Өлеңдер ✍️

  22.11.2021
  174


Автор: Гүлжауһар Сейітжан

Әке портреті

Оны ойласам жай болмай шешенденер,
күй де жоқ жұртта кеткен есемді елер
бір түйткіл көңілімді жайлайтұғын,
жанына жақындайын десем де егер.
Үркектеп, өз-өзімнен қашқақтадым,
кең толғар бір әңгіме бастатпадым.
Алдымнан өзі де емес, өзге де емес,
шаршаулы жанарлары шашты ақпарын.
Дейді олар: «Құлыным-ау, күнім жақын,
ілгері емес, кейінге бұрылды атым.
Көлеңке түсе ме деп көңіліңе,
көрдің бе, шыға алмайды үнім батыл».
Дейді тағы: «Шүкір ғой, шүкір, балам,
басқа түсер бір іске күтін, балам,
уақыт жақын,
қаласаң бәріңдағы,
қалады жарық дүние, бүкіл ғалам».
Әкенің ұқтым жайын, ойын - бәрін,
ұқтым мен,
келмесе де мойындағым.
Бірақ та су-су етіп қолға тұрмас
торғындай тұрақтамады ойымдағым.
Солай мені үркітіп өз күдігім
өмір өтіп, ілгері озды күнім.
Өлім деген бір сөзін жойғым келіп
аласұрдым адамдар сөздігінің.
Арман егіп, қондырған қолға үмітті
әкем бірақ қалмады...
өлді... бітті...
Көнесің-ау бәріне...
көнесің-ау,
көңіл бірақ тағы да болды күпті.
...Бір күні сіңлім жылап тұрып маған;
Сырым бар, — деді, — терең құлыптаған
«Өсірген балаларым бар-ақ еді,
жалғыз-ақ сенсің мені ұмытпаған!»
деп еді әкем маған елге бірде ..
үлкейткен суретін ап келгенімде.
Апырай, бір суретін үлкейттіріп,
Сен дағы ала келіп бермедің бе ?! —
Мына сөз маған қайта қара жапты,
көрмеген адам едім жаны азапты.
Кенеттен өкініштен бойым сыздап,
жүрегім қатты ауырып бара жатты...
Қайтейін, амалым бар бірақ қандай,
жанымды не бар, кәне, жұбатқандай?!
Жүрегімді езеді-ау...
жүрегімді...
апырай, мынау қатал сұрақтарды-ай...
Сезімтал бұл көңілім кейде керең,
немене ол суреттегі бейне деген?
Бір күні кетесің ғой ортадан деп,
ескерткіш жасап жүрсің дей ме деп ем.
Ойымнан шықпады сол, түске кірді,
өкініш өзекті өртеп, күшке мінді.
Портрет күндіз-түні төр алдынан
бақылап тұрса да оңды істерімді.
Сіміріп махаббатын толы арнадан,
жүрген шақта ашығып, тоңар ма адам?
Қаңдай!..
Қандай өкініш ата-ананың
тірлігінде қуаныш бола алмаған...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу