлдірім...


— Сандалма! Мүлдем басқа нәрсені айтамын. Апыр-ай, адамдар неткен тайыз, бір-бірін ешуақытта толық түсіне алмайды, — деп мұңайдың аз сәтте. Ерке, ойнақы сәулелер қас-қағымда сөніп, көздерің тұңғиық тартты. Түбі жоқ қара шыңырау. — Анашым ғана түсінеді менің жанымды.


— Қалжыңға бола сонша күйзеліп не жетті. Жылатайын деп пе едің мені? - Өтірік ыржалақтадым бетім қисайып.


— Жылама! Құдай жылатқаннан аулақ қылсын, — дедің даусың құмығып. Аялы көзің мөлтеңдеп барады. — Менің де құрғаған емес. Әкем ерте қайтыс болды ғой. Бірінші класқа баратын жылым еді. Сіңлім онда белі бесіктен енді шыққан-ды. Менен кейін ұл болған үйде. Бес жаста шығар деймін. Сүйкімді еді . Әкем бар жанымен жақсы көретін оны. Бірде ерке ұл бірдеңені қатты бүлдірді білем, әкем құйрығынан салып-салып жіберді. Сонда шырқырап жылағаны-ай... Даусы әлі құлағымда сияқты.... Өзгеге қарап өтірік күлемін, өзіме қарап шын жылаймын білсең. — Терең-терең күрсіндің. Жүзің қуарыңқы тартты кеудеңдегі шерге тотығып.


— Қайғыра бермеші... Көп жылдар өтіпті ғой.


— Әңгіме уақытта емес. Ауылдың түбінде көл бар-ды. Кішкентай көл. Үш-төрт күннен кейін інішегім балық аулаймыз деп балалармен сол көлге үйден ұрланып барыпты. Әлгі көлдің арғы бетіне жүзіп өтемін деп суға кетті. Сонда әкемнің жер бауырлап жатып жылағанын көрсең. «Құлынымды ұрғанша, қолым неге сынбады!» деп еңіреді. Қайғылы даусы әлі күнге құлағымда... Көп ұзамай өзі қайтыс болды апаттан. Інімнің қайғысына шыдамады-ау. Апам сіңлім екеуімізді ана қасқырдай желкемізден тістеп жүріп жеткізді. Жалғыз жүріп жеткізді. — Тізеңді құшақтап, көпке дейін үнсіз отырдың. Бота көздерің әлдебір нүктеге шаншылып қадалып қапты. — Сіңлім де оқуға барамын дейді енді. Ал... ал апам үйде жапа жалғыз қалады. Қара басы қақайып қалады төрт қабырғаға сыймай. Онсыз да денсаулығы нашар. — Тағы да үндемей қалдың. Ақша жүзің сұп-сұр. Ұзын, қайқылау кірпігіңде мөлдір шық үзілмей дірілдесін. Жоқ, бұл тас бұлақтың титімдей бөлшегі емес, ауыр қайғыға шыланған ащы тамшы... — Диплом алсам, бірден ауылға тартамын...


— Кешір, білген жоқпын ғой. Құдай-ай, қасыңда жүрген адамның да тағдырын білудің өзі қандай қиын. — Үнім әрең-әрең естілді. Жалбыздың көк жапырағын өшім кеткендей уқалаймын. Ащы иісі кеңсірік жарды, жылбысқы нілі алақанымды сірнеше тұтып қалған. — Ешқашан, ешкімге айтпадың ғой.


— Кімге айтушы ем? Мен Алматыда жалғызбын... — Сүйір иегің кемсеңдеді. Тістерің сақылдаған. Ауыр қиналыстан өкіре жылап жіберуге шақ қалып, өзіңді бар күшіңмен ұстайсың. Шарасыз қалыпта иығың қушиып, бетіңді алақаныңмен басып көп отырдың қимылсыз. Әлдеқандай бойдағы суық, кеудеңді үсікке шалған ызғардың әсері ме, жалаңаш денең құс еттеніпті. Шашылған тарыдай қызғылтым түйіртпектер. — Құдайың жарылқасын, мен диплом қорғағанда корпусқа келші. Түктің керегі жоқ, гүл әкеліп те әуре болма. Өтінемін, тек қорғауыма қатысшы... Жалғыз қалдырмашы... — Үзіп-үзіп айттың.


Өкпем қысылған. Жүрегім ерткен майдай. Кеудемдегі ыстық толқын миыма шапқан сияқты.


— Келем ғой. Міндетті түрде келемін. Саған... келмегенде...


Тосылып қалдым. Тілім таңдайыма жабысып қалған ба, үнім шығар емес. Басыңды көтеріп, жүзіме зер сала, бір сәт көз алмай қарадың. Апыр-ай, қара көздерің қандай шуақты, сыршыл еді?!


— Жарайды, — деп жылы жымидың жүзің нұрланып. Ақша бетіңде әдемі шұқыр оймаланды. — Өзің айлакер екенсің. Ұялмай бақырайып қарап алыпсың ғой. Мейлі, қарай бер... мен көйлегімді киейін, сен көңілді әңгіме айтшы.


Сені сәл сергіткеніме іштей мәзбін. Қайтейін, мұңды көзіңді одан әрі көруге дәтім жетпес еді.


— Әңгіме айта алмаймын ғой, - дедім дуылдаған бетімді бұлақ суымен шайып, сосын иық түйістіре қатар жайғасып.


— Білмеймін, саған ұнай ма, жоқ па?


— Айтсайшы әуелі. Тыңдап көрейін.


— Әңгіме болғанда — жібі түзу әңгіме де емес. Сиыр туралы.


— Тү-у, сағызша созбай айтшы енді. Әйтпесе су шашамын, — дедің бота көзің жаһұттай жайнап, жүзіңе де манағыдай жұқалай қызыл арай жүгірген. — Ыңырануың таусылмайды екен кәрі түйе құсап.


— Тыңда онда. Ауылда көршіміздің Зойка деген мүйізі арбиған, дәу қара ала сиыры бар тұғын. Апам немістің асыл сиырының тұқымы, сүті маңызды деп ылғи мақтап отыратын.


— Тоқташы-и, біздің ауылда да сүтті сиырларды Зойка, не Майка деп еркелететін. Біртүрлі, қызық...


— Кім білген, бүкіл Қазақстанда солай болар. Иелері сөйтіп еркелеткен соң сүтті болатын шығар сиырлар. Қай жылы, бір көктемде әлгінің бұзауы өліп қалды. Веттехник тері ішіне сабан тығып, тұлып жасап берген. Басқаны білмеймін, ал Зойканың әлгі тұлыптан шығарда жаны бөлек. Өрістен өңкілдеп, ауылды азан-қазан қылып басқа сиырлардан бұрын келді. Келген бетте тұлыпты емірене жалап, шыр айналады. Көршіміз тұлыпты алдына қойып, Зойканы бас жібін байламай-ақ сауа беретін. Сол қойған жерде тұлыпты бауырына тақап, түні бойы бір қозғалмай жата береді. Ал жансыз, кепкен тұлып қыбыр етпейді, көзін бір ашпайды.


— Иә, бұзаудың көзі әдемі болады ғой. Жас төлдердің бәрі сұлу негізінен. Ештеңе түсінбей қалдым... әңгімең аяқталды ма?


— Жоғ-а. Өзің ғой бөліп жіберген. Қызығы әлі алда. Бір күні кеште, сиырлар пададан келер алдында біздің қасқа бұзау қорадан шығып, әлгі тұлыпты қайта-қайта сүзіп, есік алдын ала боран қылсын. Өрістен қайтқан Зойка мұны көріп қойды да, жер тарпып өкіргенін айтсай... Өңкілдей шауып, көзі алара, мүйізін төсей титімдей бұзауды сүзуге жанұшыра ұмтылды. Қасқа бұзаудың жаны қысылғаны-ай, жіңішке дауыспен мөңіреп-мөңіреп қойып қора айналып безілдеді, ал Зойка қыр соңынан қалар емес. Бала-шаға не істерімізді білмей у-шумыз. Кенет... қораның бұрышынан қасқа бұзаудың анасы — біздің қоңыр сиыр атылып шықты. Ол да көзі айналып, танауы делдиіп алған. Кішкентай дөнежін болатын, бірақ еш қорықпай Зойкаға ұмтылды.


— Соқпашы, мүмкін емес қой...


— Шын айтамын. Екеуі аянбай сүзісті, ара түскендерге пысқырған да жоқ. Бірін-бірі өлтіреді дегенбіз. Ал үрейі әбден ұшқан қасқа бұзау айнала шауып, біресе ұзап кетеді, тағат таппай сүзіскен сиырларға тақайды біресе. Кенет, мұң шаға мөңіреді-ай жіп-жіңішке дауыспен. Сол-ақ екен, қоңыр сиыр қуатттанып кетті. Сұмдық бір дүлей күш бітті бойына.


— Бұзаудың дауысынан қуат алды-ау, жануар, — дедің ерекше қуанышпен масаттанып. — Баласының даусы сөзсіз күш қосты.


— Білмеймін, бірақ дәу Зойканы әп-сәтте жер тізерлетті. Сөйтті де, мөңіреп алып, шапқылап жеткен қасқа бұзаудың үсті-басын түк қоймай жалады дейсің. Бұзау байғұс бауырына кіріп, желінін борпылдатып сорды кеп, борпылдатты кеп...


— Тү-у, өз сиырыңды созбалай бермей, Зойканы айтшы.


— Ол да тұлыптың қасына келіп, екі-үш айналды, әуелі жалап, қасында талтайып тұрды. Енді бір шақта тұяғымен жер қазып, айналаға бұрқырата құм шашсын. Қып-қызыл көздерінің алды тарамданып аққан жаспен су-су. Есті мал адамша жылайды екен ғой. Кенет... Зойға тұлыпты арбиған мүйізімен аямай қағып жіберді. Үсті-үстіне сүзіп, паршалап тастады да, сосын... мұңданып ұз-ақ мөңіреді-ай...


— Қандай аянышты?! Байғұс-ай, жансыз тұлыпқа «сен де мөңіреші, көзіңді ашып, борпылдатып емші» дегісі келген де...


— Қайдан білейін, ауылдың кісілері де солай деген. Бірақ ол сиырдың жебеушісі — безбүйрек Зеңгі бабаны лағынаттап мөңіреді ме, қайдам? Сол күннен кейін Зойка ешкімге саудырмайтын, тіпті, ұстатпайтын жабайы болып кетті. Жылда бұзаулайтын ғой, көктемде қысыр қалды. Зоотехник айтыпты: «Енді ол сауын болып жарытпас. Емшегінің үрпісі тарс бітеліп қалған» деп. Иелері көз тиді деді. Ал келер күзде пышаққа жығып, бар етін базарда сатып жіберген. Өздері бір жапырақ қызылынан ауыз тиген жоқ.


— Жындымысың, ондай қасиетті сиырдың етін қайтіп жейді адам!? Қалай кеңірдегінен өтпекші?.. Шыныңды айтшы, осының бәрін ойдан құрастырдың ғой. Қазір ғана құрастырдың...


Үндегенім жоқ. Екі-үш көкшіл малтамен шекем тас ойнап отырмын.


— Айтшы деймін енді, ойдан құрастырдың емес пе? Әйтпесе, ауылдарыңның сиырлары совсем адам сияқты болып кетті. Олай болмайды...


— Қызықсың, адамдар айуанға айналса түк таңданбаймыз ғой.


Сен тағы үнсіз қалдың. «Е-ей, енді мен ешқашан әңгіме айтпай-ақ қояйыншы. Бірақ сен сергісеңші. Құдайым-ай, сұлу қызға, әсіресе, саған мұңаюға болмайды ғой...»


Алатаудың асқарларын қалың бұлт торлап апты. Биік мұзарттарды қымтай орап, тұншықтыра таяғанымызда қалың нөсер құйды. Бұрын-соңды біз көрмеген ебіл-себіл жауын. Бір пәсте айнала пытырлаған жаңбыр үніне толып, сарқырай аққан жылғаға айналған. Құлын перен жүгіріп, көп қабатты үйдің бастырмасын паналадық. Ал жаңбыр пердесінің ар жағында өзгеше бөлек әлем тамшылармен текетіресіп жатыр. Жұқа су көйлегің денеңе жабысып, сәмбі талдай сымбатыңды одан сайын солқылдатып, құлын мүшеңді әйгілейді. Аңдаусызда иығымыз түйісіп қалсын. Тұла бойың от-жалын боп жанып тұр. Беу, бет қаратпас, бұғалық салдырмас өрттей қызу! Қолыңнан ұстауға қалай батылым жеткенін білмеймін. Алақаның ып-ыссы, ұлпа, сүйріктей саусақтарыңның ұшында жұқа тамырлар лүп-лүп етіп соғады. Баяу ғана бүлкілдейді. Найзақара жақта жасын жарқылдады от бишігін қағып: денең дір етіп, бота көздеріңнің аясы үлкейіп әрі сәл тұмандана жалт қарадың маған. Үркектей тақалып, басыңды әнтек шалқайта найзадай кірпіктеріңді нәзіктікпен қамастырдың, ал албыраған шие еріндерің болмашы ғана ашылып тұр. Кірпігіңе нөсердің тамшысы ілініп, мөлтеңдейді. Буын-буыным босады, қимылдауға түк дәрменім жоқ.


Кенет селт етіп, бойыңды жиып алдың да:


— Қоянжүрексің ғой, — дедің қатқылдау дауыспен. Қоңыр үнің шыны шытынағандай сезілді. — Өмір бойы осылай қорқақ боп өтесің. Бақыт үшін батылдық та керек қой, ақымақ!


— Момынның бәрі кем нәсіп, аңғалдың бәрі абыройсыз ба екен? — Ақталу үшін ғана құр міңгірледім. — Онда өмірде ұятсыздың ғана ұпайы түгел болады да.


— Жоғал! — деп бетімнен шапалақпен салып қалдың. Ду ете түсті. Шарасына жас толы жанарыңда өкініш, жо-жоқ... жеккөру, жо-жоқ... мейлінше өшпенділік кілкіген. — Неткен көркеуде, саппас едің! Көрінбе, көзіме.


Ақ балтырың жалтылдап, жатақханаға қарай жүгірдің. Бетіңді екі қолыңмен басып, жанұшырып зымырадың. Аяқ-қолыма ауыр қорғасын құйғандай аттап баса алмаймын. Қыбырсыз қатып тұрмын жүрегім шанши ауырып.


«Мен не жаздым?» Жауапсыз сұрақ миымды солқылдатып, жүрегімді шымырлатқан.


... Ақталмағаныма көп уақыт болған төбедегі жіңішке сызаттар жөке жапырағының сызықтарындай: иір-иір шұбалып, таусылмайды. Қызық, байласа анау гардин адам көтере алар ма екен?!


Сыртқы есік ақырын ашылып, ішке әлдекім енді. Кеудемді бір жылы толқын аралап өтті әп-сәтте. Жүрегім шым-шым...


— Біраздан бері көрінбейсің ғой, балам. Науқастанып қалғаннан саумысың? — деп сөйлей жақындаған комендант апайдың даусы мейірімге меймілдейді. Таяп келіп, шашымнан сипады. — Қарғам-ай, жүдеп кетіпсің ғой. Бейуақта бүк түсіп неге жатырсың?


— Әшейін, — дедім тамағыма өксік тығылып. — Жәй жатырмын, апай.


— Е-ей, айналайындар-ай, жұдырықтай жүректеріңді өстіп ауыртасыңдар-ау, — деді апай қамыға күрсініп.


— Бөлмені тазалап қойсаңдаршы. Декан келсе, қызыл көз емес пе, дікілдейді ғой. Езіліп жатқанша, әкем, далаға бой жазып, бір ауық сергі. Түрің қашып кетіпті...


Қайта шығып бара жатқанында: «Қашан ақылдары кіреді бұлардың. Құдай-ай, сүйген жандар бір-бірін қинауға неге құмар?» деп ақырын ғана күбірлегенін құлағым шалды.


Жастықты құшақтап, екпетімнен аунап түстім. Ауа жетпей тұншығып, тынысым біткенше жата бердім. Жастық тысы дымқыл тартып қалыпты... Ақшам жамырай Алматыны, түнгі қаланы көруге шықтым. Тауға да барғым келеді.


Ұзын залда кездейсоқ жолықтық.


— Диплом алдым. Енді ауылға кететін болдым, — дедің баяу, бәсең үнмен. Қайқы кірпіктерің ақырын көтерілді де, тұнық көздерің мөлдір қарасудай жалт етті. Бірақ, сол мөлдірдің арғы түкпірінде мұң жатқандай. Бұрын мен байқамаған ауыр мұң. — Ештеңе айтпайсың ба?..


— Не айтамын? — дедім күмілжіп. — Не кінәм барын әлі күнге түсінбеймін...


Бетіме үңілдің. Ұзақ-ұзақ үңілдің үндемей тұрып.


— Түсіндің бе? — деп қайта сұрадың ерінің дірілдей. Даусыңда сүлесоқ селқостық, бәр-бәрінен баз кешкен шарасыздық, үмітсіз торығу көлкілдеді. Көкірегің күйдіріп, қамығып күрсіндің. Сосын: — Бақытсыз екенмін ғой, мен байғұс, — дедің тағы да күбірлеп. Ботадай көзіңнен қос тамшы үзіліп бара жатты...


Мен үшін уақыт мәңгілікке тоқтап қалды сонда. Содан бері әлі жылжыған емес. Кеудем де құр қуыс әшейін. Торығып жүрмін...


Зарыққанымды кім сезсін?!.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу