Өлеңдер ✍️

  22.11.2021
  614


Автор: Гүлжауһар Сейітжан

Жамал апа

Сөз етер жұрт санасынан тысқары,
қызық болып кімді,кімнің құшқаны,
Өсектепті бір әйелді заманда
әмеңгерлік заңы елде күшті әлі.
Болмысына ажар, ақыл тел біткен,
кенде емес мейірім мен кеңдіктен
сол әйел де жесір қалған, жары өліп
бар сияқты бір кемшілік ел күткен.
Сыпсың қаға абысындар сыр тартып,
азулысы сүйкеп өтіп, бір қарпып,
орнатыпты отауына жесірдің
басынғандай жары жоқ деп тың тәртіп.
Ажарлы әйел қай жерде де көзге ұрып,
көп жабының жаман жынын қоздырып,
елең етпей ешбіріне жүріпті,
жатса да өзін қанша жерден сөз қылып.
Теңі екен сүйіп барған жары өткен,
сүюімен жүрегіне нәр еккен.
Оң, солынан шығады енді сан жаман,
әмеңгер мен болам ба деп дәметкен.
Мазаны алып, сан сөз салған, жүз барып,
дейді екен «ата салтын бұзбалық».
Сөз етіпті жанын қояр жер таппай
салпыетектер күйеулерін қызғанып.
Тіл қатпаса тәкаппар деп айыптап,
бір сөз айтса бүкіл елге жайып сап,
күйеулерін арбағандай көріпті
ақ жүректі аярлыққа лайықтап.
Жыл өтеді... біреу әлде екі ме?
ұзын сөздің шыға алмайды ел шетіне.
Сәл-пәл сылтау табылса егер даярдай
талай әйел түкіруге бетіне.
Қан жылайды әйел қатты қорланып,
бір шешімге келсем дейді толғанып.
Қаламайды ешкімді де жүрегі,
қалағаны қолға тимес ол да анық.
Өркен жая алмаспыз деп бір бақта,
көндіге алмай жесір деген кірлі атқа;
ақырында келің болған ауылдан
бекініпті көшіп кетіп тынбаққа.
Қызық көріп жиналған жұрт айнала...
Көш көлігі бастағанда сайлана,
жетіп келген екен дейді кенеттен
аңшы-мерген, әсем, ұзын қайнаға.
«Ей, шырағым, тыңда сөзін ағаңның,
қал осында, қалсаң беттен қағар кім?!
«Жесір ерден кетсе де, елден кетпес», -
дейтұғын бір сөзі бар ғой бабаңның.
Терең осынау сөздің, айнам, сыры, ұғын
Орны қалсын, жоғалтса да ел құлының.
Етегінен ұста таңдап
алдыңда,
тұрған мына көп жігіттің бірінің.
Сап болады соңда өсек сөз бәрі,
Сұлу ұшқын ойнап шығар көзге әлі
Қашып кету ерлік емес, келінжан,
қиындыққа кім төзсе — сол озғаны».
Әйел сонда сәл ойланып, сәл күліп,
көз алдында сан елестер жаңғырып,
дейді оған: «Сен де тыңда, ей, аға,
мақсат емес маған кету қаңғырып.
Қысым жасап бас еркіме сан әлді,
сау басыма сырқат айып жамалды.
Бас сауғалап ел аман, жұрт тынышта
мәжбүр болдым батыруға қарамды.
Етегінен ұста дейсің кіміңнің,
бет-жүздерін көрмей жатып түңілдім.
Қажет емес маған ешбір жігітің,
келеді тек өз алдыңа жүгінгім.
Тілейтұғын тәттісі сен таңдайым,
осы менің бар мақсатым, бар жайым.
Алсаң қазір еріп кетем соңыңнан,
ал, әйтпесе, мен жолымнан қалмайын!»—
дейді әйел салмақ салып сөзге ерен,
бастап мүлде өзге күй мен өзге өлең
Ойламаған бірақ, бірақ ешқашан,
мақсатыма жетермін деп көздеген.
Кедей қызы,ажар,ақыл тек— бары
Ал бұл сері,бай,жалғыз ұл, текті әрі
«Тақияда тар-ау қанша мықты бол»
күлетіндей енді әйелге деп бәрі.
Кейбіреуге бұл сөз тиіп түрпідей,
бой көрсеткен өресіздеу күлкі кей.
- Бұл күтпеген жайдың бағып ақырын,
айнала жұрт тына қалған сілтідей.
Дайындалып гу-гу сөзге жұрт іші,
Шырт еткендей жаңа өсектің шырпысы.
Айқын еді тұрғандарға екені
ер жігіттің сыналатын бір тұсы.
Қызықта деп түр әсем құс мені ұстап,
бармақ бірақ мұндай күйге не қыстап?
Сүйіп алған өз жары бар, ол дағы
жігіт безер адам емес, келісті-ақ.
Жауап іздеп іркілген ол сұраққа,
Уақыты бар болса ғой тек бір апта...
Минут қана! Минут қана!
Сезгені —
жеңілгені өліммен тең бірақ та!
Қарақат көз әдемі құс, түсі аппақ
тұрған зілді сөзді ішіне тұсап қап.
«Кеттік онда!»
«Кеттік біздің ауылға!»—
деді «ағасы» кенет келіп құшақтап.
«Жардың сыры қашанда маған мәлім,
түсіндіріп бар жайды хабарлағың» —
деп, сонан соң жан жары - Жамалына
жөнелтіпті Нұрасыл адамдарын.
Күтпеген жай.
Күтпеген Жамал мұны,
жарық еткен Күн еді қараңғыны.
Мына хабар төбеден жай түсіріп,
болатындай ендігі қараң күні.
Ізім-қайым жоғалып күткен қызық,
сезіміне сызатсыз жікті енгізіп,
келе жатқан сияқты бір алапат
ұстап тұрған отауын жіптерді үзіп.
Қайрат біткен мезетте бойдан қалып,
жат хабардан жан дүние ойрандалып,
жігері бордай болып үгітіліп ,
бара жатқан...
бірақ тез қойды аңғарып.
Сезді Жамал енді істің оңалмасын,
«Не пайда айтқанменен оған да сын?!»
Күлмесін жұрт, сүйінсін күйіме бұл,
көрейін жетер ме екен соған басым?..»
Осы оймен байлауышын қайта байлап,
қарсы алды келген күйді «сайтан айдап».
Көзінде оты тұтап мол қайраттың,
батқан күн таң боп атқан қайта арайлап.
«Кім дәурен сүргісі жоқ бір күн байып,
кім білсін тағу керек кім кімге айып.
Тірлікте шытырманы таусылмайтын
жалғыздың сағын жұртым сындырмайық...
Шыдармын мен жай болса бір жан шыдар,
тұлпарға да күн туар шын қамшылар.
Азаматты жерге біз қаратпайық,
оны да тағдыр сынап тұрған шығар.
Қарама, ей, жарандар, қаптап маған,
болғым кеп тұрғаным жоқ жақсы атты адам.
Айналып өлсек егер артық емес
жігіттен ел намысын таптатпаған.
Заманы солай,
көрем шын несін мін,
келмесе мейлі бірге күн кешіргім.
Сол енді отауымның бір мүшесі,
шашуын өзім шашам күндесімнің!»—
деп, Жамал ұмытқандай бұрынғысын,
сездірмей ит жыртқанын мұңың да ішін
жанашыр жандарына басу айтып,
кеңдіктің көрсетіпті тың үлгісін.
...Екі әйел,
екі мінез, қыры бөлек,
көремін екеудің де сырын ерек.
Тапқандай тар қыспақтан жолды олар
қол ұшын беріп,
бірін-бірі демеп...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу