Өлеңдер ✍️
Ынтық көңіл
Дертім меңдеп,
мазам кетіп..
қиял,елес қуалай.
Тағы отырмын бұ жалғанның сынағына шыдамай.
Сағыныштан жүрек сазып, кеуде тулайды екен ғой,
Саған ессіз ынтықтырып қойған мені, Құдай-ай!..
Бойсұнғысы келмей көңіл, бөтендігің ескермей.
Жанарымды жұмсам бейнең тұрар бақыт кешкендей.
Бұл неғылған алапат күш, құштарлықтың жалыны,
Өзегімді жарып шыққан жанартаудай, дес бермей?!..
Менен рұқсат, келісім де сұрамаған өрт сезім.
Шарпып өтті өн бойымның қуыстарын,бөлшегін.
Тәкаппар, сақ, әншейінге міз бақпайтын көңілім,
Жалыныңа еріп кетті, білмей дерттің өлшемін.
Бейнең кетпей, есіл-дертім сені ойлаумен сенделдім.
Тілгілейді тәтті уайым өзекшесін кең демнің.
Сен жайында ойды қусам көз алдымнан, санамнан,
Шаншу болып қадалады, сол тұсына кеудемнің..
Жанар Ешназар
11/06/2021
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter