22.11.2021
  266


Автор: Фариза Амангелдіқызы

Ауруды қабылдамаған балақай

 Күздің салқын күндері де келіп жетті. Еңлік күзді онша ұнатпайды. Неге екенін өзі де білмейді. Күз келді дегеннен көңіл-күйі түсіп, мазасы кетіп, селсоқ жүреді де қояды. Сабағына да аяғын әрең алып, барып келеді. Оны көрген анасы ұрыса жөнеледі.
- Осы сен күз келсе ауыратын бәлең бар ма? Қабағың түсіп, ештеңені ұнатпай өзіңмен-өзің күбірлеп жүресің де қоясың.
- Маған күз ұнамайды.
- О тоба, мезгілдің жаманы болушы ма еді? Сен қыз да бірдеңені шығарып жүресің.
- Қайтем енді? Білмеймін, осы күз келсе болды көңіл-күйім түсіп, ештеңеге мойын бұрғым келмей, бөлмемде жата бергім келеді.
- Далбасаламай тұр да, сабағыңа бар. Әкең келсе сабағына неге бармаған деп маған сөйлейді.
- Айтпақшы, әкем қайда? Дүйсенбі оған демалыс емес пе?
- Базар жабық, қала сыртындағы үлкен дүкенге кетті. Бүгін үйге қонақтар келеді.
"Уффф" қонағы бітпейді бұл үйдің деп күбірлеп Еңлік бөлмесіне кіріп кетті. Киініп сабағына жиналды. Сабақта да ештеңеге зауқы болмай отырып-отырып қайтты. Биыл оқуын аяқтайды. 4-курс болғандықтан сабақтың да мәнісі жоқ. Бәрі дипломдық жұмысқа кірісіп кеткен. Еңлік болса қандай тақырып таңдарын білмей әле жүр. Жарайды, үйге барған соң ізденіп бір тақырып көрермін. Жетекшілікті де өз кураторыма айтып көрермін деп ойланып келе жатып аялдамасын өткізіп алды. Іштей өзіне ашуланып, үйіне жаяу қайтты. Есікті ашып еді, асханадан тәтті иіс мүңк ете қалды. Еңліктің асқазаны шұрылдай жөнелді.
- О-о-о манты ма бүг...-деп сөзінің аяғын жұтып қойды. Анасының айтқан қонақтары келген екен.
- Сәлеметсіздер ме! - деді де асыға басып бөлмесіне кетті. Артынша анасы келді.
- Тез киіміңді ауыстыр да, жуынып дастарханға кел. Мені емес, сені көруге келген олар,- деп күлді анасы.
- Маған ба?- деп Еңліктің көзі аларып кетті.
Қонақтардың алдында ыңғайсызданып Еңлік дұрыс тамақтана алмады. Іштей " тезірек кетсе екен" деп тіледі. Олардың кететін түрі жоқ. Келген әйел кісі мен баласы-ау деп тұспалдады. Әкесін де ертіп келмепті да деп мырс етті Еңлік ішінен. Түн қараңғылығы қоюланғанда қонақтар орындарынан тұрды.


Келген қонақтарды шығарып салып жүрген анасына жақтырмай қараған Еңлік:
- Құда болуға келіпті демеңізші әйтеуір,- деді.
- Онда тұрған не бар? Әкеңнің сыныптас досының ұлы. Әкесі іссапарда болып келе алмапты. Баласы тәп-тәуір жігіт. Айтпақшы, сен оқитын оқу орнында оқиды, биыл аяқтайды.
- Атын кім деді? Көрмеппін мүлде.
- Аты Дәурен.
Иығын қиқаң еткізген Еңлік дастархан жинауға кірісті. Өздері шәй ішіп, жинастырып бөлмелеріне кетті. Көзі ұйқыға кетіп бара жатыр еді телефонына смс хабарлама келді. Дәуреннен...
Осылайша таныстық жалғасып кете барды. 4 жыл оқып бір жігітке қарамаған Еңлік Дәуренмен қалай достасарын да білмеді. Өзі үйінен қатынайтын болған соң алыстан келіп оқитын құрбылары секілді кафе-барларға да бармады. Сызған сызықтай оқу мен үй арасынан әрі аспайтын. Енді міне жігітпен алғаш рет кездесуге шықты. Тіпті не айтарын да білмей төмен қарап отыр.
- Еңлік, мен сені сырттай көріп жүретінмін. Бірақ әкелеріміз дос болғанын жақында білдім. Біз ауылда өстік. Әкем қарашаңырақта қалып қойды. Ал сенің әкең қалаға кетіп, оқып, жұмыс жасап, осында қалған екен.
- Ия естідім. Бірақ мен сені универде мүлде көрмеппін.
- Әрине көрмейсің, ешбір жігітке қарамаған соң,- деді күліп.
- Оның рас, бір жігітке қарап сөйлемеппін.
- Алдыңнан талай өткенмін. Жатақханаға құрбыларыңа келетінсің. Кейіннен білдім, өз үйіңнен қатынайтыныңды.
- Ия үйден барамын.
Ары қарай әңгіме үзілді. Екеуі де үнсіз... Бір-бірінен қысылып отырған сияқты.
Осылайша үнсіздікпен басталған махаббат терең тамыр жайып, оның иелері бір-бірінсіз тұра алмайтын ғашықтарға айналды. 4-курс соңына дейін қол ұстасып бірге жүрді. Оқу аяқтала салысымен үйленеміз деп шешті. Еңліктің құрбылары таңырқаумен жүр. Қалайша Еңлік жігітпен сөйлесіп жүр деп. Ал, Еңлік оларға күліп жауап береді:
- Ақ боз атты ханзадамды таптым!
Оқулары аяқталып, дипломды қолға алған күні Дәурен Еңлікке сөз салды. Еңлік те өз жауабын берді. Алда үлкен той‼


 Той да өтті. Бәрі бақытты. Таныс-біліс жер болған соң, арадағы сыйластық ұлғайып екі елдің арасына көпір салған жастар демалысқа кетті. Қанша ауылда туып-өсіп, ауылда тұрғанымен Дәуреннің отбасы көзі ашық жандар. Қаладан кем түспейтін екіқабатты үйі бар. Қосымша диханшылықпен айналысса да, мемлекеттік қызметкерлер. Еңліктің енесі орта мектепте оқу ісінің меңгерушісі болып жұмыс істейді. Өзі орысша тәрбиеленген, орыс тілінен сабақ береді. Сол енесі қояр да қоймай ұлы мен келінін той өтісімен демалысқа жіберді. Жастардың сөзімен айтқанда "Бал айы". Екі жетіден соң ауылға оралды. Келіннің шәйін ішеміз дегендер біртіндеп келе бастады. Еңлік жалғыз қыз болғанымен өте сыпайы, биязы болатын. Күліп жүріп келген-кеткен қонақтың көңілін тауып, батасын ала берді. Осылайша екі әулет те бақытты күндерді өткізіп жатты. Оқуы аяқталысымен дипломын алған екеуін қайын атасы жұмысқа тұрғызды. Енесі екеуі бір мекепте жұмыс жасайды. Ал Дәурен орынның босамауына байланысты көрші ауылдағы мектепке географ болып орналасты. Көп ұзамай бұл әулетте тағы да қуанышты жаңалық орнады. Еңліктің аяғы ауырлапты. Әрине барлығы қуанды. Аллаға шүкіршілік етіп құдай ас беріп жіберді. Бірақ не үшін ас беріп жатқандарын елге айтпай жасырып қалды. Санаулы айлардан соң өмірге Нұрбақыт деген батыр келді. Есімін атасы қойды. Нұрбақыт үйге одан сайын шаттық сыйлап өсе берді. Еңлік декреттік демалыста, баласына қарайды. Нұрбақыт 6 айға толғанда үйге құда мен құдағиы құтты болсын айтып келді. Дастархан жайып, ас-ауқат әкелінді.
- Ал, құда, немерелеріңіз 6 айға толыпты бүгін. Күннен күнге қылығы шығып, бәрімізді қуанта берсін. Басы аман болсын. Тегінің атын текті ететін перзент болсын.
- Рақмет құда.
Осы кезде шәй құйып отырған Еңлік күліп:
- Пап, неге немереңіз дейсіз? Сізге де немере болмайды ма?- деді.
- Жоқ, қазақта ұлдан туған перзент немере, ал қыздан туған перзент жиен де аталады. Қазір көбісі осыны шатастырады,- деді әкесі.

⠀Бәрі күліп-ойнап, ашық-жарқын отырған еді, балалар бөлмесінен Еңліктің кіші қайынсіңлісі жүгіріп келді.
- Жеңеше, Нұрбақыт қимылдамай жатыр.
Еңлік орнынан атып тұрды.
- Неге? Не болды?- деп асыға басып бөлмеге кетті. Бәрі орнындарынан атып тұрды.
- Не дейді?
- Тыныштық па?
Осы кезде Еңлік жүгіріп шықты.
- Мама, Нұрбақыт қимылдамай жатыр. Бірақ көзі ашық, - деп жылап жіберді. Бәрі өретіне бөлмеге жүгіріп кірді. Кішкентай шақалақ диванда сұлқ жатыр. Екі көзі жоғарыға тесіле қарайды. Қимылсыз. Атасы жүгіріп келіп жүрегін тыңдады. Соғып тұр. Маңдайынан суық тер бұрқ етті.
- Тірі екен. Жедел жәрдем шақырыңдар...
Барлығы ауруханаға келді. Баланы тексеріп жатыр. Еңлік жылай-жылай екі көзі бұлаудай болып ісіп кеткен. Дәурен оны жұбатумен әлек. Палатадан дәрігер шықты.
- Дер кезінде әкеліпсіздер. Баланың ұстамасы бар екен. Бұл алғаш рет болған жағдай ма?
- Ондай алдын болмаған. Қалай сонда? Шақалақта да ұстама болады ма? Қауіпті ме? Қазір жақсы ма? Кірсем болады ма? - деп Еңлік сұрақты жаудырды.
- Өзіміз де таң қалып отырмыз. Дене қызуы жоқ, өздігінен неге бұлай болғанын. Баланы барлық тексеруден өткізу керек.
- Жарайды...
Құда-құдағи үйіне қайтты. Ата-енесі де кеш түсе үйге қайтты. Тек Дәурен мен Еңлік балаларының жанында қалды.
- Дәурен, енді не істейміз? Жазылып кетеді ме?
- Әрине жазылады. Әле сәби ғой, бәрін жеңіп шығады. Мен де кішкентай кезімде талма ауруым бар еді. Қазір жазылып кеттім ғой.
- Не дейсің? Сенде болды ма мұндай? Мүмкін...
- Тұра тұр, дәрігерге айтып көрсек ше?
Екеуі дәрігердің бөлмесіне тұра жүгірді. Ол кісі енді жиналып жатыр екен. Дәурен есіктен кіре салып ойындағысын жеткізді.
- Мүмкін. Бәрі де мүмкін. Тұқым қуалаумен келуі де мүмкін. Десе де тексерістен өткізу керек,- деді дәрігер.
- Жарайды. Ертеңгі күнді асыға күтеміз...
Ертеңіне Нұрбақытты тексеріске алып кетті. Барлық сынамалар алынды. Өкінішке орай бұл ауру дәл әкесі секілді мимен байланысты болып шықты. Бірақ Дәурен ол кезде 4-5 оқитын бала еді, дәрі-дәрмек пен уколдың арқасында және ота сәтті өтіп құлан-таза айығып кетіп еді. Ал Нұрбақыттың жағдайы мүлде бөлек. Ол әле сәби, мұндай күшті уколдарды көтере алмайды. Отаны мүлде!

 Еңлік пен Дәурен сынама нәтижелерін көргенде өз көздеріне өздері сенбеді. Сәбилері туыла салысымен 1-ге толмай жатып талма ауруына шалдығыпты. Ең сорақысы әкесінің қаны арқылы келген ауру болып шықты. Әке-анасын қойғанда ата-әжесі, қала берсе нағашылары уайымға салынып не істерін білмей дал болды. Мықты-мықты дәрілер берейін десе Нұрбақыт әле кішкентай. Ағзасы көтермейді. Ал ота жасайын десе мұндай отаны сәби жүрек көтере алмайды екен. Сондықтан да тек бір ғана жолы бар. Нұрбақыт 5 жасқа толғанға дейін көзден таса қылмай өсіру керек. Аяқ астынан талып қалса дереу жедел жәрдем шақыру қажет. Бес жасқа келгенде ота жасап көруге болады екен. Басқалай еш амал жоқ... Еңлік амалсыз көнді. Көнбегенде ше, қолынан не келеді. Атасы Қазақстанның дәрігерлеріне сенбей сынама нәтижелерін шет елге де жіберді. Жауабы дәл сол, сәбиге әле ем қабылдау ерте.
Нұрбақытты ауруханадан шығарып үйге алып келді. Келгелі Еңлік сыртқа бір қадым аттаған емес. Жанында отырады. Дәрігер:
- Қатты қорқудың қажеті жоқ. Қашан қайталанатыны белгісіз. Сондықтан анда-санда көз салсаңыздар жеткілікті. Мүмкін айына бір, мүмкін 3 айда бір қайталанатын шығар. Біз ештеңе айта алмаймыз. Күні-түні жанынан шықпай отырудың қажеті жоқ,- деп түсіндірсе де Еңлік қорқады. Баламнан айырылып қаламын ба деген ана жүрегі уайымнан арылмады. Тіпті екі жеті ішінде Еңліктің шаштары да ағарып кеткен бе өзі, қалай? Оған ата-енесі мен Дәурен сүйеу болып, немерелерінің жазылып кететініне сендіріп бақты. Тек осылардың жылы сөзі ғана жанына демеу болып уайымнан арыла бастады. Осылайша бойын қорқыныш пен үрей билеп жүргенде Нұрбақыт бір жасқа толды. Бұл аралықта баяғы талма ауруы мүлде орын алмады. Ақырындап ол жағдай ұмытыла бастады. Нұрбақыттың тәтті күлкісі мен қылығы үй ішіне шаттық сыйлап, баяғы бақытты күндер қайта орала бастады. Нұрбақыт 1жастан аса салысымен аяғы мен тілі қатар шығып, сүп-сүйкімді томпаңдап жүгіріп жүретін болды.


 Осылайша бақытты күндер енді басталды ма дегенде Нұрбақыт үй ішін тағы да үрейге салды. Жағдай былай орын алған еді. Өз бетімен жүріп-тұрып, сөйлеп - Нұрбақыт өте зерек бала болып өсіп келе жатты. Әке-анасын іздемейді де. Атасы мен әжесі болса болды. Солардың етегіне жабысып бір елі қалмайды. Бір күні кешкісін атасы Нұрбақытты алып көшеге шықты. Ауылдық жер болған соң, кешкісін өрістен малдар қаптап келетін. Нұрбақыт 1,5 жасар болып қалған еді. Малды өте жақсы көретін. Әсіресе жылқы көрсе аузы былдырлап тынбайтын. Өрістен қайтқан малдарды көрші үйдің баласы айдап келеді екен. Астында бесті ат. Тура Дәуреннің есігінің алдына жете бергенде ат бірден шауып кетті. Қызықтап тұрған Нұрбақыт шыңғырып жіберді. Атасы бауырына басып:
- Қорықпа балам,- дей беріп еді Нұрбақыттың үні шықпай сылқ етіп, атасының мойнынан қысып ұстаған қолдары сырғып түсті. Атасы дереу көтерген күйі үйге жүгіріп кірді. Кіре беріске жатқызды да, бетінен ақырын ұрғылады. Үй іші абыр-сабыр... Еңлік жедел жәрдем нөмірін қолдары дірілдеп зорға теріп жатыр.
Тағы да аурухана алдында. Бәрі бір есікке телміріп күтіп тұр. Дәрігер шығып еді, барлығы тұра жүгірді.
- Балаларыңыз жақсы, уайымдамаңыздар. Өздігінен талып қалды ма?
- Мен кінәлімін. Нем бар еді сыртқа шығарып. Қатты шапқан аттан қорқып қалды. Шыңғырып жылады да бірден талып қалды,- деді атасы ақталғандай болып.
- Демек қатты қорыққан,- деп ойланып тұрып қалды дәрігер. Ертең баланың басын томографияға түсіреміз. Қазір алып кетсеңіздер болады. Немесе қорықсаңыздар осында жатсын.
- Осында бола берсінші,- деді Еңлік дауысы дірілдеп. Атасы мен енесі үйге қайтты. Дәурен мен Еңлік тағы да ауруханада. Түн ортасына дейін екеуі де көз ілмеді. Пысылдап ұйықтап жатқан балаларына қарап отыр.
- Дәурен Нұрбақыттың ертеңі не болар екен? Жазылып кетеді ме шынымен?- деп Еңлік басын күйеуінің иығына қойды.
- Қорықпа жаным, жазылады Алла қаласа бәрі жақсы болады. Бұл күндерді де ұмытып кетеміз.


Палатаға кірген дәрігер:
- Нұрбақыт деген батыр осында ма?- деді дауысын қаттырақ шығарып. Екеуі орындарынан атып тұрды. Қорыққанынан Еңлік:
- Не болды дәрігер? - деді сасқалақтап.
- Біздің батыр дайын ба? Әлде ұйқысынан оянғанын күтейік пе?- деп жымиды пысылдап ұйықтап жатқан балаға қарап.
- Оятайын ба?
- Жоқ ұйықтай берсін. Біраздан соң келемін,- деп дәрігер шығып кетті.
Бүгін Нұрбақыттың басын томографияға түсіреді. Барлығы жақсы болса екен деген ана жүрегі Құдайға жалынумен уақыт өткізуде. Бір сағаттан соң сәбиін жіберіп, өздері есік алдында күтіп қалды. Уақыт шіркін өтер емес. Күткен кезде уақыт деген жеткізбей кетеді ғой, ақыры шықты-ау. Дәрігер Дәуренді кабинетіне ертіп кетті. Ал Еңлік көздері жәудіреп не дәрігерге, не баласына барарын білмей біраз тұрды да, Нұрбақытты қолына алды.
- Айта беріңіз, дәрігер. Бірақ ештеңе жасырмаңызшы,- деді Дәурен дәрігерге тіке қарап.
- Жасыратын ештеңесі жоқ. Баланың жағдайы қатты жаман емес. Бірақ ми талшықтарында бір ақау бар. Өзіңіздің жағдайыңызды айтып едіңіз кеше, маған сіздің медициналық картаңыз қажет.
- Иә, қазір-ақ алдыртайын.
- Байқап көрелік салыстырмалы түрде. Егер ойдағыдай болса сол ретпен ем-шараны бастаймыз.
- Жарайды. Бірақ мен 4-5 оқыған шағымда ауырдым ғой.
- Алдымен картаңызды әкеліңіз, сосын көре жатармыз.
Барлық тексеріс аяқталып Нұрбақытты үйіне шығарды. Миында кінәрат табылған соң, Еңлікте ес қалмады. Дәл ұлынан айрылып қалатындай сезініп күні-түні жылаумен болды. Кім біледі, жанында Дәурен болмағанда өзінің жағдайы қалай боларын... Нұрбақыт үйінде жатып емделетін болды. 2жасқа жетпеген бала күшті уколдар мен таблеткаларды аз мөлшерден бастап қабылдайтын болды. Амал жоқ, бұған да көндікті. Міне, содан бері 2жыл өтті. Нұрбақыт уақытылы дәрі ішеді, үйден шықпайды. Тек күтіммен отырады. Қорқуға болмайды. Қатты қуануға болмайды. Нұрбақыт қатарлылар бақшаға барып, аулада ойнаса, бұл үйде терезеге телміріп отырады.


 Негізі Нұрбақыттың жағдайы қатты алаңдайтындай емес. Уақытылы дәрі ішіп отырса да жеткілікті. 6 жасқа толғанда миға ота жасалуы керек. Соған дейін дәріні үзбеу шарт. Себебі, асқындырмау қажет. Бұл дегенің үй ішінде қамап ұстау деген сөз емес. Осыны дәрігер қанша айтса да Еңлік тыңдамады. Тіпті, бала-бақшаға беруге де қарсы болды. Кез-келген уақытта талып қалса жанында болмай қалсақ ше деген үрей миына сіңіп қалған. Дәурен да, ата-енесі де, тіпті өзінің ата-анасы да айтып түсіндіре алмады. Баяғы биязы Еңлік қазір жоқ, Нұрбақыттың ауырғанынан бері тым өзгеріп кеткен. Ашуланшақ, өз дегенімен жүретін бірбеткей. Оны да түсінуге болады, ана ғой қайткенмен.
Нұрбақыт 4жасқа толғанда сыртқа шығып ойнаймын деп қиғылық шығара бастады. Оған көнетін Еңлік пе?
- Саған сыртқа шығуға болмайды.
- Неге болмайды анашым? Бәрі ойнап жүр ғой далада деп бұртиды баласы.
- Сол шығуға болмайды. Дәрі ішуің керек.
- Дәрі ішетін уақыт емес қой анашым. Мен хаттар алғанмын, әжем жұмысқа бара жатқанда, кейін келгенде ішемін ғой.
- Сонда да болмайды.
- Анашым, менің еш жерім ауырмайды, міне қарашы,- деп Нұрбақыт барлық жерін қолымен қысып-қысып шымшылап шықты.
- Көп сөзді қой, шықпайсың дедім.
- Еңлік неге Нұрбақытқа қатал қарайсың. Ол әле бала ғой. Ойнасын, таза ауаға шықсын.
- Жоқ Дәурен. Білесің ғой, ол ауырады, ол ауру. Оған бірдеңе болып қалса ше...
- Мен ауру емеспін, менің еш жерім ауырмайды, ауру емеспін,- деген Нұрбақыт бөлмесіне жүгіріп кіріп кетті. Не істерін білмей қалған Еңлік, қапелімде Нұрбақыт еш нәрсе түсінбейді деп ойлаған. Бірақ Нұрбақыт өте ерте есейіп келе жатты. Бәрін түснеді. Бәрін біледі. Тіпті ересектерше ойлайды. Еңлік столға отырды да, еңкілдеп жылап жіберді. Ішіндегі запраннан осылай құтылмақшы. Дәурен жұбатып жатса да, тоқтай алар емес. Біраз жылап, өз-өзін қолға алды да, Нұрбақыттың бөлмесіне қарай аяңдады. Келіп қараса, пысылдап ұйықтап жатыр екен.
- Кешірші мені балапаным, - деп маңдайынан иіскеді де, үстіне жеңіл жамылғы тастап қайта шығып кетті.


 Бүгін Нұрбақытты тексеруге апаратын күн. Жүрек құрғыр дүрсілдеп дәрігер не айтар екен деп уайымдап тұр. Бұл жолы тіреу болатын Дәурен жанында жоқ. Мектептің тапсырмасымен басқа ауданға кеткен. Ата-енесімен бірге ауруханаға келді. Тағы да анализ, тағы да тексеру... Құдай бір айналдырғанды шыр айналдырады дейді ғой. Тексеру нәтижесі бірқалыпты шыққанымен, ота тек шет елде жасалады екен. Біздің Қазақстанның оған қауқары жетпейді-мыс. Енді ғана отаға дайын болды, отадан кейін бәрі жақсы болады деп сенген ана жүрегі қайта қайғырды. Шет елге барып келу, отаның құны және ол жақтағы бір ай күнкөріс бәрін есептеп бағасын дәрігердің өзі шығарып бергенде тек Еңліктің ғана емес ата-енесінің де көздері шарасынан шығып кете жаздады. Ауқатты отбасы болғанымен, бүкіл ғұмырында жиған-тергені мұның тек 1/3ғана құрайды. Бәрін сатып жарты құнын тапты, қалған жартысын қайдан алады? Бір аптада үй іші түгел жүнжіп кетті. Тек Нұрбақыт ғана ештеңе болмағандай күлімсіреп жүр. Баяғыдай емес, анасын тыңдамай жылап отырып дегенін істетіп сыртқа балалармен ойнауға кететін болған. Ондай күндері Еңлік Нұрбақыт келгенше тісін тісіне қойып күтетін. Еңліктің миына жатталып қалған бір ғана сөз "сыртта бірдеңеден қорқып қалса ше?" деген сұрақ. Бірақ, шүкір, Нұрбақыт уақытында күлімсіреп кіріп келеді. Осы кезде енді шықпайды сыртқа дейді анасы ішінен. Бірақ ертеңіне оны тыңдап жатқан Нұрбақыт жоқ, шауып ойнап кетіп қалады. Еңлік пен Дәурен ойдан-қыран қарызданды. Ата-енесі таныс-білістен қарыз алды. Жетпегенін туыстар ортадан жинады. Белгілі суммаға әрең толтырды. Бастысы баламыз аман қалса болды, дүние қолдың кірі. Аман болсақ қарыздың бәрінен құтылармыз деген қайынатасы ақшаны буып Дәуреннің қолына ұстатты. Дәурен мен Еңлік балаларын соңғы рет Қазақстанға тексертуге алып келді. Егер отаға дайын болса келесі апта басында Швейцаряға ұшып кетеді. Тексеруге алып кіріп кетті. Бұл жолы Еңліктің көңілі тоқ. Бойында ешқандай қорқыныш жоқ сияқты. Ота жасаса бәрі жақсы болып кетеді деп сеніп алған.

 Күту залына дәрігер біртүрлі түрі қобалжулы болып кірді. Еңліктің жүрегі дүрсілдеп қоя берді.
- Не болды дәрігер? Балама бірдеңе болды ма?
- Айтсаңызшы, - деді Дәурен де тағаты таусыла.
- Мен түсінбей қалдым. Сынама нәтижелері мүлде ерекше. Алдыңғыларға ұқсамайды. Мен түк түсінбей тұрмын. Қалайша олай болуы мүмкін.
- Қалай сонда ерекше? Дұрыстап айтыңызшы дәрігер. Жағдайы қиын ба?
- Жоқ керісінше, сынама нәтижелері тап-таза. Бірақ қалайша? Дегенмен Швейцарияға барып жауабын тауып көріңіздер. Ол жақта отадан бұрын толық тексеріс жүргізеді.
- Иә, әрине барамыз. Ақша да топтап қойдық, - деді Дәурен есі шығып.
Бүгін олар ұшаққа отыратын күн. Атасы мен енесі аэропортқа шығарып салуға келді. Енесі қазақылыққа мойынсұнбайтын еді, немере деген тәтті емес пе? Ұятты жинастырып қойып, немересін адыраспандап әлекке түсті.
- Апа, қазір күзетшілері көрсе кіргізбей қояды.
- Міне-міне болды,- деп әжесі немересінің маңдайынан иіскеп біраз тұрды. Үнсіз... көзінен аққан мөлдір тамшылар Нұрбақыттың мойнына тамып жатты. Бәрінің ішінде үміт нұры жарқырап тұр. Дәрігердің соңғы айтқан сөздері көңілге медеу болып, қуанышты күйде жол жүріп барады. Олар ұшаққа отырып ұшып кеткенше атасы мен енесі аспанға қарап тұрды. Аз-маз уақыт өткен соң олар үйлеріне қайтты. Ал Нұрбақыт пен ата-анасы ұшаққа жайғасып, іштерінен дұға тілеп, беттерін сипады. Нұрбақыт ұшақта еркін отыр. Неге, қайда, не үшін бара жатқанын, бәрін біледі. Білмегенде ше, көзін ашып көргелі үй мен аурухананың ортасында өсті. Бірақ қорықпайды. Бала ғой дейін десең, есейіп кеткен сияқты. Ол ішінен өзінің ауру емес екеніне сенеді, сондықтан да бойында қорқыныш жоқ.
Жат елге келіп, елдегі дәрігердің нұсқауымен аурухананы дәл тауып барды. Қазақстан сияқты емес, мүлде басқаша. Ауруханасы да, халқы да.


 Аудармашы әрбір сөзді аударып беріп отырғанда Еңліктің көзінен аққан жас еш тоқтамады. Дәрігерге алғысын айта отырып, іштей өзін жегідей жеді. "Сол кезде Мен үйден мүлде шығармай, қамап ұстағанымда қазір жағдайы қандай болатынын бір Алла біледі" деп еңкілдеп жылаған Еңлік шыдай алмай сыртқа шығып кетті. Ізінен шыққан Дәурен телефонын алып Қазақстанға хабарласты.
Неше күннен бері бөтен елдің қоңырауын күткен Нұрбақыттың атасы мен әжесі шәй ішіп отырған. Кенет арғы бөлмеден телефонның безектеген дауысы естілді. Кішкентай қызы алып келді:
- Папа, біртүрлі нөмір хабарласып жатыр. Актив те емес, билайн да емес деді таңқалып. Орындарынан атып тұрған екеуі сүріне-қабына телефонға жармасты.
- Алло?
- Пап, қалайсыздар?
- Жақсы шүкір, неге хабарсыз кеттіңдер. Аман-есен жеткендеріңді де хабарламадыңдар.
- Пап, біз сол ұшақтан түсе салып ауруханаға келіп қарбаласып кетіп едік.
- Иә, жарайды Нұрбақыт қалай? Тексерді ме?
- Иә. Біз ертең елге ұшамыз Папа. Немереңіз сап-сау.
Көзден аққан жасы қысқа ғана сақалына тамып кеткен әкесі ары қарай сөйлей алмай бәйбішесіне телефонды ұстатты да, көзін сүртіп тысқа шығып кетті.
- Алло, балам...

Бүгін Нұрбақыт батырдың сүндет тойы. Ең алғашқы немересіне дүркіретіп сүндет той беріп жатыр. Жүректері шайлығып қалған ата-анасы анда-санда өз еріктерімен тексертіп келеді. Нәтижесі тамаша.
Соңы...



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу