Өлеңдер ✍️
Біз кедейміз ыңыршағы айналған
Біз кедейміз ыңыршағы айналған,
Дүниеге емес, дүние ділі ойлардан.
Біз кедейміз, біз не дейміз, бірақ та
Алдыңғы ұрпақ шыға алмаса қайраңнан.
Біз кедейміз жан дүниеміз жалаңаш,
Біз кедейміз, ал кедейлік шала мас.
Біз кедейміз, ал кедейлік көрсоқыр,
Ашпа-жалап айналаға қарамас.
(Ақыл-ойдан кедейліктің қимылы
Әрі оспадар, әрі ожар, әрі оғаш).
Біз кедейміз, киімге емес, асқа емес,
Көңіл күй ме?..
Оны да ешкім пәс демес.
Қос-қос жүзік, қос шығыршық қос-қостан
Саф-саф алтын, саф-саф бәрі, қоспа емес.
Саф-саф алтын, саф-саф күміс, саф бәрі,
Сонда да бір әлдененің жоқ нәрі.
Біз кедейміз, не нәрсеге кедейміз,
Ойымызға орала ма ол жағы?
Оралмапты...
Біз кедейміз, кедейміз,
Кеш ойлансақ, кедей емей не дейміз?
Адам заты, ақыл-ойдың алдында
Кәне, кімбіз тұт жалаңаш емей біз?
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter