Өлеңдер ✍️

  22.11.2021
  175


Автор: Гүлжауһар Сейітжан

Бір шелек картоп

(Анам Ауанға)

Ол кезде оқушымыз, мектептеміз -
Дайын кез сан биікке жетпекке біз.
Бастама болса егер бір шырайлы
Бәріміз шығатынбыз беттеп тегіс.
Өршіген бойдағы бар жалын табы,
Құштарлық от билеген бар ынтаны.
Сәл ғана қалыс қалып бара жатсақ
Әзір ек қайтаруға қарымтаны.
Бас иіп үлкенге де, кішіге де,
Дос болдық бейтарап жат кісіге де.
Біз онда білмейтінбіз адамдарды —
«Басады бір-бірінің мысы неге?!»
Жанына қарамайтын бұрын тіктеп
Неліктен ұрсатынын «сілімтік» деп.
Неліктен қалатынын аяқасты
Алдында бір бірінің кібіртіктеп.
Білмейтінбіз өмірдің солқылдағын,
Ащысы мен иірім, толқындарын.
Жүретінбіз ұятқа балап онда
Өзімдікі деген сөз өр тұрғанын.
Бір күні бастық кісі келді бізге
Шақырып дәстүр болған ерлік ізге.
Біз тұрдық үлкендердің аузын бағып
Қуаныш күлкі үйіріп ернімізге.
«Совхоз биыл көбейтіп керектерін,
Білесіңдер көкөніс көп еккенін.
Соны жинап алуға дер кезінде
Қажет болып тұр бізге көмектерің.
Ойламаңдар деп не жеп, не ішеміз,
Жиналатын уақыт, — деді, — сегіз!..
Еңбектерің үшін біз бір-бір шелек
Картоп ала кетуге келісеміз».
...Сол күні бардық егіс даласына,
Бой бермей жатқан елдің шамасына
Шелектеп картоп тасып жүгірістік
Аңыз бен машинаның арасына.
Бір кезде жұмыс күні аяқталды,
Ауылға қайтатын кез таяп қалды.
Бір күнде тындырыппыз көп жұмысты
Біздерге сенім артқан жай ақталды.
Жас жігер бұл күні шын жалындапты,
Әлі де қимыл ширақ, арын қатты.
Уәделі бір-бір шелек картоптарын
Балалар қаптай барып алып жатты.
Ал менің діріл қағып текке демім
Әлдебір жат сезімге кектенемін.
Жанымда белгісіз бір ұят қысып
Алуға үлесімді беттемедім.
Қашады қарап жүріп табыстан кім?..
Себепсіз көпшіліктен қалыс қалдым.
Бір шелек картобымды әйтеуір мен
Алуға кереметтей намыстандым.
Қашан да ерекшелік тұрмақ батып,
Еш жанға жоламадым сырғып тартып.
Тек қана сезіндім бір жеңілдікті
Қайтқанда бос шелекті бұлғақтатып.
Түсінбей бірақ анам қалыбымды
Лезде басты менің арынымды.
«Бір шелек картоп артық болар ме еді,
Білмейсің бас пайдаңды әлі күнгі!
Бергенді неге алады басқаларың,
Неліктен оны сенің тастағаның!?»
Түсінбей дейді менің қылығыма
Мен болсам сөз айтуға жасқанамын.
Құлағымнан осынау бір үн кетпей
Түйіледі кеудемде сырым кектей.
Жан дүнием, жүрегім шешкен істі
Түсіндіріп айтуға тілім жетпей.
Тұйыққа түсініксіз тіреліппін
Деп тұрсам жүрегіме жыр егіппін —
Кенеттен әлденеге шаттық кернеп,
Шаттықтан кенет жылап жіберіппін.
Сол мезет дір етті де ана қасы
Қолынан түсіп кетті «иін ағашы».
«Жыламашы», — жарығым, бұл қу дүние
кетсін де көз жасыңның садағасы.
Өзің біл — не алып, не береріңді,
Біз табамыз өзіңе керегіңді.
Кек тұтпа пендешілік көп заманда
Өзін де ұмытпасын дегенімді.
Білесің ғой, жоқ менің сараңдығым,
Әйтсе де пенде болмай, жаралды кім?!
Жүрмесін дегенім ғой әлдекімге
Күлкі болып сенің пәк адалдығың!»
«Жоқ, ана, — деп сонда оны құшақтадым -
Тұсау керек әрқашан нысапқа мың.
Адамдық мәртебеден ажыратпайық
Әншейін тіршіліктің ұсақ қамын.
Қаншалық толтырса да құшақты арман
Бәрі де басталмай ма ұсақтардан.
Жақсы ма ерік беріп пенделікке,
Адамдық қасиетті тұсап қалған.
Сондықтан мен ерекше күйге түстім,
Сол мәні әлгіндегі күйзелістің.
Сондықтан әрекетім бұра тартып
Келгені биіктікке үйреніскім.
Ап-анық боп тұр әне алдағы шың,
Сондықтан оянғаны ар намысым.
Ендеше қуанамын сол ізгі ойдың
Жанымнан ұя тауып қалғаны үшін...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу