Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
22.11.2021
155
Жапырақ
Жаз дәурені азайып қалғасын ба
селдіреген жапырақ тал басында
Жер-ананың қойнына жөнелді, әне,
шайқалақтап ауаның арбасында...
Алыс тартып, азайып жігер-қызық,
сар түсінен сарала жыр өргізіп,
жапырақтар қоштаса қол бұлғайды,
жаз-әлемнен біржола күдерді үзіп.
Жапырақтар...
сары ала жапырақтар..,
әрбіріңде қаншама жатыр ақпар!?
Күнің өтіп барады-ау...
күнің өтіп,
шашу болып соңғы рет шашырап қал...
Жапырақ тал басында селдіреген —
жаңа ғана бүр жарған өндір өлең.
Жаз қызуы жасартып кетіп еді,
күз қазаны қуырып, солды денең...
Топырақтан қайта орнап сән басыңа,
айналарсың тіршілік жалғасына.
Жер ананың қойнына жөнеле бер
отырып ап ауаның арбасына...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter