Өлеңдер ✍️
Бабаларға
Бабалардан қалған бәрі — ауа, Жер, су, тірлігім,
сыйлады олар сезім отын, жан, жүрек пен Күн нұрын.
Тарту еткен жарық дүние, он сегіз мың ғаламды,
маған бейне солар Жердің ұстап тұрған кіндігін.
Бабалардан қалған бері — әдет-ғұрпым, салтым да,
айырбасқа жүрмейтұғын ешбір асыл, алтынға.
Кісілікті, киелі мен әулиені пір тұтқан —
қайталанбас қасиеті қалып қойған халқымда.
Бабалардан қалған бәрі — ән менен күй, жыр, терме,
кішісіне— ілтипаты, сый-құрметі— үлкенге.
Ықыласты меймандостық, инабатты, ибалы
қасиеттер қалды олардан, арман болған сырт елге.
Бабалардан қалған бәрі — тілім, дінім, қонысым,
көркейткен де солар ту ғып туыстықтың өрісін.
Бұл дүниенің сан қызығын тарту еткен өлшеусіз,
алдарыңда борыштымыз деп ұғамыз сол үшін.
Бабалардан қалған бәрі — соларменен бір қаным,
соның күйі — тартатыным, соның әні — шырқарым.
Есімдерің есімізде мәңгілікке жатталар,
О, бабалар, аруақтарың жебеп жүрсін ұрпағын...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter