22.11.2021
  251


Автор: Фариза Амангелдіқызы

Өкініш

Есіктің алдын бұрқыратып сыпырып жүрген сіңлісіне Айкөркем ұрса кетті:

 

- Су сеуіп сыпыр дедім ғой саған!

- Септім ғой...

- Сепсең неге шаңы бұрқырап, тамақты қариды? Өтірік сөйлеме. Баршы өзім істеймін.
  Осыны күтіп тұрған сіңілісі сыпырғыны тасай салып, көшеде ойнап жүрген бір топ қыздарға тұра жүгірді. Қақпаны аша бергенде ескі көлік келіп тыр-тыр етті де тоқтай қалды. Әкесі мен анасы жұмыстан келіпті. Ойын баласы, бүлдіршін қыз ойлағаны болмай қалғанына қынжылып, басы салбырап кері қайтты.


  Айсұлу жеңгей мен Мейіржан аға қарапайым отбасының адамдары. Күйеуі ескі көлігімен жүргізуші болып таң атысы - күн батысы балалардың нәпақасын табады. Ал, бәйбішесі күні бойы базарда қап-қап көкөніс көтеріп, сауда жасайды.

 

Әйтеуір біреуден алда, біреуден кейін өмір сүріп жатыр. Шиеттей 5 бала-шағалары бар. Үйелмелі-сүйелмелі өсіп келе жатыр. Барлығы да момын, сабақты жақсы оқиды. Дегенмен, таң ата кетіп, қара кешке дейін осылардың тамағы үшін далада жүретін ата-ана балалардың тәрбиесіне қатты алаңдайтын.

Әзірге еш қиындық болмаса да, келешегі қандай болып өседі деп  уайымдап кейде таңды атыратын. Алғашқылары қыз, бой жетіп келеді. Екінші перзенттері ұл, мектепте жақсы оқиды, өте жуас. Бірақ, өмір адамды сол қалпы ұстап тұрмайды екен ғой...

Әні-міні деп, екі перзенттері де оқуды аяқтап қалды. Қызы ЖОО-на өз күшімен түсті. Екі жыл өткен соң, інісі мектепті аяқтады. Бірақ, өкінішке орай өз күшімен түсе алмады. Мейіржан аға осы ұлынан үлкен үміт күтетін. Сабағы да, мінезі де жақсы болғаннан шығар бәлкім. Сол үшін баласын ақылы оқуға түсірді.
- Баламның болашағынан үлкен үмітім бар. Оқымаса болмайды. Мен секілді орта біліммен қалып қойғанын қаламаймын. Кетпен шауып жүрмейді!- деп кесіп айтты. Аз ғана жер телімі бар болатын, соны ескі көлігімен бірге қосып сатып оқуға түсірді. Айкөркем бұл кезде 2-курсты тәмамдаған болатын. Інісі Айдостың оқуға түскеніне ол да қуанды. Бірақ, Айдос оқуды 2-курсқа жеткізе алмады…


⠀Айдос алғашында оқуға түскеніне өте қуанышты еді. Студенттік кездердің алғашқы айлары да басталып кетті. 1-семестр аяқталмай тұрып ауылына барып қайтты. Себебі, қаладағы оқуынан шығып келе жатқан әпкесі Айкөркемді аяқ астынан танымайтын 2 жігіт басып алып қашып кетіпті. Сол баяғы қазақтың "қайтып келген қыз жаман" деген ұранына салып бишара қыз көздері мөлдіреп жат мекенде қалып қойған болатын.

 

Айдос ауылға әпкесінің артынан қуғыншы боп баруға келіп кетті. Ата-анасы да момын жандар болғандықтан үнсіз келісті. Құда-құдағилары адуынды, әрі бай да бақуатты кісілер екен. "Қызымды төмендетпей, отан болып кетсе екен, өзіміз қатарлы отбасы болғанда болар ма еді..." деген ана байғұс іші бірдеңені сол кезде-ақ сезіп еді. Себебі, қуғыншы боп барғандарды жақтыртпай, құдалар екен деп төріне де шығармай салғырт шығарып салып еді. Қуғыншылар кете салысымен айбатты ене Айкөркемге бас салған болатын.
- Бишара! Қайда келгеніңді білесің бе өзі? Балам ішіп алып достарымен қалжыңға уәделесіп, көзіне көрінгенді әкеле слыпты. Абыройыма нұсқан келмесін деп ғана келістім. Мәңгі осы зәулім үйде қалам деп ойлама!-деген ене орамалын жұлып алды да, Айкөркемнің қолына ұстатты. Қоянның көжегіндей дірілдеген бишара қыз не кетіп қала алмай, не үй тірлігіне кірісерін білмей тұрып қалды. Тағдырының қор болғанын іштей сезді, бірақ ешкімге тіс жарып айта алмады. Амалсыз көнді...
  Айдос бірінші курсты көңілсіз аяқтады. Себебі, момын ауылдың жігітіне қаланың қырағы жігіттері күн бермеді. Ауылдан салатын азын-аулақ ақшаны тартып алып, бермесе пышақ кезеніп, әйтеуір бірін екі қылдырмады. Соған шыдай алмаған Айдос ақыр соңында оқудан шығып кетті. 2-курс оқымаймын деп шешті. Ауылға амалсыз оралды. Ауылда да мұны жайсыз жағдай күтіп тұр еді.
  Айкөркемді сыйдырмаған бақуатты ене:
- Түгі жоқ бишара, оқымаған наданның тұқымы!- деп үйден қуып шыққан болатын. Сүйретіліп төркініне қайтып келген қызы мен оқудан шығып келген ұлының соққысы Мейіржан ағаға қатты батты. Ақыр соңында ауруханадан бір-ақ шықты. Әуелі Алла, содан соң ақ халаттылардың арқасында аман қалды. Әйтсе де, жүрек құрғыр кейде сыр беріп қалады.


Әкесінің ауырып қалғаны Айдостың жанына қатты батты. Онсыз да үй ішіне, ауылға қара бет болдым деп жүрген оны ауылда да "оқудан шығып қалыпты" деген сыпсың сөздер қажытып жіберген соң, ең болмаса әке-шешеме бір пайдам тисін деп қалаға қайта аттанды. Бірақ, оқуға емес, жұмыс жасауға.

Диплом алмаған адамға кім мемекеттік қызмет дайындап қойсын, сол баяғы құрылысқа кірді. Бір жыл тоқтамай, демалыссыз жұмыс жасады. Еңбегінің жанғаны деген осы шығар, қомақты қаражатпен оралды. Баяғы оқуына деп сатқан әкесінің ескі көлігінің орнына зауыттан болмаса да, жаңа көлік алып мінгізді. Үй іші мәре-сәре боп қуанып қалды. Әсіресе әкесі көзіне жас алып, баласының бетінен сүйіп рақметін айтып жатты.
- Бұлай өзіңді қинап жұмыс жасай берме. Қазір сезілмес, бірақ жасың келе құрылыстың да зардаптары біліне бастайды. Егер ыңғайы келіп жатса, басқа оқуға түс. Оқымасаң болмайды балам, мен сияқты орта білім иесі болып қалма, - деді. Үнсіз қалған Айдос басын изеді. Жүргізуші болып жұмыс жасаған әкесі баяғы жұмысына қайта оралды. Ауылда біраз демалмақшы болған Айдос әкесінің орнына өзі таксист болып жүрді.
  Құдай бір айналдырғанды шыр айналдырады деген бар емес пе? Қуаныштары көпке созылмады. Енді ғана үй іші реттеліп келе жатқанда Айдос үлкен жолда келе жатып бір кішкентай қызды қағып кетті. Бәрі аяқ астынан болды. Адам тасып көшеде такси айдап келе жатыр еді, кенеттен ағараңдаған бір нәрсе алдынан шыға келді. Тежегішті басып үлгерді. Бірақ, үлгерді ме, жоқ па өзі де білмейді. Басы мең-зең болып көліктен түсті. Бағанағы ағараңдаған кішкентай қыздың көйлегі екен. Аздап қана зақым келіпті. Дін аман.


- Уффф,- деп жерге отыра кеткен Айдос аяқ-қолы қалтырап икемге келер емес. Қыз да қорқып қалыпты. Көтеріп көлікке мінгізді. Мекен-жайын сұрап үйіне алып барды. Қорқа басып қақпа алдына келді. Енді есікті ашпақшы болып еді әлгі қыз жүгіре басып үйіне кіріп кетті. Не істерін білмей тұрып қалды. Кері қайтып кетейін десе ары жібермей тұр. Кірейін десе сескеніп тұр. Осы кезде үй ішінен қатты шу шықты. Артынша үйден өретініп барлығы шықты.
- Кешіріңіз, сәлеметсіз бе? Мен...
- Не болды?  Тыныштық па? Қызым не айтып тұр?


- Мен әдейі емес. Үлкен жолда қалыпты жылдамдықта келе жатыр едім, қызыңыз алдымнан шыға келді. Сенбесеңіздер, көлік ішінде отырғандардан сұраңыз.
- Иә,  айтты. Бізге айтпай трассаның арғы жағындағы магазинге шығып кетіпті. Көлікті көрмей қалдым дейді,- деді анасы қорыққанынан дауысы дірілдеп.
- Бірден тоқтап үлгердім. Жақсылап сұрап, аяқ қолын тексеріп көрдім, аздап ғана сырылыпты. Дәрігерге апармас бұрын сіздерге ескертейін деп алып келіп едім менен бұрын үйге кіріп кетті ғой,- деді сасқалақтап.
- Дәрігерге апарып көрейін сонда да, ішкі құрылысы ауырып қалмады ма екен. Қызым қазір қорықып қалыпты, бәлкім содан айтпай тұрған шығар. Сен уайымдама, ешқандай шағымым жоқ. Құлап қалды деп айта салармын,- деген қыздың анасы үйіне қарай беттеді.
  Қоштасып "уф" деп көңілі орнына түскен Айдос сол адамдарды жеткізіп салды да, үйіне қайтты. Өзі де қорқып қалды ма, әйтеуір жүрегінің дүрсілі басылар емес. Үй ішіне болған жағдайды айтпаймын деп еді, онысынан түк те шықпады. Алдымен анасы сезіктеніп:
- Балам, жайшылық па? Түрің бозарып кетіпті ғой.
- Жәй... Ештеңе болған жоқ...
- Бері қарашы. Айтсаңшы не болды?
- Мам, мен бір қызды соғып жібердім байқамай...
- Не дейді? О құдай... Тірі ме?
- Ия тірі, онша зақым келген жоқ. Үйіне апардым, үй ішімен сөйлестім.
- Енді не болады? Неге ауруханаға апармадың? Мілисә шақырды ма?
- Жоқ, қызы өзі жүгіріп шығып алдымнан. Дер кезінде тоқтап үлгердім. Әке-шешесі шағымым жоқ деді.
- Ойбай жүрегім-ай. Тоқтап қала жаздады ғой. Абайлап айдамайсың ба? Айтам ғой үнемі ақырын жүр деп. Ееей бұларға айттың не айтпадың не? Желөкпеленіп жүресіңдер тегі... деп анасы өзімен өзі күбірлесіп кетті.
  Кешкісін дастархан басында тамақанып болған соң бар жағдайды анасы айтып берді. Кішкентайлар шошып қалмасын деп жатығымен түсіндіріп айтты. Әкесі баласына әрі ескерту, әрі рақмет айтты. Сол орында қашып кеткенде не болар еді? Ертеңіне анасы мен Айдос сол қыздың үйіне дәрі-дәрмегін, майда-шүйде тәтті-пәттісін апаратын болды.



Ертеңіне таңертең базар аралап біраз зат алып кешегі қыздың үйіне келді. Сыртта ойнап жүр екен.
- Қалайсың қызым? Жағдайың жақсы ма? Үйде кім бар,- деді Айсұлу. Айдос та қыздың маңдайынан сүйді.
- Үйде мамам бар. Шақырайын ба?- деді көздері жайнап. Баламысың деген, есіл дерті қонақтардың қолындағы сөмкелерде.
- Шақыра қойшы күнім,- деген Айсұлу жеңгей сөмкенің кішкентайын қыздың қолына ұстатты. Үйіне құстай ұшқан қыз, аз уақыт өтіп анасымен бірге шықты.
  Не керек, адамгершілігі мол, өздері секілді қарапайым кісілер болып шықты. Қызының өзі кінәлі деп, ешқандай шағымымыз жоқ деп шығарып салды. Айсұлу жеңгей енді ғана көңілі орнына түсіп үйіне қуанышты оралды. Тек Айдос мазасыз күй кешкенін тоқтата алмады. Өзінен-өзі көңілі түсіп, ұйықтаса түсіне кіріп, шошып ояна берді. Ақыр соңында күйзелістен арыла алмай үйден шықпай жатып алатын болды. Күннен күнге баласы күйзелістен арыла алмай жүргендіктен Мейіржан аға мен Айсұлу жеңгей Айдосты үйлендірейік деп шешті.

Жақсы келін келсе, мүмкін бірге өмірлері өзгерер, жұмыстары да алға басып кетер деп ойлады. Аяқ астынан қыз іздеп, тойдың қамына кірісіп кетті. Үйдің кішкентайлары той болатынына қуанып шапқылап жүр.
  Той да өтті. Көңілдегі жерден қыз алып, бірден құда-құдағи боп шыға келді. Осы уақытқа дейін жиған-тергендерін алғашқы тойымыз деп оңды-солды шашты. Жетпегеніне кредит алды. Айдос пен келіншегі де тойдан алдын біраз сөйлесіп жүрген болатын. Ақылына көркі сай келін үй ішін жайнатып шыға келді. 

Бақытты күндер басталып та кетті... Алғашқы тұрмысы ұқсамай, қайтып келген әпкесі де теңін тауып, жақсы отбасыға келін болды.
  Алғашында бәрі жақсы еді. Бір жылдан соң үй ішіне тәтті иіс келіп, немерелі болды. Шекесі торсықтай ұл сыйлаған келіннің басы бақыттан айналып жүрген болатын. Айдос баяғы көлік жүргізушілігін тастап, бір фирмаға жұмысқа тұрды. Өмірінің быт-шытын шығарып, бар бақытынан айырған оқиғалар дәл осы фирмаға кіргеннен басталды. Жақсы жұмыс, жақсы айлық Айдосты өзгертпей қоймады. Оның үстіне касса осының қолында болғандықтан, қомақты қаражат ұстап жүруді әдетке айналдырған болатын.

 


Айдос фирмаға кіргелі өзгере бастады. Қолынан миллиондаған ақшалар өтеді. Күнделікті кешкісін кассаны тапсырады. Бір күндері ұмытып кетіппін деген сылтаумен екі үш күнге кассаны тапсырмай жүре беретін әдет шығарды. 


Үйге үнемі кеш келеді. Тіпті, кей күндері келмей қалады. Уайымдап қоңырау соққан үй ішіне "жұмыс көбейіп кетті, басқа қалаға кетіп барамыз" деген сияқты неше түрлі сылтаулар айтатын болды. Осылай күндер өте берді. Бір күні әкесінің досы үйге келді. Шәй - тамақ ішілген соң, сыртқа шығып әңгімелесті. Сол кезде баласы жайлы әңгіменің бір ұшы шықты.



- Мейіржан, мен негізі сенімен Айдос жайлы сөйлесуге келдім.
- Не болды, тыныштық па? Біздің бала көңіліңнен шықпай жүр ме?- деді күліп.
- Мейіржан, Айдосты бір- екі рет байқап қалдым. Ауданның бұзылған жігіттерімен бірге жүр. Олар наркотикпен айналысады.
- Не дейсің? Қой, басқа-басқа  біздің Айдостан ондай шықпайды. Өзі болмысы жуас, оның үстіне баяғы жол апатынан соң  өте биязы болып кеткен,- деді Мейіржан ойланып.
- Жалған сөйлеп отырған жоқпын досым. Өз көзіммен көрген соң айтып отырмын. Қазірден жөнге салып, ара жігін ажыратып, анау бәлелерден басын ажыратып ал. Бұлай кете берсе нашақор болып өзінің де, сендердің де өмірлеріңді өксітеді,-деді досы күрсініп.
  Түрі бұзылып кеткен Мейіржан аға аяғынан әрең тұрды. Қоштасып, шығып кеткен досын да шығарып сала алмады. Тәлтіректеп үйге кірген бетте бөлмесіне барып жатып қалды. Бүк түсіп теріс қарап жатқан күйеуін көрген Айсұлу жеңгей жанына келді:
- Мәке, тыныштық па? Не болды? Түрің өзгеріп кетіпті боп-боз болып. Қан қысымыңды өлшеп жіберейікші.
- Жоға ештеңе емес. Басым ауырып аяқ астынан. Біраз жатып дем алсам қоятын шығар.
- Салқын су әкеліп берейін бе?
- Жоқ керек емес.
  Айсұлу бұдан әрі мазасын алмайын деп аяғының ұшымен бөлмеден шығып кетті. Мейіржан ұзақ ойланып жатыр. Соңғы кезде ұлының өзгеріп жүргенін байқағаны рас. Бірақ мұндай жағдаймен жүреді деп үш ұйықтаса да түсіне кірмепті.


Айсұлу жеңгей кеткен соң да Мейіржан аға ұйықтай алмады.  Ары-бері аунап ұзақ жатты. Қалайша менің ұлым нашақор болды? Аузына темекі алмаған бала нашаға жүгіну деген сенбейтіндей нәрсе ғой, деп ұзақ ойланды. Не де болса өзімен сөйлесіп көрейін деп Айдосты күтті. Әдеттегідей баласы тағы кешікті. Түн ортасы болды әле жоқ. Таңға жуық көзі ілініп кетіп еді, қақпаның тарсылынан оянып кетті. Ақырын бөлмесінен шықты да, кіре беріс бөлмеге өтті. Үй іші тегіс таңғы тәтті ұйқыда. Үстел үстінде отырған әкесін көрген Айдос сасқалақтап қалды. Көзін тайдырып әкетті де:
- Көке, сіз... сіз неге ұйықтамай отырсыз,- деді миығынан күліп.
- Бері қара!-деді әкесі.
- Менің ұйқым келіп тұр,-деп аяқ астынан Айдостың  қабағы қатуланып шыға келді.
- Бері қара дедім саған!
- Ал, не! Не болды соншама! Не көргің келіп тұр!- деген Айдостың көздері қып-қызыл болып әкесіне атылды.
- Оңбаған неме! Сен немен айналысып жүрсің а? Біз сені мақтан етіп жүрсек, бәрінен де асып түстің ғой сен. Наша шегіп жүргенің рас па?
- Қайдағы наша көке? Қазіргі тілмен айтсаңызшы "наркотик" деп, ха ха ха, - деді айқайлап күліп. Өз бөлмесінен сығалап тұрған келіншегі мына көріністі көрді де, қолдары дірілдеп дереу есігін жаба қойды.
- Иттің баласы! Енді осы ма еді көрмегеніміз? Біз сені күйзелісінен арылсын деп үйлендірдік. Отбасын асырасын деп жұмысқа тұрғыздық. Айтқан рақметің сол ма? Әжептеуір жұмыс жасап жүр едің ғой, не болды саған?
- Өмір бір рет келеді, көке! Шалқып өмір сүрмегенде ше? Несіне тіріміз онда?- деп Айдос екі қолын жайды.
  Бетіне шапалақпен  салып қалған әкесі аяқ-қолы дірілдеп еденге отыра кетті. Бетіне ащы шапалақ тиген Айдос одан бетер құтырып, әкесінің жағасына жармасты.


Орнынан атып тұрған Мейіржан баласының есін жиғызу үшін асханаға кірді де бір кружка суды алып бетіне шашып жіберді. Селк ете қалған Айдос біраз үнсіз тұрды да, тәлтіректеп бөлмесіне кіріп кетті. Келіншегі қорыққанынан көрпені тас жамылып, өтірік ұйықтаған болып теріс қарап бүк түсіп жатып қалыпты.


Айдос сол жұмыс киімімен келді де диванға ет бетінен жата кетті. Ал, Мейіржан аға ойланып біраз отырды да, ертең сөйлесермін деп бөлмесіне беттеді.
Солай күндер өте берді. Айдос кешігуін үдетпесе тоқтатқан жоқ. Бұл баланы не істеймін деген ой Мейіржан ағаны жегідей жеді.


Күндіз-түні ойлана беріп ақыр соңында қажып бітті. Тіпті соңғы күндері Айдостың жағдайын үй іші түгел естіген болатын.


Ана деген перзентін жамандыққа қимайды емес пе? Сонда да ұлын уайымдап, ерте келсе қуанып, кеш келсе тілеуін тілеп отыратын. Бірақ күндер өте үйде бір өзгерістің болып жатқаны ақырын - ақырын біліне бастады. Үйдегі қомақты, жарамды заттар жоғала бастады. Әрине сырттан келіп ешкім ұрламайтынын бәрі де біледі. Неше жылдан бергі үй емес пе? Бұрын-соңды ондай болмаған. Бұл жағдайдың соңы ұрыс жанжалмен аяқталды. Себебі, мұның бәрін Айдос болмайтын ақшаға сатып қажетін өтеп жүрген екен. Әр жанжалдың соңында:
-Кешіріңіздерші, енді тоқтатамын! Адам боламын,- деген сылтаумен жылы жауып қоя салатын. Мұндай ұрыс жанжалдан соң Айдос бір жетідей әжептәуір өзгеріп, адамға ұқсап өмір сүреді де, бір жетіден соң сол баяғы "хәләуләйліміне" қайта басады. Бір күні Айдос тағы да қатты кешікті.


Іші бірнәрсені сезген Мейіржан ағаның қолы еш тірлікке барар емес. Бұл жолы оның тірлігіне қанық үй іші  оны түгелімен күтті.  Тағы да таң ата кіріп келген Айдос кірген бойда еңіреп жылап жіберді:
- Көке, маған көсектесші. Олар мені өлтіреді болмаса,- деді дауысы дірілдеп.
- Не болды? - деген үй іші орындарынан атып тұрды. Сөйтсе, Айдос жұмыс жасап жүрген фирмасының кассасынан 1 миллион теңгені алып құмар ойынына тігіп, ұтылып шыққан беті осы екен. Мына сұмдықты естіген Айсұлу жеңгей талықсып бара жатты. Ал, Мейіржан аға боп-боз болып орнынан қозғала алмай тұрып қалды.


Енді не істейді? Бақандай 1 миллион? Қайдан алады мұндай ақшаны? Кімнен сұрайды? Өздері әйтеуір өлместің күнін кешіп, ары тартса бері жетпей жүрген шаруа адамдары болса.


Тума туыстан қарыз сұрап топтаса да болар еді. Бірақ, не бетімен сұрайды? Ұлым нашақор еді, енді фирманың кассасын құмарға тігіпті, ұтылып боздап отыр, көмектесіңдерші дей ме? Жо-жоқ! Атама! Одан да өлгенім артық. Тыныш қана қара жердің астында уайымсыз жатқаным дұрыс деп ойлады Мейіржан аға.


Амал жоқ, сол баяғы кредит деген атың өшкір пәлеге жүгінді. Солай баласының былығын тазалап шықты. Қуана -қуана әке-шешесіне рақметін айтып, енді қайталамаймын деп уәдесін беріп жұмысына кірісті. Келіншегі де момын болғандықтан бәріне үнсіз төзді. Ажырасуды тіпті ойлаған да емес. Бір күн болмаса біп күні Құдай нысап беріп қалар деген үмітпен өмір сүріп келеді.


Оның үстіне екіншісіне аяғы ауыр. Қайда барады? Төркінге тіс жарып ештеңе айтқан емес. Осынысы үшін ата-енесі келіндерін қатты бағалайды. Өз туған қыздарындай жақсы көреді. Сондықтан да, келіні бұларды тастап кеткісі келмейді. Қайтадан қалыпты күндер өтіп жатты. Баласының жаман қылықтарынан жүрегі шайлығып қалған ана байғұс баласы сәл кешіксе қорқып отыратын болған. Мейіржан ағада баяғы тыныш ұйқы атымен жоқ.


Жасы келсе де әр жерде жалдамалы болып жұмыс жасап жүр. Бір баласынан жақсылық көре алмаған әке екінші баласынан үміті зор еді. Сабақты жақсы оқып, жоғаиы оқу орнына өз күшімен түсіп білім алып жүр. Айдос сияқты емес, бәрінің тілін тауып, қалалық жігіттермен достасып студент атанып кеткен. Бір күні түскі астарын ішіп отырғанда Мейіржан ағаның телефоны шырылдады. Еш уайымсыз тұтқаны көтерген әкесінің түрі бозарып кетті:
- Алло!... Иә мен.  Неге?... Жарайды сөйлесейін... деп тұтқаны тастай салды.
- Тыныштық па? Не болды?  Кім хабарласты? Не деді? - деп кемпірі жаны қалмай сұрап жатыр.
- Бұлар мені тірідей көрге тығатын шығар!- деген әкесі орнынан атып тұрды.
- Қайда әлгі балаң? Бірінің күйігі аз еді, екіншісі қосылды.


- Мәке, айтсаңшы көкем-ау. Не болды? Айдос па тағы?
- Жоқ, Ердосың. Бұлар мені тірідей көрге тығатын шығар. Сабағынан хабарласты. Бір ай болыпты бармағанына.
- Не дейді құдай. Бұл балаларға не болды? Өзіне хабарлассаңшы. Ұрыспай сұрап көрші жарайды ма Мәке? - деп анасы байғұс сонда да баласын ойлап тұр.
- Қазір хабарласайын.
  Мейіржан дереу телефонды қолына алды. Ашумен қолдары дірілдеп Ердостың нөмірін әрең тапты.
- Алло? Ердос? Сен ба? Қайдасың балам?
- Көке қалайсыздар? Қазір хабарласам, сабақтамын. Жарай ма?
- Тоқта! Қайдасың? Сабағыңа бармай жүргенің рас па? Мұғалімің хабарласты.
- Көке, екі күннен соң демалыс болады. Үйге барған соң айтамын. Жақсы, қолым босамай тұр еді,- деген баласы тұтқаны қоя салды.
- Не деді? Тыныштық па екен? Аман ба өзі?- деген Айсұлу жаны қалмай тыпыршып тұр.
- Ештеңе жоқ, дін аман. Екі-үш күнде келеді,- деген Мейіржан үнсіз қалды.
  Айтқандай-ақ Ердос үш күннен соң қаладан келді. Әкесінің бірінші әңгімесі оқу туралы болды.
- Көке, мен... Сіз қиналып жүрген соң көмек болсын деп жұмыс жасап жатыр едім,- деді де әкесінің алдына бір бума ақша қойды.
- Жұмысы нес балам-ау? Сені оқысын деп жібердік емес пе?
- Иә, бірақ... Оқимын ғой. Азда ақша жағынан қарасайын дегем... Оқуымды қайта жалғастырамын. Бірақ сізден сұрайын дегенім, анда-санда жұмысқа шығып тұрсам болады ма?
- Жарайды, бірақ оқуыңа кесірі тимейтін болсын,- деп қатал ескертті әкесі. Қуанып кеткен Ердос ауылда аунап-қунап екі күн болды да, қалаға қайтты. Тыныш күндер алма-кезек өтіп жатты. Бірақ бұл тыныштық үлкен дауыл алдындағы тыныштық еді. Себебі, Айдос баяғы әдетін қайта бастап кеткен болатын.


Айдос баяғы әдетіне қайта басты. Ол ол ма, одан да сорақы тірліктерге көшті. Күнде кешкісін үй іші Айдоссыз тамақтанады.


Бала-шағасы әкесінің бейнесін ұмытып кеткендей сірә. Күнде-күнде осындай жағдай орын ала берді. Енді сезіктеніп, сөйлесем деп отырғанда бір күні аяқ астынан түнде Айдос ешкімге байқатпастан үйден шығып кетті.


Сол кеткеннен үш күн бойы оралмады. Үйдегілердің іздемеген жері жоқ. Адамға бірінші болып арам ой келеді емес пе? Тірі ме екен деген жалғыз үміт анасын үш күн ішінде біраз жылға қартайтып жіберді. Онсыз да жасы жетпей ағарған шашы үш күнде аппақ қудай болды. Әкесінің де тамағынан ас батпай сырт көзге құр сүлдері қалды. Келіншегі бишара көздері жәутеңдеп кім көрінген үйге кіріп келсе "жамандық алып келмесе екен" деп тілейтін болды. Төртінші күні әкесінің телефоны тағы да безектей жөнелді. Бәрі үнсіз тұрып қалды. Дереу телефонды алып үлгерген әкесі:
- Алло! Саламатсыз! Иә мен... деді де үнсіз тұрып қалды.
- Не болды? Тыныштық па? Айтсаңшы?- деген әйеліне қолымен "қоя тұршы" дегендей белгі берді.
- Сол өзім де ұлымды таппай отырмын үш күннен бері. Егер сіз білетін болсаңыз... Жарайды, бірінші ұлымды тауып алайын. Жақсы. Сау болыңыз,- деген Мейіржан түрі бозарып, қолдары дірілдеп столға сүйеніп әрең отырды.
- Айдос... Бұл бала қайда жүр? Уф, жүрегім. Айсұлу, дәрімді әкелші, - деді жүрек тұсын ұстап.
- Қазір, қазір, келін!-деп келінін жұмсап жіберді да мән-жайды сұрады. Айдос жұмыс жасап жүрген фирманың кассасынан тағы да 800мың теңге ұрлап қашып кетіпті. Балаларыңыздың қажеті жоқ, қанша қатесін кешірдім, жұмысқа келмей-ақ қойсын, тек ақшамды әкеліп беріңдер депті. Мейіржан осы оқиғадан соң қан қысымы көтеріліп ауруханадан бір-ақ шықты. Екі көзі бірден көруден қалды. Ал Айсұлу амал жоқ туыстарды жағалап, қарызданып жүріп баласының қарызын жапты.


Ауруханада біраз күн жатып шыққан Мейіржан үйге келген соң да жағдайы оңала қоймады. Бір көзі түгелімен көрмей, екінші көзі ғана аздап көретін болды. Зағип жан қай бір тіршілік жасайды дейсің, жәутеңдеп кім жылы сөйлесе соған иіліп балаша көңілшек болып кетті.
  Ал Айдостан үшті-күйлі хабар жоқ. Сол кеткеннен мол кетті. Іздеуге де берді. Өздері де іздеді. Дерегі шықпады. Анасы жүрегімен сезетін, еш жамандық болмағанына. Сонда да, хабар ала алмаған соң уайым шегетін. Бұл кезде келіншегі екінші перзентіне аяғы ауыр еді. Тек осы жұбаныш қана үй ішіне қуаныш сыйлайтын. Әйтеуір Алла бір жағынан қинаса, бір жағынан беріп қояды екен.  Келінді адалынан берді. Осыған да шүкір. Қолды-аяққа тұрмай, балаларың өздеріңе бұйырсын деп жүгін жинап кетіп қалса ше? Масқараның көкесі сонда болғалы тұр ғой. Құдай бетін әрі қылсын деп күнде тілеуін тілеп отырады.
  Осылайша біраз күн өткен соң ақырындап үйге бөтен адамдар Айдосты іздеп келе бастады. Бәрінің айтатыны бір сөз:
- Айдос қайда? Менен пәлен теңге қарыз еді!-дейді. Әр кісі келген сайын жүзін төмен салып, баласының тірлігі үшін ұялатын отбасы амалсыз жер басып жүрген еді... Сөйтсе фирманың ақшасынан бөлек, Айдос жора-жолдастарынан да қарыз алып, онымен шектелмей жауып тастаймын деп кредит алғызып бәрін құмар ойынға тігіп жіберген екен. Әкесінің сағип жанға айналғанымен қоймай, анасы да күннен-күнге қажып шөгіп бара жатыр. Айсұлу жеңгейді қажытатыны бәрінен бұрын елдің өсегі еді. Көрші-қолаң бетіңе мейірбан күліп, мұңын шертіскенімен, екі аттап теріс бұрылып бетін шымшылап, келесі көршіге барып "үйтіпті-мыс, бүйтіпті-мыс" деп өсек тарқататын. Айсұлу білмейді емес, біледі. Бірақ өз қолын өзі кеседі ме? Қайтсін енді, іштен шыққан шұбар жылан нақ осы көршісі айтқандай болып шықса. Қалай ақтап алады? Үнсіз төзеді...


Арада біраз уақыт өткенде Айдостан хабар да келді-ау әйтеуір. Қалада құрылыста жұмыс жасап жүр екен. Ауылға келуге беті жоқ. Қалай келеді? Иттен бір сүйек қарыз. Келсе ортаға алып бәрі түтіп жемей ме? Сол үшін де, жұмыс жасап жүр екен. Бір сыныптасы көріп қалып сөйлесіпті. Үй ішіні амандығымді жеткізсең болды деген екен, бірақ сыныптасы бүге-шүгесіне дейін айтып мекен-жайын берді. Бірақ, әкесі мекен-жайы керек емес іздемейміз, аман болса болды, қатесін түзеп қарызынан құтылып бір-ақ келер бір күні деді де қойды. Күйеуінің сөзінен аса алмай Айсұлу жеңгей де, қайын атасына тіке қарай алмайтын келін де осымен жым болды. Күндер өтіп жатты... Бірнеше ай да өтті...
  Үй іші әдеттегідей жиналып кешкі асқа отыра бергенде Айдостың бір жолдас жігіті үйге кіріп келді. Суыт хабар алып келгені түрінен-ақ белгілі еді.
- Аға Ассалаумағалейкүм! Ас болсын. Сіздерге бір хабар жеткіз деп еді.
- Уалейкүм... Иә жайшылық па балам, екі кештің арасында?
- Жайшылық болғанда, не ғой... Айдосты білесіздер құрылыста істеп жүр еді. Ол тіпті демалыссыз бірнеше ай істеді.
- Оны білеміз. Істесе өзі үшін істеп жүр. Біз оны қинап ақша тап дегеміз жоқ.
- Иә, дұрыс қой. Бірақ, Айдос қазір ауруханада. Құрылыста этаждан құлап кетіпті... Сіздерді дәрігер шақыртып жатыр...
  Ас үйден қонаққа тамақ құйып әкеле жатқан келіннің кесесі жерге түсіп кетті. Сілейіп тұрып қалды. Сөйлейін десе тілі күрмеліп икемге келер емес. Тек бір ғана сөз шықты аузынан:
- Тірі ме?
- Иә тірі. Бірақ халі нашар дейді... деді басы салбырап.
- О қу құдай. Енді осыны көрсеттің бе бізге, балам-ау... Құлыным... деп зар илеген ана жылап жүріп жолға дайындалды.
- Мен де барамын!- деген келінді бір сөзбен ғана тоқтатқан қайын атасы тез-тез жиналып ертеңді күтпей кеш те болса таксилетіп шығып кетті. Алладан амандығын тілеп, үйде келіншегі баласымен және кіші қайын-қайынсіңлілерімен қала берді.
  Алматыға таң ата кіріп келген Мейіржан аға мен Айсұлу жеңгей ешқайда бұрылмастан ауруханаға тартты. Бұлар келгенде ота да басталғалы жатыр екен. 8 сағат...


Ота өте ауыр өтті. 8 сағат өмір мен өлім арасында жанталасқан ұлының халін көрген ата-ана барлық қатесін бір-ақ мезетте кешіріп жіберді. Міне, ата-ана деген осындай. Бауыр еті баласын өлімге қимай, қандай болса да кешіріп, жанынан табылды. Ота аяқталып, Айдосты жансақтау бөлімінен шығарды. Уф деп терең дем алған ата-анасын дәрігер кабинетіне ертіп әкетті.
- Ұлдарыңыздың жағдайы біршама жақсарды. Қорқыныш артта қалды. Бірақ, мынаны ескеріңіздер, оның омыртқа мен аяғына зақым келген. Жүріп кетуіне мүмкіндік аз. Отадан оянған күннің өзінде арбада отырады.
- Бірақ жүруі де мүмкін ғой иә?
- Мүмкін, бірақ дәл кесіп айту қиын. Ұзақ уақыт керек.
- Мейлі, бастысы аман қалса болды. Күтеміз, Алладан үмітімізді үзбейміз,- деген әке-шеше кабинеттен көңілсіз шықты.
  Айдос палатада жатқанда құрылыста істейтін жолдас жігіт жағдайын сұрап келген еді. Сол барлығын баяндап берді.
- Айдоспен құрылыста таныстым. Алғаш клгенде өте көңілсіз жүретін. Бригадирден қосымша жұмыс сұрайтын. Мен неғыласың өзіңді қинап, осы жұмыстың да ақшасы жақсы ғой десем, ештеңе айтпайтын. Біраз уақыт екі жұмыс жасап жүрді. Соңғы күндері тіпті көп ойланатын болып кетті. Себебін сұрасам тек "Өткеніме өкінемін" дегеннен басқа ештеңе жарытып айтпады. Осылай күнде жұмыста ойланып жүретін. Бір күні біраз демалайық деп темекі шегіп отырғанбыз. Айдос бізден бөлініп терезе жақтауына сүйеніп отырған. Әдеттегідей ой үстінде отыр екен. Бір мезетте қатты айқайлаған дауыс шықты. Жалт бұрылып қарасақ үстіне бетон түсіп кетіп,  сонымен бірге этаждан құлап бара жатты. Барлығы көзді ашып жұмғанша орын алды. Дереу жедел жәрдем шақырдық. Сосын сіздерге хабар жібердік. Жағдай осы...- деген досы үнсіз жер шұқып отырып қалды.
  Айдос аз күнде ауруханадан шықты. Бірақ, арбаға таңылған күйде. Ата-анасы оны дереу ауылға алып кетті. Қазір үйде тек төсекте жатады. Көңілі қаласа бірауық сыртқа шығып қайтады. Оның өзінде бір адам керек. Өздігінен арбасына отыра алмайды. Баяғыдай зіңгіттей жігіт емес, құр сүлдері қалған. Күлімдеп тұратын көздері шүңірейіп ішіне кіріп кеткен. Жағы сопайып беті де азып кеткен.


Сол күннен бері Айдостың халі белгілі, жұмысқа жарамайды.Мейіржан ағаның да бір көзі көрмейді, екінші көзімен саңылау ғана көріп, жүріп-тұрады. Оның үстіне қан қысымы қалыпты емес. Кез келген уақытта көтеріліп кете береді. Жұмысқа жарамсыз болып қалған.


Миллиондаған кредиттер мен қарыздар жан-жақтан қысып жатыр. Айсұлу жеңгей ғана күні-түні тынбай еңбектеніп, үйдегі бала-шағаны да бағып жатыр. Жұмысқа шығайын десе келінінің де айы-күні жетіп отыр. Оқуын жалғастырған Ердос амалсыз тағы да академический алып Россияға жұмысқа кетті. Қайтсін енді, үйдің бітпейтін қарызын кім жабады? Жалғыз анасы қай жағына болысады?
  Үй ішіне көрік кіргізім отырған келіні болса, ешқашан бұл үйден кетпейтінін айтып, Айдостың үлкен-кіші дәретіне дейін өзі тазалап, үйдің тірлігіне де үлгеріп жүр. Жақында екінші баласын өмірге әкеледі. Күйеуінің көңілі құлазыса көңілін аулап, әңгімелесіп шүйіркелесіп қалады. Қайын атасының да жағдайын жасап отыр. Сондықтан да бүкіл ауылға сыйлы, көрші-қолаңның аузынан түспейтін жақсы келін атанып кетті. Енесі күн ұзаққа Жетісай базарында көкөніс сатады. Екі қызы тұрмыста. Екінші ұлы Россияда. Кішкентайы мектепте. Үйде жүгіріп жүрген немересі бар.  Әйтеуір осылардың несібесіне Алла беріп жатыр. Соған да шүкір.
  Ал Айдостың жағдайы бір қалыпты. Төсекте. Омыртқасы мен аяқ сүйектері түгел майдаланған. 10% ғана жүріп кетуге үміт бар. Ал, інісі Ердос ағамды қалай да аяққа тұрғызамын деп Россияға жұмысқа кеткен.
  Бұл күнде Айдос тек "ӨКІНЕМІН" дегеннен басқа ештеңе деп тіс жармайды...
Соңы...





Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу