Өлеңдер ✍️
Сандық
Білмен қашан жасалғанын, кімге арнап
тапжылмастан салса қанша күн қармақ
тұратұғын төр алдында бір сандық —
керегекөз бедері бар, сындарлы-ақ.
Көрінетін құпиядай құтты елге,
не қазынасы барын білмес түк пенде.
Қашан көрсең сынын бұзбай салмақпен ,
иығында сән түзейді жүк төрде.
Сыры көптей бізге жұмбақ, біз ұқпақ,
құмартамыз,
жүреді анам құлыптап.
Ашылса егер ентелейміз бәріміз,
хан базарға ұмтылғандай қызықтап.
Жүрегіме анам бір күн сыр екті,
келтірді де оңаша бір ретті,
әдейілеп шығарып ап көрсетіп,
гүлі өзінен шыққан қызғылт жібекті.
Сезгіш жаным толғанысты тұрды аңдап
дегенде анам: «Көйлек болар бұл сәнді-ақ.
Әдейілеп сақтап келем қанша жыл
мектебіңмен қоштасатын күнге арнап».
Шырайменен бәріне де көндіккен
жетсе әзірмін өмірдегі сол нүктең
деп сандық та күтетұғын тәрізді
екеуміздің күнімізді сол күткен.
Сырласымдай бірге тойға күтінген
қарайтұғын болдым ерек күтіммен.
Сол жыл бірақ жүрегімді жаралап,
сол жыл тұңғыш үмітіме түкірген.
Иә, әлі қуанышпен күтер ек
үмітімді кетпегенде түтелеп —
әжем менің көзін жұмып сол жылы,
шықты содан ақыреттік шүберек.
Сол мүліктен әкеткендей бар құтты,
жек көрдім мен мынау қатал жарлықты.
Бірі - өмірге, бірі өлімге тілекші
екі ниет мекендепті сандықты.
Сезім былғап келген мынау қай қысым,
неге деймін бір-біріне қайшы тым ?!
...сөйтсем мынау тіршілікте бұл екеу
доғармайды екен мәңгі айтысын...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter