Әңгімелер ✍️
Әке ұрмашы... (1- бөлім )
Ауыл іші у-шу. Жаздың күні кешкісін мал өрістен қайтарда ауыл осылай шулайды. Мөңіреген бұзау енесін іздесе, маңыраған қойлар қорасына асығады. Ауыл ішін шаңдатып қора-қора қой, сиыр, ешкі өтеді. Шеткі үйде тұратын өгей бала тайына мініп ауылдың барлық малын бағады. Есесіне біреу киім берсе, біреу азығын береді.
Ал біреу қалтасына бір-екі тиын тастайды. Үйінің алдында көкбет өгей шешесі күтіп тұрады. Сол малдың арасынан Мөлдір де жалғыз сиырын күтіп алып, қорасына қамай бергенде огородтың басынан арыққа бір құлап тұрып, тәлтіректеп келе жатқан әкесін көрді. Мұндай көрініске көзі үйреніп кеткен ол жәйбарақат жүріп тірлігін істей берді. Тек кішкентай інісі Айдын қорыққанынан үйге қарай құстай ұшты.
Үйге кіре салып анасын іздеді:
- Апа, әкем мас. Ана жақта келе жатыр. Болсай тығылсай,- деді жыларман халде.
- Келсе келер балам, қашанғы тығылам. Өлтіре қоймас. Сен бар, көрші үйге барып ойнап кел,- деді баласының маңайынан иіскеп. Ондағы ойы бала үйде болғалы тұрған жағдайды көрмей-ақ қойсын. Тағы қорқып жүрер дегені еді. Айдын кіп-кішкенай болса да сезіп тұр. Анасының өзін ойлап тұрғанын.
- Жоқ апа. Ойнамаймын. Ол сені тағы ұрады.
- Ұрмайды қорықпа балам, бара ғой. Ұрса қашып сенің жаныңа барам, жарай ма?
- Келесің ба?
- Иә.
- Жарайды, - деген Айдын теріс бұрылды да көрші үйге зытты.
Үйге сүріне-қабына кірген Досан көздері аларып, ықылық атып біраз тұрды да, көзіне ешкім түсе қоймаған соң іздей бастады.
- Ой, әкең... Қайда кеткен бәрі? Өліп қалдыңдар ма? Қалимаааа! Әкеңнің...
- Апам сиыр сауып жатыр. Не болды?
- Өй өңшең... Су әкел.
Мөлдір кружкамен толтырып су әкелді. Ағызып-тамызып сораптап ішті де Мөлдірге қарап лақтырып жіберді. Кружка барып дәл маңдайына тиген кезде селк ете қалған Мөлдір маңдайын ұстап далаға атып шықты. Артынан шыққан әкесі түк болмағандай:
- Айдыным қайда менің? Сол адам болады. Менің балам, маған тартқан! Сендерге түкіргенім бар, өңшең ит салдақы...
- Айдын, Ай-дын. Ай-дыыын. Тәлтіректеп жүрген Досан қора жаққа беттеді. Мөлдір анамды ұратын болды-ау деп ойлады да, дереу әкесін тоқатуға тырысты.
- Әке, Айдын анда ойнап жүр. Шақырайын ба?-деді. Себебі Айдынды көрсе Досан құшақтап, сүйіп, баласын жақсы көріп бәрін ұмытатынын жақсы біледі. Бірақ Мөлдірдің бұл алдаусыратқаны бола қоймады. Өйткені Досанның қорада сиыр сауып отырған Қалимаға көзі түскен еді. Қабаған иттей көзі қызарып, сонда беттеді.
- Әке, әне Айдын келді. Қараңызшы. Әке!- деп соңынан Мөлдір еріп келеді. Болмаған соң алдына шығып тоқтатпақшы болды.
- Былай тұршы ей салдақы,- деп әкесі итеріп жіберді. Қанша мас болса да еркек қой, Мөлдір анадай жерге ұшып түсті. Ісіп кеткен маңдайы тағы да жерге барып соғылды. Бірақ жылауды әлдеқашан ұмытқан оның көзінен бір де бір жас шықпады. Орнына қайта тұрып әкесі жаққа жүгірді.
- Мөлдір, қызым, үйге кір,- деп анасы қорадан шықты. Қолындағы шелегін төгіп алатынын білді де, жиналған тақтайлардың үстіне қойды. Қазір Досанмен алысып жүргенде төгіліп кетуі әбден мүмкін. Ал, бұл сүт төгілсе бүгінге азық жоқ. Себебі, Қалима сүт сатып бір күндік азық алады. Не нан, не қытай лапшасы. Қалима өзі мектепте еден жуушы болып жұмыс жасайды. Алатын жалақысы мардымсыз, екі перзентінің киімі мен керек-жарағынан артылмайды. Өзі, ескі-құсқыны киіп жүре береді. Базарға барып қашан соңғы рет өзіне киім алғанын да ұмытып қалған. Бірақ, оған еш қымсынған емес. Бұл өмірде тек қызы мен баласы үшін бар болып жүр. Болмаса, баяғыда-ақ өзіне қол жұмсар еді.
Досанның келе жатқанын көрген соң қызын үйіне жұмсады. Қазір араша түсіп Мөлдір келсе оңбай таяқ жеп қалуы мүмкін. Бірақ Мөлдір анасын тыңдаған жоқ. Әкесінің соңынан еріп келеді. Таяққа еті үйреніп кеткен Қалима күйеуінің алдынан шығып:
- Досан, үйге кірсеңші, тамақ ішейік,- деді өтірік күлімсіреп.
- Өй, әкең... Біреу бізге тамақ дайындап отыр ма еді?
- Балаларды қорқытпашы Досан. Жүре қойшы үйге. Айдын қорқып қалады.
- Айдын? Жаным менің, балам менің. Кәні менің балам? -деп тәлтіректеп үй жаққа бұрылды.
Үйдің бұрышынан сығалап қорқып тұрған Айдын әкесінің бұрылғанын көрді де көрші үйге жүгіре жөнелді.
- Айдын тоқта балам. Әкең ұрмайды сені,- деді Қалима. Кілт тоқтаған бала қорқып қарап тұр. Келуге жүрексінеді. Үйге кірген бұл отбасы есікті жауып, шамды жағып әркім өз тірлігіне кірісті. Ақысы төленбеген соң жарықты да қиып кеткен. Баласын құшақтап еміреніп отырған Досан:
- Қалима,- деп тағы бастады.
- Әу, не дейсің Досан? Су әкелейін бе?
- Шешең... Су әкел дедім бе саған? Жарық неге жоқ?
- Қиып кетті ғой. Төленбеген соң...
- Неге төлемейсің? А? Кім қиды? Неге қияды? К...ді бермедің бе қимайтын еді ғой.
- Досан, қой ұят болады. Балалар бар. Айдынтай әле кішкентай ғой.
- Жаным менің Айдын. Еркек бұл. Еркексің ба? Айт ей еркексің ба дейм?
- Иә, біздің Айдынай еркек. Солай десеңші балам,- деп Қалима жалпақтап жүр. Сөздің арасына Айдын қоса береді. Себебі, Досан Айдынды көрсе немесе атын естісе тыйыла қалады.
- Еркекпін... деді баласы қорқақтап. Осылай түн болар-болмас Досан қорылға басты. "Уууууф" деп демін алған анасы мен балалары бір ауық көңілдері көтеріліп қалды.
- Апа, әкем қашан арақ ішпейді?- деді Айдын.
- Арақ ішпесе ұрмаушы ма еді, әкең?- деді бұртиып Мөлдір. Тіпті әке деп айтқысы да келмейді. Әбден көңілі қалып кеткен.
- Білмеймін балам. Бір күні бізге де Құдайдың көзі түсіп, әкелеріңе нысап беріп қалар...
- Оған нысап берем дегенше біз де өліп тынатын шығармыз,- деді Мөлдір ашулы жүзбен.
- Олай деме қызым. Ол сенің әкең.
- Әкем болғанша болмағаны жақсы,- дей бергенде Досан теріс бұрылып жатты. Қорқып кеткен үшеуі жым бола қалды. Бүгінге алған бір уыс күрішті қайнатып айран қосып ішіп алды да, үшеуі далаға сәкіге төсек салып жатуға кірісті. Досан ыстық үйде жата алмай оянып кетпесін деп есік-терезенің бәрін ашып қойды.
Таңертең ерте тұрған Қалима сиырын сауды да, жұмысына жиналды. Мектеп жұмысшыларына еңбек демалысы өте аз күн берілгендіктен, бір мезгіл мектепке барып жан-жағын тазалап келеді.
- Қызым, әкең тұрса шәй-тамағын бер. Мені сұраса жұмысқа кетті де. Әкеңе қарсы сөз сөйлеме қызым, бекерге таяқ жеп қаласың. Үндемей құтыл.
- Жарайды апа, онсыз да күнде айтатын сөзіңіз ғой.
Мөлдір апасы кеткен соң үй тірлігіне кірісті. Түске таяп қалғанда Досан ұйқысынан тұрды. Бет-аузы ісіп, басын қасып біраз отырды да сыртқа шықты:
- Су әкел ей,- деп жекіді Мөлдірге. Әкесінің бұйрығын үнсіз құп алған бишара қыз құманмен жуынатын су әкелді.
- Мен саған ішетін су әкел едім,- деп Досан құманды лақтырып жіберді. Мөлдір тағы да үнсіз барып кружканы толтыра салқын су алып келді. Сіміріп ішкен Досан орнынан тұрып әжетін шығарып келді де, беті-қолын апыл-ғұпыл сатал-сатал жуды да дастархан басына жайғасты.
- Тамақ бар ма?
- Кеше айран көже жасап едік...
- Керегі жоқ! Нан мен жейтін бірдеңе әкел дүкеннен.
- Менде ақша жоқ қой...
- Қарызға ал. Шешең төлейді. Айлығы бар емес пе? Мөлдір үнсіз сыртқа шығып кетті. Бірақ дүкенге барғысы жоқ. Бәрібір қарыз бермейді. Бекерге кекетіп-мұқатып, адам құрлы көрмей "бишара" деп келекелеп жібереді. Мөлдір қақпа сыртында біраз отырып қайта ішке кірді.
- Дүкен қарызға бермеді.
- Неге бермейді? Қазір өзім барып аламын! Жүрегі зу ете қалған Мөлдір әкесін қалай тоқтатарын білмей сасқалақтап қалды.
- Тағы бір рет барып сұрайын ба?
- Жоқ! - деген Досан асыға басып дүкенге кетті. Мөлдір үйде қорқып шыдай алар емес. Сатушы менің бармағанымды айтса мені өлтіреді енді. Айдын, Айдынды бір жерге жіберу керек. Мені ұрғанын көрсе қорқып қалады, деп ойлаған Мөлдір Айдынды жетектеп есікке жете бергенде алдынан әкесі шықты.
- Салдақы! Шешеңе еріп сен де өзгеріпсің ия? Менің тамағымнан шешеңнің ақшасын аядың ба? Көрсетейін онда саған,-деген Досан Мөлдірді жұлқып қайта ішкі бөлмеге кіргізді.
- Әке, әпкеме тиіспеші. Мен барып алып келейін. Бірақ оны ұрмашы, әке,- деп Айдын орталарында шыңғырып жылап жүр. Мөлдірді жұлқылап үйге кіргізген бойда жұдырығымен беріп кеп жіберді. Оң жағына тиген жұдырық Мөлдірді ұшырып құлатты. Орнынан тұрып үлгермеген өзінің туған қызын аяусыз ұрған әке тоқтай алмады. Қолына жабысқан Айдынды итеріп жіберді.
Айдын әкесінің өзіне қол жұмсағанын көрмеген еді, қорыққанынан далаға тұра қашты. Ашулы күйде Досан сыртқы есікті тарс жапты да, қансырап жатқан қызына да қарамай көшеге шықты.
Мөлдір талықсып әлі жатыр. Ал, Айдын сол күйі көрінбеді. Түсте жұмыстан қайтқан Қалима қақпадан кіре бере бірдеңені сезді. Есік аңқиып ашық тұр. Есік алдындағы су толтырылған бак құлап, су төгіліп жатыр. Жүгіріп кірген Қалима қызының еденде жатқанын көрді де, дереу басын көтерді.
- Ит. Адам емес, ит. Өз перзентіне жүрегі жылымаған хайуан. Өліп неге тынбадың? Өлсең құтыламыз ба сенен?- деп жылап жүріп қызын төсегіне жатқызды. Бет-аузын жылы суға малынған шөберекпен сүртіп тазалады. Баласын көрші үйде болар деп ойлады. Себебі, сәл ұрыстың шеті шыға бастағаннан көрші үйге тығылатын. Барып алып келейін десе, қызын жалғыз қалдырғысы келмеді. Не істерін білмей біраз тұрды. Мөлдірдің жағдайын жасап жүргенде түс ауып кетті. Айдын әле жоқ. Мөлдірді ақырын оятқан анасы есікті іліп ал, ешкімге ашпа деп дайындады да өзі көрші үйге кетті. Бірақ онда Айдын жоқ болып шықты. Бүгіндікке бармапты. Жан ұшыра жүгіріп келген ол есікті ұрғылап жатыр:
- Мөлдір! Мөлдір мен ғой есікті аш.
Тәлтіректеп барған Мөлдір есікті ашты.
- Қызым, Айдын қайда? Қашан шығып кетті? Қайда жібердің?
- Білмеймін апа. Мені ұрып жатқанда итеріп жіберіп еді, содан сыртқа шығып кеткен. Қорқып көрші үйге барған шығар. Содан есімді жаңа сіз оятқанда жидым ғой.
- Барлық үйден сұрап шықтым. Еш жерде жоқ. Балам-ай қайда кеттің?-деп қайта сыртқа шықты. Іздемеген жері қалмады. Кеш батып барады. Енді не істейміз деп екеуі есік алдында тұрғанда көшеден Айдынның дауысы естілді. Күнде ауылдың түгел малын айдап келетін өгей баланың жанында атқа мінгесіп алыпты. Аттың басын олар осы үйге бұрып тоқтады. Айдынды көтеріп түсірген бала:
- Апа, балаңыз тоғай жақта жүр ғой. Бағана қайтып жатып көріп қалдым. Кеш батып бара жатқан соң мінгестіріп алып қайттым.
- Рақмет айналайын, өркенің өссін, рақмет!-деп Қалима қуанғаннан жылап жіберді.
Жалғасы бар...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter