22.11.2021
  603


Автор: Фариза Амангелдіқызы

Жалғыз қалған ана…

Айқыз апаның көкбазарды жағалағанына біраз күн болды. Күнде таң атысымен жағалап келіп, əрбұрышқа отырып, өткен-кеткен жолаушыға қолын жайып отырады. Астында қоқыстан алған банан коробкасы.


Мынадай суық күнде коробканың қай бір панасы бар дейсіз? Астынан өткен сыз жамбасы мен белін, одан қала бере екі тізесін қақсатып барады. Жұқа көйлек пен сыртынан іле салған етегі қысқа жемпірі қарашаның ызғарға толы желіне төтеп берер емес. Басқа киерге киімі жоқ, қайтсін енді. Кейуана суыққа тілім-тілімі шыққан қолын жайып күн ұзақ отырады. Біреулер аяп өтсе, біреулер көзінің қиығын ғана салып өтуде, ал енді бірі маскүнемдікке салынған ғой, болмаса осы жасқа келгенде үй-күйсіз жүрер дейсің бе,- деп күбірлесіп өте шығады. Көкбазар дүкендерінің жанындағы түскі ас дайындайтын асханаға  жаңадан жұмысқа қабылданған Дана екі-үш күннен бері осы кейуананы бақылап жүр. Жанына барайын десе бастығынан сөз есітемін бе деп тырп ете алмайды. Оның үстіне тапсырыс көп болғандықтан кешке дейін бір минут та бос болмайды. Түскі асын жүре жейді. Ал, кешкісін асхананы жауып, сыртқа шығам дегенше əжей кетіп қалады. Бүгін Дана терезеден тағы əжейді бақылап жүр. Таңертең бастығы азық-түлік əкелуге баратынын айтқан. Сол уақытты тағасыздана  күтіп жүр. Бастығы кетісімен сыртқа шыққан Дана əжейге беттеді. Суықтан орамалын мойнына дейін орап алған əжей жан-жағына мəн бермей бір қолын жайып, тізесіне сүйеніп отыр еді. Жанына барған Дананы байқамады, селк ете қалған əжей қорқақтап:
- Мен... Мына жерге...деп сасқалақтап орнынан көтеріле беріп еді, Дана сырт киімін əжейдің үстіне жапты да, қолындағы ыстық екі бәліш пен бір реттік стақанға құйылған ыстық кофені ұсынды. Түсінбей қалған əжей Данаға батасын үйіп-төкті. Дана əжейдің салқын қолын қысты да,
- Əжей, кешке кетіп қалмаңыз, мен анау асханада жұмыс істеймін. Кешкі 7-лерде шығамын. Мені күтіңіз, ал қазір асығыспын, - деді де асханаға жүгіріп кетті.


Асханаға кіргені сол еді Дананы бастығы күтіп алды. Кассадан ақша алуды ұмытып, кері айналып келген екен. Дана үнсіз тұрып қалды.
- Ондай кісілер қалада толып жүр. Не, əрқайсысына көмектесіп шықпақсың ба? Одан да өзіңді жарылқамайсың ба?- деді зіркілдеп.
- Кешіріңіз, енді қайталанбайды.
- Енді жұмыс уақытында сыртқа шыққаныңды көрсем, жұмыстан шығарамын, айтпады деме!
- Жарайды,- деп Дана тірлігіне кірісті. Кештің батқанын күтіп жүр. Əлгі кейуана да жалтақтап қарап қояды асхана жаққа. Бастығы ғана мұрнын тыржитып əжейді терезеден көріп, жақтырмай отыр. Жұмыс аяқталып, Дана есікті жапты да, əжейге келді. Сырттай бақылап тұрған бастығы басын шайқады да, көлігіне отырып жүріп кетті. Дана əжейді сүйеп тұрғызды да:
- Əжей, үйіңізге қайтасыз ба?- деді.
- Үйім жоқ қой, шырағым. - Аа, кешіріңіз, қайда қонып жүрсіз түнде?
- Мына базарды айналғанда, артында жертөле бар. Сонда жатамын.
- Не дейсіііз? Əжей-ау, ол жер қалдық сулар жиналатын жер ғой.
- Иə, білемін. Басқа барар жерім жоқ қой. Ол жерден ешкім қумайды. Сол үшін сол жерді паналадым.
- Бүгін біздің пəтерге жүріңіз, мен сізге көмектесейін.
- Өзің зорға күнелтіп жүргенде, маған көмектесіп қиналып қалмайсың ба, жарығым?
- Түк етпейді. Жүріңіз. Олар көкбазардан жоғары көтеріліп, Гоголь көшесінен такси ұстап пəтерге жол тартты. Үйде ешкім жоқ екен. Дана əжейді асханаға бастады да, өзі тез беті-қолын жуып, шəйдің қамына кірісті.
- Жалғыз тұрасың ба, қызым?
- Жоқ, 5 қыз болып тұрамыз. Олар жұмыста, кеш келеді.
- Саған ренжіп жүрмей ме, қайдағы дуананы кіргізіп деп...
- Жоға, о не дегеніңіз? Бəрі жақсы қыздар. Бірге оқығанбыз. Оқуды аяқтап, қалада жұмыс жасап жүрміз. Ал, шəй ішейік. Əжей беті-қолын жуып дастарханға отырды. Шəй үстінде сұрағаным ұят шығар деп Дана көкейіндегі мың сұрақты кейінге қалдырды. Оның сұраулы жүзінен бəрін түсініп отырған кейуана бір күрсініп алды да:
...Мен ең бақытты ана едім. Ұлым 5 жасқа толғанда күйеуім жол апатынан қаза болды,- деп бірден əңгімесін бастады. 


Жұбайымның қазасы ауыр тиді де, мен ауырып ұзақ жатып қалдым. Ұлыма абысыным қарады. Сол үйдің баласы сияқты өсті. Бəлкім өзім өсіргенде маған мейірбан болып өсер ме еді, кім білсін... деп əжей көзінің жасын бір сүртіп алды. Дана дереу барып шкафтан бет орамал əкеліп берді. Кейуана ары қарай əңгімесін жалғады :
...Абысыным ұтымды өз баласындай көрді, үш қызымен қатар өсті. Ешқашан бөлектетпеді. Мен екі-үш жылдан соң айыға бастадым. Тағы бір-екі жылда өз аяғыммен жүріп-тұратын болдым. Бұл кезде ұлым 10-нан асып қалып еді. Абысыным тым ерке қылып өсірді. Өзінде ұл болмаған соң, өз ұлындай көріп айтқанын-айтқан, дегенін-деген етіп ер жеткізді. 5-сыныптан 6-сыныпқа көшкенде өзім қолыма алдым. Жұбайымның отын сөндірмейін, шаңырағын былғамайын деп екінші рет тұрмыс құрмадым. Солай екеуден-екеу өмір сүріп жаттық. Мемлекеттің беретін аз ғана жəрдемпұлын талғажау етіп жүрдік. Балам өсе келе ол ақша жетпей бара жатты. Сосын күнделікті жалданып, үй тазалап, қора-қопсыларын тазалап ақша тауып жүрдім. Ұлым оған намыстанып, дауыс көтеріп менің ол жұмысымнан ұялатынын айтатынды шығарды. Менде диплом болғанымен, ешқашан жұмыс істемегендіктен жұмыс іздестірмедім. Ағайын-туыс та көмегін беріп-беріп болды. Қашанғы біреуге алақаныңды жаясың. Олардың да үй-жайы, бала-шағасы бар...
- Əжей, бауырларыңыз, ата-анаңыз болмады ма сол кездері?
- Болды ғой, жалғыз ағам болатын, мен училищеде оқуымды аяқтаған жылы əкем өмірден өтті. Ал, шешемді туғалы көрмегенмін. Мен туыпты да шешем жарықтық дүние салыпты ғой. Содан ағам мен жеңгем мені ұзатты да, өздеріңмен-өздерің болыңдар деп еді. Содан төркінге баруды қойған едім. Жұбайым қайтқалы, бізге жармасып масыл болады деді ме, есіктерін біз үшін мəңгі жапты. Ал қайын жұртым қашан да көмегін аямады. Балам мектепті аяқтаған жылы балдармен төбелесіп, біреудің баласына пышақ сұғып мілиса алып кетті. Содан екі жыл отырып келді. Менің қорлығым да содан кейін басталды ғой,- деп кейуана көз-жасын тағы бір сығып алды.


Əжей əңгімесін жалғады:
- Балам екі жыл түрмеде отырып шықты. Келген соң бəріне мені кінəлайтынды шығарды. Соның көңіліне қарап өмір сүріп жаттық. Қаласа үйге келеді, қаласа ол да жоқ. Бір күні сары шашты бір қызды ертіп келді. Мен осы қызға үйленемін деп. Қаланың ақсаусағы қайдан ауылға жарытып келін болсын. Үйленемін деп тұрып алған соң амалсыз, ағайынды жинап ақылдасып, егер үйленсе балалығы басылып, адам болар деген ой болды бəрімізде. Сонымен, абысыным келінді біздің үйге түсірейік, құда-жекжат келсе, союздің қоржын тамын көріп күлер, ұят-тағы. Келім-кетім аяғы басылған соң, келінді өз үйіңе аларсың деді. Жарайды, деп келістім. Той өтті. Келінді енді үйге əкелемін дегенім арман болды. Олар той өте салып, қалаға кетеміз дегенді шығарды. Былай айтсақ та, былай айтсақ та көнбеді. Қалаға кетіп, өз күнімізді көреміз деді.
- Мен қайтемін, балам-ау?
- Қайтеміні нес? Мам, бірге кетеміз.
- Қалада өмір сүру қиын ғой, жарығым. Е тұрақты жұмысымыз болмаса, е үй-жайымыз болмаса.
- Оооой, осы аударып-төңкеретініңіз не уайымдап. Жұрттар өлмей-ақ қалада өмір сүріп жүр ғой. Давай, мам, жинал,-деді балам.
Қалбалақтап, не жинарымды білмей тұрып қалдым. Бір-екі киім-кешек пен керек болар деп бірсыпыра төсек- орын, ыдыс-аяқ алдым да, шақырып қойған мəшинеге отырып, өмірімде аяғымды басып көрмеген Алматыға жол жүріп кеттік. Осында келіп, квартира алып, жайғастық. Бір-екі күннен соң балам мен келінім екі күнге жоғалып кетті. Қаланы білмейтін болған соң, амалсыз үйде отырып күттім. Екі күннен соң келіп тұр, қолдарында бума-бума ақша, өздері мəз.
- Мам, үйді сатып келдім, -дегенде төбемнен жай түскендей болды.
- Не деп тұрсың? Ол сенің үйің емес, сататындай. Əкеңнен қалған шаңырақ еді ғой. Менен неге сұрамайсың? Қалада қиналсақ қайтамыз ғой ауылға, деп сенің көңіліңіді қимай келіп едім. Бекер келіскен екенмін. Кімге саттың? Əкел ақшаны.
- Ойбой не болды? Ұлым үшін бəріне барам, ұлым тарықпай өссін дейтінің қане? Ақша енді сенікі емес, ол біздікі! Қалағанымызша өмір сүреміз! Ұнамай ма кете бер!


Состиып тұрып қалдым. Аузыма сөз түспеді. Кетейін десем қаланы білмеймін, білген күнде де ауылда үй жоқ. Қалайын десем, баламның айтқан сөздері өңменімнен өтіп барады. Шиқылдап құлағалы тұрған столға отыра кеттім. Сол-сол екен, содан кейін көрген күнімнің бір жақсысы болмады. Ішкенімді ірің, жегенімді желім етіп береді. Қара су берсең де, қабағыңды ашып берші деп келініме өтініш айтамын деп, баламнан таяқ та жедім. Үйдің ақшасының екі айда түбі көрінді. Келінім бизнес бастамақшы болған екен, жұмысы жүрмей қалыпты. Ақшаның басым бөлігі сонымен кетті. Қалғанын ішіп-жеп, тауысты. Квартираның ақшасын төлеуге ақша таппай, мен алатын жəрдемпұлды сұрады. Амал жоқ, бауыр етім ғой, бердім. Шынтуайтына келгенде мені сол квартираның ақшасын төлеп тұрады деп қана үйде тұрғызып жүрді ғой. Болмаса баяғыда-ақ қуып шығар еді, -деген əжей тағы біраз үнсіз отырып жылап алды.


Дана əжейді ұзақ тыңдады. Бұл кезде түн қараңғылығы болып қалып еді. Пəтерде бірге тұратын қыздардың да келетін уақыты болды. Дана əжейді жуынатын бөлмеге кіргізіп, ыстық-суық суды көрсетіп жатыр еді:
- Еее қызым, ауылдан келгенде тұрған квартирамызда да осындай еді, сол кезде үйреніп алғанмын, - деп күлді. Дана күлімсіреп таза сүлгі берді де, шығып кетті. Кейуана жуынып, тазаланып асханаға қайта кірді. Ыстық тамақтың тəтті иісі алқымды жарып барады. Шыдамсызданып, ыстық тамақ жемегелі біраз болған əжей бейшара:
- Сорпа ма?-деп сұрағанын өзі де білмей қалды.
- Иə, əжей, ыстық-ыстық сорпа ішіп терлесін дедім. Кеше ауылдан соғым салып жіберген əкем. Жас малдың еті. Дәмді сорпа болады қазір,- деп Дана бас бармағын көрсетіп əжейге күлімдеді. Кейуана Данаға қарап қызығып, өзінше армандап, осындай келінім болғанда бəлкім, қазіргі күйім бұлай болмас па еді, деді ішінен.
- Əжей, үйдің ақшасын  тауысқан соң ұлыңыз бен келініңіз не істеді? Олар жұмыс істейді ме?- деп сұрады Дана.
- Олардың тұрақты жұмысы жоқ. Балам қара жұмысқа мойны жар бермейді. Келінім де ақсаусақ. Анау-мынау тірлік істегісі келмейді. Əкесі қазақ, шешесі орыс. Əкесі кезінде тастап кеткен. Бөлек тұратын орыс шешесі бар. Оның үйінде ит-мысықтан көп нəрсе жоқ. Солармен бірге жүріп-тұрады. Қызынан соларын артық көреді-міс. Айналып келгенде екеуі де құр жүрген біреу. Сонымен, ақша түгесілді. Менің жəрдемпұлын ды алып жүрген. Ол қай бір жыртық жамайды. Ас-ауқатқа жетпей, үйде ұрыс-керіс көбейе бастады. Ақыр аяғында тамақтың бəрін мен жейтін болып, оларға масыл болып шықтым. Балам алдап-арбап поштадан алатын жəрдемпұлды банктен кəртішке дей ме, бірдеңемен алатын қылып жасады да, өз алып жүретін болды. Одан соң ары тұр, бері тұр бола бастадым. Бір күні квартираның егесі келді үйге, үш айдан бері ақысы төленбепті. Балам ертең төлейтінін айтты да шығарып салды.
- Бір айды зорға төлеп жүргенде, үш айды қалай төлейміз бірден,- дегенім сол еді, келінім айқайды басты. Орысша шүлдірлеп тұр. Ұқпадым. Екеуі ұрсып, ақырында келінім затын жинап тайып тұрды.


Содан, балам екеуміз, осы көкбазарға келдік. Осында пəтер беретіндер жүреді дейді. Пəтер іздемекші болдық. Баяғы пəтерден көретін болдық, заттарымызды пəтер тапқанша сонда қалдырдық. Көкбазардан арғы көшеде біраз пəтер іздедік. Балам, мені заттарды жинай беріңіз үйге барып көшеміз, пəтер таптым деп таксиге отырғызып адресін айтып шығарып салды. Үйге келсем басқа біреулер көшіп келіпті. Заттарымыз далада тұр. Не істерімді білмей біраз сыртта отырдым. Баламды күттім. Кеш батып қараңғылық қоюлана бастады. Балам əлі жоқ. Сол күні жаңа көшіп келгендерден өтініш жасап, бір түн қонып шықтым. Ертеңіне де сыртта кеш батқанша күттім, келмеді. Содан қайта осы көкбазарға келдім. Ары-бері есіме түсіріп пəтер берушілерді іздеп-тауып баламды сұрастырдым. Ол дегенің үлкен қала болғандықтан, сабан ішінен ине іздегенмен бірдей екен. Сол күйі баламды таппадым. Не өлі, не тірі екенін білмеймін.  Кейде мені əдейі тастап кетті ма екен деп ойлап қоямын. Ана жүрегі шіркін, сенгісі келмейді ғой құрғыр. Содан бері осы жерде қалып күнелтетін болдым. Сөйтіп жүріп бүгін өзіңе жолықтырды ғой Құдай, бірақ қызым алаңдама, ертең-ақ қайтамын ғой өзіме лайық жерге... - деп əжей əңгімесін аяқтады. Дана еріксіз жылап жіберді.


- Əжей, мен сізді бұлай тастап қоймаймын. Көмегімді аямаймын, - деп көзінің жасын сүртіп, əжейдің қолын қысты.


Дана ертеңіне жұмыстан екі күнге сұранды. Пəтерде бірге тұратын қыздың жиен ағасы осы көкбазарда телефон жөндеуші болып жұмыс істейді екен. Сол кісі арқылы əжейдің баласын біраз іздеді. Түр-түсін, сұр-сипатын айта бастағаннан-ақ бəрі тани кетті. Көкбазарға жақын жерде пəтер іздеген бір жігіт пəтер берушімен келісе алмай, əңгіменің ақыры жанжалға ұласып, жігіт пəтер берушіні пышаққа алыпты. Оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлері дереу жігітті алып кеткен екен. Мұны естіген əжей, сыздаған жүрегін ұстап қара суыққа мұз боп қатқан жерге отыра кетті. Қолтығынан демеген Дана жедел жəрдем шақырып əлек... Көзін ауруханада ашқан əжей бірінші болып жəне Дананы көрді. Дана амалсыз барлық жағдайды айтып берді. Өкінішке орай өткен күні пышаққа түскен пəтер беруші, жарасы жеңіл болса да, арызымды қайтып алмаймын деген көрінеді. Баласын уайымдаған ана байғұста бəріне көнгеннен басқа амал қалмады. Ауруханада бір жеті жатқан əжей, шыққан соң қайта көкбазарды жағаламақшы... Ауылға қайта алмайды. Мұны күтіп отырған не ағайыны, не төркіні, не өз үйі жоқ. Бірақ Дана əжейді көшеге қаңғыртып жібере алмады. Өз үйіне де апара алмайтынын түсінген ол ары-бері ойлады да, ең дұрыс шешім əжейдің денсаулығы мен күнделікті тамағы ғой, деп қарттар үйіне орналастырмақшы болды. Амалдап, əжейге айтып көріп еді:
- Менде таңдау да жоқ қой шырағым, - деп көзінің жасын сықты. Кешегі қол ұшын бермекші болған көкбазардағы телефон жөндеуші жігіт ағасы бүгін тағы бір қол ұшын беруге келісті. Тамыр-таныс арқылы əжейді Қарттар үйіне орналастырып, құжаттарын рәсімдеп берді. Қоштасып тұрып Дана:
- Келіп тұрамын, əжей, - деп құшақтады.
Қайтып келе жатып ұзақ ойланды. Дұрыс жасадым ба? Неге қарттар үйі? Неліктен?
Бұл сұрақтарға жанындағы құрбысы жауап берді.
- Неге өзіңді кінәлі сезінесің? Ең дұрысы осы. Əжей қауіпсіз, əрі қамқорлықта, - деді...


Соңы...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу