21.11.2021
  472


Автор: Роальд Даль

Чарли және шоколад фабрикасы

1. ЧАРЛИ КЕЛЕ ЖАТЫР


Мынау екі қарт — мистер Баккеттің әкесі мен шешесі. Олардың аттары — Джо атай мен Джозефин әжей.


Ал, мына екі қарт — миссис Баккеттің әкесі мен шешесі. Олардың аттары Джордж атай мен Джорджина әжей.


Мына кісі — мистер Баккет. Мына кісі — миссис Баккет. Ерлі-зайыпты мистер пен миссис Баккеттердің Чарли Баккет есімді ұлдары бар.


Мынау — Чарли. Армысыздар! Армысыздар! Армысыздар! Чарли сіздермен танысқанына өте қуанышты!


Бұл отбасы мүшелерінің барлығы — алты ересек (санаңыздар) және бір бала — үлкен қаланың шетіндегі кішкентай ағаш үйде тұрады.


Осыншама адамға үй тарлық етеді, тұрмыстары жұпыны. Екі бөлмелі үйде жиһаз атаулыдан бар болғаны бір төсек. Төсекке төрт қария жатады, себебі олар өте қартайған және шаршаған кісілер. Шаршағандары соншалық, төсектен ешқашан тұрмайды.


Джо атай мен Джозефин әжей — төсектің бас жағында, Джордж атай мен Джорджина әжей төсектің аяқ жағында жатады.


Мистер пен миссис Баккет және кішкентай Чарли Баккет түпкір бөлменің еденіндегі матраста ұйықтайды.


Бұл ыңғайсыздыққа жаз кезінде төзуге болар еді, бірақ қыста еденнен суық жел ұрып қатты қинайды. Тәуірірек үй немесе тағы бір кереует сатып алу туралы сөз қозғаудың өзі артық. Себебі бұл тым кедей отбасы болатын.


Бұл үйде жұмыс жасайтын тек мистер Баккет. Ол күні бойы тіс пастасы фабрикасында паста толтырылған түтіктердің қақпағын бұрап жабумен айналысатын. Бірақ қақпақ бұраушы қайбір оңған жалақы алушы еді, мистер Баккет қанша тырысса да, қақпақтарды қанша жылдам бұраса да, үйдегілердің қажетін өтейтін заттардың жартысын сатып алуға жетерлік те ақша таппайды. Оның жалақысы тіпті жартымды тамақ алуға да жетпейді. Таңертеңгі асқа нан мен маргарин, түсте булаған картоп пен орамжапырақ, кешке орамжапырақ көже ішуге ғана мүмкіндіктері жетеді. Жексенбіде жағдай сәл жақсаратын. Отбасы ол күнді асыға күтуші еді, себебі жексенбіде жаңағы тамақтарды үстеп ішуге болатын.


Әрине, Баккеттер әулеті ашыққан жоқ, бірақ олардың барлығы — екі қарт атай, екі қарт әжей, Чарлидің әкесі мен анасы және Чарлидің өзі азаннан кешке дейін асқазандарының талып, жүректерінің сазып тұратынын үнемі сезініп жүретін.


Бәрінен де Чарлиге қиын соқты. Әкесі мен шешесі Чарли жесін деп түскі ас пен кешкі астан жиі бас тартса да, өсіп келе жатқан балаға мұның өзі де жеткіліксіз қорек еді. Чарли орамжапырақ көжеден құнарлырақ, орамжапырақтан дәмдірек тамақты қатты қажет етті. Ол бәрінен де ... ШОКОЛАД жегісі келді.


Чарли таңертең сабаққа келе жатып текше-текше шоколад қойылған дүкен терезесінің жанына тоқтағанда аузынан сілекейі шұбырып, мұрнымен әйнекті тесіп жібере жаздайды. Мектепте қалтасынан шоколад алып, қомағайлана жеп тұрған балаларды күніне бірнеше рет көретін, дүниенің азабы да сол.


Чарли Баккет жылына тек бір рет, туған күнінде ғана шоколад жейтін. Осы күн үшін оның әкесі мен мамасы, ата-әжелері жыл бойы ақша үнемдеп, мереке келгенде Чарли тұтас бір тақта шоколадты бір өзі жеу құрметіне ие болатын. Туған күннің тамаша таңында алған сыйлығын кішкентай ағаш қорапшаға салып, құдды, ол шоколад емес, бір кесек саф алтындай бірнеше күн бойы тек қызықтай қарап, жемей жүреді. Сосын одан әрі шыдай алмағанда ораманың бір шетін сәл ғана ашып, тамаша тәттіден дәмін татқанға ғана жеткілікті титтей үгітіп алатын. Келесі күні тағы титтей үгітіп, алтыпеннилік шоколадты осылай бір айдан астам уақыт талғажу ететін.


Бірақ мен саған шоколадты жақсы көретін Чарлиді бәрінен қатты қинайтын бір нәрсе туралы әлі айтқан жоқпын. Бұл дүкен терезесінде текше-текше боп тізіліп тұратын шоколадтардан да, дәл алдыңа кеп шоколад жейтін балаларды көруден де жаман еді. Бұл адам баласы ойлап тапқан азаптың ең ауыры болатын.


Сол қалада, Чарлидің үйінің маңайында АЛЫП ШОКОЛАД ФАБРИКАСЫ орналасқан еді! Көзіңе елестетіп көрші!


Және де бұл жай әншейін қатардағы шоколад фабрикасы емес. Бұл дүние жүзіндегі ең үлкен, ең атақты фабрика болатын. ВОҢКА ФАБРИКАСЫ деп аталатын бұл кәсіпорын жер бетінде бұрын-соңды өмір сүрмеген ұлы өнертапқыш, шоколад жасағыш мистер Воңка деген кісінің меншігінде. Воңка фабрикасы ғаламат, ғажап жер! Дәу темір қақпа, биік дарбазаның артындағы мұржалардан түтін будақтап, іштен ысылдап-пышылдаған ғажайып дыбыстар бір толастамайды. Фабриканың айналасындағы жарты мильдей жерді үнемі ерітілген шоколадтың хош иісі жайлап тұрады.


2. МИСТЕР ВИЛЛИ ВОҢКАНЫҢ ФАБРИКАСЫ


Сылдыр су орамжапырақ сорпасынан тұратын кешкі тамағын ішіп болған соң Чарли үнемі ата-әжелерінің бөлмесіне кіріп, біраз әңгіме тыңдап, жақсы жатып, жай тұрыңыздар айтып шығатын.


Бұл қарттардың барлығы да тоқсаннан асқан кісілер еді. Кептірілген өріктей мыжырайған, терісі сүйегіне жабысқан қарттар тоңбас үшін түнгі бас киімдерін тұмшаланып Чарли келгенше күні бойы не істерлерін білмей кең төсектің екі шетінде умаждалып жататын. Бірақ Чарли “Қайырлы кеш, Джо ата мен Джозефин әже, Джордж ата мен Джорджина әже!” деп кіріп келгенде, төртеуі де бастарын көтеріп отыра қалатын, сол мезетте олардың әжім басқан жүздері күлім қағып, әңгіме-дүкен басталатын. Олар кішкентай Чарлиді қатты жақсы көреді. Чарли олардың өміріндегі жалғыз жарық сәуле, қарттар баланың оралар уақытын күні бойы асыға күтетін. Кейде Чарлидің әкесі мен анасы да кіріп, қариялардың әңгімесін тыңдайды; сонда бұл бөлмеде бір жарым сағаттай бақыт орнап, бүкіл отбасы тапшылық пен кедейлікті ұмытып кетеді.


Бірде Чарльз әдеттегідей ата-әжелеріне сәлем беруге кіріп атасынан:


— Воңканың шоколад фабрикасы шынында да дүние жүзіндегі ең үлкен кәсіпорын ба? — деп сұрады.


— Шынымен дейсің бе? — деді барлығының дауысы бірдей шығып. — Әрине, шынымен. Сен білмеуші ме едің? Ол басқа фабрикалардан елу есе үлкен.


— Мистер Вилли Воңка шынында да ең мықты шоколад өндіруші ме?


— Балам, — деді Джо атай жастықтан басын сәл көтеріп отырып, — мистер Воңка әлемде бұрын-соңды өмір сүрген шоколад жасаушылардың ең жасампазы, ең дарындысы. Мен мұны жұрттың бәрі білетін шығар деп ойлаушы едім.


— Мен оның атақты, ақылды екенін білемін, ата ...


— Ақылды дейді! Ол ақылды ғана емес! Ол шоколадтың сиқыршысы. Ол қиялына келген шоколадты жасай алады. Солай емес пе, менің қымбаттыларым?


Үш қария бастарын изеді. — Иә, иә. Ол рас.


— Мен саған мистер Воңка туралы ештеңе айтпаған екем ғой?


— Ештеңе де айтқан жоқсыз, — деді кішкентай Чарли.


— О, Жасаған Ием! Маған не болып барады осы!?


— Онда енді қазір айтып бересіз бе, ата?


— Әрине, айтып беремін. Кел жаныма отыр да, мұқият тыңда.


Джо атай қарттарлың ішіндегі ең үлкені болатын. Тоқсан алты жарым жастағы сүйегі қаудыраған шал. Өте кәрі адамдар сияқты ол әлжуаз да әлсіз болғандықтан аз сөйлейтін. Бірақ кешке сүйікті немересі бөлмеге енгенде Джо ата біреу сиқырлап жібергендей қалжырағанын ұмытып, жас баладай қайраттанып, құлшынып шыға келеді.


— Мистер Вилли Воңка ғажап адам! — деді Джо атай жарқын-жарқын сөйлеп. — Ол өзге шоколад фабрика өнімдерінен анағұрлым тәтті, анағұрлым құнарлы, ортасына сан түрлі дәмдеуіш салған шоколадтың екі жүзден астам түрін ойлап тапқан.


— Онысы рас, — деді Джозефина әжей де әңгімеге араласып. — Воңка шоколадтары әлемнің түкпір-түкпіріне жіберіледі. Дұрыс айтам ба, атасы?


— Дұрыс, сүйіктім, дәл солай. Мистер Воңканың тәттілерін корольдер мен президенттер де тапсырыс беріп алдырады. Бірақ ол тек шоколад жасаумен ғана айналыспайды. Оның құпиясы ашылмаған ғажайып жаңалықтары толып жатыр. Мистер Вилли Воңка өте тапқыр адам! Ол тоңазытқышқа салмаса да бірнеше сағат бойы ерімейтін шоколадты балмұздақ ойлап тапқан. Балмұздақты ыстық күннің астына бірнеше сағатқа қойып қойсаң да ерімей, мұп-мұздай күйінде тұра береді.


— Мүмкін емес! — Кішкентай Чарли атасына үңіле қарады.


— Әрине, мүмкін емес, — деді Джо атай. — Миға симайды! Бірақ мистер Вилли Воңка осындай балмұздақ жасап шығарды.


— Иә, иә, — десті қариялар бастарын изеп. — Мистер Воңка ерімейтін балмұздақ жасай алды.


— Онымен де қоймай, — деді Джо атай Чарли еш сөзді қалт жібермесін деп бұл жолы өте баяу сөйлеп, — мистер Воңка дәмі шегіргүл татитын мушмулла, аузыңа сап сорғанда түр-түсін әр он секунд сайын өзгертетін карамель, ерніңе жақындатқаннан-ақ тәп-тәтті боп таңдайыңа еріп түсетін үлпілдек кәмпит жасады. Дәмі ешқашан кетпейтін сағыз, үрлеп қалсаң ілгекпен жарып жібергенше үлкейе беретін тәтті шар ойлап тапты. Оның ең құпия әдісі — көкқұстың теңбіл қара жұмыртқасы сияқты жасалған кәмпит; әлгі жұмыртқа-кәмпитті аузыңа салғанда тіліңнің ұшына титімдей сары балапан қонақтағанша жайлап ери береді. — Джо атай кідіріп, тілімен ернін жайлап жалап алды. — Сілекейімді шұбыртып жіберді ғой пәтшағар!


— Менің де, — деді кішкентай Чарли. — Сонда да жалғастыра беріңізші.


Бұл әңгіме кезінде мистер мен миссис Баккет бөлмеге жайлап кіріп, оларды есіктің алдында үндемей тыңдап тұрған болатын.


— Ақылынан алжасқан үнді бекзадасы туралы айтып бер, — деді Джозефина апай. — Чарли оны қызық көрер.


— Пондичерри бекзаданы айтасың ба? — Джо атай сықылықтап күле жөнелді.


— Ой, ол нағыз жынұрған! — деді Джордж атай.


— Дегенмен, өте бай, — деді Джорджина әжей.


— Ол не істеп еді? — Чарли шыдамсыздана сұрады.


—Тыңда, — деді Джо атай, — мен саған айтып берейін.


Күніне екі рет, мектепке барар жолда және қайтып келе жатып кішкентай Чарли фабрика қақпасының тұсынан өтеді. Өтіп бара жатып жүрісін әдейі баяулатып, мұрнымен шоколад сіңген ауаны құшырлана иіскелейді. Чарли бұл иісті керемет ұнатушы еді! Ол фабриканың ішіне кіріп, тамашалап көруді де қатты армандайтын.


3. МИСТЕР ВОҢКА МЕН ҮНДІ БЕКЗАДАСЫ


— Пондичерри бекзада мистер Вилли Воңкадан Үндістанға келіп, түгелдей шоколадтан жасалған үлкен сарай салып беруін өтініп хат жазады.


— Мистер Воңка сарайды сала алды ма, ата?


— Әрине, сала алды. Және қандай сарай десеңші! Ол сарайда жүз бөлме болды, барлығы не қоңыр, не ақ шоколадтан жасалды. Кірпіші де шоколадтан, кірпіштерді біріктіріп тұратын цемент те шоколадтан, терезелері де, қабырғалары мен шатыры да шоколадтан, кілемдер мен паннолар, жиһаз да таза шоколадтан жасалды, ваннадағы қол жуғыштың бұрандасын бұрап қалсаң, ыстық шоколад аға жөнелетін. Бірақ сарайды салып біткен соң мистер Воңка Пондичерри бекзадаға “бұл ғимарат ұзаққа шыдамайды, тезірек жеп қою керек” деп ескертеді.


“Сандырақ! Мен сарайымды жемеймін. Керек десеңіз, баспалдағына кетік те түсірмеймін, қабырғасын да жаламаймын. Мен бұл сарайда тұрамын!” дейді бекзада.


Әрине, мистер Воңка дұрыс айтқан болатын, көп кешікпей күн шыжып ысығанда ғимарат ери бастайды, сол кезде бөлмесінде ұйықтап жатқан жынды бекзада қоңыр шоколад көлдің ортасында жүзіп бара жатқанда барып бір-ақ оянады.


Кішкентай Чарли кереуеттің шетінде атасына барлай қарап үнсіз отыр. Жүзі нұрланып, көзінің ағы молайып шарасынан шыға жаздайды.


— Сіздің айтып отырғаныңыз шынымен болған оқиға ма? Құлақтан теуіп отырған жоқсыз ба?


— Шын, шын! — деді төрт қария бір дауыспен. — Әрине, шын! Сенбесең — кез келген адамнан сұра.


— Мен саған тағы бір шындықтың бетін ашып берейін, — деді Джо атай немересіне жақындай отырып, құлағына ақырын сыбырлап.


— Ол жерден ... ешкім ... ешқашан ... шықпайды!


— Қайдан шықпайды? — деп сұрады Чарли.


— Ол жерге ... ешкім ... де ... кірмейді!


— Қайда кірмейді?


— Воңка фабрикасына, әрине.


— Сіз мұнымен не айтқыңыз келеді, ата?


— Жұмысшыларды айтам да.


— Жұмысшыларды?


— Кәсіпорын атаулының бәрінде таңертең кіріп, кешке шығатын жұмысшылар болады. Ал Воңканың фабрикасында ондай адамдар жоқ. Сен ол жерге біреулердің кіріп-шығып жүргенін байқадың ба?


Кішкентай Чарли қариялардың төртеуіне де тергей қарап шықты, олар да балаға сабырлы қалыпта сынай қарап отыр. Жүздерінде жылы жымиыс болса да, ойнап айтудың да, өтіріктің де еш табы жоқ еді.


— Иә, байқадың ба? — деді Джо атай сұрағын тағы қайталап.


— Мен ... мен ...білмеймін, — деді Чарли кекештеніп. — Мен жанынан өткенде қақпасы жабық тұратын сияқты еді.


— Міне, көрдің бе!


— Әйтсе де, ол жердің жұмысын істейтін адамдары болу керек қой.


— Э-һэ, мәселе сонда! Бұл мистер Вилли Воңканың тағы бір қулығы.


— Чарли,—есіктің жанында тұрған миссис Баккет баланы шақырды. — Ұйықтайтын уақыт болды. Бүгінше жетеді.


— Мама, аяғына дейін тыңдайыншы


— Ертең тыңдарсың, балам.


— Дұрыс, дұрыс, — деді Джо атай, — Қалғанын ертең айтып беремін.


4. ЖҰМБАҚ ЖҰМЫСШЫЛАР


Келесі күні Джо атай әңгімесін қайта жалғастырды. — Осыдан екі жылдай бұрын мистер Вилли Воңканың фабрикасында мыңдаған жұмысшылар жұмыс жасайтын. Бір күні кенеттен мистер Воңка олардан бәрінің үйлеріне кетуін және енді ешқашан фабрикаға қайтып оралмауын талап етеді.


— Неге? — деп сұрады Чарли.


— Жансыздардың кесірінен.


— Жансыздар дейсіз бе?


— Иә. Өзге шоколад кәсіпорындары мистер Воңканың керемет табысын көре алмай, шоколад жасау әдістерін ұрлап келетін барлаушылар жібере бастайды. Олар Воңканың фабрикасына жұмысқа орналасып, ондағы тәттілердің жасау технология- сын үйреніп алады.


— Сосын өз фабрикаларына барып бәрін айтып берген бе? — деп сұрады Чарли.


— Солай болу керек, — деді Джо атай, — неге десең, содан кейін көп кешікпей Фикелгрубер фабрикасы ыстық күн астына қойсаң да ерімейтін балмұздақ шығарды. Одан кейін мистер Продноның фабрикасынан қанша шайнасаң да, дәмін жоғалтпайтын сағыз өндірді. Сосын мистер Слагворттың фабрикасы ине тығып жарып жібермейінше үрлесең — үлкейе беретін тәтті шар жасады. Солай жалғаса берді, жалғаса берді. “Апырай! Бұлар менің түбіме жетейін деді! Барлық жерде тыңшы бар! Фабриканы жабуға мәжбүрлеп тұр!” деп мистер Вилли Воңка сақалын жұлып аласұрды.


— Дегенмен, ол жапқан жоқ қой, — деді Чарли.


— Жоқ, жапты. Барлық жұмысшыларды үйлеріне қайтарып жіберді. Қақпаны құлыптап, шынжырмен орап тастады. Воңканың шоколад фабрикасы солай қаңырап бос қалды. Мұржаларынан түтін будақтамай, мәшинелері гуілдемей, шоколад та, тәтті де жасалынбады. Фабрикаға тірі жан кіріп-шықпады, мистер Воңканың өзі де зым-зия жоқ болды.


— Ай артынан ай өтті, — деді Джо атай әгімесін одан әрі сабақтап, — бірақ фабрика жабулы қалпында қалды. Жұрт “Қайран, мистер Воңка! Сондай тамаша жан еді! Қолынан ғажайып дүниелер шығушы еді. Енді бәрі жоқ болды!” деп жүретін болды.


— Бірде адам сенбес оқиға болды. Қала тұрғындары бір күні таңертең фабриканың биік мұржаларынан сыздықтаған жіңішке ақ түтін шығып жатқанын байқайды. “Бұл не? Біреу от жағып жатқандай! Мистер Воңка фабриканы қайтадан ашайын деген болар” деп жұрт қақпаға жүгіріп барады. Бірақ үлкен темір қақпа бұрынғыдай құлыпталған күйінде, мистер Воңка да еш жерден көрінбейді.


“Алайда фабрика жұмыс істеп жатыр” деп шу-шу етті жұрт. “Тыңдаңдаршы, мәшинелердің гуілін. Ауадан ерітілген шоколад иісі шығады”.


Джо атай алға қарай ұмсынды да, етсіз ұзын саусақтарын Чарлидің тізесіне қойып сыбырлай сөйледі:


— Бәрінен де қызығы, фабрика терезесіндегі көлеңкелер. Сыртта тұрған жұрт қырау басқан терезелерлің аржағында көлбеңдеген көлеңкелерді байқайды.


— Кімнің көлеңкесі? — деді Чарли жұлып алғандай.


— Жұрттың білгісі келгені де осы еді. “Іші толы жұмысшы. Бірақ онда кіріп-шығып жатқан бір адам жоқ. Қақпа болса құлыптаулы” деп жұрт дал болды. Бірақ фабриканың жұмыс жасап жатқаны сөзсіз еді. Содан бері, міне, он жыл болды, әлі жасап жатыр. Онда шығатын шоколадтар мен кәмпиттер бұрынғыдан бетер тәтті, бұрынғыдан бетер ғажап. Енді мистер Воңка ойлап шығарған шоколадтарды мистер Фикелгрубер де, мистер Проднос та, мистер Слагворт та, ешкім де көшіре алмайды. Фабрикаға ешқандай жансыз кіре алмайды.


— Ал, сонда фабрикадағы барлық жұмысты атқарып жүрген кім?


— Оны ешкім білмейді.


— Бірақ бұл мүмкін емес қой. Мистер Воңкадан сұраған адам бар ма?


— Содан бері оны ешкім көрген емес. Мистер Воңка ешқашан жұмыс орнынан шықпайтын болды. Ол жерден қазір тек қана шоколад пен кәмпит шығады. Олар қораптарға салынып, қапталып, жіберілетін жердің мекен-жайы жазылып қабырғадағы есіктен жылжымалы таспа арқылы шығады, сосын оны жүк мәшине тиеп алып кетеді.


— Сонда ол жерде жұмыс істеп жатқан қандай адамдар?


— Балам, ол — шоколад өндірісі әлеміндегі ең үлкен жұмбақ. Біз олар туралы бір-ақ нәрсе білеміз. Воңканың қазіргі жұмысшылары — өте кішкентай халық. Әсіресе, түнде шам жағылған кезде терезелердің аржағынан көлбеңдеген болар-болмас көлеңкелерге қарағанда менің тіземнен ғана келетін бәкене бойлы адамдар...


— Ондай адам болмайды, — деді Чарли.


Осы мезетте бөлмеге Чарлидің әкесі — мистер Баккет кірді. Оның тіс пастасы фабрикасындағы жұмысынан жаңа оралған беті еді, қолында кешкі газет бар.


— Жаңалық естідіңіздер ме? — деді ол газетті жайып жіберіп. Ондағы бір мақала үлкен әріптермен: БІРНЕШЕ АДАМДЫ БАҚЫТТЫ ЕТУ ҮШІН ВОҢКА ФАБРИКАСЫ ҚАЙТА АШЫЛМАҚ деп айдарланыпты.


5. АЛТЫН БИЛЕТ


— Сонда қалай, фабриканың ішіне кіруге рұқсат етілетін болғаны ма? — деді Джо атай шыдамсызданып. — Тезірек оқышы!


— Жарайды, — деді мистер Баккет газетті жайып жатып, — Тыңдаңыздар.


КЕШКІ АҚПАРАТ


Он жылдан бері көрінбей кеткен кондитер өнерінің саңлағы мистер Вилли Воңка үндеу жариялайды:


Мен, Вилли Воңка, биыл бес баланы, естеріңізде болсын, тек бес баланы фабрикамды тамашалауға шақырмақпын. Жолы болған бұл бес баланы өзім ертіп жүріп өндірістің барлық құпиясы мен кереметтерін көрсетем. Саяхаттың соңында осы балаларға бүкіл өміріне жететін шоколад пен кәмпит тарту етемін. Сондықтан алтын билет іздеңіздер. Алтын жалатқан қағазға бес алтын билет басылды, олар кәдімгі бес тақта шоколадтың орам қағазының ішінде. Бұл бес шоколад тақта кез келген елдің кез келген қаласы немесе кез келген ауылындағы кез келген көшесінің Воңка тәттілері сатылатын кез келген дүкеніне түсуі мүмкін. Тек осы Алтын билеттерді тауып алған бес балаға менің фабрикама кіріп, ішін тамашалауға рұқсат етіледі. Барлықтарыңызға сәттілік тілеймін. Жолдарыңыз болсын! (Вилли Воңканың қолы қойылған).


— Осының есі дұрыс емес! — деп күбірледі Джозефина әжей.


— Ол керемет адам! — Джо атай самбырлай сөйледі. — Ол сиқыршы! Енді не болатынын көзіңе елестетіп көрші! Бүкіл әлем сол алтын билеттерді іздейді. Алтын билет ұтып алсам деген үмітпен жұрттың бәрі Воңканың шоколадын сатып алады. Оның саудасы бұрынғыдан бетер жақсы жүреді. Шіркін, сол билеттің біреуін біз де тауып алсақ, қандай жақсы болар еді!


— Өміріңнің соңына дейін тегін шоколад пен кәмпит жейсің! Қалай, ә! — деді Джордж атай да сөзге араласып.


— Соншама тәттіні жүк мәшинесімен әкелуге тура келер, — деді Джорджина әжей.


— Басты ауыртатын әуресі көп іс екен өзі, — деді Джозефина әжей.


— Түк емес! — деді Джо атай тағы дауыстап. — Қалай ойлайсың, Чарли, шоколад тақтасын ашып, ішінен жалтыраған билет тауып алу үлкен бақыт емес пе!


— Әрине, ата. Бірақ мен оған қалай үміттене алам, — деді Чарли мұңайып. — Мен жылына бір-ақ тақта шоколад сатып алам ғой.


— Кім білген, балам. Келесі аптада туған күнің. Сенің де өзгелердей мүмкіндігің бар.


— Меніңше, бұл мүмкін емес, — деді Джордж атай. — Алтын билетті күнде шоколад жейтін балалар ғана ұтып ала алады. Ал, біздің Чарли жылына бір-ақ рет шоколад жейді. Еш үміт жоқ.


6. ЕКІ БИЛЕТ ТАБЫЛДЫ


Ертесіне бір Алтын билет табылды. Тауып алған Огустұс Глуп деген бала екен, мистер Баккет әкелген кешкі газеттің бірінші бетінде оның үлкен портреті басылыпты. Суретте — үрлеп қойған шардай домаланған семіз бала, жасы тоғыздар шамасында. Денесінен қатпар-қатпар май салбырап, алып қамыр зуаласын елестетін жалпақ бетіндегі жылтыраған қарақат көзі тесіле қарайды. “Огустұс Глуп тұратын қала өзінен атақты адам шыққанына масаттанып, дырду-думан боп жатыр” депті газетте. “Барлық терезелерден жалаулар желбіреп, мектептер оқушыларға каникул жариялапты, даңқты жеткіншектің құрметіне тұрғындар мерекелік шеруге шығыпты”.


“Огустұстың Алтын билетті тауып алатынын өзім де сезіп ем”, — дейді баланың шешесі газет тілшісіне берген сұқбатында. — “Оның күніне жеген сансыз шоколадтарының арасынан Билет шықпауы мүмкін емес еді. Огустұстың ермегі — тамақ жеу. Оны бұл өмірде тек тамақ қана қызықтырады. Дегенмен, бұл бос уақытта бұзақылық жасау, балақпан ату немесе тағы сол сияқты сотқарлықтардан анағұрлым жақсы емес пе! Мен ойлаймын, қарны ашпаса тамақ жей бермес еді. Әрі десе, өсіп келе жатқан бала ағзасына дәрумен де қажет. Мистер Воңканың керемет кәсіпорнын көру Огустұс үшін тебірентерлік оқиға болады! Біздің қуанышымыз қойнымызға сияр емес!”


— Қандай жиренішті әйел! — деді Джозефина әжей.


— Қандай жексұрын бала! — деді Джорджина әжей.


— Енді тек қана төрт Алтын билет қалды. Олар кімнің қолына тиер екен? — деді Джо атай.


Бұл күндері бүкіл ел, қала берсе бүкіл әлем шоколад сатып алу қызығына кірісіп кеткен еді, жан біткен сол асыл билеттерді шарқ ұрып іздейді. Орта жасқа кеп қалған әйелдер кондитерлік дүкеннен бір алғанда он тақта шоколадты бір-ақ сатып ап, астынан жылтырақ қағаз шығып қалар ма екен деген дәмемен сол жерде тұрып бірден шоколад орамын жыртып жатты. Балалар қолдарына балға ап, тиын жинап сақтайтын доңыз ойыншықтарының парша-паршасын шығарып, бір уыс ақшаны көси сап дүкенге қарай жүгірді. Бір қалада атақты қарақшы банктен мың фунт стерлиңг ұрлап, ақшаны сол күні-ақ Воңка шоколадына жұмсапты. Полиция үйіне іздеп келгенде, ол тау-тау боп үйілген шоколадты еденде ұстарамен аршып отырады. Алыстағы Ресейде Шарлотта Русси деген әйел екінші билетті тауып апты деген сыбыс тарап еді, бірақ ол шылғи өтірік боп шықты. Ағылшынның атақты ғалымы профессор Фоулбоди шоколадтың орама қағазын ашпай-ақ, оның ішінде алтын билет бар-жоқ екенін анықтап беретін механизм ойлап тапты. Құрамында титтей алтыны бар зат сезсе болды, ол механизмнен бір қол атып шығып, әлгі затқа бас сап жармасады екен; бар мәселе де осымен шешілгендей еді. Алайда, өкініштісі, үлкен әмбебап дүкеннің тәтті сататын бөліміндегі бұрышта профессор жұртқа әлгі өнертабысын жарнамалап көрсетіп жатқан кезде, сол жерде тұрған бір ханымның жасанды азу тісіндегі алтынды сезіп қойған механикалық қол атып шығып, ханымның аузына кіріп кетеді. Әмбебап дүкенде үлкен жанжал шығып, жұрт алтын сезгіш механизмнің тас-талқанын шығарып сындырып тастайды.


Чарли Баккеттің туған күні алдында газеттер екінші Алтын билеттің табылғанын хабарлады. Жұлдызы оңынан туған — алыстағы бір үлкен шаһарда тұратын ауқатты отбасының Верука Солт атты кішкентай қызы екен. Мистер Баккет тағы да билетті тапқан адамның суреті басылған газет алып келді. Верука әкесі мен шешесінің ортасында Алтын билетті жоғары көтере желпіп, екі езуі екі құлағына жетіп тұр.


Веруканың әкесі — мистер Солт тілшіге билетті қалай тауып алғаны туралы құлшына айтып беріпті. “Қызым Алтын билетті қалай да болса тауып бер деген соң бірден қалаға шықтым да, көзіме түскен Воңка шоколадтарының бәрін сатып ала бастадым. Мыңдаған, жүз мыңдаған шоколад алдым. Сосын оларды жүк мәшинесіне тиеп, тіке өзімнің кәсіпорныма апардым. Айпақшы, мен жержаңғақ өңдейтін кәсіппен айналысам, менде жержаңғақтың қабығын жарып, ішіндегі дәнін қуырып, тұздаумен айналысатын жүз шақты әйел жұмыс істейді. Олардың күні бойы айналысатын жұмысы — жержаңғақ аршып, оны тұздауға дайындау. Келдім де: ‘Қыздар, қазірден бастап жержаңғақ жаруды доғарыңдар да, мына шоколадтардың орамын ашыңдар’ дедім. Олар айтқанымды істеді. Барлығы жұмылып азаннан кешке дейін бір тынбай шоколадтарды орамынан ажыратумен болды.


Үш күн өтті, жолымыз болған жоқ. Сұмдық қиналдым! Менің кішкентай Верукамның көңіл-күйі күн сайын нашарлай бастады, үйге кіргенде ‘менің Алтын билетім қайда? Алтын билетті тап!’ деп байбалам салатын болды. Бақырып жылап, еденді тепкілеп бірнеше сағат бойы жер бауырлап жатып алатынды шығарды. Кішкентай қызымның қайғысы менің де жаныма қатты батты, талап еткенін тауып бергенше іздеуді жалғастыра беруге өз-өзіме серт бердім. Сөйтіп жүргенде, төртінші күні кешке жұмысшы әйелдердің біреуі ‘Алтын билетті таптым!’ деп айқай салды. Мен ‘маған бер, тез!’ деп қолынан жұлып ап, үйге жүгіріп барып қызыма алтын билетін табыс еттім, қазір оның бетіне күлкі жүгіріп, үйімізге қайтадан береке кірді”.


— Бұл қыз семіз баладан да өткен екен, — деді Джозефина әжей.


— Жақсылап сабап алар ма еді өзін! — деді Джорджина әжей.


— Меніңше, қыздың әкесініңкі онша дұрыс емес, солай емес пе, ата? — деді Чарли күмілжіп.


— Тым еркелетіп жіберіпті, — деді Джо атай. — Есіңде болсын, Чарли, баланы қатты еркелеткен әсте жақсылық әкелмейді.


— Жататын уақыт болды, балам, — деді Чарлидің анасы. — Есіңде болар, ертең сенің туған күнің, ертерек тұрып сыйлығыңды ашуға асығарсың.


— Воңка шоколады! Маған Воңка шоколадын сыйлайсыздар, солай ма?


— Иә, құлыным. Әрине, Воңка шоколадын сыйлаймыз.


— Үшінші Алтын билетті тауып алсам қандай керемет болар еді!


— Сыйлығыңды алған соң осында кел. — деді Джо атай. — Орамын ашқаныңды біз де көрейік.


7. ЧАРЛИДІҢ ТУҒАН КҮНІ


Чарли ертесіне азанмен тұрып бөлмеге кіріп келгенде төрт қария: “Туған күніңмен!” деп жамырай құттықтады.


Чарли өзін-өзі күштеп жымиып, төсек шетіне кеп отырды. Ол өз сыйлығын, өзіне берілген жалғыз сыйлықты қос қолымен қысып ұстап апты. Орамда ВОҢКА БАЛШЫРЫНЫ деп жазылған.


Төсектің екі шетінде жастықтарына сүйеніп отырған төрт қария Чарлидің қолындағы шоколадқа қобалжи қарады. Мистер мен миссис Баккет де кіріп, төсектің аяқ жағында Чарлидің әр қимылын бағып тұр.


Бөлмеде бір сәт тыныштық орнады. Бәрі Чарлидің сыйлықты ашуын күтуде. Чарли саусақтарын шоколадтың үстімен жүгіртіп өтті, тып-тыныш бөлмеде жылтырақ орамның судыр-судыр дыбысы ғана шығады.


— Орамның ішінен күткенің шықпаса, қатты ренжіме, күнім. Сәтті болу — міндет емес, — деді миссис Баккет жұмсақ үнмен.


— Мамаң дұрыс айтады, — деді мистер Баккет.


Чарли үндемеді.


— Бүкіл жалпақ дүниеде иесін таппаған үш-ақ билет қалыпты, — деді Джозефина әжей.


— Бір есте сақтайтын нәрсе, — деді Джорджина әжей, — қандай жағдай болған күнде шоколадың өзіңде қалады.


— Воңка балшырыны! — деді Джордж атай. — Бұл керемет шоколад. Саған қатты ұнайды, көр де тұр.


— Иә, — деді Чарли даусы әзер шығып. — Білем.


— Сол антұрғыр Алтын билетті ұмыт та, шоколадыңды жеші, — деді Джо атай. — Неге жемей отырсың?


Бір-ақ тақта шоколадтың ішінен сиқырлы билет табылады деп дәмеленудің өзі күлкілі екенін сезген ересектер алда күтіп тұрған сәтсіздікке Чарлиді білдірмей дайындап жатқан еді. Бірақ бұл жерде ересектер білетін тағы бір нәрсе бар еді: Алтын билетті ұтып алу мүмкіндігі қаншалықты аз болғанмен, ондай мүмкіндік бар болатын.


Ол жерде мүмкіндік болуға тиіс еді.


Бұл шоколадтың мүмкіндігі басқа Алтын билетті шоколадтардың мүмкіндігінен еш кем емес.


Сондықтан да баланың аталары мен әжелері, әкесі мен шешесі сырттай сабырлы боп көрінуге тырысқанымен Чарлиден кем қобалжыған жоқ.


— Шоколадыңды тезірек аш, әйтпесе сабаққа кешігіп қаласың, — деді Джо атай.


— Аша қойшы, құлыным, — деді Джоджина әжей. — Менің тағатым таусылатын болды.


Чарли орамның бір бұрышын жайлап жырта бастады. Төсектегі қариялар мойындарын созып алға қарай ұмсынды. Кенет бұдан әрі шыдай алмағандай бала орамның қақ ортасынан жыртып жібергенде тізесіне ашық қоңыр түсті шоколад тақтасы топ етті.


Ол жерден ешқандай Алтын Билет көрінбеді.


— Е-е, мейлі, өзіміз де осылай боларын біліп-ек, — деді Джо атай жайдары дауыспен. Чарли басын көтерді. Күлімсіреген төрт жылы жүз оған барлай қарап тұр. Чарли оларға мұңды жымиып, иығын қиқаң еткізді де, шоколад тақтасын мамасына ұсынды.


— Мама, ауыз тиіңіз. Бөліп жейік. Барлықтарыңыз да дәмін татып көріңіздер.


— Жо-жоқ. Өзің жей бер, — деді анасы.


— Айта көрме. Сенің шоколадыңды жеу ойымызға да кіріп шықпайды. Бәрі сенікі! — деді ересектер тұс-тұстан.


Чарли кері бұрылып, шоколадты Джо атайға ұсынды.


— Алыңызшы


Бірақ ол да, өзгелер де шоколадтан титтей ауыз тиюден де бас тартты.


— Мектепке кететін уақыт болды, балам, — деді миссис Баккет Чарлидің сүйекті арық иығынан сипап. — Тездет, әйтпесе кешігесің.


8. ТАҒЫ ЕКІ АЛТЫН БИЛЕТ ТАБЫЛДЫ


Мистер Баккет алып келген газет Алтын билеттің үшіншісі ғана емес, төртіншісі де иесін тапқанын хабарлады. БҮГІН ЕКІ АЛТЫН БИЛЕТ ТАБЫЛДЫ, ЕНДІ БІРЕУІ ҒАНА ҚАЛДЫ деп жар салды газеттер.


— Жақсы, — деді Джо атай, кешкі астан соң отбасының барлық мүшелері қариялар бөлмесіне жиналғанда, — естиік кімге бұйырғанын.


— “Үшінші билетті”, — көзі нашар көретін болса да, көзілдірік алуға қалтасы көтермей жүрген мистер Баккет газетті бетіне тақай оқыды, — “Вайолет Боурегард леген мисс тауып алды. Біздің журналистер жұлдызы оңынан туған атақты ледиден сұқбат алуға келгенде Боурегардтардың үйінде фотоаппараттар сартылдап, бейнекамералар жарқылдап, жұрт атақты қызға сәл де болса да жақын тұру үшін бірін-бірі итермелеп, абыр-сабыр болып жатыр екен. Атақты қыз қонақ бөлмедегі орындыққа шығып алыпты, такси тосып тұрған жолаушыдай қолын әрі-бері сермеп, Алтын билетті жалауша желбіретеді. Аузы-аузына жұқпай, сампылдап сөйлеп тұр, бірақ сөйлеп тұрып сағыз шайнағандықтан оның не айтып тұрғанын ұғып болар емес.


— Жалпы, мен сағыз шайнағыштар қатарына жатамын, — деді ол самп-самп етіп, — бірақ мистер Воңканың билеті туралы естігенде жолым боп қалар деген дәмемен сағызды тастап, шоколадқа көштім. Енді, әрине, қайтадан сағызға көшем. Сағызды өлердей жақсы көрем. Сағыз болмаса өмір сүре алмаймын. Мен сағызды күні бойы шайнаймын, тек тамақ ішерде ғана біреу алып кетпес үшін құлағымның артына жапсырып қоямын. Шынымды айтсам, сәл сағыз шайнамасам бірдеңе жетіспейтін сияқты боп тұрады. Мамам қыз балаға сағыз шайнаған жараспайды, қыздың жақ сүйегінің жоғары-төмен, жоғары-төмен қозғалғанынан жексұрын көрініс жоқ дейді, бірақ мен онымен келіспеймін. Мені мазақ ететіндей ол кім еді сонша! Маған күні бойы ұрысқанда өзінің де жағы да жоғары-төмен, жоғары-төмен қозғалатынымен ісі жоқ!


— Вайолет, қойсаңшы енді! — деді тобыр таптап кетпесін деп бөлменің түкпір бұрышындағы пианиноның жанында үрпиіп тұрған миссис Боурегард.


— Жарайды, қойдық! Сабыр сақта, шешесі! — деді мисс Боурегард тілшілерге қайта бұрылып, — Сендерге керек боп қалар, түртіп алыңдар, қазір шайнап тұрған аузымдағы сағызбен жұмыс жасап жүргеніме бақандай үш ай болды. Бұл дегенің нағыз рекорд! Мен мисс Корнелия Принцметел деген құрбымның жасаған рекордын жаңарттым. Ой, сондағы Корнелияның жынданып кете жаздағаны-ай! Енді бұл сағыз менің ең бағалы затым. Түнде төсегімнің жанындағы тумбаның артына жапсырып қоям, азанда сол қалпында тұрады, алғашында аздап қаттылау болады, бірақ екі-үш рет қатты шайнап-шайнап жіберсем, жұмсарып шыға келеді. Сағызды ұзақ шайнаудан әлем рекордын жаңартар алдында күніне бір сағыз ауыстырушы ем. Мен бұл жұмысты мектептен үйге қайтып келе жатқанда лифтінің ішінде жасайм. Неге лифтінің ішінде дейсіңдер ме? Себебі жаңа ғана аузымнан шыққан былжырақ сағызды лифтінің түймелеріне жабыстырып қойғанды ұнатам. Менен кейін кірген адам түймені басып қалғанда, менің сілекей-сілекей сағызым саусағына жабысады да қалады. Ха-ха-ха! Кейбіреулер тас талқан боп ашуланады. Әсіресе қымбат биялай киген ханымдарға керемет әсер етеді. Ой, иә, айтпақшы, мистер Воңканың фабрикасына баратыныма қуаныштымын. Естуімше, ол маған бүкіл өміріме жететін сағыз бермекші. Алақай! Ура!”


— Мынау нағыз малғұн екен! — деді Джозефин әжей.


— Көргенсіз! — деді Джорджина әжей. — Бір күні осы сағыз оның ақырына жетер, көр де тұр.


— Ал төртінші Алтын билетті тапқан кім екен? — деп сұрады Чарли.


— Қазір, тоқтай тұр, — мистер Баккет газетке тағы үңілді. — А-а, міне, “Төртінші Алтын билетті Майк Тиви деген бала тауып алды”.


— Мен білсем, ол да бір сұмпайы, — деді Джозефин әжей күбірлеп.


— Сөзді бөлмеңізші, әжесі, — деді миссис Баккет.


“Тивилердің үйі де”, — деді мистер Баккет газетті оқуын жалғастырып, — “біздің тілшілеріміз келгенде қонақ күтіп ырду-дырду боп жатыр екен, бірақ жолы болған Майк Тиви келген кісілерді қатты жақтырмай отырған сыңайлы. ‘Менің теледидар қарап отырғанымды көрмейсіңдер ме, ей, кеңкелестер!?’ — деді ол бізге ашулы дауыспен — ‘Мазалай бермей, көздеріңді жоғалтыңдаршы!’


Үлкен теледидардың алдында отырған тоғыз жасар бала бір топ қарақшы екінші топтың қарақшыларымен атысып-шабысып жатқан фильм көрсетіп жатқан экранға кіріп кетердей. Денесінің әр жерінен бір салбырап тұрған үлкенді-кішілі он сегіз ойыншық тапаншаны кезек-кезек кезеніп, ауаға тарсылдата оқ атып қояды.


‘Тыныш!’ — деп айқайлап жіберді ол сұрақ берейін деп оқталған біреуге. — ‘Мазаламаңдар деп айтқан жоқпын ба сендерге! Күшті кино көрсетіп жатыр! Ылғи көрсетеді. Мен күн құрғатпай теледидар көрем, атыс-шабысы жоқ жамандарын да көре берем. Ең ұнататыным — қарақшылар туралы фильмдер. Шіркін, мен де сөйтіп төбелесе алсам!’


— Жетеді! — деп кесіп тастады Джозефин әжей, — Бұдан әрі шыдар емеспін.


— Мен де, — деді Джорджина әжей. — Бүгінгі балалардың бәрі әлгі жуәрмек сияқты ма екен?!


— Әрине, бәрі ондай емес, — деді мистер Баккет төсекте отырған кейуанаға жымия қарап. — Ішінара бар, әрине. Шынтуайтына келгенде, көбісі осындай. Бірақ барлығы бірдей емес.


— Енді бір-ақ билет қалды, — деді Джордж атай.


— Иә, — деді Джорджина әжей мұрнын бір тартып. — Менің ертең кешке орамжапырақ көже ішетінім қаншалықты рас болса, ол билеттің тағы бір түкке тұрмайтын жаманның қолына түсетіні де соншалықты рас.


9. ДЖО АТАЙ


Келесі күні Чарли сабақтан келіп, ата-әжелерінің бөлмесіне кіргенде тек Джо атасы ғана ояу отыр екен. Қалған үшеуі қорылдап ұйықтап жатты.


Джо атай: — Т-с-сс, — деп сыбырлады да, Чарлиге «жақынырақ кел» деп ымдады. Чарли аяғының ұшымен басып кереуеттің қасына келді. Қарт балаға қулана жымиып, бір қолымен жастығының астын тінте бастады, бір кезде көне былғары әмиян алып шықты. Әмиянның ішіндегіні көрпенің үстіне төңкере салып еді, алты пенстік бір күміс түсті. — Бұл менің құпия жинап жүргенім, — деді сыбырлап. — Мыналар білмейді. Енді қазір екеуміз ең соңғы билетті табуға бағымызды сынап көрейік. Қалай ойлайсың, ә? Бірақ сен маған көмектесуің керек.


— Сіз ақшаңызды оған жұмсағанға өкінбейсіз бе?


— Әрине өкінбеймін, — деді қария. Жарайды, салғыласпай қоя тұр. Сен сияқты менің де билетті тапқым келеді. Мына ақшаны ал да, ең жақын дүкенге жүгіріп барып, Воңка шоколадын сатып әкел, сосын оны екеуміз бірге ашамыз.


Чарли кішкентай күміс тиынды алып, бөлмеден зып беріп шығып кетті. Бес минуттан кейін қайтып оралды.


— Алдың ба? — деді толқыныстан көзі жайнап кеткен Джо атай.


Чарли басын изеді де, атасына бір тақта шоколад ұстатты. ВОҢКА ЖАҢҒАҚТЫСЫ деп жазылыпты орамда.


— Тамаша, — деді қарт тұрып отырып, алақандарын ысқылап. — Бері кел, маған жақынырақ отыр, екеуміз бірге ашайық. Дайынсың ба?


— Иә. Дайынмын.


— Жақсы. Сен бірінші боп басташы.


— Жоқ, — деді Чарли. — Сіздің ақшаңызға алынды, сіз бірінші ашыңыз.


Қарияның саусақтары дірілдеп кетті. — Билет табылады деген еш үміт жоқ, солай ма? — деді шиқ-шиқ күліп.


— Иә, — деді Чарли. — Білем.


Олар бір-біріне қарады да, екеуі де шиқылдап күле бастады.


— Есіңде болсын, бұл жерде билеттің болу-болмауы екіталай.


— Иә, — деді Чарли. — Әрине. Неге ашпай отырсыз, ата?


— Әр нәрсе өз уақытында, шырағым. Әр нәрсе өз уақытында. Қай жерінен бастап ашқан дұрыс деп ойлайсың?


— Анау бұрышынан. Қарсы бұрыштан. Бәрі бірден көрінбейтіндей етіп кішкене ғана жыртыңыз.


— Былай ма?


— Иә. Енді тағы да кішкене кеңітіңіз.


— Сен аяқта. Мен тым толқып тұрмын.


— Жо-жоқ, ата. Сіз мұны өзіңіз істеуге тиіссіз.


— Онда жақсы. Кеттім. Қария ораманы аяғына дейін жыртып салды.


Қарт пен бала жерде жатқан затқа қадала қарап қалды. Онда тек бір тақта шоколадтан басқа дәнеңе де жоқ еді.


Кенет екеуіне де осы істеген істері қызық көрініп, қарқылдап күле жөнелді.


Джозефина әжей оянып кетті: — Мына жерде не боп жатыр?


— Ештеңе де емес, — деді Джо атай. — Ұйықтай бер.


10. АШТЫҚ


Келесі аптада күн қатты суып кетті. Алдымен қар жауды. Қар Чарли мектепке киініп жатқанда кенет басталды. Қорғасын түстес сұр аспаннан жапалақ-жапалақ ақша қар баяу түсіп жатты.


Кешке қарай кішкене қараша үйдің төңірегін биіктігі бір метрден астам қар басып қалған соң, мистер Баккет сыртқы есіктен көшеге дейін қар күреп, жіңішке жол салып шықты.


Қардан кейін бірнеше күн бойы тоқтамай боран соқты. Ол сондай ызғарлы боран еді! Чарлидің қолы тиген заттың бәрі мұздан жасалғандай боп, үйден шыққанда суық жел бетіне пышақтай сұғылды.


Есік-терезе саңылауларынан ұрған желден үйдің іші азынап, суықтан қашып құтылатын жер қалмады. Денелеріндегі жылуды сыртқа шығармауға тырысқан төрт қарт төсектерінде үндемей бүрісіп жататын болды. Алтын билетке байланысты болған әбігер баяғыда-ақ ұмытылды. Бұл үйде енді ешкімнің жылыну мен тоя тамақ ішуден басқаны ойлауға мұршасы келмей қалды.


Күн суытқанда адамның тәбеті ашылып кететін әдеті. Мұндайда көпшілігіміз буы бұрқыраған ет, ыстық бәліш және денеге жылу тарататын басқа да құнарлы тағамдарға тарпа бас саламыз; тойғанымызша тамақ ішіп, тәбет тартқанды жей алатындықтан біз өзіміздің қаншалықты бақытты екенімізді сезбейміз. Бірақ Чарли Баккет ешқашан қалағанын жеп көрген емес, себебі ата-анасының ондай тамақ алуға жағдайы келмейтін; сондықтан суық ауа райы созыла түскен сайын бала да ішегі-ішегіне жабысып, ашыға түсті. Туған күндегі сыйлық та, Джо атай әперген шоколад та әлдеқашан желініп біткен, Чарлидің ендігі бар қорегі — күніне үш рет берілетін сылдыр су орамжапырақ көже еді.


Бір күні ол тамақтың өзі де мүлде сұйылып кетті. Оның себебі мистер Баккет жұмыс істейтін тіс пастасы фабрикасының банкрот болып, жабылып қалуында еді. Мистер Баккет бірден басқа жұмысқа тұруға тырысты. Бірақ жұмыс табылмады. Ақырында аз-маз да болса тиын-тебен табу үшін көшеде қар күреуге мәжбүр болды. Алайда оның тапқаны жеті адамды асырауға қажетті азық-түліктің ширегін сатып алуға да жетпеді. Жағдай өте қиындап кетті. Таңертеңгілік әр адамға — бір тілім нан, түстікте суға пісірілген жарты картоп тиді.


Бұл үйге жайлап та болса нық басып аштық кіре бастады.


Кішкентай Чарли мектепке бара жатып күнде мистер Вилли Воңканың алып шоколад фабрикасының жанынан өтеді. Күнде фабрикаға жақындаған кезде ол кішкентай тәмпіш мұрнын жоғары көтеріп, ерітілген шоколадтың хош иісі жайлаған ауаны құшырлана иіскейді. Кейде ол сол иістің өзін жеп қойғысы келгендей терең демалып, қақпаның жанында бірнеше минут қимылсыз тұрып қалады.


— Анау бала, — деді бірде Джо атай басын көрпенің астынан қылтитып, — анау бала жақсырақ тамақтануы керек. Бізді қойшы. Кәрі қойдың жасындай жасымыз қалды. Ал Чарли болса өсіп келе жатыр! Оған бұлай қарауға болмайды. Терісі сүйегіне жабысып әбден жүдеп кетті.


— Амал нешік? — деді Джозефина әжей мұңайып. — Өз үлесімізді берсек — ішпейді.


Бүгін азанғы аста шешесі өзіне тиесілі нанды Чарлидің тәрелкесіне салып еді, ол саусағын да тигізген жоқ. Өзіне қайта алдырды.


— Кішкентай жігіт! — деді Джордж атай. — Ол жақсы өмір сүруге лайықты!


Осылай күн артынан күн өтіп жатты.


Чарли Баккет күн өткен сайын азып бара жатты. Жүзінен қан қашып, сұп-сұр боп кетті. Сүйегі одырайып, терісі бетіне жабысып қалды. Бұл түрімен бала қатты ауырып қалмай осылай жүре береді деп айту қиын еді.


Ол қиыншылық көрген кішкентай балаларда болатын ғажайып даналықпен бойындағы қуатын үнемдеу үшін бұрынғы әдеттеріне аздаған өзгерістер енгізе бастады. Ертеңгілік мектепке асықпай жайлап жүріп бару үшін үйден әдеттегіден он минут ерте шығатын болды. Үзіліс кезінде өзге балалар далаға атып шығып, қар лақтырысып ойнаған кезде Чарли партасында тапжылмай отырады. Қалжырап қалмас үшін не істесе де жай және мұқият істейді.


Бірде түс мезгілінде бетін сұққылаған ызғарлы желмен алысып, үйге қайтып келе жатқанда Чарлидің көзі көшеде қардың арасында жылтырап жатқан бірдеңені шалып қалды. Ол затты анығырақ көру үшін жиектастан аттап, жерге еңкейді. Жартысы қар астында жатса да оның не зат екені бірден байқалды.


Бұл елу пенстік ақша еді!


Чарли бірден айналасына қарады. Жаңа ғана біреу түсіріп алған болар? Жоқ, ақшаның жартысы қардың астына терең көміліп қалғанына қарағанда, ол мүмкін емес. Иектерін пальтоларының жағасына тығып, қарды сықырлата басып ары-бері ағылып жатқан жүргінші. Ақша іздеп жүрген ешкім байқалмайды, тіпті арықтың қарын шұқылап тұрған кішкентай балаға да ешкім назар аударған жоқ. Демек, мынау елу пенс Чарльздікі болғаны ғой? Алуға болар ма екен?


Чарли ақшаны қардың астынан аршып алды. Дымқыл, лас болса да, бұл нағыз ақша еді. Бақандай елу пенс! Бала ақшаны дірілдеген саусақтарымен қысып, қадала қарады. Чарли үшін бұл бір ғана нәрсенің хабары еді. Ол — ТАМАҚ.


Ол ойланбастан жақын жердегі дүкенге қарай жүрді. Он аттамдай ғана жердегі бұл дүкенде газет және түрлі ұсақ-түйек, соның ішінде тәтті-дәмді, темекі сататын. Ақшаны неге жұмсаса екен? «Бір тақта жақсы шоколад алып жеймің, қалғанын бірден үйге апарып, мамама берем» деді ол өзімен-өзі кеңесіп.



11. ҒАЙЫПТАН ТАЙЫП


Чарли дүкенге кірді де, елу пенстік ақшаны су-су күйінде сатушының алдына қойды.


— Бір тақта Воңка балшырыны шоколадын беріңізші, — деді туған күнінде жеген тәттінің керемет дәмі есіне түсіп.


Сатушы толық та тоқ кісі көрінді. Ерні дүрдиген, беті мен мойынын май басқан. Бұғақ майы жағасының айналасында резеңке доңғалақ сияқты салбырап тұр. Чарли шоколадтың орам қағазын бас сап жыртып ашты да, үлкен ғып бір тістеді. Сосын тағы да ... тағы да ... аһ, ауызыңа тәтті де құнарлы тамақты толтыра сап жегенге не жетсін, шіркін!


— Шоколадты әбден сағынып қапсың ғой! — деді сатушы жылы жүзбен.


Чарли аузындағысын шайнап тұрып, басын изеді. Сатушы Чарлидің қалған ақшасын үстелдің үстіне қойып жатып:


— Асықпай же, шайнамай жұтатын болсаң, түйіліп қаласың, — деді.


Чарли тоқтай алмай шоколадты әлі қаужап жатыр. Бір сәтте шоколад түгелдей Чарлидің өңешіне түсіп жоқ болды. Кәдімгідей ентігіп қалса да, ол өзін керемет бақытты сезінді. Чарли қайтарылған ақшаны алу үшін қолын соза беріп, кідіре қалды. Көзі үстелдің үстінде жатқан күміс теңгелерге түсіп кетті. Онда бақандай тоғыз ұсақ тиын жатыр еді. Тағы біреуін алып жесе, онша азая қоймайтын сияқты.


— Тағы біреуін алғым келеді, — деді ол міңгірлеп. — Жаңағыдай шоколадтың тағы біреуін алуға бола ма?


— Неге болмасқа?! — Сатушы артындағы сөреден тағы бір тақта Воңка Балшырынын алып баланың қолына ұстатты.


Чарли шоколадтың орамын жыртып қап еді, астынан жалт етіп алтын қағаз түсті. Баланың жүрегі бір сәтке тоқтап қалды.


— Мынау Алтын билет қой! — Сатушы қатты дауыстап, секіріп түсті. — Сен Алтын билетті таптың! Сенесің бе? Ей, жарандар! Қараңдар! Мына бала Воңканың ең соңғы Алтын билетін тауып алды! Міне! Қолында ұстап тұр!


Сатушының жүрегі жарылып кететін сияқты. — Менің дүкенімде! — деді ол саңқылдап. — Билетті менің дүкенімнің дәл мына жерінде тұрып ұтып алды. Біреулеріңіз газет тілшілерін шақырыңыздар! Енді абайла, балам! Сыртындағы орамасын жыртқандай мұны да жыртып жіберме. Бұл — өте бағалы қағаз!


Дем арасында Чарлидің айналасына жиырма шақты адам жиналып қалды, Алтын билет пен оны тапқан баланы көрмекші боп тағы бір топ адам сырттан ентелеп кіріп келе жатыр.


— Қане, қайда? — деді біреу айғайлап. — Бәрімізге көрінсін, жоғары көтеріңіз!


— Міне, мұнда! — деді тағы біреу. — Қолында ұстап тұр. Жалтылдап тұрған алтынды қарамайсың ба!


— Қалай тапты екен? Әдісін білгім келеді, — деді бір ірі денелі бала ашулы дауыспен. — Күніне жиырма тақта шоколад сатып ап жүргеніме бірнеше апта болды.


— Енді оған көп шоколад береді, — деді бір бала қызғанышты дауыспен, — өмір-бақиға жететін.


— Бұл сияқты сидиған арық шаянға шоколад өте қажет, — деді бір қыз сықылықтап.


Чарли орнынан қозғалған жоқ. Ол тіпті Алтын билетті шоколадтан босатып та алған жоқ. Итерісіп-таласқан бір топ адамның ортасында шоколадты қос қолымен қысып, мелшиіп тұр. Басы айналып, жүрегі айныды. Өзін ауада қалқып ұшып бара жатқан шардай сезінді. Аяғы жерге тимейтін сияқты. Жүрегі алқымына тығылып қатты-қатты соғады.


Осы кезде оның иығын біреу жай ғана түртті, Чарли басын көтергенде оған еңкейіп қарап тұрған ұзын бойлы кісіні көрді. — Әй, бала,— деді ұзын бойлы сыбырлап. — Ананы маған сат, мен саған елу фунт берем. Жарай ма? Оған қоса су жаңа велосипед сатып әперем. Қалай, келісесің бе?


— Есіңіз дұрыс па өзіңіздің? — деп шаңқ ете қалды жақын тұрған бір әйел. — Ал мен оны екі жүз фунтқа сатып алар едім. Билетті маған екі жүз фунтқа сатар ма едіңіз, жас жігіт?


Сатушы жұртты жарып келді де, Чарлидің қолынан ұстады. — Болды енді, доғарайық! Балаға тиіспеңіздер! Үйіне қайтсын! Жол беріңіздер! Сыртқа шығу керек! — Есікке таяғанда Чарлиге: Билетті ешкімге берме! Жоғалтып алмай тұрғанда жылдам үйіңе апар! Жеткенше тоқтамай жүгіріп отыр, — деді сыбырлап.


Чарли басын изеді.


— Білесің бе, — сатушы бір сәт кідіріп, Чарлиге қарап жымиды, — саған осындай бір сәттілік көптен қажет болған сыңайлы. Алтын билеттің саған бұйырғанына өте қуаныштымын. Жолың болсын, балам!


Чарли рақмет айтты да, қарды кеше-меше, аяғы-аяғына жұқпай жүгіре жөнелді. Мистер Вилли Воңканың фабрикасының тұсынан: Мен саған қонаққа келемін! Жақында мен саған қонаққа келемін! — деп әндете айқайлап өтті. Бес минутта үйіне де жетті.


12. АЛТЫН БИЛЕТТЕГІ МӘТІН


Чарли сыртқы есікті айқара ашып, үйге айғайлай кірді: Мама! Мама! Мама!


Миссис Баккет қарттарға кешкі тамақ беріп жүрген еді.


— Мама! — Чарли бөлмеге құйындай ұшып кірді. — Қараңыз! Мен таптым! Қараңызшы міне! Ең соңғы Алтын билет! Менікі! Мен бүгін көшеден ақша тауып алдым, оған екі тақта шоколад сатып алдым, екіншісінің ішінен Алтын билет шықты, Алтын билетті көргісі келген бір топ адамның қоршауында қалдым, олардан құтылуыма сатушы ағай көмектесті, сосын үйге жеткенше жүгіріп келдім. БҰЛ — БЕСІНШІ АЛТЫН БИЛЕТ, МАМА! ОНЫ МЕН ТАПТЫМ!


Мамасы баласына аңырая қарады, кеселерін тізелеріне қойып төсекте тамақ ішіп отырған төрт қария қасықтарын түсіріп алғандарын да байқамай, жастықтарына сүйенген қалпында қалшиды да қалды.


Он секундтай тым-тырыс тыныштық орнады. Ешкім не сөйлей алмай, не қимылдай алмай қалды. Бұл бір ғажайып сәт еді.


Сосын Джо атай жұмсақ дауыспен:


— Сен бізді алдап тұрған боларсың? Немесе қалжыңың болар? — деді.


— Жоқ! — Чарли әдемі Алтын билетті атасына көрсету үшін төсеке қарай жүгіріп келді.


Джо атай мұрнын билетке тиердей тақап үңіле қарады. Қалғандары қариядан хабар күтіп тапжылмады.


Сосын Джо атай жүзіне тұтас жайылған әдемі жымиыспен басын баяу көтерді де, Чарлиге тура қарады. Жүзіне қан жүгіріп, көздерінің ортасындағы қара көлде шексіз қуаныштың ұшқындары биледі, нұрлы жанары тостағандай боп үлкейіп кетіпті. Қарт терең демалды да, ешкімге ескертпестен қолдарын жайып жіберіп “Юпииииииииии!” деп айғай салды. Жиырма жыл сал бөксе болған тоқсан алты жарым жастағы ұзын бойлы сидиған қарт атып тұрып, сорпа құйылған кесесінің ұшып барып Джозефина әжейдің бетіне қонғанына да қарамастан, пижамашаң күйінде еденге секіріп түсіп, билей бастады.


— Юпииииииииииии! Жасасын Чарли! Хип, хип, Хууурееей!!!


Осы кезде есік ашылып, сырттан мистер Баккет кірді. Жаурап, шаршап келгені білініп тұр. Ол күні бойы көшенің қарын күреген болатын.


— Неге у-шу боп жатырсыңдар?


Мистер Баккетке болған жайдың мәнісін айтып беру ұзақ уақыт алған жоқ.


— Сенбеймін! — деді ол. — Мүмкін емес.


— Билетті көрсет, Чарли. — Жолақ-жолақ пижамашаң күйінде дәруіштен айнымай қалған Джо атай әлі билеп жүр. — Әкеңе әлемдегі бесінші және ең соңғы Билетті көрсет.


— Кәне көрейінші, — мистер Чарли орындыққа жайғасып, қолын созды. Чарли құнды құжатын ұстап әкесіне жақындады.


Саф алтынды балғамен ұрып, қағаздай ғып жұқартқан билет өте әдемі еді. Бір жағына мистер Воңканың қонаққа шақыру мәтіні қара сиямен әдістеп жазылыпты.


— Дауыстап оқышы, — деді Джо атай қайтадан төсегіне жайғасып жатып. — Не депті, бәріміз дұрыстап тыңдайық.


Мистер Баккет Алтын билетті бетіне тақады. Қолдары қалтырап, жай түскендей күй кешті. Бірнеше рет терең демалып алды. Сосын тамағын кенеді:


— Жақсы. Оқиын. Кеттік.


Алтын Билетті тапқан балаға мистер Воңкадан жалынды сәлем! Шын жүректен құттықтап, қолыңды қыстым. Сен үшін жан тебірентер заттар сақтап отырмын! Сені керемет сыйлықтар күтіп тұр! Ең алдымен саған және Алтын билеттерді табу бақытына ие болған басқа да балаларға кәсіпорнымды көрсетем; саяхат аяқталған соң сендермен бірге үйлеріңе үлкен-үлкен жүк көліктері еріп барады. Бұл көліктер сені мен сенің үй-ішіңдегілердің барлығының бірнеше жыл жеуіне жететін тәтті тағамдарға толтырып тиеледі. Ол бітіп қалған күні кез келген уақытта фабрикаға келіп, маған Алтын билетті көрсетсең болғаны, шкапыңды қалаған тәттіңмен толтырып берем. Осылайша сенің бар өмірің тәттімен қамтамасыз етілетін болады. Алайда сен маған қонаққа келетін күннің ең тебірентерлік сәті бұл емес. Мен Алтын билет иелерін таңғалдыратын, тамсантатын, сүйсіндіретін, аузын аштырып, көзін жұмдыратын, ауыздарының суын құртатын, есін алатын бұдан да ғажайып, бұдан да керемет тосын сыйлықтар дайындап отырмын. Мұндай күйді сен өңің түгіл түсіңде бастан кешіп көрген емессің. Көр де тұр!


Кездесетін күніміз ақпанның бірінші жұлдызы болсын деп ұйғардым. Дәл сол күні сағат тура таңертеңгі онда фабрика қақпасының алдына кел. Кешігуге болмайды! Өзіңмен бірге саған көз қырын салып жүретін, үйіңді сағынғанда демеу болатын бір немесе екі ересек жақыныңды ертіп келуге болады. Тағы бір ескерте кетейін дегенім: осы билетті өзіңмен бірге ұмытпай алып кел, әйтпесе кіре алмайсың.


Вилли Воңка.


— Бірінші ақпан! — деді миссис Баккет дауыстап. — Ол ертең емес пе?! Бүгін қаңтардың ең соңғы күні. Иә, иә, қателеспесем, солай.


— Дұрыс айтасың, ертең бірінші ақпан! — деді мистер Баккет.


— Дер кезінде есіңе түскенін қарашы! — деді Джо атай ентігіп. — Енді бір минутты да босқа жіберуге болмайды. Бірден дайындыққа кірісу керек. Чарли, бетіңді жу, шашыңды тара, қолыңның кірін ысқыла, тісіңді тазала, мұрныңды сіңбір, тырнағыңды ал, аяқ-киіміңді майла, жейдеңді үтікте және Құдай үшін, анау шалбарыңның шаңын қақ. Қысқасы, дайындал, балам! Өміріңдегі ең маңызды күнге дайындал!


— Тым толқымаңызшы, атасы, — деді миссис Баккет. — Чарлидің есі шығып кетті. Бәріміз де сабыр сақтауымыз керек. Ең бірінші шешіп алатын мәселе: Чарлиді фабрикаға кім ертіп барады?


— Мен! — деп Джо атай төсегінен тағы қарғып түсті. — Мен ертіп барам! Чарлиге мен қараймын! Маған тапсырыңдар!


Миссис Баккет қартқа жымиып бір қарады да еріне бұрылды: — Сен ше, ардақтым? Ол жерге сен баруға тиісті емессің бе?


— М-м-м, — мистер Баккет біраз кідіріп жауап қатты. — Жоқ, мен олай деп ойламаймын.


— Сен баруға тиістісің.


— Бұл жерде тиісті-тиісті емес деген жоқ, — деді мистер Баккет жұмсақ үнмен. — Әрине қуана-қуана барар едім. Ол деген сұмдық қызық жер ғой! Бірақ басқа жағынан алғанда... Меніңше, ол жерге баруға ең лайықты адам — Джо атай. Ол фабрика туралы бізден көп біледі. Әрине денсаулығы жарайтын болса...


— Юпииииииии! — Джо атай шаттана әндетіп, Чарлидің қолынан ұстап бөлмені айнала билей жөнелді.


— Атамыздың денсаулығы мықты екен ғой. — Миссис Баккет мырс етіп күлді. — Шынында да, сенікі дұрыс сияқты. Чарлиді Джо атай ертіп барсын. Мен қарттарды күні бойға күтушісіз қалдырып кете алмаймын.


— Алелуйяяя! Құдайыма мың да бір тәубе!


Осы сәтте сыртқы есікті біреу қатты-қатты тақылдатты. Мистер Баккет есікті ашқанда бір топ журналист пен фототілшілер лап беріп кіріп келді. Барлығы бесінші Алтын билетті тапқан баланың жанына үймелеп, ертеңгілік газеттің бірінші бетіне шығатын әңгімені тыңдауға кірісті. Бірнеше сағат бойы кішкентай қараша үйде апыр-топыр толастамады, мистер Баккет олардан әрең құтылып, Чарлиді төсегіне жатқызғанда сағат он екіге таяп қалып еді.


13. КҮТКЕН КҮН КЕЛДІ


Ертесіне қатты аяз боп, жерде аппақ қар жатса да күннің көзі жадырап тұрды. Алтын билеттерге ие болған бес баланы көрмек болған халық Воңка фабрикасы қақпасының алдында құжынап жүр. Бәрінің көңілдері алып ұшатын сияқты. Сағат онға таяп қалыпты. Итерісіп-таласқан жұрттың қақпадан әрі қарай өтіп кетпеуі үшін полицейлер бір-бірімен қол ұстасып, “тірі шынжыр” жасап тұр.


Қақпа жанындағы полиция қоршауында тұрған топ — ата-аналарымен келген атақты бес бала.


Олардың ішінде арық денесі сорайып үндемей тұрған Джо атай да бар, кішкентай Чарли Баккет оның қолынан қысып ұстап алыпты.


Чарлиден өзге балалардың бәрі әкелерін де, шешелерін де ертіп келіпті, бұлары дұрыс болған, әйтпесе жағдай бақылаудан шығып кететін тәрізді. Балалардың тезірек ішке кіргісі келгені сонша, ата-аналары күшпен ұстап тұрмағанда дарбазаға өрмелеп шығып кететін түрі бар.


— Сәл шыдашы енді! — дейді әкелері зекіп. —Тыныш тұршы! Сағатқа қарашы әне! Әлі он болған жоқ.


Атақты балаларды жақыннан көріп қалмақшы болған жұрттың дауысы Чарлидің артынан саңқ-саңқ естіледі.


— Әне, анау тұрған Вайолет Боурегард. Тура өзі! Газеттегі суреті есімде қалыпты!


— Қараңыздаршы, — деді тағы біреу, — үш ай бойы шайнаған ескі сағызын әлі тастамапты. Жақ сүйегіне қараңыздаршы! Әлі сол сағызбен жұмыс жасауда.


— Анау толық бала кім?


— Огустұс Глуп.


— Дәл өзі!


— Местей екен!


— Масқара!


— Желқағарына Ренджердің суретін жапсырып алған бала кім?


— Ол — Майк Тиви. Теледидарға салынып кеткен бала.


— Өзінің есі дұрыс па!? Үсті-басына түгел тапанша іліп алғаны несі!?


— Верука Солт деген қызды көргім кеп еді, — деді бір дауыс. — Оның әкесі Алтын билет табылғанша жарты миллион шоколад сатып ап, олардың орам қағазын өз қарамағындағы жер жаңғағы фабрикасындағы жұмысшыларға ашқызып отырған. Ол қызына қалаған затын әпереді екен. Не қаласа — соны! Бұл жолы да қызы “Алтын билетті тап та тап” деп жер тепкілеп отырып алған екен, тауып беріпті.


— Әбден есірткен екен!


— Сұмдық-ай!


— Ол қыз қайсысы?


— Әне, анау! Сол жақтағы! Құндыз ішік киген кішкентай қыз!


— Ал, Чарли Баккет қайсысы?


— Чарли Баккет дейсіз бе? Ол анау сүйегі саудыраған шалдың қасындағы инеліктей қатқан бала. Бізге өте жақын тұр. Міне, мұнда! Көрдіңіз бе?


— Мына қақаған аязда неге пальто кимеген?


— Ол жағын білмедім. Пальто алуға жағдайлары келмейтін болар.


— Құдайым-ай! Үсіп қалған шығар ендіге дейін!


Бұлардан бес-алты аттам ғана жерде тұрған Чарли атасының қолын қысып қалды, Джо атай Чарлиге қарап жымиып қойды.


Алыстан шіркеу қоңырауының сағат онды ұрған дауысы талып жетті. Фабриканың тот басқан алып темір қақпалары баяу ашыла бастады.


Жұрт тым-тырыс бола қалды. Балалар жүгіріп-секіруін кілт тоқтатты. Барлық көз қақпаға қадалды.


— Мистер Воңка келе жатыр, — деді біреу дауыстап. — Дәл өзі!


Шынында да солай еді.


14. МИСТЕР  ВИЛЛИ ВОҢКА


Мистер Вилли Воңка айқара ашылған фабрика қақпасының қасына кеп аялдады. Не деген қағілез адам еді өзі. Басында қара цилиндр қалпақ. Үстінде алхоры түстес барқыт фрак. Шалбары ш өлмек жасыл. Қолғабының түсі теңіз маржанын есіңе түсіреді. Бір қолында алтын жалатқан асатаяқ. Иегіне “теке сақал” деп аталатын ұқыпты қара сақал қойыпты. Бірақ осының бәрінен де жадыраңқы оның көздері еді. Олар үнемі жалтылдап, үнемі ойнақшып тұрады екен. Жүзінде күлкі мен көңілділік нұры бар.


Айлакер де тәсілқой. Лыпылдаған ширақ, қунақы. Мойнын біресе былай, біресе олай бұрып, ойнақшыған жақұт жанарымен бәрін байқап, бәріне назар аударып тұр. Құдды, қимылына көз ілеспес тісқаққан тынымсыз тиіндей.


Ол кенет қар үстінде секіріп-секіріп билеп алды да, қолдарын жайып жіберіп, қақпаның қасында топырлап тұрған бес балаға жымиып:


— Қош келдіңіздер, менің кішкентай достарым! Фабрикаға қош келіпсіздер! — деп сәлем берді.


Дауысы жіңішке де әуезді екен. — Бір-бірлеп алға шығыңыздар, ата-аналарыңыз бірге шықсын. Сосын маған Алтын билеттеріңізді көрсетіп, есімдеріңізді айтасыздар. Қане, кім бірінші?


Алға толық бала бірінші болып шықты. — Менің атым — Огустұс Глуп.


— Огустұс! — Мистер Воңка баланың қолын алып, қатты-қатты сілкіп-сілкіп алды. — Сенімен кездескенім қандай тамаша болды айналайын! Қуаныштымын! Шаттыққа бөлендім! Сенің бізбен бірге болатыныңа масаттанып тұрмын! Мына кісілер ата-аналарың ба? Өте жақсы! Келіңіздер! Кіріңіздер! Иә, иә, дұрыс! Қақпадан бері өтіңіздер!


Мистер Воңка өзгелерден кем толқымаған сияқты.


— Менің есімім, — деді екінші бала алға шығып, — Верука Солт.


— Менің қымбатты Верукам! Армысың! Келгенің қандай жақсы болған! Сенің есімің елден ерекше, солай ма? Верука деген табанға шығатын беріш болар деп ойлаушы едім. Сірә, қателестім-ау деймін! Саған мына құндыз ішік өте жарасады екен! Сенің келгеніңе қандай масайрап тұрмын десеңші! Бұл өзі бір тамаша күн болайын деп тұр. Саған ұнар деп үміттенемін! Және ұнайтынына кәміл сенемін! Мына кісі әкең бе? Аман-есенсіз бе, мистер Солт! Жақсымысыз, миссис Солт! Сіздермен кездескеніме өте қуаныштымын! Иә, билеттеріңіз дұрыс. Ішке кіріңіздер!


Келесі екі бала, Вайолет Боурегард пен Майк Тиви де билеттерін тексертіп, қунақы мистер Воңкаға қолдарын иықтарынан жұлып жіберердей сілкітіп шықты.


Ең соңында өте бәсең дауыс міңгірледі:


— Чарли Баккет.


— Чарли! — деп саңқ етті мистер Воңка. — Жақсы! Жақсы! Жақсы! Сен де келдің! Қателеспесем, сен билетті кеше ғана тауып алдың, солай ма? Иә, иә. Мен бұл туралы таңертеңгілік газеттерден оқыдым. Дер кезінде үлгердің, айналайын. Өте қуаныштымын! Сен үшін өте бақыттымын! Мына кісі кім? Атам дейсің бе? Сізбен кездескенім бір ғанибет, сэр! Шаттыққа бөлендім! Масаттандым! Мерейім өсті! Жақсы! Өте тамаша! Түгел кірдіңіздер ме? Бес бала ше? Иә! Дұрыс! Енді менің артымнан ілесіп отырыңыздар! Біздің саяхатымыз басталуға таяу! Шашырамай бірге жүрейік! Өз бетімен лағып кетушілік болмасын! Сіздердің ешқайсыларыңызды жоғалтып алғым келмейді! Ондайдың беті аулақ!


Чарли артына бұрылып қарап еді, алып темір қақпа жайлап жабылып бара жатыр екен. Сырттағы жұрт әлі итерісіп, даурығысып жатыр. Чарли оларға тағы бұрылып қарады. Дарбаза салдыр етіп жабылғанда сыртқы тіршіліктің барлық көріністері де ғайып болды.


— Міне, келдік. — мистер Воңка топтың алдында шығып алып аяңдай жөнелді. — Мына үлкен қызыл есікке кіріңіздер! Дұрыс! Іші жылы да жайлы! Жұмысшыларым үшін фабриканың ішін жылы ұстаймын! Олар ыстық ауа райына үйренген. Суыққа төзімсіз! Мынадайда сыртқа шықса қатып қалады! Үсіп өледі!


— Ол өзі қандай жұмысшылар? — деп сұрады Огустұс Глуп.


— Әр нәрсе өз уақытында, айналайын! — деді мистер Воңка балаға күлімсірей қарап. — Сабыр сақта! Саяхат барысында бәрін көресің! Барлықтарыңыз түгел кірдіңіздер ме? Жақсы! Есікті жабуға бола ма? Рақмет!


Чарли Баккет бір қараса ұзыннан-ұзақ созылған дәлізде тұр екен. Дәліз бір көлік еркін жүріп өтетіндей кең. Алқызыл түсті қабырғаларын жұмсақ та жағымды сәулелі шамдар жарықтандырып тұр.


— Қандай жылы, қандай жайлы жер! — деп сыбырлады Чарли.


— Иә, ал хош иісі қандай! — деді атасы ауаны сіміре иіскеп. — Бүкіл әлемнің ең тәтті жұпарларын осында әкеп шашқандай: ауадан қуырған кофе дәндері, күйдірілген қант, ерітілген шоколад пен жалбыз, алма шешектері, уатылған фундук, карамель, лимон қабығының иісі аңқиды. Алыстан, кәсіпорынның жүрек тұсынан, қатты жылдамдықпен айналған алып механизм моторының дауысы талып естіледі.


— Ал енді мынау, қадірменді қонақтар, — деді мистер Воңка шуды баса сөйлеп, — негізгі дәліз. Пальтоларыңыз бен қалпақтарыңызды анау ілгішке іліңіздер де, маған ілесіңіздер. Иә, иә, осылай! Жақсы! Болдыңыздар ма? Онда кеттік! — Алға түсіп алған мистер Воңка алхоры түстес фрагының етегі желбіреп ұзын дәлізбен желе жөнелді, қонақтар артынан еріп отырды.


Барлай қарасақ, қонақтар әжептәуір үлкен топ екен. Тоғыз ересек, бес бала — барлығы он төрт адам. Алдарындағы ылдым-жылдым кісіден қалмау үшін жолға таласа-тармаса, бірін-бірі итерісіп бара жатқандарын өзің де сезіп отырған боларсың. — Тезірек! — деп дауыстады мистер Воңка. — Аяқтарыңызды жылдамырақ басыңыздар! Бұлай сүйретілетін болсаңыздар, бүгін бәрін аралап үлгермейміз!


Бір кезде ол негізгі дәлізден оңға бұрылып, тағы бір тарлау жолға түсті. Сосын солға бұрылды. Одан тағы солға бұрылды. Сосын оңға. Сосын солға. Сосын оңға. Тағы оңға. Одан солға. Қоянның ініндей әр бағытқа бір қашып, айқыш-ұйқыш шималанған жолдар.


— Чарли, қолымнан айрылмай ұстап ал, — деп сыбырлады Джо атай.


— Байқадыңыздар ма, соқпақтардың бәрі ылдилап барады, — деді мистер Воңка кідіріп. — Біз қазір жердің астына түсеміз. Кәсіпорынның ең маңызды бөлімдері жер астында.


— Неге? — деді бір дауыс.


— Жер үстінде орын жеткіліксіз болды, — деп жауап берді мистер Воңка. — Қазір біз көруге бара жатқан цехтер өте үлкен. Олардың аумағы футбол алаңынан да кең. Бұл әлемде ол цехтерді сиғыза алатын бірде-бір ғимарат жоқ. Ал жер астынан мен өзіме керегімше орын ала алам. Еш шектеу жоқ, үңгіп кете беруіме болады. — Мистер Воңка оңға бұрылды. Одан солға бұрылды. Сосын тағы оңға бұрылды. Соқпақтар төмен қарай ыдилаған сайын ылдилай түсті.


Кенет мистер Воңка жалтыраған темір есіктің алдына кеп кілт тоқтады. Топ та топырлап тұра қалды. Есікке үлкен әріптермен ШОКОЛАД ЦЕХІ деп жазылыпты.


15. ШОКОЛАД ЦЕХІ


Бұл — өте маңызды цех, — деді мистер Воңка қалтасынан шығарған бір бау кілттің біреуін есіктің ұңғысына салып жатып. — Бұл жерде кәсіпорынның миы мен жүрегі орналасқан. Оның үстіне, өзі сондай көрікті жер. Мен жұмыс орнымның көрікті болғанын ұнатам. Кәсіпорындардағы сұрықсыздықты суқаным сүймейді. Ал, кіріңіздер! Бірақ өте абай болыңыздар, менің қадірлі қонақтарым! Естен танып қалмаңыздар! Тым толқуға болмайды! Сабыр сақтаңыздар!


Мистер Воңка есікті ашты. Бес бала мен тоғыз ересек алға қарай лап берді. Аһ, олардың көздері қандай қызық көрініспен кездесті десеңізші!


Алдарында — керемет сұлу аңғар. Аңғардың екі қапталында көкмайса шөп қаулап, етегінде үлкен қоңыр өзен ағып жатыр. Өзенді жағалай тік жартастан сарқырама сарылдайды. Сарқырамадан жуан-жуан шиша құбырлар өзенге иіліп салбырайды. Құбырлар, шынында да, орасан жуан. Кем дегенде, он екі құбыр өзеннен лайлы қоңыр суды сорып, өздеріне ғана белгілі бір жаққа айдауда. Шыныдан жасалғандықтан ішіндегі бұрқылдап ағып жатқан сұйық анық көрінеді, сарқыраманың сарылына құбырлардың сақ-сақ-сақ сарыны қосылады.


Өзен жағасында сылаңдаған сәмбі тал мен қандыағаш, алқызыл, ақшыл көк шешек атқан азалия бұталары өсіп тұр. Жасыл жазирада мыңдаған сарғалдақтар құлпырады.


— Қараңыздар, — мистер Воңка алтын жалатқан асатаяғымен әйдік қоңыр өзенді меңзеп. — Мұның бәрі шоколад! Бір тамшысына дейін түгел ең жоғары сапалы ерітілген ыстық шоколад. Ең жоғары сапалы, бірінші сұрып! Бұл шоколадпен бүкіл еліміздегі барлық ванна астауларын толтырып тастауға болады. Сондай-ақ, барлық хауыздарды толтыруға да жетеді. Керемет ә!? Құбырларға назар аударыңыздаршы! Олар өзеннен шоколадты сорып ап, фабрикадағы басқа бөлімдерге керегінше жеткізіп береді. Сағатына мыңдаған галон шоколад ағады, менің қадірлі балаларым! Мыңдаған, мыңдаған галон!


Балалар да, олардың ат-аналары да тіл қатуға шамасы келмей есеңгіреп қалды. Мәңгіріп, меңірейіп қалды. Аңтарылып, аңқиып қалды. Оларды көз алдарындағы ғажайып зор көріністің мысы басты. Орындарынан қозғалуға да шамасы келмей сілейіп тұр.


— Сарқырама аса маңызды қызмет атқарады, — деді мистер Воңка әңгімесін жалғастырып. — Ол шоколадты араластырады. Бұлғайды. Уатып, піседі. Сонда шоколад көпіршіп, жеңілдейді. Дүние жүзінде менің кәсіпорнымнан өзге еш кәсіпорын шоколадты сарқыраманың қуатымен бұлғамайды! Алайда бабымен бұлғаудың жалғыз жолы — осы! Жалғыз-ақ жолы! Сіздерге менің ағаштарым ұнады ма? — деді асатаяғымен көгеріштерді нұсқап. — Бұталарым ше? Әдемі, иә!? Сұрықсыздыққа жаным қас екенін айтқан болармын. Сондай-ақ, бұлардың бәрін жеуге болады. Әрқайсысы әртүрлі дәмді нәрден жасалған. Ал, көгалым қалай екен? Сарғалдақтарым мен көкорай шалғыным қандай әсер берді? Аяқтарыңыздың астындағы шөпті, менің қадірменді кішкентайларым, жақында ғана ойлап тапқан жалбыз татитын жұмсақ қанттан жасадым. Мен оны “свадж” деп атадым. Бір талын үзіп, дәмін көріңіздер. Керемет тәтті.


Қонақтардың барлығы еңкейіп шөптен бір-бір сабақ үзді, ал Огустұс Глуп бір дестесін уыстап бір-ақ жұлып алды.


Вайолет Боурегард шөптің дәмін көрерден бұрын аузындағы дүниежүзілік рекордты жаңартатын сағызын алды да, құлағының артына ұқыптап жабыстырып қойды.


— Тамаша екен, иә, — деді Чарли сыбырлап. — Сондай дәмді екен, иә, ата!?


— Маған ерік берсе, бәрін жер едім, — деді рақат сезімге бөленген Джо атай ыржиып. — Сиыр құсап төрт аяқтап тұрып ап, осы көгалдағы шөптің біреуін де қалдырмай жеп қояр ем.


— Сарғалдақтардың да дәмін көріңіздер, — деді мистер Воңка. — Ол тіпті ғажап!


Кенет төңірек біреудің қуана шыңғырған дауысына тұнып қалды. Шыңғырып тұрған Верука Солт еді. Саусағын өзеннің арғы жағына қарай шошайтады.


— Қараңдар! Ана жаққа қараңдар! Ол не? Қимылдайды! Жүрді! Титімдей кісі! Титімдей адам! Сарқыраманың бер жағында тұр!


Қонақтар сарғалдақ теруді тоқтатып, өзеннің ар жағына аңырайды.


— Верука рас айтады, ата, — деді Чарли де таң-тамаша боп. — Құйтақандай адам! Көрдіңіз бе?


— Көріп тұрмын, Чарли, — деді атасы көтеріңкі дауыспен.


Осы кезде жұрттың бәрі бірдей дабырласа жөнелді.


— Өздері екеу екен!


— О, тоба, шынында да солай!


— Екеуден де көп. Бір, екі, үш, төрт, бес!


— Мұнда не істеп жүр?


— Қайдан келді екен?


— Бұлар кім өзі?


Жақынырақ көру үшін балалар да, ата-аналар да өзеннің жағасына қарай жүгіре жөнелді.


— Түрлері бір қызық!


— Бойлары менің тіземнен ғана келеді.


— Үрпиген ұзын шаштарын қара!


Кішігірім қуыршақтай ғана құйтақандай адамдар да істеп жатқан жұмыстарын тоқтатып, өзеннің арғы бетіндегі кісілерге аңырая қалды. Біреуі балаларды саусағымен шошайтып көрсетті де, қасындағыларға бірдеңе деп сыбырлап еді, барлығы сықылықтап күле жөнелді.


— Бұлар шын адам емес шығар, — деді Чарли.


— Әрине, шын адам, — деді мистер Воңка. — Бұл — умпа-лумпа деген халық.


16. УМПА-ЛУМПА


— Умпа-лумпа деген халық, — деді бәрі бір дауыспен қайталап. — Умпа-лумпа деген халық.


— Лумпаләндия атты елден шақыртып алдым, — деді мистер Воңка мақтанышпен.


— Жер бетінде ондай ел жоқ, — деді миссис Солт.


— Ғафу етіңіз, ханым, алайда...


— Мистер Воңка, — деді миссис Солт, — мен география пәнінің мұғалімімін...


— Олай болса, біліміңіз толыға түсетін болды, — деді мистер Воңка. — Оһ, ол бір өте нашар ел екен! Аса қатерлі хорнсвоглер, сноссвонгер деген жыртқыш айуандар мен воңдудл атты жексұрын мақұлықтар құжынаған ит тұмсығы өтпейтін джунглиден өзге дәнеңесі жоқ. Бір воңдудл таңертеңгілік он умпа-лумпа жеп, қосымша тамақ іздеп тағы қайтып келеді екен. Мен ол елге саяхаттап, ағаш үйде тұратын кішкентай умпа-лумпалармен кездестім. Олар хорнсвоглер, сноссвонгер және воңдудлдардан жасырынып, тал басында өмір сүруге мәжбүр екен. Умпа-лумпалардың жалғыз қорегі — жасыл қырықаяқтар, қырықаяқтың жүрек айнытар дәмін татымдырақ ету үшін олар таңның атысы, күннің батысы ағаш өрмелеп қызыл қоңыз, эвкалипт жапырағы, боң-боң ағашының бұталарын тереді екен. Бұлардың да дәмі оңып тұрған жоқ, бірақ қырықаяқ етінен жиіркенішті емес. Бейшара умпа-лумпалар! Олар тамақ атаулының ішінен какао дәнін қатты бағалайды екен. Бірақ оған қолдары жетпейді! Жылына үш немесе төрт какао дәнін тапса, соған мәз. Бірақ сол тағамды қалай аңсайды десеңізші! Какао дәнін жатса түсінде көріп, күні бойы әңгіме етеді. Умпа-лумпа атаулыға “какао” деп айтсаң болғаны, аузынан сілекейі шұбырып кете барады. Какао дәні, — деді мистер Воңка әңгімесін жалғастырып, — какао ағашының жемісі, шоколад атаулының бәрі содан жасалады. Какао дәнінсіз шоколад жасауға болмайды. Какао дәні дегеніміздің өзін шоколад деп түсіну керек. Мен өзім өндірісте апта сайын миллиардтаған какао дәнін жаратам. Сонымен, не керек, қымбатты балалар, умпа-лумпалардың осы тағамға ерекше құштар екенін ести сала, мен олардың ағаш басындағы ауылына өрмелеп барып, тайпа көсемінің үйіне бас сұқтым. Арып-ашқан ол бейшара бір табақ мыжылған қырықаяқ етін өзін-өзі қыштап жеп отыр екен.


— Бері қараңыз, — дедім мен (әрине, ағылшын тілінде емес, умпа-лумпа тілінде сөйлеп) — бері қараңыз, егер сіз және сіздің халқыңыз менің еліме келіп, менің фабрикамда жұмыс жасайтын болса, какао дәнін қажеттеріңізше беремін. Какао менің қамбаларымда тау-тау боп үйіліп жатыр. Тамаққа отырған сайын какао дәнін жеулеріңізге болады. Аузы-мұрындарыңыздан шыққанша жеңіздер. Қаласаңыздар, жалақыларыңызды да какао дәнімен төлейін.


— Шын айтасыз ба!? — деді умпа-лумпа тайпасының көсемі орындығынан атып тұрып.


— Әрине, шын айтам, — дедім мен. — Сондай-ақ шоколад та жейсіздер. Ол какаодан анағұрлым дәмді, себебі оның құрамында сүт пен қант бар.


Мәстек қуанғанынан айқай сап, бір табақ мыжылған қырықаяқ етін ағаш басындағы үйінің терезесінен лақтырып жіберді. —Келістік! — деді ол. — Жүріңіз! Кеттік!


Содан мен оларды әйел, бала-шағасымен біреуін де қалдырмай, кемеме тиеп алдым. Ол оңай болды. Бүйірінде тесігі бар үлкен-үлкен қораптарға салып едім, бәрі еркін сиып кетті. Өздері керемет еңбекқор екен. Қазір бәрі ағылшынша сөйлей алады. Би билеп, ән салғанды ұнатады. Үнемі ән шығарып жүреді. Бүгін бірнеше рет ән еститін шығарсыздар. Бірақ, ескерте кетейін, қуақы халық. Қалжыңы таусылмайды. Әлі сол джунглидегідей киінеді. Өздерінің қалауы солай. Еркектері киік терісін жамылады. Әйелдері үстеріне жапырақ жапсырады. Балалары жалаңаш жүре береді. Әйелдер жағы үстеріндегі жапырақты күн сайын жаңартып отырады.


— Әке! — деп айқай салды Верука Солт (айтқанын үнемі орындататын қыз), — Маған умпа-лумпа керек! Сен маған умпа-лумпа сатып әпер! Дәл қазір тап! Оны үйге алып кетем! Тез бол, әке! Маған умпа-лумпа алып кел!


— Қоя тұршы, жаным! — деді Веруканың әкесі. — Мистер Воңканың сөзін бөлмейік.


— Маған умпа-лумпа керек! — деп шыңғырды Верука.


— Жарайды, Верука, жарайды. Бірақ дәл қазір емес. Шыдай тұр. Кешке дейін біреуін сатып әперермін.


17. ОГУСТҰС ГЛҰПТЫ ҚҰБЫР ЖҰТТЫ


— Огустұс! — деп айқай салды осы кезде миссис Глуп. — Огустұс! Алтыным! Мұның болмайды!


Өзің де сезіп отырғандай, Огустұс Глуп топтан ақырын сыналап шықты да, өзен жағасына тізерлей отыра қап, ыстық шоколадты алақанымен көсіп, жылдам-жылдам сыңғытып ішіп жатқан болатын.


Мистер Воңка жалт бұрылып Огустұс Глуптың не істеп жатқанын көргенде жан ұшыра айқай салды: — Тиіспе! Огустұс, өтінем, тиіспе! Әрмен тұр! Оған қол тигізуге болмайды!


— Огустұс! — деді миссис Глуп та ышқына. — Саған не деп тұр! Жаныңның барында қайт бері!


— Күшті екен! — деді Огустұс шешесінің де, мистер Воңканың да сөзін құлағына ілместен.— Шіркін шелек болғанда ғой, сіміріп ішетін!


— Огустұс! — Мистер Воңка бір орнында тұра алмай тықыршып, асатаяғын сермеп-сермеп қояды. — Кері қайт! Шоколадты былғайтын болдың!


— Огустұс! — деп айқайлады миссис Глуп.


— Огустұс! — деп айқайлады мистер Глуп.


Алайда Огустұс алып асқазанының талабынан өзге ештеңені естімейтін сыңайлы. Жерге етбетінен жата қап, өзенді итше жалап жатыр.


— Огустұс! — деді мистер Воңка жанұшыра. — Сенің мұрынбоғың миллиондаған адамның шоколадына таматын болды ғой!


— Абайла, Огустұс! — деді мистер Глуп. — Өзенге тым жақындап кеттің.


Мистер Глуп білгендей айтқан екен. Кенет шаңқ еткен, сосын шолп еткен дыбыс шықты да Огустұс Глуп өзенге құлап, бір сәтте қоп-қоңыр айдынға батып жоқ болды.


— Құтқарыңдар! — Қаны қашып аппақ боп кеткен миссис Глуп қолшатырын әрлі-берлі бұлғайды. — Суға батып кететін болды! Бір метр де жүзе алмайды! Құтқарыңдар баланы! Құтқарыңдар!


— Енді қайттік, кемпір!? — деді мистер Глуп. — Менің киімімді былғауға болмайды! Біркиер костюмімді киіп шыққам!


Огустұс Глуптың шоколадқа боялған қоп-қоңыр басы өзен айдынында қылт етіп бір көрінді. — Құтқарыңдар! Көмектесіңдер! Құтқарыңдар! — деп бақырып жатты ол. — Мені аулап алыңдар!


— Неғыл деп тұрсың? — деді миссис Глуп мистер Глупке жекіп. — Бірдеңе істесеңші!


— Бірдеңе істеп жатырмын ғой! — деді киімін шешіп, өзенге сүңгуге дайындалып жатқан мистер Глуп. Бірақ бұл кезде сорлы баланы өзеннің ішінде жатқан жуан құбырлардың бірі өзінің аузына қарай сора тартып бара жатқан болатын. Сөйткенше болған жоқ, бір әлеуетті иірім кеп баланы судың астына тартып алды да, құбырдың ауызына қарай итеріп жіберді.


Жағадағы жұрт баланың енді қай жерден шығатынын күтіп, демдерін ішіне тартып тына қалды.


— Әне кетіп бара жатыр! — деді біреу жоғарыға қарай саусағын шошайтып.


Расында да, құ быр әйнектен жасалғандықтан, Огустұс Глуптың торпедо құсап жоғарыға басымен топ ете атылып түскені анық көрінді.


— Көмектесіңдер! Өлтіріп жатыр! Полиция! — деп баж ете қалды миссис Глуп. — Огустұс! Жаныңның барында қайт бері! Қайда бара жатырсың?


— Анау құбырдың кеңін айтсаңшы Огустұсты сидырып жіберген! — деді мистер Глуп.


— Құбыр кең емес, — деді Чарли Баккет. — Қараңыздар, баяулай бастады!


— Шынында да,— деді Джо атай.


— Қазір тіреліп қалатын шығар, — деді Чарли.


— Мен де солай ойлаймын, — деді Джо атай.


— Ой, тығындалып қалды! — деді Чарли.


— Қарны жібермей тұр, — деді мистер Глуп.


— Құбырды түгел бітеп тастады! — деді Джо атай.


— Құбырды сындырып таста! — деді қолшатырын тынымсыз бұлғап тұрған миссис Глуп айқайлап. — Огустұс, алдағы жерден тез шық!


Баланың қалтарыс-бұлтарысынан өтіп кеткен шоколад ары қарай тамшылап құйылып жатыр, ал арқа тұсына жиналғаны тегеурінді массаға айналып, семіз денені құбырдың мойнына қарай итермелей түсті.


— Ойбай, баланы қайда алып кетті? Мына құбыр қайда құюшы еді? Тездетіңдер! Өрт сөндірушілерді шақырыңдар!


— Сабыр етіңіз, ханым! Қорқатын дәнеңе де жоқ! — деді мистер Воңка миссис Глупты тыныштандыруға тырысып. — Огустұс аз-маз саяхаттап келуге кетті, бар болғаны сол ғана. Өте қызықты, қысқа ғана саяхат. Әлі-ақ аман-есен оралады, көріңіз де тұрыңыз.


— Ол қалайша аман-есен оралады!? — деп шап ете қалды миссис Глуп. — Бес секундтың ішінде зефирге айналдырады да жібереді.


— Олай болуы мүмкін емес! Миға симайды! Қисынға келмейді! Сіздің балаңыз ешқашан да зефирге айналмайды!


— Оны сіз қайдан білесіз!?— деп шапшыды миссис Глуп.


— Себебі ол құбыр зефир жасайтын жерге бармайды! Огустұс саяхаттап кеткен құбыр шоколадпен қапталған, құлпынай дәмді помадка жасайтын цехке барады.


— Олай болса, менің баламнан шоколадпен қапталған, құлпынай дәмді помадка жасайды! — деп зар жылады миссис Глуп. — Қайран боздағым-ай! Ертең сені дүкендерде килолап сататын болды-ау!


— Болжамың дұрыс! — деді мистер Глуп.


— Дұрыс екенін өзім де білем, — деді миссис Глуп.


— Қалжыңдауға шама жоқ, — деді мистер Глуп.


— Мистер Воңка олай ойламайтын сияқты. Түрін қарашы өзінің! Ішек-сілесі қатып күліп тұр! Менің балам құбырға кетіп жатқанда қай бетіңізбен күлесіз! Құбыжық десе! — Миссис Глуп қолшатырымен мистер Воңканы нұқып-нұқып алды. — Сіз, не, мұны ойын көріп тұрсыз ба? Менің баламды сіздің помадка жасайтын цехіңіздің жұтып қойғаны сіз үшін, не, күлкілі жағдай ма?


— Балаңызға дәнеме де болмайды, — деді мистер Воңка күлкісін тыя алмай.


— Болады! Ол шоколадпен қапталған помадкаға айналады! — деді миссис Глуп шап етіп.


— Мен ондайға жол бермеймін, — деді мистер Воңка да дауысын көтеріп.


— Неге? — деді миссис Глуп ышқынып.


— Себебі оның дәмі жаман болады, — деді мистер Воңка. — Өзіңіз көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Огустұстың дәмі татитын, шоколадпен қапталған Глуп! Ондай тамақты ешкім сатып алмайды!


— Алғанда қандай! Таласып-тармасып алады! — деді мистер Глуп ашуланып.


— Мен ол туралы ойлағым да келмейді! — деді миссис Глуп бажылдап.


— Мен де, — деді мистер Воңка. — Және де, мадам, балаңыздың есен-аман екеніне еш күмәнданбаңыз.


— Есен-аман болса осы уақытқа дейін қайда жүр? — деді миссис Глуп беттен алып. — Дәл қазір ертіп апарыңыз мені оған!


Мистер Воңка бұрылды да, саусақтарын шырт-шырт-шырт еткізіп үш рет шыртылдатып еді, ғайыптан бір умпа-лумпа пайда болып, оның қасына кеп тұра қалды. Умпа-лумпа маржандай әдемі тістерін көрсетіп жымиды да, басын иіп тағзым жасады. Алқызыл жүзі албырап, ұзын қоңыр-сары шашы алтындай жалтырайды, бойы мистер Воңканың тізесінен ғана келеді. Иығынан асыра бұғы терісін жамылыпты.


— Былай ет, — деді мистер Воңка титімдей адамға еңкейе қарап. — Мистер Глуп пен миссис Глупты помадка цехіне ертіп апарып, балаларын тауып алуға көмектес. Ол құбырға түсіп кетті.


Умпа-лумпа миссис Глупке жалт қарады да сықылықтап күле жөнелді.


— Тыныш! — деді мистер Воңка. — Өзіңді-өзің ұста! Сабыр сақта! Миссис Глуп мұны күлкілі жағдай деп ойламайды.


— Дұрыс айтасыз! — деді миссис Глуп.


— Бірден помадка цехіне ертіп апар, — деді мистер Воңка умпа-лумпаға, — сол жерде қолыңа ұзын таяқ алып, шоколад шайқайтын бөшкенің ішін түрткілеп қара. Мен оның сол жерден табылатынына сенімдімін. Жақсылап ізде! Тездет! Егер ол шоколад шайқайтын бөшкенің ішінде тым ұзақ жатып қалса, помадка қайнататын қазанға құйылып кетуі мүмкін, нағыз масқара сонда болады! Менің помадкам жеуге жарамай қалады.


Миссис Глуп бұлқан-талқаны шығып ашуланды.


— Ойнап айтамын! — деді мистер Воңка күлкісін мұртына әрең жасырып, — Ғафу өтінем! Кешіре көріңіз! Сау болыңыз, миссис Глуп! Сау болыңыз, мистер Глуп! Көріскенше!


Мистер Глуп пен миссис Глуп және олардың кішкентай құрметті қарауылы тез жолға аттанып кетті, сол кезде өзеннің арғы бетінде тұрған бес умпа-лумпа әрі-бері адымдап, секіріп, билеп, кішкентай даңғыраларын қатты-қатты ұра бастады. “Луп-луп! Огустұс Глуп” деп тақпақтады олар. “Луп-луп! Огустұс Глуп!


— Ата! — деді Чарли дауыстап. — Тыңдаңызшы! Аналар не істеп жатыр!


— Тсссс! — деді Джо атай сыбырлап. — Олар бізге ән айтып берейін деп жатыр!


Огустұс Глуп деген ашқарақ қомағай
Жер жаһанды жалмап жеді, тонады-ай!
Жасаса да ол бұл өмірде қанша мың
Түк істемед пайдасына баршаның.
Ол ешкімге еш жақсылық етпеді.
Қалжыңға да өресі оның жетпеді.
Біз сондықтан оған жайлап жақындап,
Ұстаймыз да абайменен тақымдап.
Көпшіліктің игілігіне жарайтын
Зат жасаймыз сүйсініспен қарайтын.
Не қуыршақ, не әткеншек, мәселен,
Деп жүргенбіз не доп, не гүл әсері — ем.
Бірақ, бірақ, бұл ақымақ алаңсыз.
Бастан-аяқ болып шықты жарамсыз.
Аузымызға сап көріп ек бастауда.
Мәжбүр болдық тез түкіріп тастауға.
Сосын дереу райымыздан қайтып,
“ Уақыт болды! Нар тәуекел! ” айтып
Болашақта қондыру үшін тұғырға.
Шештік оны жіберуге құбырға.
Огустұс онда талай қызық көреді
Бір бөлмені арнайы оған бөледі.
Кондитерлік агрегатқа салынад.
Сәл басқартып, сәл өзгертіп алынад.
Доңғалақтар баяу-баяу айдалап,
Өткір тістер шайнап-шайнап майдалап
Жүз пышақпен турап жұқа һәм тегіс
Қосылады қант пен қаймақ, дәмдегіш.
Қайнатылад кетпейінше бу болып
Бойындағы бар арамдық, у борық.
Енді міне! Қараңыздар! Ғажайып!
Огустұстың салмағы көп азайып
Таралыпты, қаралыпты, арыпты,
Әжептәуір жөнге келіп қалыпты.
Жұрттың бәрі оны қатты ұнатып
Жүретін бопты енді ұдай сұратып.
Сұрыпталған сүйкімді де сәттіні
Кім жек көрсін енді мұндай тәттіні!


— Умпа-лумпа халқы ән айтқанды ұнатады деп ем ғой! — деді мистер Воңка. —Хошың келеді! Сүйсініп қалам! Алайда сіздер олардың бір сөзіне де сенбеңіздер! Бәрі де ойдан шығарылған!


— Умпа-лумпалар шынында да қалжыңдап тұр ма, ата? — деп сұрады Чарли.


— Әлбетте, — деп жауап берді атасы. — Бұл олардың қалжыңы болуы керек. Меніңше солай. Ал, сен қалай ойлайсың?


18. ШОКОЛАД ӨЗЕНІМЕН ЫЛДИЛАУ


— Кеттік! — деді мистер Воңка. — Қане, тезірек! Келесі бөлімге аттанайық! Огустұс Глупты уайымдамай-ақ қойыңыздар! Ол дін аман. Үнемі солай болады. Саяхатымызды енді қайыққа мініп жалғастырамыз. Әне, қайығымыздың өзі де жақындап қалды!


Осы мезете жып-жылы шоколад өзенінен көтерілген булы тұман арасынан алқызыл түсті ғажайып қайық шыға келді. Бұл ежелде викиңгтер мінетін қайықтар сияқты тұмсығы мен арт жағы биік, ескекті қайық еді, оның көзді шағылыстыра жарқылдаған сұлбасына қарап алқызыл түсті мөлдір шишадан жасалған ба деп деп қаласың. Қайық жағаға жақындағанда қонақтар оның екі қапталындағы есепсіз көп ескектерді жыпырлаған умпа-лумпалар есіп отырғанын, әр ескекке кем дегенде он умпа-лумпадан келетінін байқады.


— Бұл менің жекеменшік яхтам! — деді мистер Воңка мақтаныштан жүзі бал-бұл жайнап. — Науаттан жасадым! Әдемі, иә! Айдынды тіле жүзуін қараңыздаршы!


Алқызыл науат қайық өзен жағасына сырғанай кеп тоқтады. Бір жүз умпа-лумпа ескектеріне сүйене қап, қонақтарға тамашалай қарады. Сосын өздеріне ғана белгілі бір себеппен ду күлді.


— Бұлар неге күліп жатыр? — деп сұрады Вайолет Боурегард.


— О, оған назар аудармай-ақ қойыңыздар! — деді мистер Воңка. — Умпа-лумпа — күлекеш халық. Бұларға өмірдегінің бәрі күлкілі көрінеді. Кәне, барлықтарыңыз қайыққа мініңіздер! Қане, қане! Тездетейік!


Қонақтардың барлығы жайғасып болғанда умпа-лумпалар қайықты жағадан итеріп жіберді де, өзенді ылдилай зымыратып есе жөнелді.


— Ей, ана жердегі бала! Майк Тиви! — деп айқай салды мистер Воңка. — Қайықты тіліңмен жаламашы! Сіре боп қалады!


— Әке! — деді Верука Солт. — Маған осындай қайық керек! Тура мистер Воңканыкіндей алқызыл науат қайық сатып әпер! Және оны умпа-лумпалар есетін болсын, сосын қайық жүзетін шоколад өзені керек, сосын тағы анандай не сатып әпер...


— Бұл қызды жақсылап сабап тұратын таяқ сатып әперу керек, — деді Джо атай Чарлиге сыбырлап. Ол немересімен қайықтың арт жағына жайғасқан еді. Бала атасының сүйекті арық қолынан тас қып ұстап алыпты. Төбесі көкке екі-ақ елі жетпей тұр. Осы сәтке дейін көрген шоколад өзені, сарқырама, жуан сорғыш құбырлар, жалбыз татыған тәтті көкорай, алқызыл сұлу қайық, умпа-лумпалар, мистер Воңка — бәрі-бәрінің ғажайыптығы соншалық, Чарли бұл жерде таңдандыратын басқа нәрсе қалды ма екен деп ойлай бастады. “Енді қайда келе жатырмыз? Тағы не көреміз? Келесі жерде қандай оқиғаны бастан кешеміз?”


— Керемет, иә! — деді қария немересіне күлімсіреп.


Чарли басын изеп жымиды.


Кенет Чарлидің арғы қапталында отырған мистер Воңка еңкейіп, орындықтың астындағы қораптан үлкен саптыаяқ алды да, өзеннен шоколад толтырып Чарлиге ұсынды. — Мынаны ішші. Саған пайдалы. Өте жүдеу көрінеді екенсің.


Сосын екінші саптыаяқты толтырып Джо атайға берді.


— Сіз де ішіңіз. Азып кетіпсіз. Үйде тамақтың мәнісі болмай жүр ме?


— Иә, онша емес, — деді Джо атай.


Чарли саптыаяқтан ұрттады, жылы қою шоколад өңешінен төмен қарай жүгіре жөнелгенде баланың басынан аяғына дейінгі бүкіл денесі керемет рақатқа бөленіп, көңілін шексіз бақыт сезімі билей жөнелді.


— Қалай, ұнады ма? — деп сұрады мистер Воңка.


— Тамаша екен! — деді Чарли.


— Мен дәмін татқан шоколадтардың ішіндегі ең қоюы, ең тәттісі — деді Джо атай ернін жалап.


— Сарқыраманың қуатымен араластырғанда сондай болады, — деді мистер Воңка.


Қайық ылдилай түсті. Өзен жіңішкере бастады. Алда қараңғы туннель сияқты орасан жуан құбыр қараңдады да, өзен түгелдей соған кіріп кетті. Өзенмен бірге қайық та кірді. Мистер Воңка ұшып тұрып: — Есе түсіңдер! — деді асатаяғымен ауаны әрі-бері сермей дауыстап. — Алға! Жылдам! — Умпа-лумпалар өте қатты ескендіктен қайық тас қараңғы туннельде оқтай зуылдады, жолаушылар ішектерін тарта шыңғырды.


— Бұлар жолды қалай сезіп табады? — деді Вайолет Боурегард қараңғыда шәңкілдеп,


— Бұлар жолды қалай сезіп табады? — деді мистер Воңка сақылдай күліп.


Бұлар жолды қалай сезіп табады?
Қай бағытта мына өзен ағады?
Қай бағдармен қайық жүзіп барады?
Сұрақтардың жоқ ешқандай жауабы.
Көзге түртсе көрінбейтін қараңғы
Жөн білетін жан көрінбейд жарамды
Үрей биледі мына отырған жаранды.
Ескекшілер сөзге өте сараң-ды
Бұл дүниемен алшақтатып араңды
Өшіруге асығады қараңды.

— Мынау, сірә, ақылынан алжасқан болар! — деді осы кезде бір баланың әкесі қатты сезіктеніп, өзге ата-аналар да қорқыныштарын жасыра алмай у-шу болды:


—Жарымес!


— Есалаң!


— Жұтып алған!


— Жындысүрей!


— Есуас!


— Келесау!


— Есерсоқ!


— Жынсоққан!


— Мылжың!


— Делқұлы!


— Бәңгі!


— Қояншық! — десіп жатты тұс-тұстан жамырап.


— Жоқ, ол қояншық емес! — деді Джо атай оларға қарсы уәж айтып.


— Шамды жағыңдар! — деп бұйырды мистер Воңка. Мыңдаған шам жарқ етіп, туннельдің іші самаладай жарық болғанда Чарли өздерінің бірде-бір дақ түспеген аппақ қабырғалары көкпен таласқан нән құбырдың ішінде кетіп бара жатқандарын көрді. Шоколад өзені құбырға асқан жылдамдықпен кеп кіріп жатыр, умпа-лумпалар жанын сала есіп, қайық оқтай зуылдап келеді. Қайықтың арт жағындағы мистер Воңка ескекшілерге одан да бетер шапшаңдата түсуді бұйырып, біресе тұрып, біресе отырады. Алқызыл қайыққа мініп, аппақ туннельдің ішінде шоколад өзенімен құйғыта жүзген оған қатты ұнайтын сияқты, сақылдай күліп, қолдарын шапалақтап, “қалай ә!?” дегендей жолаушыларына қарап-қарап қояды.


— Ата, ананы қара! — деді Чарли көтеріңкі дауыспен. — Қабырғада есік бар екен! — Туннель қабырғасындағы жасыл есік өзен деңгейінен сәл ғана биік орналасқан. Қайықтағылар оның тұсынан өтіп бара жатып № 54-ҚАМБА. КРЕМДЕР: БАЛҚАЙМАҚ КРЕМ, ҚАМШЫЛАНҒАН КРЕМ, ШЕГІРГҮЛ КРЕМІ, КОФЕ КРЕМІ, АНАНАС КРЕМІ, ВАНИЛЬ КРЕМІ, ШАШ КРЕМІ деген жазуларды оқып үлгерді.


— Шаш кремі дейді!? — деді Майк Тиви таңданып. — Сонда не, шоколадқа шаш кремін қосасыздар ма?


— Жылдамырақ есіңдер! — деді мистер Воңка. — Қисынсыз сұрақтарға жауап беретін уақыт жоқ!


Олар енді қара есіктің жанынан өтіп бара жатты. Онда №71-ҚАМБА. ҚАМШЫЛАР: ҰЗЫНДАРЫ МЕН ҚЫСҚАЛАРЫ, ЖУАНДАРЫ МЕН ЖІҢІШКЕЛЕРІ деп жазылыпты.


—Қамшы!? — деді бұл жолы Верука Солт. — Ол не үшін керек?


— Кремді қамшылау үшін, әрине, — деп жауап берді мистер Воңка. — Кремді қамшысыз қалай қамшылайсыз!? Қамшымен қамшыланбайынша қамшыланған кремді қамшыланған крем деп атауға болмайды. Түн ортасында орманнан ұрлап әкеп пісірген жұмыртқа ғана “пашот жұмыртқа” деп аталатыны сияқты. Жылдамырақ есіңіздер!


Бұл кезде қайық сары есіктің жанынан өтіп бара жатты. Онда №77-ҚАМБА. ДӘНДЕРДІҢ НЕШЕ ТҮРІ: КАКАО ДӘНІ, КОФЕ ДӘНІ, ЖЕЛЕ ДӘНІ ЖӘНЕ ДӘНІККЕНДЕРДІҢ ДӘНІ деп жазылыпты.


— Дәніккендердің дәні қандай болады? — деді Вайолет Боурегард таңданғанын жасыра алмай.


— Сіз сияқты болады, — деді мистер Воңка. — Сөз таластырып жатуға уақыт жоқ. Тездетіңіздер! Тездетіңіздер! — Бірақ осыдан бес секунд өте алдан қып-қызыл есік көрінгенде ол алтын жалатқан асатаяғымен ауаны сермеп-сермеп: — Қайықты тоқтатыңыздар! — деді.


19. ӨНЕРТАПҚЫШТЫҚ БӨЛІМ. МӘҢГІЛІК МӘМПӘСИ ЖӘНЕ ШАШ ӨСІРЕТІН ИРИС КӘМПИТ


Мистер Воңка “Қайықты тоқтатыңыздар!” деп бұйыра сала умпа-лумпалар ескектерін өзенге тігінен сұқты да, суды жылдам-жылдам кейін итерді. Қайық тоқтай қалды. Умпа-лумпалар оны қызыл есіктің алдына тақап байлады. Есікте ӨНЕРТАПҚЫШТЫҚ БӨЛІМ. ҚҰПИЯ. КІРУГЕ БОЛМАЙДЫ деп жазылыпты. Мистер Воңка қалтасынан кілт алды да, қайықтан ары қарай асылып, кілтті есіктің ұңғысына салды.


— Бұл — бүкіл фабрикадағы ең маңызды бөлім, — деді ол. — Кондитер саласында мен ойлап тапқан аса құнды идеялардың бәрі осы бөлімде іске асырылады. Фиккелгрубер деген қырт бұл жерге үш минутқа кіруге рұқсат алу үшін алдыңғы тісін жұлып берер еді. Продноз бен Слигворт және басқа да шоколад жасаушы алаяқтар де сүйтер еді. Ал, енді мені мұқият тыңдаңыздар! Ештеңені ұстауға, ештеңені бүлдіруге, ештеңенің дәмін татуға болмайды! Келістік пе?


— Келістік! Келістік! — деді балалар бір дауыспен. — Ештеңеге тиіспейміз!


— Осы уақытқа дейін, — деді мистер Воңка. — бұл бөлімге кіруге ешкімге, тіпті умпа-лумпаларға да рұқсат етілмеген. — Ол есікті ашты да, қайықтан секіріп түсті. Төрт бала мен олардың ата-аналары да мистер Воңканың артынан ілесті.


— Ештеңеге қол тигізбеңіздер! Ештеңені қағып кетпеңіздер! — деді мистер Воңка тағы да ащы дауыспен ескертіп.


Чарли Баккет ат шаптырым үлкен бөлімді барлай қарады. Ертегілерде айтылатын мыстан кемпірдің ас үйі сияқты екен. Үлкен пештің үстінде шөгендер бұрқылдап, шәугімдер шыжылдап, бақырлар быжылдап, түсініксіз темір механизмдер тарсылдауда; қабырғалар мен шаңырақты түгел құбырлар торлапты, төңіректі тұтас хош иіс жайлап алған.


Мистер Воңка әдеттегіден де бетер рухтанып кетті, қонақтар бұл оның ең жақсы көретін бөлімі екенін түсінді. Ол Крисмас мейрамы кезінде сыйлықтарының қайсысын бірінші ашарын білмеген баладай шөгендер мен қондырғылардың арасында алақтап ары-бері жүгіріп жүр. Бір үлкен қазанның қақпағын ашты да, буын иіскеп көрді, сосын жүгіріп барып бір қазанға саусағын батырып, қоймалжың сары созылыңқы сұйықтың дәмін татты, одан соң бір механизмнің жанына келіп бес-алты шүмекті біресе олай, біресе бұлай бұрады, одан барып бір дәу бу пештің шиша есігіне тесіле үңіліп, оның ішінен көргеніне қолдарын ысқылап, сақылдай күліп мәз-мейрам болды. Сосын “фат-фат-фат-фат” деп тұрған жарқыраған кіші-гірім механизмнің жанына жетіп барды, әр “фат” деген сайын механизмнен бір түйір жасыл мәрмәр тас атып шығып, еденде тұрған себетке түсіп жатыр. Оның не зат екенін кім білген, бірақ мәрмарға ұқсайды екен.


— Мәңгілік мәмпәси! — деді мистер Воңка мақтанышпен. — Әлемде бірінші рет ойлап табылды! Мен бұл мәмпәсиді ата-анасы тәтті-дәмдіге аз ақша беретін балалар үшін жасадым. Мәңгілік мәмпәсиді аузыңа салып сора бер, сора бер, сора бер, сора бер, сора бер — ешқашан кішіреймейді!


— Сағыз сияқты! — деді Вайолет Боурегард.


— Сағыз сияқты емес, — деді мистер Воңка. — Сағыз — шайнау үшін жаратылған, ал мәңгілік мәмпәсиді шайнамақ болсаңыз, тісіңізді сындырып аласыз! Бұл мәмпәси ешқашан кішіреймейді! Ешқашан еріп жоқ болмайды! ЕШҚАШАН ДА! Менің діттеген мақсатым солай! Дәл қазір келесі есіктегі Сынақ бөлімінде бір мәмпәси сынақтан өтуде. Оны бір умпа-лумпа сорып көруде. Күні-түні дамыл таппай сорғанына бір жылдай уақыт боп қалды, мәмпәси әлі сол бастапқы қалпында.


— Ал, енді анда барайық, — мистер Воңка қарама-қарсы қабырғаға қарай секіре адымдап, — мен мұнда ирис кәмпитінің мүлде жаңа түрін ойлап шығарудамын. — Ол үлкен кастрөлдің жанына кеп тоқтады. Кастрөлдің ішінде күлгін түсті қоймалжың сірне бұрқылдап қайнап жатыр. Мұны Чарли аяғының ұшымен тұрып көрді.


— Бұл — шаш өсіретін ирис кәмпит! — деді мистер Воңка леппен. — Титімдей бір тістесеңіз болды, жарты сағаттан кейін басыңызды жібектей сусылдаған қалың, сұлу шаш көмкере бастайды. Сондай-ақ мұрт та өседі! Сонымен қатар сақал да өседі!


— Сақал!? — деп шаңқ ете қалды Верука Солт. — Сақалдың кімге керегі бар!?


— Сізге сақал тамаша жарасар еді, — деді мистер Воңка. — Бір өкініштісі, ерітіндіміз әлі толық дайын емес. Күштілеу етіп жіберіппін. Шектен тыс жақсы нәтиже берді. Кеше Сынақ бөлімінде бір умпа-лумпаға жегізіп көріп ем, сол мезетте-ақ иегіне сояудай-сояудау қап-қара сақал атып шыға келді, сақалдың жылдам өскендігі сонша, бір мезетте бөлімнің еденін сақал кілем жауып тастады. Біз қырқып үлгергенше өсіп кетіп жатты. Ақыр аяғында пішен шабатын мәшинемен шабуға тура келді. Алайда мен міндетті түрде дұрыс ерітінді жасаймын. Сонда тақыр бас жүретін кішкентай балалар мен қыздарға еш кешірім болмайды.


— Мистер Воңка, кішкентай балалар мен қыздар онсыз да тақырбас жүргенді ұнатпайды, — деді Майк Тиви.


— Сөз таластырмай-ақ қойшы, балам, өтінемін, сөз таластырмашы! — деді мистер Воңка. — Қымбат уақытты босқа жібермейікші! Ал, енді мұнда жүріңіздер, мен сіздерге үлкен мақтанышымды көрсетейін. Тек, абай болыңыздар! Бірдеңені қағып кетпеңіздер!


20. САҒЫЗ ЖАСАҒЫШ АЛЫП МЕХАНИЗМ


Мистер Воңка топты Өнертапқыштар бөлімінің қақ ортасында тұрған зор механизмнің жанына ертіп келді. Жалтылдаған металл механизм балалардың да, олардың ата-аналарының да үстінен таудай төнеді. Ұшар басынан жүздеген жіңішке шиша шертпектер шығып, төмендегі астаушаға салбырай иіліп тұр.


Мистер Воңка: — Кеттік! — деп, механизмнің бүйіріндегі үш түймені басып-басып жіберді. Сәлден кейін гүрілдеген дауыс шықты да, механизм селкілдеп ала жөнелді, сосын жан-жақтан ысылдап бу шығып, әлгі шүпірлеген шертпектектерден төмендегі астаушаға сұйық зат сырылдай аға бастады. Әр шертпектен аққан сұйықтықтың түсі әр түрлі, құдды, табиғаттың бар бояуы мен реңкі осында келіп жиналғандай. Кемпірқосақтан бетер көздің жауын алар әдемі бояулар! Шара толайын дегенде мистер Воңка тағы бір түймені басып қалып еді, сұйықтық ағуын тоқтатты да, ысқырған дыбыс шықты, сосын бір нән ысқырғыш пайда болып, шараның ішіндегі балмұздаққа ұқсас түрлі-түсті қосындыны араластыра бастады. Ол көпіршіп, көбіктенді. Көпірши-көпірши көк түстен ақ түске, ақтан — жасылға, одан — қоңырға, қоңырдан сарыға өзгеріп, одан қайтадан көк түс қалпына келді.


— Назар аударыңыздар! — деді мистер Воңка тағы бір түймені басып. Осы кезде механизм шиқ етті де, ысқырғыш ысқыруын тоқтатты. Сосын сылқ-сылқ етіп сыңғытқан дыбыс естіліп, астаушадағы көпіршіген көк қосынды дем арасында механизмнің асқазанына жұтылып кетті. Бөлмеде бір сәт тыныштық орнады. Сосын тағы үш-төрт рет гүрілдеген дыбыс естілді. Тағы сілтідей тына қалды. Одан кейін механизм дүниені басына көтеріп гүрсілдей ала жөнелді де, автоматты ойын мәшинелерінен шығып тұратын суырмашаның үлкендігіндей тілдей суырмаша шықты, ішінде құйттай жұп-жұқа бірдеңе жатыр. Кәдімгі бір тілім сұр картон қағаз сынды.


Балалар мен олардың ата-аналары бір тілім сұр картон қағазға аңырып қарап қалыпты.


— Бар болғаны осы ма? — деді Майк Тиви мұрнын шүйіре.


— Бар болғаны осы, — деді мистер Воңка жұмыс нәтижесіне сүйсіне қарап. — Не өндірілгенін түсінбей тұрсыздар ма?


Қонақтар жауап қатпады. Кенет, Верука Солт деген сағыз шайнағыш қыз суырылып шықты.


— Алақай! Бұл — сағыз! Бір тілім сағыз!


— Дәл таптың! — деді мистер Воңка Вайолеттің арқасынан қағып. — Бұл — бір тілім сағыз! Бұл — бар әлемді таңдай қақтырып, қайран қалдыратын, өрекпітіп, дүрліктіретін ең керемет сағыз!


21. САУ БОЛ, ВАЙОЛЕТ


— Бұл сағыз, — деді мистер Воңка сөзін жалғастырып, — менің ең соңғы, ең үлкен, өмірге революциялық өзгеріс енгізетін ұлы өнертабысым. Бұл — тамақ сағыз. Бұл... бұл... бұл... Мынау жатқан бір тал сағызда үш түрлі түстік тамақ бар.


— Сіз не сандырақтап тұрсыз!? — деді бір баланың әкесі.


— Қымбатты сэр, — деді мистер Воңка оған даусын көтере жауап беріп, — мен бұл сағызды дүкендерге шығарғанда адам өмірі танымастай өзгереді. Тамақ пісіру, асханаға бару деген мүлдем қалады. Адамзат азық-түлік іздеп сабылмайды. Еттің де, жарма, кеспе, нанның да керегі болмайды. Ауқаттанарда пышақ, шанышқы іздемейді! Табақтың керегі болмайды! Ыдыс-аяқ жуып әуре болмайсыз! Ештеңе бүлінбейді! Ештеңе былғанбайды! Азанғы асқа да, түскі тамаққа да, кешкі тамаққа да керегі тек бір тілім Воңка сағызы! Осы жаңа ғана көз алдарыңызда дайындалған сағыздың құрамында томат сорпасы, ростбиф және көкжидекті тоқаш бар.


— Құрамында томат сорпасы, ростбиф және көкжидекті тоқаш бар дегенді қалай түсінуге болады? — деп қайран қалды Вайолет Боурегард.


— Бұл сағызды шайнаған адам өзін осы тамақтардың бәрін жегендей сезінеді. Ғажап сезім! Тамақтың өңешіңізден өтіп, асқазаныңызға түскенін шынымен сезінесіз! Тіліңізбен дәмін татасыз. Кәдімгідей тоясыз. Мейіріңіз қанып, тояттайсыз. Керемет!


— Ол мүлдем мүмкін емес! — деді Верука Солт. Сөйтті де аузынан рекорд жаңартатын сағызын алып, сол құлағының артына жабыстырып қойды. — Қанеки, мистер Воңка, — деді ол, — керемет сағызыңызды маған беріңізші, көрейік, қандай екенін!


— Вайолет! — деді миссис Боурегард. — Ақымақтық жасаушы болма!


— Менің ол сағызды шайнап көргім келеді, — деді Вайолет қырсығып. — Оның несі ақымақтық!?


— Әзірше болмайды, — деді мистер Воңка биязы үнмен. — Мен оны түгел дайындап болған жоқпын. Түсініңізші. Әлі бір-екі жерін ...


— Не қылар дейсің! — Мистер Воңка тойтарып үлгергенше болмай, Вайолет қолын созып жіберіп суырмашадағы сағызды жып еткізіп аузына сала салды. Қыздың сағыз шайнап әбден машықтанған жақ сүйектері бірден салпылдай жөнелді.


— Болмайды! — деп ақырды мистер Воңка.


— Керемет! — деді Вайолет масаттанып. — Ыстық томат сорпасы! Майлы да дәмді! Өңешімнен өтіп жатқанына шейін сезініп тұрмын.


— Тоқтаңыз! — деді мистер Воңка. — Сағыз әлі дайын емес. Болған жоқ!


— Болғанда қандай! — деді Вайолет. — Мені тамақтандырып жатыр. Паһ! Қандай дәмді сорпа еді өзі!


— Түкіріп тастаңыз! — деп бұйырды мистер Воңка.


— Өзгере бастады, — деді Вайолет әрі шайнап, әрі ақсия күліп. — Екінші тамақ келе жатыр. Ростбиф екен. Жұмсақ та нәрлі. Сырты қытырлақ, ішіне толтырып сарымай салыпты.


— Шынында да, қызық екен, Вайолет! — деді мисис Боурегард. — Менің қызым ақылды!


— Шайнай бер! — деді мистер Боурегард. —Бұл Боурегардтар әулеті тарихындағы ұлы күн! Біздің қызымыз — әлемде сағыз-тамақ жеген тұңғыш адам!


Жұрттың бар назары ерекше сағыз шайнап тұрған Вайолет Боурегардқа ауды. Кішкентай Чарли Баккет сағызды басып-босатып, басып-босатып тұрған толық еріндерге телміріп қапты. Оның қасындағы Джо атай да аң-таң. Мистер Воңка қолдарын ербеңдетіп тыпырлап тұр:


— Болмайды! Болмайды! Болмайды! Әлі жеуге жарамайды. Дайын болған жоқ! Рұқсат бермеймін!


— Қарақат бәліш пен кілегей дәмі сезіле бастады! — деп жар салды Вайолет бұл жолы. — Ммм, қатқан екен! Күшті! Тура бар ғой... тура кәдімгідей керемет дәмді бір қасық толы бәліш жеп тұрғандаймын!


— Қызым, анау не деген сұмдық! — деп миссис Боурегард кенет шар ете қалды. — Мұрныңа не болған!


— Тыныш тұр, мама, аяқтауға мұрсат бер, — деді Вайолет.


— Көгеріп барады! Мұрның көгеріп барады! — миссис Боурегардтың жан дауысы шықты.


— Мамаң шын айтады! — деді мистер Боурегард. — Мұрның күп-күлгін боп кетті!


— Оны қалай түсінуге болады? — деді Вайолет сағыз шайнауын доғармай.


— Бетіңе қарашы! — деді миссис Боурегард тағы шыңғырып. — Екі бетің де көгеріп барады. Енді иегің! Бет-жүзің түгел көгеріп кетті!


— Сағызды түкіріп таста! Тез! — деді мистер Боурегард бұйырып.


— О, Жаратқан! Құтқара көр! — деді миссис Боурегард жыламсырап. — Қызымыз басынан аяғына дейін көгеріп барады! Шашының да түсі өзгере бастады. Вайолет! Саған не болды?


— Мен сізге ескертіп едім ғой, сағыз әлі дайын емес деп. — Мистер Воңка күрсінді де, басын көңілсіз шайқады.


— Ал мен айтам, ескерткен жоқсыз! Қараңыз енді мына қызға не болғанын! — деді миссис Боурегард шапшып.


Вайолеттің түрі, шынында да, адам шошырлық еді. Беті мен қолы, аяғы мен мойыны, додыраған бұйра шашына дейін бүкіл денесі қарамық жидегінің шырынын еске түсіретін жылтыраған күлгін-көк түске енді.


— Десерттен үнемі осындай қате шығады, — деді мистер Воңка тағы күрсініп. — Бұл қарамық қосқан бәліштен болды. Көріңіздер де тұрыңыздар, мұны мен бір күні түзетем.


— Вайолет! — деді миссис Боурегард шыңғырып. — Сен ісіп барасың!


— Жүрегім айниды! — деді Вайолет.


— Сен ісіп-кеуіп барасың! — деді миссис Боурегард тағы бажылдап.


— Өзімді бір түрлі сезінем! — деді Вайолет қарлығып.


— Мен оған таңданбаймын! — деді мистер Боурегард.


— Масқара! Вайолет!— деді миссис Боурегард шаңқылдап. — Шардай шертиіп кеттің!


— Қарамық жидегі сияқты домаландың да қалдың! — деді мистер Боурегард.


— Дәрігер шақырыңыздар! — деді миссис Боурегард айғайлап.


— Түйреуішпен жарып жіберу керек! — деп ақыл айтты бір баланың әкесі.


— Қызымды құтқарыңдар! — деп айғайлады миссис Боурегард өз қолын өзі бұрап.


Алайда Вайолетті енді құтқару мүмкін емес еді. Оның денесі дем арасында ісіп-кеуіп орасан зор домалақ шар пішіндес қарамық жидегіне айналып шыға келді. Оның Вайолет Боурегард екенін еске түсіретін — қысқа екі аяқ, екі шетінен қылтиған екі қол және жидектің төбесіндегі титімдей бас.


— Үнемі осылай болады, — деді мистер Воңка мұңайып. — Мен бұл сағызды Сынақ бөлімінде жиырма умпа-лумпаға шайнатып, жиырма рет сынадым, барлығы да қарамыққа айналып кете берді. Неден екенін түсінбей-ақ қойдым!


— Маған қарамықтың қажеті жоқ! — деді миссис Боурегард жыламсырап. — Жаныңыздың барында қызымды бұрынғы қалпына келтіріп беріңіз!


Мистер Воңка саусақтарын бір-біріне үйкеп шырт еткізіп еді, лезде қасына он умпа-лумпа кеп тұра қалды.


— Мисс Боурегардты қайыққа дейін домалатып апарыңдар, — деп бұйырды оларға мистер Воңка, — сосын бірден Шырын сығатын бөлімге жеткізіңдер!


— Шырын сығатын бөлім дейді! — деді миссис Боурегард. — ол жерде Вайолетке не істемек?


— Сығады, — деді мистер Воңка. — Бірден шырынын сығып алу керек. Одан арғысын көре жатармыз. Уайымдамаңыз, миссис Боурегард. Біз қызыңызды қайтсек те қалпына келтіреміз. Бәрі үшін кешірім өтінем, мен...


Бұл кезде он умпа-лумпа алып қарамықты жабыла итеріп, Өнертапқыштар бөлімінің еденімен қайық күтіп тұрған шоколад өзеніне қарай домалатып бара жатты. Мистер Боурегард пен миссис Боурегард олардың артынан жүгірді. Чарли Баккет пен Джо атай және қалған кісілер оларды көздерімен үндемей ұзатып салды.


— Ата, тыңдаңызшы! — деп сыбырлады Чарли. — Қайықтың үстіндегі умпа-лумпалар тағы да ән айта бастады.


Бәріңізге адал жүрек достаймыз
Сағыз зиян дегенді біз қоштаймыз.
Ылғи сағыз шайнайтұғын баланы,
Біз жақсылар қатарына қоспаймыз.
Сағыз шайнау ештеңені білмей
Мұрнын шұқылау әдетімен бірдей.
Біз айтқанға кәміл берік сеніңіз.
Сағызға деген құмарлықты жеңіңіз.
Сағыз деген — Құдай жазасы! Карма!
Мисс Биглоу туралы естулеріңіз бар ма?
Бұл бикешіміз күні-түні бір тынбай
Сағыз шайнайды екен ешбір қымсынбай.
Шайнайды ол суға түсіп тұрып та,
Шайнайды ол билеп жүріп клубта.
Шайнайды ол автобуста, шіркеуде,
Мұнысы енді қылмыс тұрар тіркеуге.
Сағыз таба алмай қалған жағдайда
Линолеумді басады екен таңдайға.
Көзіне түскен затты сағыз етіпті.
Пошташының құлағы мен етікті.
Үйге түскен ішкиімін ұрының,
Жүріп жүрген жігітінің мұрынын.
Шайнай-шайнай беті қатты дамиды.
Бес гектар боп бет-әлпеті далиды.
Өсе-өсе жақтарының сүйегі
Скрипкаға ұқсап қалады иегі.
Жылдан-жылға сағызға ол салынды.
Тәулігіне елу сағыз алынды,
Жылдан-жылға салынды ол, тұтылды.
Тәулігіне елу сағыз тұтынды.
Осы әдетін тастамас еді оңбаса
Аяқ астынан тосын жағдай болмаса,
Сол кеш Биглоу төсегіне кеш жатқан
Одан біраз кітап қызығына батқан.
Шайнам-шайнам, шайнам ауыз жиылмай,
Төсекте де күйседі ол тиылмай.
Бір кезде әйтеуір сағызын аузынан алады,
Арнайы ыдысқа ықтияттап салады.
Сосын ойша отар-отар қой санап,
Жатып қана шырт ұйқыға аттанады.
Бірақ, о, сұмдық, кім көріпті мүндайды!
Ұйықтап жатып та жағы оның тынбайды!
Ауызында болмаса да дәнеңе,
Тыным болмайды түнімен бұл бәлеге!
Жақ сүйекке дерт кепті сөйтсек жайланып,
Дамылсыз шайнау дағдысына оның айналып.
Көз түртпес қап-қараңғы үйде,
Түсіреді ол қорқынышты күйге.
Апандай ауыз қып-қызыл оттай лапылдап,
Ашылып-жабылып сартылдайды сақылдап
Барған сайын бұл сақ-сақ-сұқ үдейді,
Тоқтай алмай ұшырады үрейді.
Жақ сүйектер бір кезде былай шешеді
«Дамылдап ап, қатты ашылайық» деседі.
Кенет сосын жабылып кеп қалғанда
Тілдің жартысы кесіліп түседі салғанда.
Содан Биглоу қалды мәңгі мылқау боп.
Сағыз кесірі денесіне сырқау боп
Бар өмірін ол жарымжан күйінде
Өткізіпті мүгедектер үйінде.
Сондықтан да құтқаруға тырысып,
Біз Вайолет Боурегардқа ұрысып,
Ескертеміз: Биглоудың артын құшпасын,
Өзін-өзі тәрбиелеп ұстасын.
Әлі жас қой түзелуге кеш емес,
Еңбегіміз сонда біздің еш емес.


22. ҰЗЫННАН-ҰЗАҚ ДӘЛІЗДЕР


— Уһ! Жақсы! Жарайды! — деді мистер Воңка терең дем алып. — екі бұзық бала кетті. Үш тәртіпті бала қалды. Тағы біреуінен айрылып қалмай тұрғанда мына бөлмеден тезірек шығу керек.


— Тоқтай тұрыңызшы, мистер Воңка, — деді Чарли демігіп, — Вайолет Боурегард тәуір бола ма, әлде осы қарамық қалпында қала ма?


— Умпа-лумпалар қазір оның сөлін сығып алады, — деді мистер Воңка топқа жариялай сөйлеп. — Домалатып апарып шырын сыққыш мәшиненің ішіне біраз салып алса, қызымыз жіптіктей боп шыға келеді.


— Көгерген жері де кете ме? — деп сұрады Чарли.


— Вайолет күлгін көк қалпында қалады, — деді мистер Воңка. — Басынан аяғына дейін күп-күлгін, әдемі қыз болады. Басқа амал жоқ. Бұл азаннан кешке дейін сағыз шайнағанның салдары!


— Сағызды зиян дейтініңіз бар, — деді Майк Тиви, — неге оны өз фабрикаңызда жасайсыз?


— Сіз осы міңгірлемей дауыстаңқырап сөйлесеңіз дұрыс болар еді! — деді мистер Воңка. — Маған бір сөзіңіз де естілмеді. Жүріңіздер! Кеттік! Тезірек! Менің артымнан ілесіңіздер! Тағы да дәліздермен жүреміз! — Мистер Воңка осылай деді де, Өнертапқыштар бөлімінің түпкіріне қарай асыға басып, құбырлар мен пештердің артындағы жасырын есікке кірді. Қалған үш бала: Верука Солт, Майк Тиви, Чарли Баккет пен бес ересек оның артынан ерді.


Топ басқа да дәліздерге ұласып жатқан ұзын алқызыл дәлізбен келеді. Мистер Воңка алда жүгіре адымдап біресе оңға, біресе солға, біресе оңға, біресе солға бұрылады; Джо атай: “Қолымнан тас қып ұстап ал, Чарли. Мына жерде адасқан адамға өте қиын болады” дегенді қайта-қайта қайталайды.


Мистер Воңка әлсін-әлсін: “Әр жерге бір тоқтап, не болса соған көңіл бөлуге уақыт жоқ. Бұл жүріспен ешқайда үлгермейтін сияқтымыз” деп қояды. Ұшы-қиыры жоқ дәлізбен жүгіре басып бара жатқан оның басындағы қара цилиндр қалпағы қоқайып, алхоры түстес барқыт фрагының етегі желді күнгі жалаудай желбірейді.


Олар бір есіктің жанынан тоқтамай өтіп кетті. — Кіруге уақыт жоқ, — деді мистер Воңка. — Жылдамырақ! Тездетейік!


Топ сосын тағы бір, одан соң тағы бір, одан соң тағы бір есіктің жанынан тоқтамай өтті. Енді жиырма шақты адым сайын есік кездесетін болды, бәріне бірдеңе деп жазылған маңдайша ілінген, кейбіреулерінің аржағынан бір түрлі сақырлаған дыбыс естіледі, кейбір кілт ұңғыларынан тәтті иіс келіп, кейбір есіктердің төменгі жағындағы саңылаулардан түрлі-түсті бу сыздықтауда.


Джо атай мен Чарли де мистер Воңкадан қалмау үшін жүгіре басады, әйтсе де, асыға өтіп бара жатып бірнеше есіктерде жазылған маңдайшаларды оқып үлгерді. Біреуінде МУШМУЛЛА ЖАСТЫҚШАЛАРЫ деп жазылыпты.


— Мушмулла жастықшалары керемет дәмді, — деді мистер Воңка қадамын бір баяулатпай. — Дүкендерге өткізсем халық таласып алар еді. Алайда, ішке кіруге уақыт жоқ. Ішке кіруге уақыт тығыз!


ЖАЛАУҒА БОЛАТЫН ТҮСҚАҒАЗДАР деп жазылыпты келесі есікте.


— Жалауға болатын түсқағаз деген — таптырмайтын зат! — деді мистер Воңка құстай ұшып бара жатып. — Онда жеміс-жидектің неше түрінің суреті бар: банан, алма, апельсин, ананас, құлпынай, күлкімай...


— Күлкімай!? Ол қандай жидек? — деді Майк Тиви таңданып.


— Сөзімді бөлмеңіз! Мұндай түсқағазға неше түрлі жеміс-жидектердің суреті басылады, ондағы бананның суретін жаласаңыз, аузыңызға тура-а-а бананның дәмі келеді. Құлпынайдың суретін жаласаңыз, құлпынай жегендей боласыз. Күлкімайдың суретін жаласаңыз, аузыңызға айнымаған күлкімайдың дәмі келеді...


— Күлкімайдың дәмі қандай болады екен?


— Тағы да міңгірлеп сөйледіңіз, — деді мистер Воңка. — Келесіде дауыстап сөйлеңізші. Ал, не тұрыс!? Кеттік! Тезірек!


СУЫҚ КҮНДЕ ЖЕУГЕ АРНАЛҒАН ЫСТЫҚ БАЛМҰЗДАҚТАР деп жазылыпты келесі есікте.


— Қыс мезгілінде өте қажет тағам. — деді мистер Воңка зуылдап бара жатып. — Бұл балмұздақты қақаған аязда жесеңіз, сүйек-сүйегіңізді түгел қыздырады. Сондай-ақ, ыстық сусынға қосатын ыстық кубиктер жасадым. Ыстық кубиктер ыстық сусындарды одан бетер ысытып жібереді.


ШОКОЛАДТЫ СҮТ БЕРЕТІН СИЫРЛАР деп жазылыпты келесі есікте.


— Оһ, менің сүйкімді кішкентай сиырларым! — деді мистер Воңка лепіріп. — Мен оларды сондай жақсы көремін!


— Бізге неге оларды көруге болмайды? — деді Верука Солт. — Біз неге үнемі асығып, мына керемет жерлерге тоқтамай кетіп барамыз?


— Реті келгенде тоқтаймыз, — деп жауап берді мистер Воңка. — Соншама шыдамсыз болмасаңыз қайтеді!?


КӨТЕРГІШ СУСЫНДАР деп жазылыпты келесі есікте.


— О, бұл ғажап сусын! — деді мистер Воңка. — Бұл сусын адамның ішінде қатты көпіршіктенеді, ол көпіршіктердің құрамында ерекше бір газ бар, ол газға көтергіш қасиет тән болғандықтан, адамды жерден ауа шарындай лып еткізіп көтеріп ала жөнеледі, басыңыз шаңыраққа тарс етіп тигенде бір-ақ тоқтайсыз.


— Ал жерге қалай түсуге болады? — деп сұрады Чарли.


— Әрине, кекіру керек. — деді мистер Воңка. — Өрескел қатты дыбыс шығарып, ұзақ кекіріп жіберсеңіз, іштегі газдың бәрі шығып, еденге топ ете қаласыз. Алайда бұл сусынды сыртта ішуге болмайды. Сыртта ішсеңіз, қаншалықты биікке көтерілетініңізді бір Жаратқанның өзі біледі. Өткенде фабриканың сыртындағы шарбақта бір умпа-лумпа қартқа беріп едім, көкке көтеріле-көтеріле көзімнен таса болды да кетті. Өте қайғылы жағдай! Содан әлі қайтып оралған жоқ.


— Ол кісіге кекіру керек еді, — деді Чарли.


— Әрине кекіру керек еді, — деді мистер Воңка. — “Кекір, есектің миын жеген, кекір! Әйтпесе ешқашан төмен түсе алмайсың!” деп айғай салдым. Бірақ ол кекіре алмады ма, әлде кекіргісі келмеді ме, әйтеуір кекірмеді. Мүмкін мінезі тым сыпайы болғандықтан кекіруге ұялды ма екен?.. Ендіге дейін Айға да жетіп қалған шығар.


ДӨҢГЕЛЕК БОП КӨРІНЕТІН КВАДРАТ ПІШІНДІ ТӘТТІЛЕР деп жазылыпты келесі есікте.


— Кідірейік! — деді мистер Воңка. — Мен дөңгелек боп көрінетін квадрат пішінді тәттілерімді үлкен мақтаныш етемін.


23. ДӨҢГЕЛЕК БОП КӨРІНЕТІН КВАДРАТ ПІШІНДІ ТӘТТІЛЕР


Қонақтар есіктің алдына топырлай кеп тоқтады. Есіктің жоғарғы бөлігі әйнектен жасалған екен. Джо атай жақсылап көрсін деп немересін қолына көтеріп алды, сондағы Чарлидің байқағаны: ұзын үстел, оның үстінде қатар-қатар тізіліп жатқан квадрат пішіндес кішкентай ақ кәмпиттер. Бір жағындағы алқызыл бояумен салынған екі езуі құлағына жеткен мәз-мейрам адамның суреті болмаса, кәдімгі шақпақ қанттан аумайды. Үстелдің бір шетінде бес-алты умпа-лумпа кәмпиттерді мәз-мейрам адамның бет әлпетімен әшекейлеуде.


— Мінеки, — деді мистер Воңка. — Дөңгелек боп көрінетін квадрат пішінді кәмпиттер.


— Бұлар маған дөңгелек боп көрінбейді, — деді Майк Тиви.


— Квадрат боп көрінеді, — деді Верука Солт. — Нағыз квадрат боп көрінеді.


— Квадрат екені рас, — деді мистер Воңка. — Мен квадрат емес деп айтқан жоқпын ғой.


— Сіз бұл кәмпиттерді дөңгелек пішінді дедіңіз.


— Мүлдем олай деген жоқпын, — деді мистер Воңка. — Мен бұл кәмпиттер дөңгелек боп көрінеді деп айттым.


— Бірақ бұл кәмпиттер дөңгелек боп көрінбейді ғой, — деді Верука Солт. — Бұлар квадрат боп көрінеді.


— Дөңгелек боп көрінеді, — деді мистер Воңка бедірейіп.


— Түк те, титтей де дөңгелек боп көрінбейді! — деді Верука Солт шәңкілдеп.


— Верука, жаным! — Миссис Солт сөзге араласты. — Мистер Воңкаға назар аудармай-ақ қой. Ол сені алдап тұр.


— Менің құрметті кәрі балығым! — деді мистер Воңка.


— Маған бұлай сөйлеуге ұялсаңыз етті! — деді миссис Солт.


— Болды, аузыңызды жабыңыз! — деп жауап берді бұған мистер Воңка. — Ал, енді мынаған қараңыздар!


Мистер Воңка қалтасынан кілт алды да, ұңғыға сап еді, есік ашыла кетті. Есіктің сықырына қатар-қатар тізілген кәмпиттер “кім келді” дегендей жалт қарады. Жүздеген-мыңдаған дөңгелек жүздер есікке қарай бұрылып, мистер Воңкаға аңырайды да қалды.


— Мінеки! — деді мистер Воңка салтанатты дауыспен. — Бұл кәмпиттер дөңгелек боп көрінеді! Сөз таластыру артық! Бұл — дөңгелек боп көрінетін квадрат пішінді кәмпиттер.


— О, Жасаған Ием! Шынында да солай! — деді Джо атай.


— Сапарымызды одан әрі жалғастырайық, — деді мистер Воңка тағы дәлізге түсіп алып. — Кеттік!


Олар қасынан өткен келесі есікке САРЫ МАЙ ҚОСҚАН ВИСКИ МЕН САРЫ МАЙ ҚОСҚАН ДЖИН деп жазылыпты.


— О, мұнысы енді әлдеқайда қызық екен! — деді Веруканың әкесі мистер Солт.


— Тамаша ішімдік! — деді мистер Воңка. — Умпа-лумпаларға өте ұнайды. Сәл ұрттап алса болды, көңілденіп кетеді. Естисіздер ме? Қазір анда ырду-дырду боп жатыр.


Жабық есіктің ар жағынан көңілді дауыстар естіледі.


— Бүгін қызып апты, — деді мистер Воңка. — Сары май қосқан виски мен содалыны ішіп жатыр. Өздерінің қатты ұнататыны. Сары май қосқан джин мен тоникке де кет әрі емес. Менен қалмаңыздар! Бізге бұлай әр жерге бір тоқтай беруге болмайды. — деді де солға бұрылды. Сосын оңға бұрылды. Топ биік баспалдақтың алдына келді. Мистер Воңка төмен қарай секіре-мекіре аттады. Үш бала да одан көргендерін істеді. Топтағы екі әйел — миссис Солт пен миссис Тиви ентігіп қалды. Іркілдеген ірі денесіне қысқа аяқтары әрең тіреуіш болған миссис Солт мүйізтұмсықша ырсылдап тұр. — Мұнда жүріңіздер, — деді мистер Воңка баспалдақтың ең соңғы басқышынан солға бұрылып жатып.


— Жайырақ жүріңізші!— деді миссис Солт ентігіп.


— Болмайды. Жай жүрсек ол жерге ешқашан жетпейміз.


— Қай жерге? — деп сұрады Верука Солт.


— Оны кейін білесің.


24. ВЕРУКА ЖАҢҒАҚ ЦЕХІНДЕ


Мистер Воңка ұзын дәлізде төмен қарай зуылдап бара жатыр. Келесі кездескен есікте ЖАҢҒАҚ ЦЕХІ деп жазылыпты.


— Жарайды, — деді мистер Воңка, — осы жерге біраз аялдайық. Дем алыңыздар, есіктің әйнек терезесінен сығалап қарауға болады. Бірақ ішке кіруге рұқсат жоқ! Қандай жағдайда да жаңғақ цехіне кіруші болмаңыздар. Тиіндерді үркітіп аласыздар!


Топ есікке опыр-топыр үймеледі.


— Ата, ананы қарашы!


— Тиіндер!


— Мәссаған!


Балалар езу тартқызар қызық көріністің куәсі болды. Үлкен үстелді жағалай қойылған биік орындықтарда жүз шақты тиін отыр. Үстелдің үстінде — үйме-үйме грек жаңғағы, тиіндер сол жаңғақтарды біреу қуып келе жатқандай асыға шағуда.


— Бұл тиіндер жаңғақтың сүйегін шағып, ішінен дәнегін алуға арнайы үйретілген, — деп түсіндірді мистер Воңка қонақтарына.


— Неге тиіндер? — деп сұрады Майк Тиви. — Неге умпа-лумпалар шақпайды?


— Себебі умпа-лумпалар жаңғақтың дәнін бүтін күйінде ала алмайды. Олар алғанда дән үнемі екіге бөлініп қалады. Тиіндерден өзге ешкім жаңғақты дұрыс шаға алмайды. Бұл өте күрделі жұмыс. Менің фабрикамның өнімдеріне бүтін жаңғақ дәні керек. Сондықтан да мен тиіндердің көмегіне кіріптармын. Қараңыздаршы, бұлардың жаңғақ шаққаны үлкен шеберлік емес пе!? Олар алдымен жаңғақтың сүйегін табандарымен ұрып тыңдайды. Кей жаңғақтан дүңкілдеген дыбыс шығады. Демек, оның іші бос. Ондай жаңғақты шағып әуре болудың қажеті жоқ. Қоқыс ағызатын науаға тастай салу керек. Әне! Қараңыздар! Бізге таман тұрған тиінге қараңыздар! Нашар жаңғақ тапқанға ұқсайды. — Әлгі тиін бір жаңғақты алдыңғы аяғымен түртіп-түртіп қалды. Сосын басын бір жағына қарай қисайтып мұқият тыңдады да, жаңғақты иығынан асырып, едендегі үлкен тесікке лақтырып жіберді.


— Эй, мама! — деді кенет Верука Солт айқай сап. — Маған тиін керек екен! Анау тиіндердің біреуін алып беріңдер!


— Ақымақ болмашы, қызым! — деді миссис Солт. — Ол мистер Воңканың тиіндері.


— Кімдікі екенінде шаруам жоқ! Маған тиін керек! Менде бар болғаны екі ит, төрт мысық, алты қоян, екі ұзынқұйрық тотықұс, үш шымшық, бір жасыл тотықұс, бір аквариум алтын балық, бір тор ақ тышқан және бір алжыған кәрі атжалман ғана бар. Тиін жоқ!


— Мақұл, жаным, — деді миссис Солт бағынышты үнмен. — Мамаң саған тезірек тиін сатып әперуге тырысады.


— Маған кез келген тиін керек емес, — деп айғайлады Верука. — Маған үйретілген тиін керек!


Осы кезде Веруканың әкесі мистер Солт алға аттап шықты. — Воңка, — деді ол маңғаздана, — мынау тиіннің біреуін алам. Бағаңды айт.


— Тиіндер сатылмайды. Қызыңыз еш тиінді ала алмайды.


— Ала алмайды деп кім айтты!? — деп бұлқан-талқан болды Верука. — Ала алмағанды көрсетейін мен саған!


— Кірме! — Мистер Воңка аузын ашып үлгергенше болмай, Верука есікті жұлқып ашты да, бөлмеге зып кірді.


Тиіндер істеп жатқан жұмысын кілт тоқтатып, жылтыраған қара көздерін қызға тіге қалды.


Верука Солт та тоқтай қап, тиіндерге барлай қарады. Көзі үстелдің өзіне жақын шетінде отырған кішкентай сүйкімді тиінге түсті. Тиіннің табанында грек жаңғағы.


— Жақсы! — деді Верука. — Мен сені аламын!


Ол тиінді ұстамақ боп қолдарын соза бергені сол еді, бөлмеде кенет бір қоңыр найзағай жарқ еткендей жүз тиін бірден зу етіп көтерілді де, ұшып кеп Веруканың үстіне қонақтады.


Жиырма бес тиын Веруканың оң қолына жабысып, артқа қайырды. Жиырма бес тиын Веруканың сол қолына жабысып, артқа қайырды. Жиырма бес тиын Веруканың оң аяғына жабысып, кері қайырды. Жиырма төрт тиын Веруканың сол аяғына жабысты. Қалған бір тиін, (шамасы, көсемдері болу керек) Веруканың иығына шығып алып, бейшара қыздың басының бір жағын табандарымен тоқ-тоқ-тоқ еткізіп тақылдата ұра бастады.


— Құтқарыңдар! — деп шыңғырды миссис Солт. — Верука! Қайт бері! Мыналар саған не істеп жатыр?!


— Қандай жаңғақ екенін тексеріп жатыр, — деп жауап берді мистер Воңка. — Қараңыз.


Верука бар күшімен жұлқынып еді, бірақ ажырамай қатты жабысып алған тиіндер тырп еткізер емес. Иығына отырып алған тиін Веруканың басының екінші жағын тоқ-тоқ-тоқ еткізіп тақылдатып жатыр.


Кенет тиіндер Веруканы жерге итеріп жықты да, еденнің үстімен сүйрей жөнелді.


— О, Жасаған! Верука бос жаңғақ сияқты екен, — деді мистер Воңка. — Оның басынан дүңкілдеген дыбыс шыққан боп тұр.


Верука тиіндерді тепкілеп, ойбай сап жатыр, бірақ одан қайран жоқ. Кішкентай да болса әлеуетті табандар қызды мықтап ұстап босатар емес.


— Мыналар оны қайда апармақ? — деп баж ете қалды миссис Солт.


— Нашар жаңғақтарды тастайтын шұңқырға. Қоқыс науамен төменге жіберіледі.


— Босатып алыңыз!


— Тым кеш. Қызыңыз кетіп қалды.


Шынында да, Верука енді еш жерден байқалмады.


— Қайда? — деді миссис Солт қолдарын жайып. — Нашар жаңғақтарды не істемек? Науа қайда апарады?


Ол науа, — деді мистер Воңка, — фабриканың басқа да цехтерінен шыққан сыпырындыны, картоп қабықтарын, шіріген орамжапырақты, балық бастарын қоқыс тасымалдайтын үлкен науаға әкеп құяды.


— Бұл жерде балық, картоп, орамжапырақ жейтін кім бар? — деп сұрады Майк Тиви.


— Әрине, мен, — деп жауап берді мистер Воңка. — Немене, сен мені тек какао дәнімен ғана қоректенеді деп ойлайсың ба?


— Ал... ал...ал үлкен науадағылар ең ақыр аяғында қайда барады? — деді миссис Солт тағы да тұтыға бажылдап.


— Отқа жағылады, әрине. — деді мистер Воңка сабырлы үнмен. — Крематорийде.


Миссис Солт қып-қызыл аузын апандай ашып, жан дауысы шыға шыңғырды.


— Қатты уайымдамай-ақ қойыңыз, — деп жұбатты оны мистер Воңка. — Бүгін крематорийде от жағылмауы да мүмкін.


— Мүмкін дейді! — миссис Солт өкіре жылап тұр. — Менің Верукам! Сені қуырдақша қуыратын болды-ау!


— Дұрыс айтасың, қымбаттым, — деді мистер Солт зайыбын қоштап. — Эй, Воңка! Бұл жолы сіз тым шектен шықтыңыз. Иә, солай! Шектен шықтыңыз! Менің қызым сәл ерке екені рас, оған таласым жоқ, бірақ соған бола оны отқа жағуға бола ма! Сізге қатты ашулы екенімді білдіргім келеді! Иә, солай! Қатты ашулымын!


— О, мырзам, ашуланбаңыз! Ерте ме, кеш пе қызыңыз қайтып оралар. Ол мүмкін әлі төменге т үспеген де болар. Науаның шыға берісіне кептеліп қалуы да мүмкін, олай болған жағдайда, төмен түсіп итеріп жіберсеңіз болғаны, қызыңыз шығады да кетеді.


Мұны ести сала мистер Солт пен миссис Солт жаңғақ шағатын бөлмеге лап беріп, едендегі ұраға қарай тұра жүгірді.


— Верука! — деп шақырды миссис Солт ұраға үңіліп. — Қайдасың?


Еш жауап болған жоқ.


Миссис Солт жақсырақ көру үшін тізерлеп отырып еңкейе түсті. Шұңқыр жиегінде басын салбыратып, тоңқайып тұрған әйел кенет пайда болған алып қозықұйрықтай. Бұлай тұру өте қауіпті еді. Біреу сәл итеріп қалса ..бір жеріне сәл тиіп кетсе... Тиіндер тиіп кетті.


Әйел ешкіше бақ етті де, тоңқалаң асып, шұңқырға сүңгіп жоқ болды.


— Бұл не деген сұмдық! — деді әйелінің шұңқырға домалап түскенін бақылап тұрған мистер Воңка. — Бүгін бізге бірдеңе көрінген шығар! Төменде не бар екен, Ангина? — Мистер Солт алға қарай жылжып, шұңқырға жақындай түсті.


Тиіндер зу етіп, мистер Солттың арқасына қонды.


— Құтқарыңдар! — деді ол ақырып. Бірақ аузын жауып үлгергенше болған жоқ, тоңқалаң асып, қызы мен әйелінің артынан аттанды.


Басқалармен бірге есіктің әйнек терезесінен бәрін көріп тұрған Чарли жыларман болды. — Апырай, енді олардың халі не болар екен!?


— Науаның аяқ жағынан біреу тосып алар, — деді мистер Воңка.


— Оты лапылдаған үлкен пешке түседі дегеніңіз қане!?


— Ол пешті күнара жағады, — деді мистер Воңка. — Қателеспесем, бүгін демалатын күні. Кім біледі...олардың жолы болуы да мүмкін.


— Тссс, — деді Джо атай. — Тағы да өлең айтып жатыр.


— Дәліздің төменгі түкпірінен даңғыра дауысы естілді. Сосын ән басталды.


Верука Солт деген кішкентай ақымақ,
Қоқыс төгетін құбырға түсіп ақырад.
Бұл жағдайды біздер мұқият талқылап,
Мынадай пікір айтпақшымыз жалпылап.
Баласының бұзықтығы үшін дұрысы,
Ата-анасына керек оның ұрысу.
Верука құлады! Верука енді құрдымда.
Ашайық пердесін бұл құпия сырдың да
Өзгереді енді оның ортасы
Төңірегі, көрші-қолаң, жолдасы.
Артта қалған достарындай байыпты
Онда ешкім жоқ. Бәрі өзіне лайықты.
Мысалы үшін, азанғы астың қалдығы,
балық басы қалған вирусқа шалдығып.
Амансыз ба! Қайырлы таң! Армысыз!
Танысқаныма қуаныштымын! Бармысыз!
Одан ары Верука жылжиды тыржиып.
Онда да оны микробтар күтеді ыржиып.
Ашыған май желінбей көптен жатқаннан,
Сасыған шұжық, көгеріп кеткен қатқан нан.
Шіріген жаңғақ, алмұрттар іріп, құрттаған
Жуынды су мысық сыртта ұрттаған.
Тағы да басқа бұзылған заттар көптеген,
Иісі адамды айыратын өкпеден.
Веруканың енді осындай достары,
Өзіне лайық, көңіліне хоштары.
Шектен шығып кеткені үшін құтырып,
Жазаланад ол қоқысқа тұтылып.
Бар айыпты бірақ қалай тағамыз?
Бар жаланы қалай оған жабамыз?
Ұшырайды неге тек ол Тәңір кәріне.
Верука ма жалғыз кінәлі бәріне?
Шолжаңдатып, еркелетіп бұл қызды.
Не айтса да, екі етпей, кім бұзды!?
Қанағатсыз, тойымсыз боп есірген.
Кім бетінен қақпай оны өсірген?
Былқ етпеген басынса да баласы —
Оның жалқау, надан ата-анасы!
Сондықтан да олар да құбырға кеткенде,
Қуанбаған біздің елде жоқ пенде!


25. ШИША ЛИФТ


— Өмірімде мұндай жағдайға бірінші рет тап болуым, — деді мистер Воңка қайран қап. — Балалар қояндардай жоғалып кетіп жатыр. Бірақ сіздер уайымдамаңыздар. Олар әлі-ақ аман-есен оралады. — Ол коридорда тұрған аз ғана топқа барлай қарады. Екі-ақ бала қалыпты: Майк Тиви мен Чарли Баккет. Үлкендерден мистер Тиви мен миссис Тиви және Джо атай бар екен.


— Қалай, саяхатымызды әрі қарай жалғастырамыз ба? — деп сұрады мистер Воңка олардан.


— Жалғастырамыз! — деді Чарли мен Джо атай жарыса жауап беріп.


— Мен шаршадым, аяғым талып кетті, — деді Майк Тиви. — Теледидар көргім келеді.


— Аяғың талса, лифтіге отырайық, — деді оған мистер Воңка. — Лифті, әне, анау жерде тұр. Жүріңіздер, кіріңіздер. — Ол арнайы өткелден жарма есікті қабырғаға қарай секіріп түсті. Жарма есік екі жаққа қарай сырғып ашылды. Балалар да, ересектер де ішке кірді.


— Ал, енді, — деді мистер Воңка, — алдымен қай түймені басамыз. Өздеріңіз таңдаңыздар.


Чарли Баккет жан-жағына таңдана қарады. Өмірінде мұндай күлкілі лифтіні бірінші рет көруі. Түймесіз жері жоқ. Қабырғаларында да, төбесінде де қатар-қатар қаптаған қара түйме. Қабырғаларда мың, төбеде мың түйме бар-ау, шамасы! Чарли енді байқады, әр түйменің тұсында бассаң қай жерге апаратыны көрсетілген құйттай таңба бар екен.


— Бұл жоғары-төмен алып жүретін кәдімгі лифті емес, — деді мистер Воңка мақтанышпен, — бұл лифт ілгері де, кейін де, ылдиға да, құлдиға да, өрге де, төрге де, қойшы әйтеуір, сізге қай бағыт керек болса солай жүре алады. Фабриканың кез келген түкпіріндегі кез келген бөлімге әп сәтте жеткізіп береді. Түймені басып қалсаңыз болды... зың-ң-ң деп, алады да кетеді.


— Ғажап! — деді қаптаған қара түймелердің әсерінен көзі жайнап кеткен Джо атай күбірлеп.


— Бұл лифт тұтастай қалың әйнектен жасалған, — деді мистер Воңка баяндай сөйлеп. — Жолаушы сыртты тамашалап тұрсын деп қабырғалары да, есіктері де, төбесі де, едені де түгелдей шишадан жасалды.


— Бұл жерде көретін түк те жоқ қой, — деді Майк Тиви.


— Түймені таңда! — деді мистер Воңка. — Екі бала бірігіп бір түймені басуға рұқсат. Қалағандарыңды таңдаңдар! Тезірек! Әр бөлмеде өзіне ғана тән тамаша тәтті дайындалуда.


Чарли түйме тұсындағы жазуларды асыға-аптыға оқи бастады:


— ТАҢҚУРАЙ ШЫРЫНЫН БҮРКИТІН ТАПАНШАЛАР
— БАҚШАҒА ОТЫРҒЫЗЫЛАТЫН ИРИС КӘМПИТ АҒАШТАРЫ
— ЖАУЛАРЫҢЫЗҒА АРНАЛҒАН ЖАРЫЛҒЫШ КӘМПИТТЕР
— ТҮНДЕ ТӨСЕКТЕ СОРЫП ЖАТУҒА АРНАЛҒАН ЛЮМИНИСЦЕНТТІ МҰЗ КӘМПИТ
— КӨРШІНІҢ БАЛАСЫНА СЫЙЛАУҒА АРНАЛҒАН ЖАЛБЫЗДЫ МАРМЕЛАД. БҰЛ МАРМЕЛАДТЫ ЖЕГЕН СОҢ ОНЫҢ ТІСТЕРІ БІР АЙ БОЙЫ ЖАП-ЖАСЫЛ БОП ТҰРАДЫ
— ҚҰРТТАҒАН ТІСТІ ЕМДЕЙТІН КӘМПИТТЕР. БҰДАН БЫЛАЙ ТІС ДӘРІГЕРЛЕРІНІҢ ҚАЖЕТІ БОЛМАЙДЫ
— СӨЗУАР АТА-АНАЛАРҒА АРНАЛҒАН ЖАҚ ЖЕЛІМДЕГІШТЕР
— ИРЕЛЕҢДЕТКІШ КӘМПИТТЕР. МҰНДАЙ КӘМПИТТІ ЖЕГЕН СОҢ ҚАРНЫҢЫЗ ИРЕЛЕҢДЕП ТҰРАДЫ
— САБАҚТА ЖЕП ОТЫРСЫН ДЕП ЖАСАЛҒАН КӨЗГЕ КӨРІНБЕЙТІН ШОКОЛАД
— ҚАНТПЕН ҚАПТАЛҒАН ҚАЛАМ. СОРЫП ОТЫРЫП СУРЕТ САЛАСЫЗ
— ЛИМОНАД ТОЛТЫРЫЛҒАН ЖҮЗУ БАССЕЙНДЕРІ
— СИҚЫРЛЫ ПОМАДКА. ҚОЛЫҢЫЗБЕН ҰСТАҒАНДА АУЗЫҢЫЗҒА ДӘМІ КЕЛЕДІ
— КЕМПІРҚОСАҚ СИЯҚТЫ БҰРШАҚ КӘМПИТТЕР. ЖЕСЕҢІЗ — АЛТЫ ТҮРЛІ-ТҮСТІ ТҮКІРІК ТҮКІРЕСІЗ

— Тезірек! — деді мистер Воңка топты асықтырып. — Көп ойлануға уақытымыз жоқ.


— Осыншама қаптаған түймелердің ішінде тым болмаса бір теледидар бөлімі жоқ па? — деп с ұрады Майк Тиви.


— Әрине, бар. Мына түймені басыңыз, — деді мистер Воңка саусағымен нұқып. Түйменің қапталына ШОКОЛАДТЫ ТЕЛЕДИДАР деп жазылыпты.


— Алақай! — деп айғай салды Майк Тиви дүниені басына көтеріп. — Бұл маған арналған! — Ортаңғы саусағын шошайтып түймені лезде басып қалды. Лифт бірден ызыңдай жөнелді. Есіктері сарт етіп жабылғанда ара шағып алғандай орнынан ыршып түсті. Сөйтті де бір бүйіріне қарай күрт шегінді. Төбедегі тұтқадан ұстап тұрған мистер Воңкадан өзге жолаушылардың бәрі еденге апыр-топыр құлады.


— Тұрыңыздар! Тұрыңыздар! — деп жатыр мистер Воңка сықылықтай күліп. — Бірақ жолаушылар түзеліп тұра бергені сол еді, лифт бағытын кілт өзгертіп, тағы бұрылып қалды. Жолаушылар тағы жапырылып түсті.


—Құтқарыңдар!—Миссис Тивидің дауысы ышқына шықты. — Менің қолымнан ұстап тұрыңыз, бикеш! — деді мистер Воңка оған сырбаздана көмек көрсетіп. — Міне! Ал енді тұтқадан ұстаңыз! Барлықтарыңыз тұтқадан ұстап алыңыздар! Саяхатымыз әлі аяқталған жоқ.


Джо атай аяғының ұшымен тұрып тұтқаға жармасты. Оған қолы жетпейтін кішкентай Чарли атасының аяғын қолдарымен тас қып құшақтап алды.


Лифт зымырандай зулады. Сосын өрмелей бастады. Ол тіп-тік қыратқа тырбана шығып келе жатқандай әуелей көтерілді. Одан кейін қырдың төбесіне шығып болғандай бір сәт дамылдап тұрды да, кенет шыңырауға лақтырған тастай құлап түсті; Чарлидің жүрегі аузына тығылды; Миссис Тиви баж ете қалды:


— Шынжыры үзіліп кетті! Қазір бәріміз талқан боламыз!


Мистер Воңка оның қолын жұбата сипалады:


— Сабыр етіңіз!


Джо атай аяғына жабысып алған Чарлиге еңкейді:


— Қалай, Чарли?


— Керемет! Тура “американ таулары” атракционындай!


Лифтінің шиша қабырғаларынан сырттағы ғажайып көріністер тізбектеліп өтіп жатыр:


Еденіне қоймалжың қоңыр сұйық зат ағып жатқан үлкен науа...


Тұтастай таза науаттан жасалған құз-жартасты биік тау. Етегінде умпа-лумпалар науаттарды кесек-кесек шауып алуда (сақтық үшін бәрі бір жіпке байланып алған)...


Қарлы борандай ақ ұнтақ боратып жүрген мәшине...


Бетінде буы бұрқырап жатқан ыстық карамель көлі...


Жіп-жіңішке көшелердегі құйтақандай үйлердің алдында бойлары он сантиметрден аспайтын балалар ойнап жүрген умпа-лумпа ауылы...


Лифт қайтадан тікейіп түзу жолға түсті, бірақ бұл жолы жылдамдығын бұрынғысынан бетер ү детті. Тілгіленген ауаның ысқырығы құлақты шаншиды; лифт біресе аунап түсіп, біресе төмен құлдилап, біресе жоғары шапшып, біресе шалқасынан құлайды.


— Жүрегім айнып барады, — деді беті көкпеңбек боп көгеріп бара жатқан миссис Тиви жыламсырап.


— Құсып жібермеуге тырысыңызшы, — деді мистер Воңка.


— Қолыңыздан келсе — құстырмаңыз, — деді миссис Тиви.


— Онда мынаны алыңыз. — Мистер Воңка басынан әдемі қара цилиндр қалпағын шешті де, миссис Тивидің аузына тосты.


— Мына бассыздықты тоқтатыңыз! — деп мистер Тиви оған дүрсе қоя берді.


— Болмайды. Межелі жерге жеткенше тоқтай алмайды. Құдайдан жалғыз сұрайтыным, алдымыздан тағы бір лифт шықпаса еді.


— Тағы қандай лифт? — деді миссис Тиви баж етіп.


— Осы жолда қарсы алдымыздан шығатын лифт.


— О, сұмдық! Демек, біз жол апатына ұшыраймыз деңіз!


— Осы уақытқа дейін ондай жағдайға ұшырап көрген емеспін.


— Менің жүрегім қатты айнып барады, — деді мисис Тиви тағы да жыламсырап.


— Шыдай тұрыңыз! Сәл шыдай тұрыңыз! Менің қалпағымды бүлдіріп қоймаңыз! Міне, кеп қалдық!


Сол сәтте тежеуіштер сарт-сұрт етіп, лифт жылдамдығын баяулата бастады. Сосын барып мүлдем тоқтады.


— Тағы да жүре түсейік пе? — деді мистер Воңка шып-шып тер шыққан бетін дес орамалымен сүртіп жатып.


— Енді ешқашан да мінбеспіз, — деді миссис Тиви алқынып. Лифтінің есіктері сырылып ашылғанда мистер Воңка:


— Бір сәт кідіре тұрыңыздар! Маған назар аударыңыздар! Мен бұл бөлімде барлықтарыңыздың абай болуларыңызды сұраймын. Бұл жерде өмірге қауіпті қондырғылар көп, байқамай тиіп кетіп жүрмеңіздер, — деді.


26. ШОКОЛАДТЫ ТЕЛЕДИДАР БӨЛІМІ


Тивилер отбасы мен Чарли, Джо атай барлығы лифтіден аттап түскен бөлменің жарықтығы мен аппақтығы жанарларын қарып, жолаушылар әрі қарай жүре алмай, көздерін сығырайтып бір орнында тұрып қалды. Мистер Воңка бәріне қара әйнекті көзілдірік таратып беріп жатып: “Тезірек тағып алыңыздар! Бұл жерде не істесеңіздер де шешпеңіздер. Мына жарық адамды соқыр қылады” деп ескертті.


Чарли қара көзілдірікті тағып, айналасына қарады. Олар ұзыннан-ұзақ созылған


жіңішке жайда тұр екен. Түгелдей ақ түспен боялыпты. Едені де аппақ; тап-таза, көлденең жатқан бір қыл-қыбыр көрмейсің. Төбедегі үлкен-үлкен шамдар бөлмені көгілдір нұрға шомылдырып тұр. Түкпір жағы болмаса, бөлме қаңыраған бос. Түкпірде дөңгелекті үлкен фотоаппарат тұр, бірнеше умпа-лумпа жабылып оның бұрандасын майлап, біреуі топсасын алмастырып, үшінші біреуі үлкен домалақ линзасын сүртіп жатыр. Үстеріндегі киімдері бір түрлі қызық: ғарышкерлердің киім үлгісіне ұқсайтын қызыл костюм, бастарында — дулыға қалпақ, көздерінде — қара көзілдірік; үндемей әркім өз шаруасымен айналысуда.


Оларға қарап тұрып Чарлидің бойын қорқыныш биледі. Бұл бөлмеде істелініп жатқан жұмыстың бір қауіпті жағы бар, оны умпа-лумпалар да сезетін секілді. Бұрынғыдай ән айту да, не болса соған күліп, қалжыңдау да жоқ; қып-қызыл түсті скафандрға тұмшаланып ап таудай фотоаппараттың тұла бойын тіміскілеп абайлай да баяу қозғалады. Бөлменің қарсы түкпірінде, фотоаппараттан елу қадамдай қашықтықта ғарышкерше киінген тағы бір умпа-лумпа қара үстелдің үстіндегі алып теледидардың экранына үңіліп отыр.


— Мұнда келіңіздер! — Көңілі алып-ұшқан мистер Воңка секіріп-секіріп қояды. Бұл — менің ең соңғы және ең ұлы өнертабысым — Шоколадты теледидарды — сынақтан өткізетін бөлім.


— Шоколадты теледидар деген не ол? — деп сұрады Майк Тиви жұлып алғандай.


— Құдай үшін, балақай, сөзімді бөлмеші, — деді мистер Воңка. — Ол теледидардың көмегімен жұмыс істейді. Өз басым теледидарды ұнатпаймын. Анда-санда аз мөлшерде көруге болады, әрине; бірақ балалар аз мөлшер дегеннің не екенін білмейді екен. Еркіне жіберсең, күні бойы теледидарға үңіліп отыра беруден тайынбайды.


— Мен сияқты, — деді Майк Тиви.


— Аузыңды жап! — деді оған мистер Тиви.


— Рақмет! — деді мистер Воңка оған алғысын білдіріп. — Мен сіздерге қазір бұл ғажап теледидардың қалай жұмыс істейтіні туралы айтып берейін. Бірақ, алдымен айтыңыздаршы, сіздер кәдімгі теледидар қалай жұмыс істейтінін білесіздер ме? Өте оңай. Ол үшін үлкен кинокамерамен керекті көріністерді суретке түсіресіз. Бұл суреттер көзге көрінбейтін титімдей-титімдей бөлшектерге бөлінеді де электр қуатының күшімен аспанға жіберіледі. Аспанда ол біреудің үйінің төбесіндегі антеннаға тигенше зуылдап келе жатады. Антеннаға жеткен соң теледидардың арт жағына дейін апаратын сыммен төмен кетеді; сол жерде теледидардың бір тетігі әлгі миллиондаған бөлшектерді сілкіп-шайқап, араластырылып-құраластырып пазл суреттей әрқайсысын өз орнына қояды, міне, көгілдір экрандағы бейне осылай пайда болады.


— Өтірік! Теледидар олай жұмыс істемейді! — деді Майк Тиви.


— Менің сол құлағымның аздап мүкісі бар, — деді оған мистер Воңка. — Айтқаныңды түгел естімесем, кешірерсің.


— Мен теледидар олай жұмыс істемейді дедім! — деді Майк Тиви бұл жолы айғайлай сөйлеп.


— Сен жақсы баласың, бірақ тым көп сөйлейді екенсің. — Иә, сонымен! Теледидардың қалай жұмыс істейтінін алғаш рет көргенде менің ойыма бір тамаша идея келді. Мыналар суретті миллиондаған бөлшектерге бөліп, оны әуе арқылы шартарапқа жіберіп, сосын оны арғы жақта қайтадан құрастырып жатқанда, маған неге шоколадтарды солай жіберіп көрмеске!? Мен де миллиондаған түйіршікке майдаланған тақта шоколадтарды ауамен ызыңдатып жіберіп, арғы шетте жеуге дайын етіп қайтадан құрастырып алайын да!


— Ол мүмкін емес! — деді Майк Тиви.


— Сен солай ойлайсың ба? Жарайды, онда бері қара! Мен қазір өзімнің ең сапалы жасалған шоколадымды бөлменің мына шетінен ана шетіне теледидармен жіберемін. Шоколад әкеліңдер мұнда!


Солай дегенше болған жоқ, дәу шоколадты иықтарына қойып бірлесе көтерген алты умпа-лумпа жетіп келді. Мұндай алып шоколадты Чарлидің бірінші рет көруі, көлемі тура үйдегі өзі жатып жүрген матрастың үлкендігіндей.


— Шоколад үлкен болуы керек, — деп түсіндірді мистер Воңка. — Неге десеңіздер, теледидардан қандай зат жіберсең де ол қашанда өзінің бастапқы көлемінен анағұрлым кіші боп шығады. Кәдуілгі өздеріңіз көріп жүрген теледидардың өзі ұзын бойлы адамның бейнесін қарындаштай ғана етіп көрсетеді емес пе!? Ал, ені мұнда жүріңіздер! Дайын тұрыңыздар! Болмайды! Болмайды! Тоқтатыңдар! Әй, Майк Тиви деген бала! Артқа шегін! Камераға тым жақындап кеттің! Одан қауіпті сәуле шашырайды! Ол сені бір сәтте миллиондаған бөлшектерге ыдыратып тастайды. Сондықтан да мына умпа-лумпалар ғарышкер киімін киіп жүр. Бұл — радиациядан қорғайтын киім. Міне, осылай! Ал, енді жақсы! Шамды жағыңдар!


Бір умпа-лумпа ұзын арқанның ұшынан ұстады да, тартып қалды. Көз қарытар жарық жарқ ете қалды.


— Шоколад кетті! — деп жар салды мистер Воңка қолын сермеп.


Шынында да солай болған еді. Көлемі матрастай үп-үлкен шоколад тақтасы зым-зия жоқ болды.


— Қазір ол жолда! Біздің үстіміздегі әуе жолымен миллиондаған шоколад түйіршіктері зымырап барады. Тез! Бері келіңіздер! — Мистер Воңка үлкен теледидар тұрған бөлменің қарама-қарсы бөлігіне қарай жүгірді, қонақтар да оның артынан асықты. — Экранға қараңыздар! Шоколад келе жатыр!


Экран қыжылдап, жыбырлап біраз тұрды да, жарқ ете қалды. Сосын дәл қақ ортасында бір тақта кішкентай шоколад пайда болды.


— Алыңыздар! — деп айқайлады шабыттанған үстіне шабыттана түскен мистер Воңка.


— Қалай аламыз? — деді Майк Тиви күліп. — Бұл бар болғаны экрандағы фотосурет қана ғой!


— Чарли Баккет! — деп айқай салды мистер Воңка. — Сен ал! Қолыңды соз да, жұлып ал!


Чарли қолын алға созып, экранға тигізді, кенет бір сиқырдың күшімен одан бір тақта шоколад суырылып шықты. Чарлидің қайран қалғаны соншалық, шоколадты қолынан түсіріп ала жаздады.


— Енді же! — деді мистер Воңка. — Қорықпай же! Тәтті болуға тиіс! Сол жаңағы шоколад қой. Жолда кішірейіп кеткен, бар болғаны сол ғана!


— Уһ! Адам сенгісіз! — деді Джо атай жеңіл күрсініп. Бұл... бұл... бұл — сиқыр!


Көздеріңізге елестетіп көріңіздерші, — деді мистер Воңка — мен осы әдісті кеңінен қолданған кезде сіздер үйде теледидар қарап отырасыздар; бір кезде кезек жарнамаға келіп, ар жақтан: ВОҢКА ШОКОЛАДТАРЫН ЖЕҢІЗДЕР! ОЛАР ӘЛЕМДЕГІ ЕҢ ДӘМДІ ШОКОЛАД БОП САНАЛАДЫ. СЕНБЕСЕҢІЗ ДӘЛ ҚАЗІР ӨЗІҢІЗ ДӘМІН ТАТЫП КӨРІҢІЗ дейді. Сонда қолыңызды созасыз да, біреуін алып жейсіз. Қалай, ә!?


— Ғажап! — деді Джо атай. — Бұл әлемді өзгертетін жаңалық!


27. МАЙК ТИВИ ТЕЛЕДИДАРҒА ТҮСТІ


Теледидар арқылы жіберілген шоколадты көргенде Майк Тиви Джо атайдан бетер тебіренді.


— Мистер Воңка, — деді ол, — сіз теледидар арқылы басқа да заттар жібере аласыз ба? Айталық, жарма ботқасын?


— Көгершінім, өтінем сенен, маған сол бір жиіркенішті заттың атын естіртпеші. Оның неден жасалатынын білесің бе? Ол қарындаш ұштағыштың ішіндегі бұйра-бұйра жаңқалардан жасалады.


— Десек те, сіз жарма ботқасын теледидар арқылы жібере алар ма едіңіз? — деп сұрады Майк Тиви қоймай.


— Әрине, жібере алам!


— Ал адамды ше? Кәдімгі тірі бес адамды бір жерден екінші жерге дәл осы әдіспен жібере аласыз ба?


— Әй, бала! — деді мистер Воңка. — өзіңнің есің дұрыс па?


— Айтыңызшы, жіберуге бола ма?


— Оны енді білмедім қалай болатынын. Болатын шығар... Болуын болады ғой. Әрине, неге болмасқа. Бірақ өз басым... ондай іске бармас едім... оның арты жақсылықпен бітпейді.


Бірақ бұл кезде Майк Тиви жүгіріп бара жатқан еді. Мистер Воңканың: “Болуын болады ғой, әрине, неге болмасқа” дегенін ести сала, артына кілт бұрылды да, бөлменің үлкен камера тұрған қарама-қарсы түкпіріне қарай жүгіре жөнелді. —Маған қараңдар! — деді ол жүгіріп бара жатып. — Мен теледидармен жіберілген дүние жүзіндегі ең бірінші адаммын!


— Тоқта! Тоқта! Онда баруға болмайды! — деп мистер Воңка айқай салды.


— Майк! — деді миссис Тиви шыңғырып. — Қайт бері! Әйтпесе миллиондаған түйіршіктерге айналып кетесің!


Бірақ Майк Тивиді енді тоқтату мүмкін емес еді. Есерсоқ бала умпа-лумпаларды оңды-солды итере жүгіріп барады.


— Көріскенше күн жақсы, аллигатор! — Межесіне жете салысымен бірден жіпті тартып қалды. Бөлменің ішінде тым-тырыс тыныштық орнады. Миссис Тиви алға қарай ұмсына түсті де, бөлменің ортасына келгенде жаңа ғана баласы тұрған жерге қадала қарап мелшиіп тұрды да қалды; сосын дүниені басына көтере шыңғырып берді: — Кетіп қалды! Менің балам кетті!


— О, Жасаған Ием! Майк шынында да жоқ! — Мистер Тиви оған қосыла айғайлады.


Мистер Тиви оларға қарай жүрді де қолын миссис Тивидің иығына қойып:


— Енді кеш. Баланың арғы шеттен аман-есен шығуын тілеп Жаратқанға жалбарынғаннан басқа амал жоқ, — деді.


— Майк! — деді миссис Тиви басын ұстап. — Сен қайдасың?


— Мен сізге айтайын оның қайда екенін. Миллиондаған бөлшекке бөлінген ол қазір біздің төбемізден зуылдап өтіп барады.


— Осыны айтуға қалай дәтіңіз барады! — деді миссис Тиви қыңсылап.


— Теледидарды қарау керек. Ол қазір эфирге шығуы ықтимал.


Майк Тивидің әкесі мен шешесі, Джо атай мен кішкентай Чарли, мистер Воңка — барлығы телевидидардың алдына барып, экранға үңіліп тұра қалды. Экранда әлі ештеңе көрінбеді.


— Құдайым-ай! Құдайым-ай! — деді мистер Воңка, — он екі мүшесі түгел келсе екен.


— Мұны қалай түсінуге болады? — деді мистер Тиви шап етіп.


— Сізді күннен бұрын ренжіткім келмейді. Әйтсе де, кейде жіберілген заттың тек жартысы ғана келетін кез болады. Мәселен, өткен аптада солай болды. Неге екенін түсінбедім, бірақ жұмыс нәтижесінде шоколадтың тек жартысы ғана оралды.


Миссис Тивидің жүрегі тас төбесіне шықты.


— Демек, Майктың тек жартысы ғана келе ме!?


— Тым болмаса, бас жағы келсе екен, — деді мистер Тиви.


— Экранға назар аударыңыздар. Бір өзгеріс бар.


Экран жыбырлай бастады. Одан кейін ирек-ирек сызықтар пайда болды. Мистер Воңка түймелердің біреуін басып қалып еді, сызықтар кетіп қалды. Сосын экран ағарған үстіне ағара түсті.


— Ә-не, к-ел-е жа-ты-р, — деді мистер Воңка әндетіп. — Иә, дәл өзі.


— Бүтін бе өзі? — деп сұрады миссис Тиви.


— Әлі білінбейді. Ол туралы айту ертерек.


Майк Тивидің экрандағы бейнесі алдымен бұлдырап көрінді, сосын сәт сайын айқындала түсті. Езуі екі құлағына жетіп, жұртқа қол бұлғап тұр.


— Бұл ергежейлі ғой! — деді мистер Тиви.


— Майк! — деді мисис Тиви. — Қалың қалай? Дене мүшелерің түгел ме?


— Ол үлкейе ме? — деді мистер Тиви.


— Майк! Менімен сөйлесші, бірдеңе деші. Бір жерің ауырып қалған жоқ па?


Теледидарадан тышқанның шиқылындай жіңішке дауыс шықты: Сәлем, мама! Сәлем, әке! Маған қараңдар! Мен теледидардан жіберілген әлемдегі ең алғашқы адаммын!


— Ұстаңдар ананы! — деді мистер Воңка айғайлап. — Тезірек!


Мистер Тиви қолын созды да экраннан Майк Тивиді алып шықты.


— Алақай! — деді мистер Воңка шаттанып. — Бүтін шықты! Еш жеріне зақым келмепті!


— Сіздіңше бұл еш жеріне зақым келмегені ме!? — деп беттен алды миссис Тиви тапаншаларын кезеп әрі-бері жүгіріп жүрген балаға үңіле қарап. Баланың бойы он сантиметрдей ғана.


— Майк қатты шуып кетіпті, — деді мистер Тиви.


— Шуымағанда ше!? — деді мистер Воңка. — Сіздер қандай күйде оралады деп ойлап едіңіздер?


— Бұл сұмдық! — деді миссис Тиви жасы алқымына тығылып. — Енді не істедік!?


— Біз оны бұл күйінде мектепке жібере алмаймыз, — деді мистер Тиви. — Балалар басып кетеді. Таптап тастайды!


— Енді ештеңе істей алмайтын болды, — деді миссис Тиви кемсеңдеп.


— Істей аламын! —деді тышқанның шиқылындай жіңішке дауыс шиқылдап. — Теледидар көре аламын.


— Енді ешқашан теледидар көрмейтін боласың! — деді мистер Тиви ашулы дауыспен. — Мен үйге келе салысымен оны терезеден лақтырып жіберемін. Теледидардың қорлығы өтіп кетті!


Мұны естіген Майк Тиви ашуға булығып, бұлқан-талқан болды. Мамасының саусағын тістеп алмақ боп ары секіріп, бері жұлқынды. Біресе шыңғырып, біресе қыңсылап елдің апшысын қуырды. “Теледидар көргім келеді! Теледидар көргім келеді! Теледидар көргім келеді! Теледидар көргім келеді!” деп шиқ-шиқ етеді.


— Әкелші маған бері! — мистер Тиви бармақтай баланы күртешесінің жан қалтасына салды да, үстін бет орамалымен жаба салды. Шиқыл мен қыңсыл сонда да толастамай, кішкентай тұтқынның шығуға талпынып тепкілеуінен мистер Тивидің қалтасы астан-кестең боп жатты.


— Оһ, мистер Воңка! Енді қайттік? Бұл баланың бойын қайтсек өсіреміз?


— Жә, — деді мистер Воңка ойлы жүзбен төбеге сақалын салалай қарап. — Бұл өзі күрделі шаруа. Бірақ кішкентай балалардың денесі солқылдақ келеді ғой. Қанша созсаң да болады. Біз оны сағыздың созылғыштық қасиетін сынайтын арнайы аппаратқа саламыз. Мүмкін содан бастапқы қалпына келіп қалатын шығар.


— Оһ, рақмет! — деді мисис Тиви.


— Алғысыңызға тұрмайды.


— Майкты қаншалықты созуға болады?


— Оны қазір айту қиын. Бірақ балаңыз өте жіңішке боп қалады. Созған кезде не де болса жіңішкереді емес пе.


— Сағыздай жіңішкереді демекшісіз бе?


— Иә.


— Сонда ол қаншалықты арықтайды? — деп тәтпіштей сұрады миссис Тиви.


— Ол жағын білмедім. Бірақ тым арықтап кетеді деп қорықпаңыз, біз оны бәрібір қайтадан семіртіп аламыз. Балаңызға мен ойлап тапқан СУПЕРДӘРУМАН ШОКОЛАДты күнде-күнде мөлшерден үш есе артық береміз. Бұл шоколад А және Ә дәрумандарына өте бай. Сондай-ақ, оның құрамында Б дәруманы, Д дәруманы, Е дәруманы, Ф дәруманы, Г дәруманы, Ғ дәруманы, Ж дәруманы, К дәруманы, Л дәруманы, Н дәруманы, Ң дәруманы, П дәруманы, Қ дәруманы, Р дәруманы, Ю дәруманы, Ғ дәруманы, Х дәруманы, П дәруманы, Ч дәруманы, Ш дәруманы, У дәруманы, Ұ дәруманы, Ү дәруманы және сізге өтірік, маған шын, Һ дәруманы да бар. Адамды әлсіздендіретін С дәруманын және бұқаның мүйізіндей мүйіз өсіргіш қасиеті бар М дәруманын алып тастадым. Есесіне өте сирек кездесетін және сиқырлы қасиетке ие “Воңка дәруманының” титтей тамшысын тамыздым.


— Ол Майкқа қалай әсер етеді? — деді мистер Тиви жұлып алғандай.


— Бұл дәруман оның аяқ саусақтарын қол саусақтарының ұзындығындай етіп өсіреді...


— Ойбай, онда керегі жоқ! — деді миссис Тиви баж етіп.


— Ақымақ болмаңыз! — деді мистер Воңка. — Оның пайдасы өте зор. Балаңыз пианиноны аяқ саусақтарымен ойнай алатын болады.


— Алайда, мистер Воңка...


— Уәж айту аяқталды! — Мистер Воңка теріс бұрылды да қолын көтеріп саусақтарын үш рет шырт еткізді. Лезде жанына бір умпа-лумпа кеп тұра қалды.


— Мына ереже бойынша емде, — деді мистер Воңка оған емдеу жолдары жазылған бір парақ қағазды ұсынып жатып. — Баланы әкесінің қалтасынан табасың. Ал, енді бара беріңіздер! Сау болыңыз, мистер Тиви! Сау болыңыз, миссис Тиви! Қатты уайымдамаңыздар! Бәрі де орнына келеді.


Бөлменің түкпірінде умпа-лумпалар даңғыраларын ұрып, саз әуезіне елігіп секіре бастаған еді.


— Мыналар тағы да бастады, — деді мистер Воңка. — Өлеңдерін айтып болмай тоқтамайды енді.


Чарли атасының қолынан ұстап, мистер Воңканың жанында жап-жарық бөлмеде умпа-лумпалардың әнін тыңдап тұрды да қалды. Міне, олар былай әндетіп еді:


Телевизия дүние жүзіне тарайды
Оны әлем балалары қарайды.
Қай үйіне қай қаланың, қай елдің
Бас сұқтың тек, қонақ болып жай келдің
Тыңдайтын тек теди1 деген төресін
Балалаларды барлық жерден көресің.
Теледидар деген сұмға тесіліп
Кендірлері қалса дағы кесіліп
Масайғанша, мәңгіргенше отырад
Тіршілікке қарап жатқан тоқырап.
Рас! Тыныштық бала ол кез сақтайды.
Басқа шығып, төске өрлеп жатпайды.
Төбелеспейді, қаңғырып та кетпейді.
Шаруаңызға да кедергі етпейді.
Ыдыстарды еш алаңсыз жуасыз
Шыбындарды тосқауылсыз қуасыз.
БІРАҚ ТЕДИ БАЛАНЫҢ БАСЫН ҚАТЫРАДЫ
ҚИЯЛ ҚҰСЫ ОНЫҢ ҚҰЛАП, АТЫЛАДЫ.
ОЛ САНАНЫ ҚОҚЫСПЕНЕН ЛАСТАЙДЫ.
НАДАН ЖӘНЕ СОҚЫР ЕТІП ТАСТАЙДЫ.
ӘДЕБИЕТТІ ҰҚПАЙ КӨРКЕМ, КӨЛЕМДІ
ТҮСІНБЕЙТІН БОЛАДЫ ОЛ ӨЛЕҢДІ
БАЛА МИЫ АТАЛАДАЙ ІРКІЛДЕП.
СӨЙЛЕЙТҰҒЫН БОЛАДЫ ТЕК ЗІРКІЛДЕП.
ОНЫҢ ОЙЛАУ ҚАБІЛЕТІ ЖОҒАЛАД
САНА-СЕЗІМ БАР ҚЫЗМЕТІН ДОҒАРАД.
ЕСІЛ-ДЕРТІ “ТЕЛИККЕ” АУЫП КЕТЕДІ.
ОЛ ТІЛАЗАР, САҢЫРАУ ДА ЕТЕДІ.
ОЙЫ ЖҰТАҢ, МІНЕЗ ДОЙЫР, ЕС ҚАСАҢ
СОНЫҢ ҮШІН ЕШҚАШАН ДА ЕШҚАШАН
БАЛАҢЫЗДЫ ЕШБІР МИНУТ, ЗАМАТТА
ТЕЛЕДИДАР МАҢАЙЫНА ЖОЛАТПА
СОҒЫС АШЫП НЕ ОСЫ БІР ҚҰРҒЫРҒА
ҮЙЛЕРІҢЕ МҮЛДЕМ ТІПТІ ҚҰРДЫРМА.
“Жақсы! Жақсы!” дерсіз жүзден нұр тайып.
Тедидің көзін үйден мүлдем құртайық.
Сонда бала нені ермек етеді?
Бос уақыты, айтшы, қайда кетеді!?
Қарсы сұрақ бұған қойғым келеді
Баяғыда бала ермегі не еді?
Заманда әлі теликті ойлап таппаған
Бала немен айналысқан? Қалай жанын сақтаған?
Ұмытылды ма!? Уақыт естен шығармақ!?
Бар дауыспен онда айтайық нығарлап.
Олар КӨРКЕМ ӘДЕБИЕТ ОҚИТЫН
Оқығанды көңіліне тоқитын
Оқитын да тағы қайта жабылып,
Кітап іздеп жүретұғын сабылып.
Оқуменен өтіп өмір жартысы
Сюжеттердің қызықтырып тартысы.
Кітап деген бөлмелерде үйіліп,
Сөрелерде қатар-қатар жиылып
Жатушы еді төсегінің басында
Табылушы ед бала кітап қасында
Сол бір ғажап ертегілер әлемі.
Кит, айдаһар, ханшайымдар әдемі,
Күлгін шалбар киген батыл пираттар,
Кемелер мен теңіздегі зираттар
Каннибалдар айнала билейтін тоғаны
Тамақ араластыруға қолданатын қоғаны.
(Тамағынан тамаша иіс бұрқырайд
Не салды екен? Ой! Пенелоп шырқырайд!)
Бүлдіршінге Беатрикс Поттер бар еді
Кейіпкері оның мистер Тод бір нар еді.
Торай Блэнд пен Ниткин деген тиіні,
Миссис Тигги Уиңклдің тік иіні.
Өркеш қалай пайда болған түйеде?
Құймышақсыз маймыл қайтпек үйелеп?
Және мистер Құрбақа мен кешіңіз,
Атжалман мен егеуқұйрық сесіңіз
туралы талай кітап оқып қалдырған
Баяғыда өмір сүрген балдырған.
Сондықтан да өтінеміз қиылып
Теледидарды лақтырып тастаңыз жиырып
Орнына оның өсірер адам өресін.
Орнатыңыз сәнді кітап сөресін!
Қарамаңыз ешбір ала көздерге
Сес көрсеткен жаман, жала сөздерге.
Таяқ ала жүгірсе де қашпаңыз.
Жер тепкілеп шыңғырса да, саспаңыз
Біз білеміз: кейін бір-екі аптадан
Ермек етер ешбір нәрсе таппаған
Бала амалсыз кітапты алып қарайды.
Одан лезде шапағат нұр тарайды.
Бір бастады, бір кітапқа жолады.
Көңілі оның қуанышқа толады.
Қызықтым деп сосын бұның несіне
Қарадым деп неге сонша тесіле
Тедименен өткеніне өкініп.
Кітап сұрап отырады өтініп.
Сөйтіп баланың ақыл-есі толады.
Өмір бойы сізге разы болады.
P.S. Ал, келетін болсақ Майк Тивиге,
Өкінішті түскені оның бұл күйге.
Бәрекелді — түзелсе енді осыдан.
Түзелмесе — құрығанына қосылам.


28. ТЕК ҚАНА ЧАРЛИ ҚАЛДЫ


— Енді қай бөлімге барамыз? — Ән біте салысымен мистер Воңка бұрылды да лифтіге оқтай зу етіп кірді. — Бері келіңіздер! Тезірек! Жолға шығатын уақыт болды! Енді неше бала қалды?


Кішкентай Чарли атасына сұраулы жүзбен қарады, атасы да немересіне солай жауап берді.


— Мистер Воңка, өзіңіз де көріп тұрған жоқсыз ба, тек қана Чарли қалды емес пе!?


Мистер Воңка шыр айнала бұрылып Чарлиге ойлана қарап қалды. Бөлмеде бір сәт тыныштық орнады. Чарли Джо атайдың қолынан тас қып ұстаған қалпында қозғалмай тұр.


— Немене? Тек сен ғана қалғансың ба? — деді мистер Воңка таңқалған кейіппен.


— Иә, — деді Чарли сыбырлап.


Мистер Воңка жерден жеті қоян тапқандай қуанып кетті. — Айналайын балам-ау, бұл жеңіс сенде деген сөз емес пе! — Ол лифтіден жүгіріп шықты да, Чарлидің қолын жұлып жібере жаздап сілкілей бастады. — Шын жүректен құттықтаймын! Бұдан артық не керек! Өте дұрыс болды! Сенің жеңетініңді мен бірден білгем! Бәрекелді, Чарли, жарайсың! Бұл деген бір керемет! Нағыз мейрам енді басталады! Бірақ ақымақ болмау керек, дандайсымау керек. Қазір біздің уақытымыз бұрынғыдан бетер тапшы. Күн батқанша қыруар шаруа бар бітіретін. Қаншама келісім-шарт жасау керек. Қаншама кісілермен кездесу керек. Бақытымызға орай, жұмысымызды жеделдетуге себін тигізетін шиша лифтіміз бар! Ал, мұнда кел, менің қадірлі Чарлиім, атта бермен! Сіз де, Джо мырза! Жо-жоқ, тек сізден кейін! Міне, осылай! Ал, енді кеттік! Бұл жолы түймені мен таңдайын. — Мистер Воңканың жарқылдаған көгілдір жанары бір сәт Чарлидің жүзінде аялдай қалды.


Тағы бір бәлеге ұшырайық деп тұрмыз деп ойлады Чарли. Бірақ оның жүрегінде еш үрей де, алаң да жоқ еді. Бірақ көңілі әлдеқайда алып ұшатын сияқты. Джо атай да дәл осындай күйде. Жүзі бал-бұл жайнап мистер Воңканың әр қимылын сүйсіне бағып тұр. Мистер Воңка лифтінің шиша төбесіндегі түймелердің біріне қолын созды. Чарли мен Джо атай түйменің тұсындағы жазуды оқымақ болып мойындарын созды.


ЖОҒАРЫ ЖӘНЕ СЫРТ деп жазылыпты онда.


“Жоғары және сырт, ол қандай бөлім болды екен?” деп ойланды Чарли. Мистер Воңка түймені басып қалды. Екі жақтан екі шиша есік сырғып кеп жабылды. — Ал, енді тұтқадан ұстаңыздар! — деді мистер Воңка дауыстап. Лифт орнынан сарт етіп қозғалды да, зымыранша зуылдай жөнелді. — Алақай! — деді Джо атай масаттанып. Чарли атасының аяғын орай құшақтап, мистер Воңка төбедегі тұтқадан ұстап алды, лифт бірте-бірте жоғары көтерілді де, бұл жолы ешқайда айналсоқтап бұрылмастан бірден тік тартты, жылдамдығы ұлғайған сайын сырттағы ауаның ызыңдаған ысқырығы күшейе түсті. — Алақай! — деді Джо атай тағы да. — Алақай! Біз кетіп барамыз! — Тезірек! — Мистер Воңка лифтінің қабырғасын қолымен ұрып-ұрып жіберді. — Тезірек! Тезірек! Егер біз бұдан тезірек жүрмесек, ешқашан шыға алмай қаламыз!


— Неден шыға алмаймыз? — деп сұрады Джо атай. — Біздің неден шығып кетуіміз керек?


— А-һа! — деді мистер Воңка. — Оны алда білесіз! Мен осы түймені басуды бірнеше жылдар бойы армандадым. Бірақ осы уақытқа дейін тиіскен жоқпын. Әрине, әзәзіл түртіп, түймені басып жібере жаздаған кездерім болды. Бірақ фабриканың шатырында апандай тесік пайда болатынын ойлағанда тез райымнан қайтып қалатынмын. Біз бұл жолы осылай жүреміз, жігіттер! Жоғары және сыртқа!


— Мұны қалай түсінуге болады — деді Джо ата, — бұл лифт шынында да?..


— Иә, шынында да. Қазір көресіздер! Жоғары және сыртқа!


— Алайда... алайда... алайда... бұл шишадан жасалған лифт қой! Қазір бытша-бытшасы шығып сынып қалады!


— Сынуын — сынады! — деді мистер Воңка атайдың болжамына қыңқ етпей. — алайда бұл өте қалың шишадан жасалған лифт.


Лифт жылдам-жылдам жоғарылай берді. Бір кезде олардың төбелерінен ағаштардың қақырап, шипырлардың сатырлап сынған дауысы естіле бастады. Джо атай: — Құтқарыңдар! Құрыдық! Біттік! — деп өкірді. Мистер Воңка оны: — Жо-жоқ! Құрыған жоқпыз! Өттік! Сыртқа шықтық! — деп жұбатты. Шынында да, төбесінен күн сәулесі төгілген лифт фабриканың шатырын тесіп шығып, енді қазір аспанда зымырандай зуылдап барады. Бес секундтан кейін олар мың фунт жоғарыға көтерілді.


— Мынау лифтіге бірдеңе көрінген шығар, — деді Джо атай.


— Қорықпаңыз, қымбатты сэр, — Мистер Воңка сабырлы қалыппен осылай деді де, тағы бір түймені басып жіберді. Лифт тоқтай қалды. Ол фабриканың үстіне, суреттегідей көсіліп жатқан қаланың үстінде тікұшақтай қалықтап тұрып алды. Чарли шиша еденге қарап еді, төменде қалың қар басқан құйттай үйлер мен қала көшелері қарауытты. Көгілдір көк әуеде жылтыр шынының ішінде тұрып қалу қандай қорқынышты еді. Аяғыңның астында тұңғиық әуеден өзге ештеңе жоқ секілді.


— Бәріміз аман-есенбіз бе? — деді Джо атай бір кезде есін жиып. — Мынау өзі қалай қалықтап тұр?


— Қант энергиясының қуатымен!— деді мистер Воңка. —Бір миллион қанттың энергиясы! Ананы қараңыздар! — деді ол саусағымен төменді нұсқап. — Біздің балаларымыз кетіп барады!


29. БАСҚА БАЛАЛАР ҮЙЛЕРІНЕ ҚАЙТТЫ


— Келесі жұмысқа кірісерден бұрын төменірек түсіп, кішкентай достарымызға бір қарап алайық, — деді мистер Воңка. — Ол тағы бір түймені басып еді, лифт құлдилап кеп, фабрика қақпасының үстінде қалықтап тұра қалды.


Чарли төмен қарағанда ауланың ішінде ата-аналарымен бірге топталып тұрған балаларды көрді.


— Бұл жерде үшеуі-ақ қой, — деді ол, — кім жоқ?


— Меніңше, Майк Тиви жоқ. Алайда ол көп кешікпей келеді. Жүк көліктерін көрдің бе? — Мистер Воңка тізіле қатар түзеген төбесі жабық көліктер жақты нұсқады.


— Иә, — деді Чарли, — олар не үшін тұр?


— Алтын билет мәтінінің мазмұны есіңде ме? Оны ұтып алған бала бүкіл ғұмырына жететін тәттімен қамтамасыз етіледі демеп пе еді!?. Әр баланы лық толтырылған бір-бір жүк көлігі күтіп тұр. Аһ-һа, міне Огустұс Глұп келеді! Көріп тұрсың ба? Әке-шешесімен бірінші көлікке мініп жатыр.


— Демек, ол аман-сау болғаны ғой? — Чарли қайран қалғанын жасыра алмады. — Анау қорқынышты құбырдан қалай шықты екен?


— Аман-есен болғанда қандай!


— Өзі өзгеріп кеткен бе, қалай? — Джо атай лифтінің шиша қабырғаларынан төменге көзін сығырайта қарап тұр. — Толық сияқты еді. Құр сүлдері қалыпты.


— Әрине өзгереді. — Мистер Воңка қулана жымиды. — Тар құбырдың ішінде әбден ысылған ғой. Естеріңізде болар? Ә, міне, ұлы сағыз шайнаушы Вайолет Боурегард! Оның сөлін сығып алу умпа-лумпалардың қолынан келген сияқты. Өте жақсы! Және өзі реңденіп кетіпті! Бұрынғы түрінен әлдеқайда әдемі!


— Бірақ беті әлі қаракүлгін қалпында! — деді Джо атай.


— Иә, беті қаракүлгін қалпында. Оған қарсы енді еш амал жоқ.


— Сұмдық-ай! — Чарлидің дауысы қатты шығып кетті. — Верука Солт, мистер Солт және миссис Солттарды қараңыздар! Үсті-бастарына түгел қоқыс жабысып қалыпты.


— Әне, Майк та келеді! — деді Джо атай. — Құдайым-ау! Не болған өзіне? Бойы бес метр, шидей арық!


— Сағыз созатын агрегатқа салып әбден созған ғой, —деді мистер Воңка. — Тым қатты созып жіберіпті.


— Майкке қиын болатын болды! — Чарли мұңайып қалды.


— Керісінше! — деді мистер Воңка оған қарсы уәж айтып. — Қатты жолы болды де! Енді оған еліміздің ең мықты баскетбол командаларынан шақыру қағаз келетін болады. Ал, жарайды! Бұл төрт қуды өз жайларына қалдырайық. Саған айтатын өте маңызды шаруам бар, менің қымбатты Чарлиім! — Мистер Воңка тағы бір түймені басып қалды, лифт зеңгір көкке атыла көтерілді.


30. ЧАРЛИДІҢ ШОКОЛАД ФАБРИКАСЫ


Шиша лифт енді қаланың үстінде қалықтады. Лифтінің ішінде мистер Воңка, Джо атай және кішкентай Чарли ғана.


— Мен өзімнің шоколад фабрикамды қалай жақсы көретінімді білсеңіздер еді! — Мистер Воңка төменге ойлана қарады. — Сосын біраз үндемей тұрды да, салмақты жүзбен Чарлиге бұрылды. — Ал сен ше, Чарли, саған фабрика ұнай ма?


— Ұнағанда қандай! Меніңше сіздің фабрикаңыз әлемдегі ең керемет жер!


— Мұндай пікір есту мен үшін үлкен мәртебе. — Мистер Воңканың дауысы бұрынғыдан да салмақтана түсті. Чарлиден жүзін әлі бұрар емес. — Сенен мұндай пікір есту мен үшін үлкен қуаныш. Себебін айтайын. — Мистер Воңка басын бір жаққа қарай қисайтып күлімсірегенде көзінің құйрығына майда-майда әжім жиналды. — Балам, — деді ол, — мен саған осы фабриканы сыйлауды ұйғардым. Ержетіп, өндірісті басқаруға шамаң жететін жасқа толысымен ол басы бүтін сенің меншігіңе өтеді.


Чарли мистер Воңкаға аңыра қарады. Джо атай бірдеңе демекші болып еді, қапелімде аузына сөз түспеді.


— Шын айтып тұрмын. — Мистер Воңка ақсия күлді. — Фабриканы саған беремін. Табылған ақыл, солай емес пе!?


— Чарлиге берем дейсіз бе? — Джо атай жеңіл күрсінді. — Қалжыңыз болар?


— Қалжың емес. Имандай шыным.


— Неліктен … ненің құрметіне … сіз оны Чарлиге бере салмақшысыз?


— Онда тыңдаңыз, — деді мистер Воңка. — Мен қартайдым. Менің жасым сіз ойлағаннан анағұрлым үлкен. Ешкім мәңгі өмір сүрмейді. Менің өз кіндігімнен тараған балам жоқ, туған-туысқаннан да жұрдаймын. Ертең тым қартайып, әудем жер жүру мұң болғанда фабриканы кім басқарады? Тым болмаса умпа-лумпалардың қамын ойлап, өндірісті тоқтатпайтын бір адам керек. Айтсам болды, мыңдаған пысықай жетіп кеп, фабриканы қуана-қуана иемденер еді, бірақ маған ондай қулардың қажеті шамалы. Жалпы, фабриканы ересек адамға табыстағым жоқ. Ересек адам айтқанымды тыңдамайды, менен үйренгісі келмейді. Ол өз бетінше жүргісі келеді, маған бағынбайды. Сондықтан да маған бала керек. Тәрбие көрген, ақылды бала болса, шоколад жасаудың барлық қыр-сырын үйретіп, осы уақытқа дейін жинақтаған бар тәжірибеммен бөлісер едім.


— Алтын билеттерді сол үшін таратқан екенсіз ғой! — деді Чарли лепті дауыспен.


— Дұрыс айтасың! Мен фабрикаға бес бала шақырып ап кешке дейін байқайын, сыннан өткенін ішінен таңдап ап өзіме ізбасар етейін деп ұйғардым.


— А-а-алайда, м-м-мистер В-В-Воңка, — деді Джо атай кекештеніп. — С-сіз м-мынадай алып фа-фабриканы кішкентай Ча-чарлиге бере салуға қ-калай ба-батылыңыз ба-барады? Ойлап к-көріңізші ө-өзіңіз ...


— Сөз таластырып жатуға уақыт жоқ! — деді мистер Воңка. — Чарлидің әкесі мен мамасын, және қалған жақындарын алып келу керек. Бүгіннен бастап олардың бәрі фабрика маңындағы үйде өмір сүретін болады. Чарли есейіп оң қол, сол қолын танығанша олар өндірісті басқаруға көмектеседі. Чарли, сен қай жерде тұрасың?


Чарли лифтінің шиша еденінен төмендегі қар жапқан үйлерге үңілді. Сосын саусағын шошайтты. — Әне, анау. Қала шетіндегі кішкентай қараша үй.


— Көріп тұрмын! — Мистер Воңка тағы бір түймелерді басты, лифт Чарлидің үйіне қарай бағыт алып зулай жөнелді.


— Мамам бізге ілесуден бас тартатын шығар, — деді Чарли мұңайып.


— Неге?


— Ол Джозефина әжей, Джордж атай және Джоржина әжейді тастап ешқайда шыға алмайды.


— Қарттар да сенімен бірге кетпей ме?


— Олар бара алмайды. Ата-әжелерім өте қартайған кісілер, төсек тартып жатқандарына жиырма жыл болды.


— Онда төсегімен бірге ала кетейік, — деді мистер Воңка. — Мына лифтіге төсек сиып кетеді.


— Ол төсекті үйден шығару мүмкін емес. Есіктен өтпейді.


— Уайымдамаңыз! — деді мистер Воңка. — Болмайды деген сөзді айтпаңыз, бәрі де болады. Көріңіз де тұрыңыз!


Лифт енді Чарлидің үйінің төбесіне қалықтап тұрып алды.


— Сіз не істемекшісіз? — деді Чарли айғайлап.


— Ана кісілерді алып шықпақшымын.


— Қалай?


— Шатырдан кіріп, — деді мистер Воңка.


— Болмайды, — деді Чарли.


— Тоқтатыңыз! — деді Джо атай айғай сап.


Сөйткенше болған жоқ лифт шатырды бұза-мұза қариялар жатқан бөлмеге гүрс етіп енді. Шаң мен топырақ, шипыр сынықтары, ағаш жаңқалары, тарақандар мен өрмекшілер, цемент кесектері төсекте жатқан үш қарияның үстіне құйылып кеп бергенде олар ақырзаман орнаған шығар деп ойлап қалды. Джорджина әжей есінен танып, Джозефина әжей жасанды тістерін түсіріп алды, Джордж атай көрпенің астына тығылды, мистер Баккет пен миссис Баккет өз бөлмелерінен жүгіріп шықты.


— Құтқарыңдар! — деп айғай салды Джозефина әжей.


— Сабыр ет, сүйіктім! — Джо атай лифтіден шығып келе жатты. — Өз адамдарыңызбыз!


— Мама! — Чарли миссис Баккетке қарай құшағын жая жүгірді. — Мама! Мама! Бәріміз мистер Воңканың фабрикасына көшетін болдық, біз оған өндірісті басқаруға көмектесеміз, ол фабриканы маған басы бүтін сыйлады ... және ... сосын ... және ...


— Сен не деп тұрсың!? — деді мисис Баккет.


— Үйге қарашы өзің, — Мистер Баккеттің қатты сасқаны білініп тұр. — Тас-талқаны шықты.


— Сэр! — Мистер Воңка алға сырылып шықты да мистер Баккеттің қолын ап қатты-қатты қысты. — Сізбен танысқаныма өте қуаныштымын! Баспана туралы қам жемеңіз! Бүгіннен бастап сіздерге бұл үйдің қажеті болмай қалады.


— Мынау өзі қайдан келген жынды? — деді Джозефина әжей бажылдап. — Қырып кете жаздады ғой бәрімізді!


Үйде қалғандарға күні бойы бастарынан кешкендерін айтып беру Джо атай мен Чарлидің біраз уақытын алды. Бірақ олар сонда да лифтіге мініп, фабрикаға барудан бас тартты.


— Одан да өз төсегімде жатып өлгенім артық, — деді Джозефина әжей.


— Мен де солай ойлаймын, — деді Джорджина әжей оны қоштап.


— Мен де бармаймын, — деді Джордж атай.


Сондықтан мистер Воңка, Чарли және Джо атай үшеуі олардың қарсылық көрсеткеніне қарамастан төсекті лифтінің ішіне итеріп кіргізе салды. Одан кейін мистер Баккет пен миссис Баккетті де күштеп тоғытты. Сосын өздері кірді. Мистер Воңка түймені басты. Есік жабылды. Джорджина әжей шыңғырып жіберді. Лифт шатырдың ашық тұрған жерінен аспанға көтерілді де зуылдай жөнелді.


Чарли қорқыныштан әлі естерін жинай алмай жатқан төсектегі ата-әжелерінің қасына отырып, оларды тыныштандыруға тырысты. — Қорықпаңыздаршы. Бұл лифт қауіпті емес! Біз әлемдегі ең тамаша жерге бара жатырмыз!


— Чарли шын айтады, — деді Джо атай оны қоштап.


— Ол жерде жүрек жалғайтын бірдеңе бола ма? — деді Джорджина әжей. — Менің қарным ашты. Барлығымыздың қарнымыз ашты.


— Жүрек жалғайтын бірдеңе дейсіз бе? — деді Чарли күліп. — О, оны барған соң көресіздер!


Ағылшын тілінен аударған Ү. Кеңесбаева





Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу