Өлеңдер ✍️
Жарығым-ау, алдыңда кінәлімін
Жарығым-ау, алдыңда кінәлімін –
Күмістей боп шықпаса бұлақ үнің,
Өзгертсе егер ажарын бұла күнің,
Шаттық деген сырт берсе шырақ-ұғым...
Шаттандырмай жүрсе егер бүгін кешең,
Құлдыраңдап, қуанып жүгірмесең,
Ұйқтамасаң балбырап түніңде сен –
Күнәһәрдің қапалы күнін кешем.
Сен шат болсаң байсалды, байыптымын,
Кірбің тартсаң болады ғайып тыным.
Жас өмірің жайқалтып жайып гүлін,
Бола алмасаң бақытты, айыптымын...
Күн суретін күлдіріп сала алмасаң,
Ойнай алмай қапысыз, алаңдасаң,
Балалықтың бағында жана алмасаң-
Ісімде мән қалмайды, ғаламда сән...
Бәрі маған қатысты – мұңың, ісің,
Өмірдегі жеңісің, жығылысың.
Жауаптымын ертеңгі күнің үшін,
Өмірге өзім берген құбылысым.
Айналайын түріңнен, жүрісіңнен,
Былдырлаған тіліңнен, күлісіңнен.
Игі нышан білінсе бір ісімнен,
Саған деген сезімнің нұры сіңген.
Сен көретін қызықтың баршасы алда,
Жауаптымын сол үшін әрқашан да.
Салым кетіп, сарғайып, шаршасам да,
Бұл өмірден базар боп, тарқасам да.
Жауаптымын, жауапты бәрі адамның-
Ертеңіне үмітпен қарағанның.
Ұрпағын келешекке балағанның,
Жалғасы өмірінің санағанның.
Көрші болу әр іске зауықты елмен,
Түрлі ойлармен әр бастан ауып келген-
Қорқытады бірақ та қауіптерден
Зұлым ниет әлемге тауып берген.
Айыптымын алдыңда сол үшін мен-
Сол себептен тарылса өрісің кең,
Жас жүрегің шайлықса соғыс-үннен,
Қарсы тұра алмасам өр ісіммен.
Жарығым-ау, алдыңда кінәлімін –
Күмістей боп шықпаса бұлақ үнің.
Өзгертсе егер ажарын бұла-күнің,
Шаттық деген сырт берсе шырақ-ұғым,
Жарығым-ау, кінәлімін...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter