19.11.2021
  487


Автор: Сайын Назарбекұлы

Абайдың қара сөздері (21-45 сөздер)

Жиырма бірінші сөзге саяхат


Абай өзінің жиырма бірінші сөзін адам пенделерінің бойында кездесетін «Мақтан» сезіміне арнапты.


Мақтан сезімін екі түрге бөліп, бірін үлкендік мақтаныш десе, екіншісін мақтаншақтық деп атайды.


Сонда Абайша үлкендік деген не?


Үлкендік – адам ішінен өзін өзі бағалы есеп қылмақ.


Біздер Абай ойлағандай үлкендік дәрежеге жету үшін ауық-ауық өзімізге өзіміз есеп беріп отыруымыз керек екен. Істеген істерімізге, сөйлеген сөздерімізге баға беріп отыруымыз керек екен. Абай бұл ойды тағы бір сөзінде келтірген болатын. Бұндай адамдардың мақсаты өзіне жаман атақ тағылмауын қамтамасыз ету.


…Яғни, надан атанбастығын, мақтаншақ атанбастығын, әдепсіз, арсыз, байлаусыз, пайдасыз, сұрамшақ, өсекші, өтірікші, алдамшы, кеселді – осындай жарамсыз қылықтардан сақтанып, сол мінездерді бойына қорлық біліп, өзін ондайлардан зор есептемек…


Өзін ондайлардан үлкен есептемек. Бұл мінез – ақылдылардың, арлылардың, артықтардың мінезі екенін баса көрсетеді.


Абай мақтаншақтар туралы ерекше түсінік береді. Оларды үш түрге бөліп: алғашқы саты ағайын ішінде атақты болғысы келетіндердің өзін-өзі мақтап жетпек болатынын, екінші сатысы ел ішінде мақталсам дейтіндер ағайын арасында мақтау іздейтінін, айтып жүрсін деп әдейі ұйымдастырарын, ал жатқа мақталғысы келетіндердің ел көзіне түсуге тырысарын әңгіме етеді.


Өзін-өзі мақтап, болмағанды бойына таңып отыратындарды Абай наданның наданы, ләкин өзі адам емес деп бағасын береді.


Данышпан атамыздың осы ойы тым қатал емес пе екен?


Өйткені өзін-өзі мақтап отырғандар мен өзін біреуге мақтатып отыратындар тек қана биліктілер мен барлардың сүйікті ісі емес, адам баласының көпшілігі құмар қасиет секілді көрінеді бізге.


Жиырма екінші сөзге саяхат


Біздің ойымызша, осы сөз Абайдың жалпы адам пенделерінің іс-әрекеттерін, пейіл-ниеттерін, санасы мен сапасын мұқият ой елегінен өткізіп барып түйіндеген ойы секілді. Адам адамдар қоғамында жүргесін қалай болғанда да бір кісімен, не ойлары бір бағыттағы қоғаммен ниеттес болуы, соларды қорғауы, соларға тілектес болуы заңды нәрсе. Адам солай жаратылған. Абай өз заманынынан, қоғамынан дұрыс адамды іздеген. Солардың қайсылары қадірлеуге лайықты, жақсы көруге тұрады деген мәселені шешпекке тырысады. Содан барын байлар мен мырзаларға, болыстар мен билерге, кедейлер мен ғарыптарға мінездеме жазып, олардың іс-әрекеттерін сипаттап шығады. Абай бұларға тілектес бола алмайды.


Көпшілігіміз неге жарлылар мен ғарыптарға тілекші болмасқа деріміз сөзсіз. Абай: «Ғарып-ғасар бейшараны құрметтейін десең, жатқан түйеге міне алмаса да, ол момындыққа есеп емес. Егер мінерлік жайы болса, бірдемені ептеп ілерлік те жай бар,» – деп оларға сенімсіздік білдіріпті.


«Ырыс баққан дау бақпас» деген мақалменен боламын деп… момын байларды аямасаң һәм соның тілеуін тілемесең болмайды. Сонан басқаны таба алмадым,» – деп, қортындылайды. Біз момын бай деген сөзді өзінің адал еңбегімен дәулет құрап, бай атағын алғандарды айтып отыр дейміз.


Абай бұл сөзінде жарлыдан көрі момын бай «дұрыс адам» моделіне (өзінің көкейіндегі) келіңкірейді дейтін секілді.


Абай түсінігінде кедейлік – кедейдің өз жалқаулығынан, өз талапсыздығынан, өз надандығынан.


Момын байдың дәулеті адал еңбектен құралған. Абай осы сөзін адал еңбекті марапаттау үшін жазған секілді.


Біреу Абайды байшыл дейді, біреу кедейшіл дейді.


Абай байшыл да емес, кедейшіл де емес.


Ол адамдардың (қазақтардың) адал еңбекке құмар болуын, кісілік қасиетті бойына жинауын, талапқа құмар болуын тілейді.


Абайға момын бай талапсыз жарлыдан әлдеқайда жақын.


Жиырма үшінші сөзге саяхат


Бұл сөзбен Абай адамның қуаныш пен жұбаныш сезімдерін әңгіме ету арқылы «тоқмейілсу» деген тоқырауға түсіп қалмауды, оның жарамсыз қылық екенін, тоқмейілсіген адам ілгері ұмтылуды тоқтататынын түсіндіргісі келген секілді.


Қуаныш пен жұбаныш Абайдың өз басына да тән құбылыс екен.


Мысалға Тұрағұл естелігінде Абай: «Құдая, бергеніңе тәуба, мен мұсылман екенмін. Егер осы Есіркеп Тәкежанның қасында отырып, түйе сұратып жіберсе, бермей жібере алмас еді. Бұл түйе бермегеніме Абай ашуланып ештеңе етпейді деп, менің жұмсақ мінезіме сеніп бермей отыр деп қуанып қалды»… (Жүрегімнің түбіне терең бойла. Алматы «Жазушы», 1995. 24 бет).


Есіркеп өзіне түйе бермей жіберсе, оған Абай қуанады, жұбанады.


Бәленшеден ілгері болдық, түгеншеден оздық делінентін қуаныштардың пайдалы нәрсе емес екенін ескерте келіп Абай: «…Оған Құдай тағала айтып па, көптен қалмасаң болды деп…» дейді.


Абай бірелерден емес бәрінен озық болуға шақырады.


«…Жақсыға салысып жақсы болады-дағы. Жүз ат бәйгеге қосылса, мен бәйге алдым деген сөз болса, алдыңда неше ат бар деп сұрар, артыңда неше ат бар еді деп сұрағанның несі сөз? Мен бес аттан, он аттан ілгері едім дегеннің несі қуаныш?».


Абайдың өз сөзін оқитын ұрпақтарына айтпағы – осы.


…Қатардан қалмау, көппен көрген ұлы той… деп, жұбануды  Абай ел үшін кемшілік қасиетке санайды.


Кейбір желсөзділер жақсы ойлы айтылған сөздерге қазақтың жеңіл астарлы сөздерін пайдаланып, арзан күлкі иелерін күлкіге батырса болды, шешенсініп, білгірсініп бір сәтке жұрт назарын өзіне аударғанына бола қуаныш пен жұбаныш тауып жатады.


«Аузың сасық екен, тазаласашы» деген қалыңдығына бір жаман күйеу «тұқымымызбен аузымыз сасық болушы еді» деп, тек қана өзінің емес, тұқымының да келісіп тұрмағанын паш етеді. Масқара етеді. Соны бір ақымақ елге әңгіме етіп айтады, соған мың ақымақ күледі.


Абай: «…Тұқымымызбен аузымыз сасық болушы еді деген жаман күйеу қалыңдығын жеңіп пе? Көңілін сол сөзі разы қылуға жетіп пе? Ендеше көбіңнен қалма, сен де аузыңды сасыта бер деп пе?» деп ызаланады.


Төмендегі сөздерді Абай жаны қинала, әлгі жаман күйеудің  надандығын сезе, аузының сасығын жұта отырып, жазған болар деп ойлаймыз…


…Ғылым көпке келіп пе? Біреуден тарап па? Хикмет (даналық, ақылдылық, ойшыл) көптен тарай ма? Бірден тарай ма? Жер білмеген көп адам адасып жүрсе, бір жер білетін кісінің керегі жоқ па екен?.. Жұт келсе, елдің бәрінің түгел жұтағаны жақсы ма?..


Жиырма төртінші сөзге саяхат


Абай заманында жер бетіндегі әрбір мың адамның бірі қазақ екен. Біздің заманымызда жер бетіндегі әрбір үш жүз адамның бірі қазақ.


Абай сол заманда кейбір елдерде үш миллион халық тұратын қалалар бар, дүниені үш айналып көріп, танысып шыққан адамдар бар. Қазақ сол дәрежеге жете алар ма екен деп уайым етеді. Қазақтар қашан өнер мен малды түзден түзу жолмен іздейтін күнді арман етеді.


Әй, не болсын!.. Жүз қараға екі жүз кісі сұғын қадап жүр ғой, бірін-бірі құртпай, құрымай тыныш таба ма?


Абай бұл сөзінде өз замандастарының бірін-бірі күндеуі, аңдысуы, жауласуы, ұрласуы жер жүзіндегі жұрттың қоры болғандықтан, істеп отырсыңдар деп ширықтырады. Абай әлгіндей адамдардың басқа елдерде де барын, олардың да елдеріне жақпас әрекеттері бар екенін білмеді деймісің? Бұрын да бір рет айтқанбыз, тағы бір қайталайық, «дос жылатып айтадының» дәл өзі.


Жеңіл ойлайтын кейбір қазақтар, әсіресе, шет елдерде оқып, шет ел азаматтарымен көбірек араласатындар Абай әлемге қазақты жаман етіп танытты деп ренжиді.


Олар Абай ойларын толық өз болмысына сіңіруге тырыспай, Абайдың қазақ халқының ары мен зарының жоқтаушысы екенін мойындай алмай  қара сөздердің әріптеріне мән беріп, кәдімгідей тулап жатады.


Осы сөздерді жазарда Абай, алдымен, қатты ойланып алған секілді. Жалпы адам баласының жер басып тіршілік етіп жүруі үшін, тіршілікті саналы, сапалы өткізуі үшін, адам пенделеріне не керек екенін түгендеп шықпақ болған болар.


Содан кейін екінші сөзінде Абай қазақтарды басқалармен салыстырып алады. Кемшілігін көзіне шұқып тұрып көрсетеді. Арына тиеді. Үшінші сөзінде арызшылсың деп бетін қызартса, төртінші сөзінде күлегешсің деп келемеш етеді. Бесінші сөз қазақтың кейбір мақалдарын сынауға арналса, алтыншы сөз – қазақ жалқауларының еншісі.


Қалған сөздерінде де қазақ халқының мінезі осылай, құлқы осылай деп қатты сынға ала отырып, тұтас саналы адамзат бойындағы бар кемшіліктерді теріп шығады.


Барлық сөздерінің арқауындай ортақ түйін бар, тұтас желі бар, ол  – қазақтардың (адамдардың) жаны мен тәнінің сұранысы, рухының таза болуы. Абай қазақтардың (адамдардың) арына тие сөйлеп, амалсыз ойландырмақ болған секілді.


Абай сегізінші сөзін ақылды кім үйренеді, насихатты кім тыңдайды деп бастаса, келесі сөзін: «Осы мен өзім – қазақпын. Қазақты жақсы көрем бе, жек көрем бе? Егер жақсы көрсем, қылықтарын қостасам керек еді…» – деп, оқушысын өзіне қаратып алады. Содан кейін Абай өз қандастарының қылығынан түңілген, өмірден баз кешкен адам ойын айтады, Тіпті «артқа алаң болмай өлуге» деуге дейін барады.


Абай өлеңдерін де, қара сөздерін де арттағы ұрпақтарына үлгі үшін жазған. Ол өз басының пенделік сұранысын емес, ұлы жаратылыс жаратқан ұлы пенделерде ғана болатын адамдық борышын өтеген.


Әйтпесе, Абай өле-өлгенінше тіршілік шаруасынан баз кешкен жоқ. Оқу керектігін, басқа елдерден үйрену керектігін тек қана айтып қойған жоқ, іске де асырды.  Шәкәрімнің сол мақсатқа өмірін арнауын міндет етті.


Оныншы сөз адамдарға бала мен мал не үшін қажет деген ойға жетелейді. Он бірінші сөзде ұры мен бұзақыны сөз етеді. Он екінші, он үшінші сөздер ғибадат пен иман туралы. Он төртінші сөз кімді жүректі, батыр деп тануға болатындығы туралы нұсқау секілді.


Келесі сөздерде ақылды кісі мен ақылсыз кісі туралы ойланып, Құдайға құлшылық етудегі салғырттық туралы да ескерту жасайды.


Он жетінші сөз мысал арқылы өмірді қалай сүруге болатындығы туралы ереже.


Он сегізінші сөзде кербездік туралы әңгіме етілсе, он тоғызыншыда – адам есі, жиырмасыншыда – ойсыздық, жиырма біріншіде – мақтан, жиырма екіншіде – кісі қадірі, жиырма үшіншіде – қуаныш пен жұбаныш сезімдері туралы әңгіме етіледі.


Барлығын бірдей тізіп көрсетпей-ақ қоялық, өрмектің жүзін аударды, қалғанын қажет етсе оқышы өзі қарап шығар. Қайталап айталық, Абай осы қара сөздері арқылы «қазақ» дей отырып, бүкіл адамзат қажетін өтерліктей, олардың жаны мен тәнін риза етерліктей, рухын асқақтатарлықтай дәрежеге жеткізген. Тек қана әрпіне қарап ызасыз оқу қажеттігін, терең ойды, мұхит түбінде жатқан маржандарды көре білу қажет секілді. Әрине, барлық оқушы олай бола алмас. Болмаса қайтеміз. Абайдың өзі айтқандай, өз сөзі өзінікі.


Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы,


Қиыннан қиыстырар ер данасы.


Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,


Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы.


Досыңа достық – қарыз іс,


Дұшпаныңа әділ бол.


Жиырма бесінші сөзге саяхат


Бұл еңбегінде Абай тағы да бір рет адамдарға мал табу қажеттігін (еңбек ету қажеттігін), малдың аздығы (ақша мен ішіп-жемнің, мал мен дүниенің) адам баласының бойындағы барлық жаман қасиеттердің оянуына септігін тигізетіндігін баса көрсетеді.


Мал тап. Малыңда балаңның өнер, ғылым үйренуіне жұмса дейді.


…Құдайдан қорық, пендеден ұял, балаң бала болсын десең – оқыт, мал аяма! Әйтпесе, бір ит қазақ болып қалған соң, саған рахат көрсете ме, өзі рахат көре ме, я жұртқа рахат көрсете ме?


Кісіліктің, адам атанудың стандарты, бағдарламасы. Бұдан тұжырымды етіп ешкім де айта алмас.


Бұл сөзінде де Абай қазақтың арына тиіп, «бір ит қазақ» деген сөзді қыстырып та қояды.


Әлемдік азамат болу үшін, толық адам дәрежесіне жету үшін шет ел тілін білу қажеттігін, озық елдердің өнері мен үлгісін үйрену қажеттігін түсіндіре білген.


Білімді кісі білімнің тек қана өз басына емес ел бақытын ашатындай білім болуын армандайды. «Баламды медресеге біл деп бердім» деп, бала білімінің ел пайдасына, халық қамына жарар ма екен екен деген үміт те болады.


Білім алғанда, өнер үйренгенде: «…Біз де ел болып, жұрт білгенді біліп, халық қатарына қосылудың қамын жейік деп ниеттеніп үйрену керек» –  деп, ақыл айтады.


Бұл сөздегі Абай тұжырымдары сол кезде елге өте қажет ақыл болатын.


Әйтпесе, байларға өкімет балаңды оқыт деп салық салғанда, баласын «аяп»  орнына кедей баласын орыс оқуына жіберіп қорлағандай болған надандық заманда Абайдың бұл сөздері нағыз елді ел етер ақыл болатын.


Кім білген, біраз сол заманда оқу, білім алғандар бастауы осы сөзден нәр алып жатпағанына?


Алаш азаматтарының сол заманда Абайды қазақтың бас ақыны деп мойындауына әсер етіп жатпасына кім кепіл?


Жиырма алтыншы сөзге саяхат


Жиырма алтыншы сөз оқушыларына озып келген жылқының шабысы үшін тымағын аспанға лақтырып мақтану, жығылып қалған жігіттің айласы аздығы үшін жерге кірердей намыстанып, кіріп кетер жер тесігін іздейтіндей  намыстану надандық пен ақымақтықтың әсері деген түсінік туғызады.


Ау, ағайын! Озып жатқан да, жығып жатқан да бір қазақтың аты мен жігіті емес пе!


Абай осындай түсінікті сағынады.


Өз жұртыңнан жау іздеме, өз аулыңнан дау іздеме деген қағиданы алға тұтады. Сол қағида пайдасын жұрт арасынан таба алмаған кезде Абай: «Мұның бәрі – қазақтың қазақтан басқа жауы жоқ, биттей нәрсені бір үлкен іс қылған кісідей қуанған болып, ана өзгелерді ызаландырсам екен демек. Біреуді ызаландырмақ – шариғатта харам, шаруаға залал, ақылға теріс. Әншейін біреуді ыза қылмақтың несін дәулет біліп қуанады екен?» – деп таң қалады.


Абай солай дейді. Осыларын айтсаң ел де «рас, рас» дейтін көрінеді. Бірақ ақылы арқылы сана сүзгісінен өткізер біреуі жоқ, және сол істерінің терістігін біле тұра, өкініп те жатпайды.


Абай заманындағы бұл келеңсіздік, тіпті одан да әріректе көпшілік қылығынан орын алған бұл дертті біздің заманымыз жоқ етті деп, біз де мақтана алмайтын секілдіміз.


Біреуді ызаландырмақтың шариғатта харам, шаруаға залал, ақылға теріс екенін бұ заманда білмейтін адам жоқ. Бірақ соны түзетпекке еңбек ету, ел болып қам жасау шаралары жетіспей жатады.


Бұл шаруа мемлекеттік тұрғыда үгіттеліп, шара қолдану арқылы, ұлттық, мемлекеттік рухани ұран етіліп, ұзақ жылдар бойы «баланы бесіктен» дегендей, тәрбие нәтижесімен жетуге болар. Әйтпесе, қай рудың баласы іс басында, сол ауылдың итінің құйрығы жоғары болатындай түсінікпен қазақтар әлі де талай Абайын жылатар, Абай данасын көрінде аунатар.


Демек, бұл істердегі ұлт бойындағы кемшілік қасиеттерді біз жалпы көпшілік санасының төмендігіне аудара салу үрдісіне, сол арқылы өзін ақылды етіп көрсететіндер білгірлігіне қосыла алмайтын секілдіміз. Мәселе жеке адамдарда емес, оларға серкелік қызмет етіп жүрген басшыларда деп ойлаймыз. Нөлдерді санға айналдырар, елді бастап жүрген «единица» атты тұлғалар қатесі деп түсінеміз. Солай болар, асылы.


Жүйрік атты сатып алып, тартып алып, ұрлап алып өз аулының атағынан қоспаса, төбет таласына түрікпеннің алабайын алып келіп, ананың бөрібасарын қан-жоса жасамаса, қайта ел ішінен жүйріктерді таңдап, баптап, берісі алты алашқа, арысы әлем жарыстарында жұлқындырса… мүмкін, ел санасы да Абай атаның көз жасын көл етуге итермелемес еді.


Жиырма жетінші сөзге саяхат


Осы саяхат сапарымызда біз Абай бұ сөзді жазарда не ойлады, осы сөз арқылы елге не айтқысы келді, деген сұрақтарға жауап іздеуді оқушылардың өздеріне тапсырғалы отырмыз.


Біз бұл сапарымызды Абайдың өзі туралы аз ғана ой толғауға арнасақ деп отырмыз.


«Абай кім еді?» –  деп сұрайды біреулер.


«Абай данышпан еді!» –  деп жауап қайтарады екінші біреулер.


Үшінші біреулер: «Абай ауыл адамы еді. Білігі әлемдік деңгейдегі даналыққа, ой өресі данышпандыққа қалай жетті?» – деп сенімсіздік білдіреді.


Біз осы сұрақтарға жауап тауып берерлік Абайдың осы сөзіндегі сөйлемдерінен үзінді келтірелік.


Бір күні Сократ хакім бір Аристодим деген ғалым шәкіртіне:


– Әй, Аристодим, өнерлері себепті адам таңырқауға лайықты адам бар ма? –  деді.


– Гомерге бәйітшілігі себепті, Сокофілге трагедиясы себепті, яғни біреудің сыйпатына түспектік, Зевсиске суретшілігі себепті…


Біз осы екі ауыз сөз арқылы Абайдың жер шарын он айналып келерлік білімі болғанына көз жеткізіп отырмыз. Әлгідей сұрақ қойып сенімсіздік білдірушілер Гомер мен Сократ туралы, Аристотель мен Ескендір туралы оқыды ма екен, оқымаса, естіді ме екен?


Осыған қоса, біз өз басымыздан өткен бір әңгімені әңгімелеп берсек, о да біздің әлгі сөзімізге септігін тигізуі мүмкін.


Біз бір жолы (біздің «Абай-Шәкәрім» кесенесін тұрғызып жүрген кезіміз болатын) Семей қаласының бір тұрғынымен сөзге келісіп қалдық.


«Қарауылдан қырық қадам ұзап шықпаған Абай, қалайша әлемдік дәрежедегі данышпан бола қалады?» – дейді әлгі семейлік.


«Ньютон деген оқымысты жердің тартылу күші туралы заңын шығару үшін, айға барып тәжрибе жасап қайтып па? Данышпанның данышпандығы – сол, көргенінен қорытынды шығарады» – дейміз біз.


Абай ауылда өскенмен бүкіл әлемдік қозғалыстар мен жаратылыстар туралы, әлемдік оқиғалар мен оқымыстылар туралы хабардар болған кісі.


Ескі заман ғұламалары туралы ой толғап жүрген Абай, өзінен сәл ілгеріде өткен орыс ғұламаларының бәрін оқыған, біразын аударған.


А. Пушкин, М. Лермонтов, И. Крылов секілді даналарды ерекше құрметтеген.


Шығыс даналарына еліктеп бала күнінен өлеңдер жазған.


Өмірінде орыс көрмей орыс тілін игерген, парсы, араб тілдерін жазба еңбектерінде қолданған, мемлекет басқару, заң пәндерін оқымай-ақ қазақ халқын басқару жөнінде негізгі заң сұлбасын жасауға дейін білімі жеткен…


Тапқырлық, шешендік сөздері қаншама.


Біз осы саяхатымызды Абайдың бір ауыз сөзімен аяқтағалы отырмыз…


…Бұ кітапханаға түйе кірсе несі бар, бұнда есек те отырыпты ғой…


Жиырма сегізінші сөзге саяхат


Абай сөздеріне ой жүгірткенде бізді қинаған сөздердің бірі осы жиырма сегізінші сөз болды.


Осы сөзді оқи отырып, біз сүрген өмірімізде талай рет: «Не жазығым бар еді?» – деп еңіреген әйелдерді көп көріп едік.


Бір үйден бес адам соғысқа кетіп, әкелері мен балалары түгел қайтпай қалғанды да көргенбіз.


Бір түнде қара орманы өртке шалынып, өрт ішінде қалған балалары мен шешесін құтқара алмай зар жылаған азаматты да құлағымыз шалған.


Ұрлықпен байып, байлықпен мансапты болғандар қаншама…


Жазықсыз жала жабылып, біреудің қылмысы үшін жапа шегіп отырғандар қаншама…


Анасы мен әкесінің ақымақтығынан тұл жетім боп өсіп жатырған бөбектер қаншама…


Осыларды көре жүре, соларға адам жаны ауырғанда өзінен-өзі «ау, бұл қалай?» – деген сұрақ аузыңнан еріксіз жалын болып, атып шығады екен.


Әлде барлық адамдарға көрсетілер жақсылық пен жамандықтың шамасына әлемдегі пенделер бойындағы адамшылық қасиеттердің, жеке адамдардың кісілік  пиғылының, бәріміздің табиғатқа, адамдарға деген сүйіспеншілігіміздің шамасы әсер етеді ме екен? Бізде, адамдарда, әлгілер тым азайып бара ма?


Содан барып жақсылық жобасы да шектеле ме?


Жауабы жоқ сұрақтардың бірі секілді.


Абай да бұл құбылыстарды адами, діни тілмен түсіндіргісі келмеген секілді. Көптеген табиғи, адами теңсіздіктерді тізіп келіп: «Жақсылық, жамандықты жаратқан – Құдай, бірақ қылдырған Құдай емес, ауруды жаратқан – Құдай, ауыртқан Құдай емес, байлықты, кедейлікті жаратқан – Құдай, бай қылған, кедей қылған Құдай емес деп, нанып ұқсаң болар, әйтпесе  жоқ» – депті.


Мүмкін, бұл сұрақты Абайдың:


Ел бұзылса құрады шайтан өрнек,


Періште төменшіктеп, қайғы жемек – дейтін жолдарынан іздеу қажет пе?


Ел пиғылы бұзылып, көпшілік жаппай шайтан соңына ерген шақта, Абай сөзімен айтқанда, «шайтан өрнек құрған шақта», періштеден күш кетіп, әлгі сыйлықтар (жамандықтар) адамдарға қалай болса, солай таратыла бере ме екен?


Жиырма тоғызыншы сөзге саяхат


Абай осы сөзінде біраз адамдарды, әйтеуір тіршілік ету, әйтеуір ауызға бірдеңе тауып салу жолында жүретіндерді, сол тіршілік, сол жұтқын үшін арсыздыққа дейін баратындарды, өз сөзімен айтқанда, «антұрғандар» атты арсыздарды қатты сынға алады.  Антұрғандар қылығын заңдандырып берерлік, арсыздар ісін ақтап берерлік мақалдар  шығарып берген аталарына да қатты шүйлігеді.


«Алтын көрсе, періште жолдан таяды» – дейді. Періштеден садаға кеткір-ай! Періште алтынды не қылсын, өзінің көрсеқызар сұмдығын қостағалы айтқаны».


Абайдың осы сөзді жазғандағы жан айқайы, ашу-ызасы, мақал шығарған кісіге айтылмай қалған назасы менің көкірегімде сайрап тұрған секілді.


«Ата-анадан мал тәтті, алтынды үйден жан тәтті» деген де мақал бар екен.


Ата-анадан тәтті көретін сол антұрғанның не оңған жаны бар еді. Ата-анасын малға сатпақ болған  арсыз-ай» деп жаны қиналады Абайдың.


Ата-ана не жиса да балама қалсын демей ме?


Осындай білместікпен айтылған сөздерге бек сақ болу керек.


Абайдың айтпағы да осы болатын. Атадан қалған сөздің бәрі бағалы деп қателеспеу қажеттігін ескертеді.


Абай туысынан сыншы. Барлық өмірге сын көзімен қараған, сергек жан. Сондықтан амалсыз сықақшы.


Абайдың аудармаларына зер салып қарасақ, ол И. Крылов еңбектерін қазақшалауға көп еңбек еткен.


Абай бір өлеңінде:


Арсыз болмай атақ жоқ,


Алдамшы болмай бақ қайда? – деп, кейбір адамдардың атақты болу жолында ар сатуға дейін баратынын, бақ пен тақ жолында алдау мен арбау жасай алатынын ескерткен еді.


Бұрынғы замандарда қазақтың мақал-мәтелдері қазақ адамы үшін қазіргі заман заңының бір тармағы секілді қабылданатын.


Даулы мәселе бойынша айтысып жатқандар дәл уақытын тауып, дер кезінде, орнына қойып айта алған өткір сөз, тура мақал, қанатты сөздер дауласушы жағына тосқауыл бола алатын. Абайдың мақалдар мен мәтелдерге ерекше назар бөлуі де сондықтан болар.


Мақалдар мен мәтел сөздерде ерекше қуат бар, өйткені халық даналығы сондай сөздер арқылы түйінделеді.


Отызыншы сөзге саяхат


«Ұялмас бетке талмас жақ береді деп, көп былжыраған арсыз, ұятсыздың бірі-дағы» деген тұжырыммен аяқтапты, Абай отызыншы сөзін.


Біз осы сөздерді оқып отырып, жалпы адам баласы көп өзгере қоймайды екен-ау деген ойға келдік.


Бар ғұмырында қолына балға алып, бір шеге қақпаған, көп пайдасына асар бір ауыз сөзі болмаған, көпшілік басын қосар бір өнері болмаған, бірақ жұрт жиналса болды, қайыртпай сөйлеп, айыртпай төбелесіп жүретіндер әлі бар.


Бар кемшіліктен ақтала, бар қасиетімен мақтана бөседі дейсің.


Әлемді ұстап тұрған соның ақылы, билеп тұрған соның жақыны, өзі бар адамның батыры, руы мен жұрты елдің тақылы.


Абайды кем тұтқан Абай замандастары өлмей, осы заманға шетінен тірі жеткендей. Әлде Абай солар мінезі мен болмысын дәл суреттеп бергесін, өз замандастарымыз бен Абай замандастарын айыра алмай қаламыз ба екен? Өздері көп секілді.


Тіпті көбейе түспесін…


Отыз бірінші сөзге саяхат


…Естіген нәрсені ұмытпастыққа төрт түрлі себеп бар:  әуелі –   көкірегі байлаулы берік болмақ керек; екінші – сол нәрсені естігенде, я көргенде, ғибрәтлану керек, көңілденіп, тұшынып, ынтамен ұғу керек; үшінші – сол нәрсені ішінен бірнеше уақыт қайтарып ойланып, көңілге бекіту керек; төртінші – ой кеселді нәрселерден қашық болу керек.


Біз Абайдың отыз бірінші сөзін бір әрпін қалдырмай көшіріп алмаққа ниеттендік.


Ой кеселдері: уайымсыз салғырттық, ойыншы-күлкішілдік, я бір қайғыға салыну, я бір нәрсеге құмарлық пайда болу секілді. Бұл төрт нәрсе – күллі ақыл мен ғылымды тоздыратұғын нәрселер.


«Құйма құлақ» болу Абай талабы бойынша оңай шаруа емес секілді. Көкірегі байлаулы берік болу деген сөз – өзіңді не бір талапқа, не бір ғылымға, не бір өнерге бағыттауың керек деген сөз болар. Өзіңді байлай алсаң, өзіңе қажетті деректі, әлгі өзіңді-өзің байлаған нәрсеге қажетті деректі ұмытам десең де ұмыта алмайтын боларсың. Себебі сен оны іздеп жүрдің ғой. Содан барып естіген бойда «апырым-ай бұл солай екен-ау» деп сезімдене қалдың. Абай сол кезде сол деректі ойша екі-үш рет қайталап қой, содан соң (төртіншісі) – сол мезетте ой кеселдерінен аулақ бол дейді.


Ой кеселдерін Абай тізіп жазып кетіпті. Бұлар ақыл мен ғылымды ілгері бастырмайтын, барын тоздыратын қылықтар екен.


Уайымсыз салғырттық деген не?


Ойыншыл-күлкішіл деп кімдерді айтамыз?


Қайғыға берілген жан қандай болады?


Құмарпаздар кімдер?


Бұл Абай айтып кеткен кеселдер құпиясын түсіну үшін күнде естіп жүрген бірнеше тұрмыстық мақал, мәтелдерді, қямпорыс сөз тізбектерінің бір-жарын еске сала кетелік, қалғандарын өздерің жалғастырып ала саларсыздар…


…Құдайдың күні көп қой, несіне жанталасасың..


…Ертең де күн бар емес пе…


Отыз екінші сөзге саяхат


Отыз екінші сөзде Абай абзал ойларының үшеуін, Абай өлеңдерінде кездесер асыл ойлар үшеуін осы өзіміз «талап» деп ат қойған осы сөзімізде келтірмек болдық.


Адамның көңілі шын мейірленсе, білім-ғылымның өзі де адамға мейірленіп, тезірек қолға түседі.


Ғылымды үйренгенде, ақиқат мақсатпен білмек үшін үйренбек керек.


Ақылды сақтайтұғын мінез деген сауыты болады. Сол мінез бұзылмасын!


Өзі білгісі келіп, сағына жүріп кездесіп, шын мейірлене оқып үйренбесе адам осындай сөзді жаза алар ма еді!


Абай не үшін ізденді? Іздеп тапқанын кім пайдасына асырмақ болды? Абай осындай адал еңбегін, асыл ойларын қайран жұрты қазағына арнамай кімге арнай алады…


Бала күнімізде өрістен қайтқан «Қарамая» дейтін түйеміздің алдынан шығатынбыз. Күні бойы дала нәрін жинаған жарықтық ботасын сағынып, мейірлене боздап келе жатушы еді. Ботасы бауырына жақындамай-ақ баласына деген сағыныш махаббатына иіп жүре беруші еді. Төрт емшектен сүт тамшылай бастайтын.


Абай да сол. Қайран жұрты қазағын біраз сынап-мінеп алып, бойындағы бар махаббатын, сезімін осылайша ақтарады.


Абайдың өзіне жанынан жақын көретін қазағы болмаса, осы сөздердің бірі де жазылмаған болар еді.


Абай бойындағы барлық қуатты, барлық білімді, барлық қасиетті ойлар мен сезімдерді идіріп асыл сөздерге айналдыратын Абайдың өз жұртына, адам баласына деген махаббаты болатын.


Единица – жақсысы,


Ерген елі бейне нөл.


Единица нөлсіз-ақ,


Өз басындық болар сол.


Единица кеткенде,


Не болады өңкей нөл?


Өлді деуге сыя ма, ойлаңдаршы,


Өлмейтұғын артына сөз қалдырған.


Әсемпаз болма әр неге,


Өнерпаз болсаң, арқалан.


Сен де – бір кірпіш, дүниеге,


Кетігін тап та, бар қалан!


Отыз үшінші сөзге саяхат


…Егер де мал керек болса, қолөнер үйренбек керек. Мал жұтайды, өнер жұтамайды. Алдау қоспай, адал еңбегін сатқан қолөнерлі –  қазақтың әулиесі –  сол.


Өзіміз қолөнерге сүйенген жан болғандықтан ба, Абайдың бұл сөзі біздің жанымызға бал болып жағып, май болып жұғып тұр. Әрине, біз әулиелікке таласа қоймаспыз, бірақ Абайдың қолөнерлі кісіні қоғамның ең бір пайдалы адам екендігіне жұрт көзін жеткізіп кеткені қандай ғанибет болған. Әйтпесе бірнеше жылдар бойы алақаныңның қаныменен, маңдайыңның теріменен салып шыққан, өмірге келтірген нәрселеріңді көлденең көк атты кие жарып: «Мен салдым, мен салғыздым» деп тұратынын қайтерсің.


Бірақ «Құдай тағала қолына аз-маз өнер берген қазақтардың кеселдері болады,» – депті Абай.


Қолөнерлі жандарға Абай бірнеше ақыл-кеңес жазып қалдырады:


Әуелі қолөнерлі жан бойда барға қанағат етіп қалмай ізденіп, үйреніп, ұдайы өзін-өзі жетілдіруге тырысқанының дұрыстығын;


Екінші ерінбей еңбек етіп, өнері мен тапқанына бола кербездікке салынып кетпеуді;


Қулардың мақтағанына бой алдырмауды;


Өнерлі жанына тамыршыл боп жинала бастайтын шайтандардан бойды аулақ ұстауды тапсырады.


Абай осы сақтандырғыш кеңестерін жаза отырып, өнерлі жан қадірін, өнерін жетілдіре түсуге көмек көрсеткісі келген секілді.


Қолөнерлі жан өз өнеріне мейірлі болып жақсы көрмек керек екен. Өзің жақсы көрмей, өзің сүймей, басқаға жақсы көрсете алмайсың, сүйдіре алмайсың дейді.


Қаруыңның барында қайрат қылмай,


Қаңғып өткен өмірдің бәрі де – жел.


Абайдың  өлеңдерінен алынған осы бір ауыз сөз қөлөнерлі жандардың өмірінің нағыз өмір екеніне көз жеткізе түсетіндей.


Отыз төртінші сөзге саяхат


…Кімде-кім ахиретте де, дүниеде де қор болмайын десе, білмек керек: еш адамның көңілінде екі қуаныш бірдей болмайды, екі ынтық құмарлық бірдей болмайды, екі қорқыныш, екі қайғы –  олар да бірдей болмайды…


…Қай адамның көңілінде дүние қайғысы, дүние қуанышы ахирет қайғысынан, ахирет қуанышынан артық болса – мұсылман емес.


Адам баласына адам баласының бәрі – дос.


Бұл сөздерді, Абай ойларын Абай сөзінен көшіріп алдық. Көшіріп алдық та, көңілімізге күдік ұялаттық.


Шыныменен біз (жеке басымды сөз етіп отырмын) бұ дүние қуанышынан о дүние қуанышынан артық қадірлеп жүрген жоқпыз ба?


Біздің қай қылығымыз сауапқа, қай қылығымыз күнаға жазылып жатыр? Оны кім білмек?


Біреумен қастасып, біреумен өштесіп, адамның бәрін өзімдей етіп аламын деп, Алла тағаланың, Ұлы Жаратқанның жарлығына қарсы болып жүрген жоқ па екенбіз?


Бәрі өзіңдей болғанда, өмірдің түзеліп кететініне кім кепіл?


Өзіңді-өзің түсініп болдың ба?


Абай барлық адамдарға дос болуды уағыздайды, ал қазақтарға «біріңді қазақ бірің дос, көрмесең, істің бәрі –  бос» деп ескертеді.


Егер адамдар, Абай ойлағандай дәрежеде адамдарға деген сүйіспеншілік сезімге иелік ете алмаса, адам өміріндегі, бұ дүниядағы басты қатесі де сол болатын болар…


Қамшы сабындай қысқа өмірдегі аз ғана ләззәт үшін, сәл ғана мақтаныш үшін, жұрт көзінше тәуір атану үшін мәңгілік атты мекенді ұмытып жүрген жоқпыз ба? Солай болса, қандай қорқыныш…


Ей Алла тағала, біздерді мәңгілік мекенде мәңгілік азаптан сақтай көр, күналарымызға кешірім ете көр-дағы…


Отыз бесінші сөзге саяхат


Отыз бесінші сөзін жазып отырып, Абайдың қандай ойда болғанын, қандай күй кешкенін кім білсін?


Абай да  өз өмірін бірден білікті болып бастаған жоқ болар. Әуелі бала болды. Балалық қылықтарын бастан өткізді. Соңынан ағалары мен әке сөзіне иланды, солардың істеткенін істеді. Сөйлеткенін сөйледі. Ол кезде істеген шаруаларының бәрі Абай басына сауап болып құйылып жатты десек, онда біз өмірді танымайтындар, зерделей алмайтындар қатарына қосылар едік.


Билік басында жүрген адамға ары мен адамшылығын өне бойы таза сақтап жүру қиынға соғатын секілді. Абай да Құнанбайдың, Ырғызбай ұрпақтарының шындығымен, көзқарасымен тіршілік талқысына талай рет түсті. Өмірдің сауабын да жинаған болар, күнәсін де арқалаған болар.


Ержеткенде, Абай аты шығып, танымал болған шақта, «қолымды мезгілінен кеш сермедім» деп өкінген шақта өз білімімен, өмірге өз танымымен араласты. Әрине, бұл сөздер сол шақта жазылған болар.


Абай осы сөзді жазғалы отырғанда, және бұл сөзі бұ дүниелік емес о дүниелік, адам пендесіне жұмбақ нәрсе болса, «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деп, Алланың ақиқаттығына сенген кісі өткен өмірін еске ала, өзінен де есеп ала отырған болар.


Көз алдынан қандай жағдайда қандай шешім қабылдады, бәрі сайрап өтпеді дейсің бе…


Сол кезде, даналық, кемеңгерлік жасқа жеткенде, өзіне қай ісі қалай көрінді екен?


Өкініші көп болды ма, шүкіршілігі көп болды ма?


Бұ күн бір күндерде бәріміздің де басымызға түседі.


Сол күні, өзіңе өзің есеп берген сәтте, о дүниеге онша қорықпай аттана алсақ, шіркін…


Отыз алтыншы сөзге саяхат


Абайдың: «кімнің ұяты жоқ болса, оның иманы да жоқ» деген сөзін оқыған кезде қатты шошынып қалдым.


Әрине, алдымен өзіңді ойлайсың. Ұятсыздар қатарына өзіңді қоса алмайсың. Сосын өз замандастарыңның біразын еске алады екенсің. Солардың кейбіреуі туралы ойланып, тап сол адамда  ұят бар ма еді, жоқ па еді деп, жауап таба алмай сасады екенсің.


Абай ұят деген сезімді екі түрлі болады дейді.


Дұрыс адам, ұятты адам, мысалы, Абайдың толық адамы біреудің не шариғатқа, не адамшылыққа, не ақылға теріс ісін көріп далада тұрып әлгінің қылығына басқалардан ұялып тұрады екен.


Екінші ұят түрі де сондай қылықтарды өзің істеп алып, өзіңді өзің жерлеп, өзіңе өзің жаза тартқызатын болсаң керек..


Абай: «Ұят деген – адамның өз бойындағы адамшылдығы, иттігіңді өз мойныңа салып, сөгіс қылған қысымның аты» – депті.


Ұят деген сезім оянып кетіп, сені өз қатең түгіл өзгенің кемшілігі үшін ұялатын болса сен кімсің?


Жетім мен жесірдің қақын жеп, ауру мен әлсіздің үлесін ұрлап, байлығын арттырып жатса, ол кім? Олар жүрегінде туа біткен ұят сезімі болды ма екен? Болса, қайда кетті?


Бұл сұрақтарға өмір бойы жауап іздеп өту қажет болар.


Отыз жетінші сөзге саяхат


Адамның адамшылығы істі бастағанынан білінеді,   қалайша бітіргендігінен емес.


Көңілдегі көрікті ой ауыздан шыққанда өңі қашады.


Хикмет сөздер өзімшіл наданға айтқанда, көңіл уанғаны да болады, өшкені де болады.


Кісіге адамына қарай болыстық қыл; татымсызға қылған болыстық өзі адамды бұзады.


Әкесінің баласы – адамның дұшпаны


Адамның баласы – бауырың.


Ер артық сұраса да азға разы болады.


Ез аз сұрар, артылтып берсең де разы болмас.


Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хаюанның бірі боласың; адамдықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың


Сократқа у ішкізген, Иоанна Аркті отқа өртеген, Ғайсаны дарға асқан, пайғамбарымызды түйенің жемтігіне көмген кім? Ол – көп, ендеше көпте ақыл жоқ. Ебін тап та, жөнге сал.


Адам баласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса, оның замандасының бәрі виноват.


Мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім.


Дүниеде жалғыз қалған адам – адамның өлгені. Қапашылықтың бәрі соның басында. Дүниеде бар жаман да көпте, бірақ қызық та, ермек те көпте. Бастапқыға кім шықпайды? Соңғыға кім азбайды?


Жамандықты кім көрмейді? Үмітін үзбек – қайратсыздық. Дүниеде ешнәрседе баян жоқ екені рас, жамандық та қайдан баяндап қалады дейсің? Қары қалың қатты қыстың артынан көгі қалың, көлі мол жақсы жаз келмеуші ме еді?


Ашулы адамның сөзі аз болса, ыза, қуаты артында болғаны. Егер де аузынан қан ағызса, домбыт мақтаншақ, я қорқақ.


Қуанбақтық пен бақ – мастықтың үлкені, мыңнан бір-ақ кісі к…н ашпайтұғын ақылы бойында қалады.


Егер ісім өнсін десең, ретін тап.



  1. Биік мансап – биік жартас,


Ерінбей еңбектеп жылан да шығады,


Екпіндеп ұшып қыран да шығады.



  1. Дүние – үлкен көл,


Заман – соққан жел,


Алдыңғы  толқын – ағалар,


Артқы толқын – інілер,


Кезекпенен өлінер,


Баяғыдай көрінер.



  1. Бақпен асқан патшадан


Мимен асқан қара артық.


Сақалын сатқан кәріден


Еңбегін сатқан бала артық.



  1. Тоқ тіленші – адам сайтаны,


Харекетсіз – сопы монтаны.



  1. Жаман дос – көлеңке:


Басыңды күн шалса, қашып құтыла алмайсың;


Басыңды бұлт алса, іздеп таба алмайсың.



  1. Досы жоқпен сырлас, досы көппен сыйлас;


Қайғысыздан сақ бол, қайғылыға жақ бол.



  1. Қайратсыз ашу – тұл,


Тұрлаусыз ғашық – тұл,


Шәкіртсіз ғалым – тұл.



  1. Бағың өскенше тілеуіңді ел де тілейді, өзің де тілейсің, бағың өскен соң – өзің ғана тілейсің.


Отыз сегізінші сөзге саяхат


Абай, жаратылыс пен тіршілік танымдық, Алла мен адам танымдық ой толғамдарын отыз сегізінші қара сөзінде ежіктей түсіндіреді және жалпы «қара сөздер» атты еңбектерін не үшін жазып жүргенін жария етеді.


«Ей, жүрегімнің қуаты, перзенттерім! Сіздерге адам ұлының мінездері туралы біраз сөз жазып ескерткіш қалдырайын. Ықыласпен оқып, ұғып алыңыздар, оның үшін махаббаттың төлеуі – махаббат.


Әуелі адамның адамдығы: ақыл, ғылым деген нәрселермен. Мұның табылмақтығына себептер:  әуелі өзіңе тән мінез-құлық пен ден саулық. Бұлар туысыңнан болады» – деп басталатын сөз –  Абай қара сөздерінің ішіндегі ең көлемдісі. Абай бұл сөзінде өз еңбектерінде (қара сөздерінде) жиі кездесе беретін, мысал үшін алынып отырған «қазақ» сөзі онша кездесе қоймайды.


Абай көкіректе жатқан елі мен жеріне, ұлы мен ұрпағына деген ұлы сүйіспеншілік сезімді  қағазға түсіргенде,  жанындай жақсы көретін өз ұлты мен «жүрегінің қуаты» сол ұлттың болашақ ұрпақтары көз алдында тұрғаны сезіліп-ақ тұр. Абайды солардың болашағы қатты толғандырады.


Отыз сегізінші сөзбен танысқаннан кейін, жалпы Абай қара сөздері туралы ерекше сезімге бөленесің.


Бұл сөздердің тек қана қазақ халқын емес, тұтас адамзат әулетін кісілік пен имандылыққа талпындыру жолында атқарып тұрған қызметін түсінгендей болған шақта, Алла тағаланың Абайдай құлын қазақ топырағынан жаратқанына мың рақметіңді айтасың.


Абайдың гуманистігі мен адамсүйгіштігін, діні мен ділін, жаны мен сырын толық ұғынғандай боласың.


Біз төменде келтірілген Абайдың үш ауыз ой түйінін бұрын да атап өткенбіз, бұл жолы тағы да естеріңе сала кеткіміз келіп отыр.


Біріңді қазақ бірің дос – көрмесең істің бәрі  бос…


Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп…


Алланың өзі де рас, сөзі де рас…


Осы сөздер – саналы адамдардың өмір сүру ақиқаты!


Бізден дәл бір ғасыр бұрын Абай бүкіл әлемдік ең күрделі мәселелердің  түйінді жерін дөп басып, жауабын тауып айта алған!


Өйткені ол – ұлы! Ұлылар барлық уақытта басқалардан ғасырлап алда жүреді!


Ұлы Абай – ұлы елдің ұлы!


Қазақ екеніңе қалай мақтанбассың!


Абай қара сөздері – адамгершілік әліппесі!


Абай қара сөздері – кісілік қасиеттер мен ұлт болмысы туралы анықтауыш!


Абай қара сөздері – адамның жағымсыз қылықтары мен жаман қасиеттері туралы энциклопедиялық сөздік!


Абай біраз сөздерінде мысал үшін қазақ халқын алады да, біраз сөздерінде жалпы адам баласы атағына тағылар қасиеттерді түгендейді. Тек соларды түгендеп қоймайды, олардан аулақ болу жөніндегі ой қортындыларын келтіреді.


Абайдың осы сөзі –  жаратылыс туралы трактат.


Трактат жастарға жаратылыс туралы толық түсінік береді. Адам бойындағы қасиеттердің қасиеттісі – «Құдай жолы» екенін түсіндіреді. Өзін сүю – айнаға қарап, суретке табыну деп суреттейді. Ең оңбаған қасиет ретінде Абай өзімшілік деген оңбаған қасиетті осылайша жек көрінішті етеді. Өзімшілдердің ақылының өспейтінін ескертеді, өкінеді.


«Ақыл өссе, ол түпсіз терең жақсылыққа құмарлықпен,  жаратылысқа деген махаббатпен өсер,» – дейді, Абай.


Жаратылыс бәрін адам үшін жаратқан, бәрі – адам баласына таусылмас азық дейді.


«Хауандарды асырау үшін, еті ауырмайтын» жансыздар жаратылды  деп, өсімдіктерге бұрын ешкім айтпаған жаңа баға береді.


«Түпсіз терең жақсылық» деген өз сөзіне Абайдың қандай мағына бергенін кім білсін?


Бірақ ол сөздің астарында адамдардың ақылды болғысы келсе, ақылын арттыра түскісі келсе, істеген ісін, ойлаған ойын, сөйлеген сөзін ұлы махаббатқа бағындыра істеу керектігін ескертіп тұрған секілді. Абай махаббаты ерекше зерттеуді қажет ететін түсінік.


Абай махаббаты – Аллаға деген бағынышты құлшылық болса, адамдардың бір-біріне деген бауырмалдық сезімі.


Бұл сөзде өзімшілдік, қаскүнемдік, надандық, еріншектік, залымдық секілді зиянды қасиеттер туралы анықтамалар беріліп және соларды болдырмаудың, болса құтылудың жолдарын көрсеткен.


Мұсылмандар намазының, дұрыс ниеттеніп оқылар намаздағы әр намазханның рухани тазалығы туралы ежіктей айтылады.


Абай осы сөзіне салған ойларын болашақ «перзенттеріне» ерекше махаббат сезімін бастан кешіре отырып жазған секілді.


Бұл сөз –  түгелімен жас ұрпаққа арналған сөз.


Қазақ халқының болашақ перзенттеріне, мұсылман бауырларына, адам пенделерінің болашағына арналған сөз.


Абай өз елінің болашағын, жастарын – «жүрегімнің қуаты» деп атайды. Сол теңеу арқылы ол өзінің қазақ халқына деген зор махаббатын бейнелей алған.


Егер жас адам талпыныс жасаса, туысы жақсылық, содан соң ,жақсы орта мен жақсы ұстаз оларды ғылым-білімге, Алланы тануға, ізгілік пен рақымшыл болуға махаббаттандырмақ екен. Бірақ жас бала өзінен-өзі оқу мен оқығанын тоқуға бейімделіп кетпейтін секілді. Есін толық өзі игергенше оларды не алдап үйретіп, не зорлап үйретіп жақсылыққа үйір ету қажет дейді.


Дін оқулары жас өскінді Алла жолына салып, Алланы мадақтатады екен. Алла сол мадаққа мұқтаж емес дейді Абай. Ұстаздар сол арқылы жас жүрекке махаббат сезімін егеді. Содан барып жас жүрегі жақсы көргенін шексіз сүйіспеншілікпен сүюді үйренеді екен.


Байлық пен мансап – істеген еңбегіне, ізгі істері мен рахым қылықтарына бола адамды өзі іздеп табатын секілді. «Егер адам мал-мүлкін абырой мен атақ алу үшін жұмсап, өзі сондай мақсатқа табына жүріп еңбек етсе, іздесе адамның адамдығы жоғалады,» –  дейді Абай.


…Әрбір ғалым – хаким емес, әрбір хаким –  ғалым.


Ол жүректің жалынын басар бірақ,


Өлсе, көрде бастырған су топырақ.


Өзі сүйіп, өзгеден сүю іздеп,


Таппаған сорлы адамнан сөнер шырақ.


М. Ю. Лермонтовтан Абай аудармасы


Біз Абайдың төменде келтірілген бір-екі ауыз сөзін тағы да қайталай отырып, өзіміздің Абайға деген сүйіспеншілік сезімімізді сіздерге сездірмек болып отырмыз. Мүмкін, құнарлы топыраққа өсіп-өнер дән түсер!


Ықыласпен оқып, ұғып алыңыздар! Махаббаттың төлеуі – махаббат.


Абай Құнанбайұлы.


Отыз тоғызыншы сөзге саяхат


Абай бағзы бір заманда, қазақ халқының бақыты басында, бірлік-берекесі елінде тұрған заманда, үлгілі істері мен қылықтары аңыз боп арттағы ұрпақтарына жеткен бабалар үрдісін еске түсіреді.


Сол заман туралы Абай ел көшінің ноқтасы білімді мен жақсысында болғанын, береке мен бірлігі халықтың ниетінде болғанын ерекше ықыласпен еске алады.


Абай сөзінен оның сол бір ерекше замандар туралы  ойланғаны, сондай заманды сағынғаны байқалады. Сондай замандарда елде ерекше екі қасиет болыпты дейді Абай.


Біріншісі, ол заманда ел билейтін ел басы болушы еді. Ел соның айтқанын орындаушы еді. Ел қамын да, жұрт дауын да сол шешуші еді. Олар шешімін ел талқыға салмай қабылдаушы еді. Сондықтан халық дау-жанжалға араласпай аман жүретін, әркім өзіне тиісті шаруасын атқартын. Содан барып елдің бірлігі, берекесі арта түсіпті дейді.


«Бас-басыңа би болсаң, манар тауға сыймассың, басалқыңыз бар болса, жанған отқа күймессің» деп мақал айтып, тілеу тілеп, екі тізгін, бір шылбырды бердік саған, берген соң қайтіп бұзылмақ түгіл, жетпегеніңді жетілтемін деп, жамандығын жасырып, жақсылығын асырамын деп тырысады екен дейді.


Өзін зор тұтып, басына хан көтергесін жақсылары да азбайды екен дейді, Абай.


Осындай ғажап заман халқымыздың басында болды ма, болмады ма, оны бір Құдай біледі. Бірақ Абайдың сондай заманды арман етіп отырғаны ақиқат.


Екіншісі – ел намысты болыпты. Ел қамымен аталар аты аталып аруақ шақырылған кезде күнделікті тіршіліктегі өкпе мен реніш ұмытылады екен. Ел, ел намысын, ер ұранын өз басының қамынан, өз намысынан жоғары қояды екен.


Абай соларды сағынышпен еске ала отырып, солар мінезін, қылығын өз замандастарымен салыстырады. Салыстырады да қайда елдің сол қасиеттері деп өзіне өзі, сол арқылы қалың жұрты қазағына наз артады. Салыстырады да өз өкінішін білдіреді. Өкінішінің себебін де ашып айтады. Өз жұртының қазіргі замандастары өз жұртының сол ерекше екі қасиетін жоғалтуға айналғанына өкінеді.


Жат жұрттан жұқты ма, әлде басқа түскесін, сол кезде елді бастар серкелерден айырылғасын ба, әйтеуір тұтас бір мінезді халық «тұрымтай тұсына, балапан басына» дейтіндей халге жетеді. Мінезі де қылығы да өзгерді дейді Абай.


«Ендігілердің достығы – пейіл емес, алдау, дұшпандығы – кейіс емес, не күндестік, не тыныш отыра алмағандық» деп, халық болмысының өзгеріп бара жатқанын болжайды.


Біздің мына «жаһандану» атты дәуірімізде, алты миллиардтық бүкіл әлемдік тұтастыққа бет алған нөпірге он-ақ миллион боп араласқан еліміз өзінің,  қазақ халқының мәрттік, бір сөзділік, ізгілік, кешірімшілдік атты әлем мойындаған қасиеттерінің қайсысын жоғалтып тынарын, қайсысын аман алып шығарын?


Бәрін де аман алып шыға алса ғой, шіркін…


Қырықыншы сөзге саяхат


Абай бұл сөзінде адам мен адам арасындағы кісілік қарым-қатынаста кездесер барлық келеңсіз қылықтарды тізіп шығады.


…Сендерден бір сұрайын деп жүрген ісім бар – деп оқушы ниетін өзіне аударып алады да, – осы, біздің қазақтың өлген кісісінде жаманы жоқ, тірі кісісінің жамандаудан аманы жоқ болатұғыны қалай? – деген сұрау қойып алып, барлығы 21 сұрақты тізіп шығады.


Бұл сұрақтарға кісі өз қасиетін бағалай отырып, жауап беріп байқаса…


Оқушы қауымда бұл сұрақтарды қайта-қайта оқып, мағынасына ой жүгіртіп, ақыл елегінен өткізіп пайымдауға жететін төзім болса…


Әр сұрақтың арқалап тұрған жүгіне жетер зерде болса…


Абай атамыздың осы сұрақтарды тізіп шығу үшін, өз таныстары мен тумаластарының іс-әрекеттерінен, мінездерінен, әр танысының бойынан осы қылықтарды байқап, қағазға түсірген болар. Сол жағымсыз қасиеттер өз бауырларының қылығында, өз қандастарының бойында барлығына жан қиналысын сезіне алсақ…


Біздің заманымызда бұл сұрақтар әркімнің өз кісілігінің деңгейін анықтайтын анықтауыш, осы заманның тілімен айтқанда  – «тест».


Бірінші сұрақ  – жалпы сұрақ.


Қалған жиырма сұраққа мектептегі бағалау үлгісімен өзіңе баға қойып (алдына қосу немесе алу таңбаларымен) өзіңді сынап қара… Өзін тестіден өткізген кісі өз жобасын шамалап қалар…


Тест қортындысымен 100 деген бағаны қосу таңбасымен алып шықсаң, онда сен періштесің.


Егер оны алу таңбасымен алып шықсаң, онда сен сайтанның да сайтанысың…


Қырық бірінші сөзге саяхат


Қырықыншы сөзді оқыған қазақ баласы Абай ызасын сезініп ширыға түспесе, жігерін жасытып алуы да кәдік секілді.


Бұл сөзді оймен оқымай, көзбен шолып шыққан шала қазақ, Абай тізіп шыққан кемшіліктер арқалы өз қылықтарын ақтап,  қазақтықтығынан безіп кетуге де сылтау табар.


Бұл сұрақтар кез-келген адам пендесі басында кездер барлық жағымсыз қасиеттерді түгендеп берген.


Қырықыншы сөздегі (Абайдың жарым жасын құртқан да осы сұрақтарға жауап іздеу болған болар) жиырма сұрақтан кейін қырық бірінші сөздегі: «Қазақты түзеймін деген адамға не істеу керек?» –  деп қойылған жалғыз сұрақ бұл мәселені асқынта түскендей.


Бұрын,  тәрбиеге түзелмейтін пенде жоқ дегеннің тілін кеспек болған Абай, енді сол тұжырымынан айнығаны ма?


Әлде, қазақ намысын қайрай түсудің жаңа бір амалы ма? Біз солай деп ойлаймыз.


Қазақты түзеймін деп қам жеген адамға Абай тұжырымы бойынша зор билік пен мол байлық керек екен.


Абай заманында қазақ басында ондай кісі болуы мүмкін емес еді. Билік те, байлық та жат қолында болатын. Сол мәселені анық түсінген Абай: «Іш қазандай қайнайды,  күресерге дәрмен жоқ» – кейпін киеді. Содан барып:


– Енді не қылдық, не болдық! – деп торыққындай болады.


Бұл – Абай сұрағы, Абай – қорқынышы.


Дегенмен, Абай біздерге не істеу керек екенін бұрынғы сөздерінде жауап қайтарып үлгерген болатын. Біз түсінген болатынбыз.


Біз не істеуші едік Абай ата, өзіңіз айтып кеткен надандықтан құтылу қамын жасау қажет болар. Қазақтар бойында бар деп сіз санап шыққан жағымсыз қылықтарға жеткізген надандық екен, демек, әуелі, надандықпен күресу қажет деген сөз.


Надандықтың екі түрі бар секілді. Біріншісі – оқу мен білім жетіспегеннен туындар надандық. Бұл надандық қазір жоққа жуық. Бұ заман қазақтары шетінен оқыған, білімді. Екіншісі – адамның руқани надандығы. Бұндай надандық жай қойшы басында да, атақты академик басында да кездесе береді екен.


Бұл істі өзіңіз айтқандай, қолында шексіз билігі мен байлығы бар адам іске асыра алмақ. Ол үшін ұзақ жылдарға созылар ұлттық тәрбие жұмысы қажет. Сіздің заманыңызда, Абай ата, тұтас ұлт түгіл ру басын біріктіру мүмкін емес еді. Қолда билік жоқ еді.


Бір-бірімізді дос көре алмадық. Басымызда бостандық та жоқ еді.


Қазір мүмкіндік бар. Байлық та, билік те қазақ қолында.


Бізге жетіспейтіні тек қана сіздің даналығыңыз сол кезде анықтап кеткен ақиқатты біздің санамызға сіңістіру – қазақтарға бірін-бірі дос көру ғана қалды.


Бұл ең оңай орындалар іс болғанмен, біраз уақытты қажет ете ме деген қаупім болып отыр.


Қырық екінші сөзге саяхат


Қырық екінші сөз: «Қазақтың жаманшылыққа үйір бола беретінінің бір себебі – жұмысының жоқтығы» – деп басталып, адамзат баласының (қазақ деп алынған) жұмыссыздық, кедейшілік қырсығынан туындар қулықтары мен сұмдықтары туралы айта келіп, «Ендігі жұрттың ақылы да, тілеуі де, харекеті де – осы» деп аяқталады.


Абай заманы басқаға тәуелділік заманы еді. Бұрынғы көшпелі елдің өз тағдыры, өз заңы, өз адамгершілік құндылықтары бұрмаланып, басқа ел ыңғайына көндіріле бастаған, халқымыз соған әлі бейімделіп болмаған заман еді. Сондай өздеріне түсініксіз заманға бейімделіп кете алмай жатқан адамдар сан түрлі жолмен «қарын қамын» қамдаған болар. Абай секілді ойшылдар со заманда, зар заманда қазақ халқының бұрынға құндылықтарын жоқтап, «жатып қалған тайлағының жардай атан болғанына» мақтанып, «жоғалған тоқтысының бір отар қой болатынына» сеніп,  сол кездегі қазақтың адамгершілік құндылықтарын еске алған сандаған сөздері қалған. Абай әлем данышпандарын білмеді деуге кімнің ары барады. Фирдауси мен Низами сөздерін мысалға келтіріп, Сократ пен Аристотель ойларын дастанға айналдырған Абай кездесіп отырған заманына   назырқап әлгі сөзді айтыпты. Абай өз заманындағы билеушілер құлқы мен заман озбырлығы туралы, қазақ басына туындаған өгей заң мен қысым туралы  сөз қозғамайды.


Абай бұл туралы ойланбады деймісіз, әрине, ойланды. Ойланбақ түгілі, ертең не боларын сезіп те кетті.        Біз Жидебайда «Абай-Шәкәрім» кесенесін салып жүрген кезімізде Жидебайдағы Абай мұражайының меңгерушісі ақсақалдан естіген, Абай өмірінен бір мысал келтіре кетелік.


…Абай бір топ серіктерімен келе жатып, шөбі аздау жерден шөп шауып, өнімсіз еңбек етіп жүрген бір танысына кездесіп, өз жерінен қыстық шөп жинап алуға рұқсат береді. Абайдың бұл шешімінен хабарсыз Еркежан әлгілерді қудырып тастайды. Сонда Адай Еркежанға: «Әй Еркежан! Ертең-ақ орыстар келіп тегіңді тергер, жеріңді мерлер, тартып алар, сонда жаның шығып кетер ме?» – деген екен. Бұл бір естелік әңгімеден біз қазақтың сол кездегі орыспен қарым-қатынасы емес, болашағын да анық болжаған Абайды танимыз.


Абай «ендігі жұрт» дегенде, бұрынғы жұртын ойламай отырды деуге болмас. Оған қазақ халқының бұрынғы бостандық заманын, елінің еңселі кезін жұрт есіне салғаннан пайда жоғын, қайта қазіргі қателерді көзге шұқып, қалай жөндеу қажеттілігі керектеу болған болуы керек.


Абай заманының суреттері, алдау мен арбау, барымта мен зорлық толқыны кеше ғана, Кеңес өкіметі құлап, Қазақстан Республикасы аяққа тұрып кеткенше басымызға қара бұлттай түнермеді ме? Оны ешкім де өтірікке шығара алмайды.


Демек «ендігі жұрт» аталып отырғандар басына заман тауқыметі түскен адамдар. Зорлықпен өз ғасырлар бойы өз тіршілігімен, өз тәжірибесімен елін ел етіп келгендер біреуге бодан болған кезде, жаңаға бейімделіп кетуге де ғасырлар керек болған болар. Сол кездің ел үшін соншалықты қасырет әкелерін сезген Абай дана елін бейімдеуге тырысқан болар…


Қырық үшінші сөзге саяхат


«Адам ұғылы екі нәрседен: бірі – тән, бірі – жан» – деп басталады Абайдың қырық үшінші сөзі.


Абай бұл сөзінде адам баласының қалай ақыл жинақтайтыны, қалай өнерлі болатыны туралы сөз етеді. Бұ сөзді оқыған адам баланың, адамның қай қасиеті туған бойда болады, қай қасиеті үйренгеннен, көргеннен бойға сіңеді, осы сұрақтар туралы жауап табады.


Кімде-кім естігеннен ғибрат, көргеннен өнеге ала білсе, сол адам ақыл жинақтайды дейді. «Құдай тағала өзі ақыл бермеген соң қайтейік?» дейтіндерді қатты сынап, олардың орынсыз Құдай тағалаға жала жабатынын, сол арқылы өзінің жалқаулығын жасырмақ болатынын мінейді.


Абай жанның да, тәннің де қуатының әу баста әлсіздеу болатынын ескертеді. Екеуі де жан мен тән иесінің жетілдіруі арқылы жетісетінін түсіндіреді. Тән қуатын жетілдіре, күшті боласың. Жан қуатын жетілдіре жүріп, өнерлі боласың. Бірақ бар нәрсенің өлшемі бар. Өлшемсіз кетсең өзің жобадан асып кетесің де, қара басың қалың топтан орын таппайтын дәрежеге жетесің. Тән мен жанды жетілдіру қажет екені әңгіме етіледі де, бірақ оларды жетілдіру, пайдалану көпшілік қабылдаған жобамен жүргені дұрыс дейді.


Кейбір жандардың құмарпаз болып кететіні, бір нәрсеге салынып, содан бой тарта алмайтыны, «өз мүмкіндігін» бағалай алмай, қолы көтерместі беліне қыстырмаққа құмар болатыны, осының бәрі адамдардың шама деген ұғымды мойындамауынан болатынын түсіндірмекке ұмтылады.


Абайдың біраз сөзін өз күйінде келтіре кетелік.


«Және әрбір жақсы нәрсенің өлшеуі бар, өлшеуінен асса – жарамайды. Өлшеуін білмек-бір үлкен керек іс. Ойланбақ жақсы, іске тіпті салынып кеткен кісі ойын байлай алмай, қияли болып та кететіні болады. Ішпек, жемек, кимек, күлмек, көңіл көтермек, құшпақ, сүймек, мал жимақ, мансап іздемек, айлалы болмақ, алданбастық – бұл нәрселердің бәрінің де өлшеуі бар. Өлшеуінен асырса, боғы шығады»…


Қырық төртінші сөзге саяхат


Егер «Адамгершілік» атты дәрежеге көтерілер баспалдақ бар екен деп келіссек, Абай сол бапалдақтың ең жоғарғы тұғырына көтеріле алған тұлға. Абай: «Адам баласының ең жаманы – талапсыздық,» – деп баға береді. Абай талаптының бәрін бірдей кісілік тұлпарына мінгізе қоймайды. Ер атанбаққа, қажеке атанбаққа, молдеке атанбаққа, тіпті қу еді, сұм еді атанбаққа талаптанып жүретіндерді, солардың әлгідей жолға қалай түсетінін, тіпті мақсатына жету үшін, «көкіректі тым тазалаймын деме, оны кім көріп жатыр» дейтіндердің де болатынын дәлелдеп береді.


Абайдың осы ойларымен таныса отырып көзіміз қара сөз әріптерінде ажыратып отырған шақта біздің көз алдымыздан кейбір кісілікті келеке етушілер мен діндар жандарды кемтар жандар қатарына қосушылар елестеп отыр.


Абайдың «көкірек тазалығы» деп атаған кісілік қасиетке қатты көңіл бөлген адам екені әр сөзінен көрініп тұр. Жалған діндарлық пен жасанды қылықтыларды имансыздар дейді. Өз байлығы мен билігін көбейту, абыройы мен атағын ұлықтату жолында дінді пайдаланушыларды Абай нағыз залымдар қатарына қосқан.


Ол дін жолындағы фанатизммен бұрмалаушылықтан сақтандырудан жалықпайды..


Абай қырық төртінші сөзінде «Адам баласының ең жаманы – талапсыздық» дей отырып, талаптылар ішінен көкірегі таза емес талаптыларға қатты шүйлігеді.


Олар ісіне: «…Бірақ адамдыққа, ақылға қарағанда, қазақ түгіл, көңіл жиіркенетұғын іс,» – деп, қортындылайды.


Абай қалай болғанда да, адал еңбек, көкірек тазалығы, соларды уағыздайтын сөздерді, демек адамды адам етер қылықтарды әр сөзінде ұлықтаумен болады.


Біз осы сөзге саяхатымызды «Абай «Адамгершілік» атты дәрежеге көтерілер баспалдақ бар екен деп келіссек, сол баспалдақтың ең жоғарғы тұғырына көтеріле алған тұлға» деп бастаған едік, сол сөзімізбен аяқтағалы отырмыз.


Қырық бесінші сөзге саяхат


Құдай табарака уаттағаланың барлығының үлкен дәлелі – неше мың жылдан бері әркім әр түрлі қылып сөйлесе де, бәрі де бір үлкен Құдай бар деп келгендігі, уа һәм неше мың түрлі діннің бәрі де ғаделет, махаббат Құдайға лайықты дегендігі.


… Біз жанымыздан ғылым шығара алмаймыз, жаралып, жасалып қойған нәрселерді сезбекпіз, көзбен көріп, ақылмен біліп.


Сонымен Абай бәрімізден бір-ақ нәрсе сұрайды:


Мұны жазған кісінің


Атын білме, сөзін біл.


Осы жалған дүниеден


Шешен де өткен не бұлбұл,


Көсем де өткен не дүлдүл – дейді.


Осы сөз арқылы біз Абай өзінің ерекше жаратылысын сезген, мойындағанын байқаймыз. Жаратылыстың сол сыйын адам (қазақ) пенделерінің пайдасына дұрыс атқарып кетуді парыз санаған.


Содан барып:


Ғылым таппай мақтанба,


Орын таппай баптанба.


Өсек, өтірік, мақтаншақ,


Еріншек бекер мал шашпақ  –


Бес дұшпаның білсеңіз.


Талап, еңбек, терең ой,


Қанағат, рахым ойлап қой –


Бес асыл іс, көнсеңіз – дейді.


Бұл сөзер адамға қалай өмір сүрудің, іс-әрекетінде жақсы адам, толық адам атану үшін қандай асыл қасиеттерді бойына жұқтыруға тырысу, қандайынан қашық жүру, өзіңе-өзіңнің көңілің толып жүру бағдарламасы.


…Осы, біздің қазақтың өлген кісісінде жаманы жоқ, тірі кісісінің жамандаудан аманы жоқ болатұғыны қалай?


Әрине Абай бұ сөздерді негізінен жеке адамдарға емес, тұтас қоғамға арнаған болар.


Абай тек қана осы бір сөйлем арқылы барлық адам пенделеріне соншалықты моральді-этикалық жүк арқалатып отыр. Аса  салмақты осы философиялық ойды оқып алып: «Мен де сондаймын ба!» –  деп, өзінен-өзі сынақ ала алатын кісі, Абай үмітін ақтап шыға алмақ…


Абайдық қара сөздері:


Адам баласының саналы жаратылыс ретінде қолынан келер барлық іс-әрекеттерінің сипаттамасы;


Адамды адам етіп қалыптастыру бағдарламасы;


Адам баласының өмір сүру ережесі.


Абай қара сөздерінде:


Айтылмай қалған ой жоқ;


Қамтылмай қалған қылық жоқ;


Сыналмай қалған мінез жоқ.


Абай әлеміне жасаған алғашқы сапарымыз аяқталған секілді. Алда ғұмыр, бойда қуат болып жатса, денде саулық, жанда ой болып жатса мүмкін тағы да бұндай сапарға ниеттенерміз.


Не таптық? Бұрын біз қажылық сапарға жеті рет, он рет барып қайтатындарға түсіне бермеуші едік. Біз Абай әлеміне сапар жасап қайтқалы, қасиетті жерге, ой ордасына қаншама рет барып қайтсаң да артық емес екеніне көз жеткізіп қайттық.


Не алып қайттық? Өзіміздің бағытымыздың, өмірге көзқарасымыздың Абай маңдай түзеген бағытта екеніне сеніп қайттық.


Не байқадық?


Не байқадық деген сұраққа бірден жауап бере алатын секілдіміз. Абай барлық сөзінде де кісі жаны адамгершілік сезімге бағынуын, тәні еңбек пен мал табу жолына бейімделуін, рухы Алла деп тұруын насихаттайды.


Абай о заман сұраныстарын еске сала отырып, адамдарға мал табу қажеттігін (тіршілік қамын қамдауды), малды адал еңбекпен тапқандардың жаны мен сезімі өмір бойы бостандықта болатынына көз жеткізіп береді.


Адал еңбек етіп, көкірек тазалығына қол жеткізе алғандар адамдық рухын асқақтата алады екен. Соны түсіндік.


Біз Абай әлеміне саяхат жасау – кісілік пен адамгершілік, рухани тазарыс пен сана бостандығы жолындағы ерекше бұлқыныс сапар бола алатынына көз жеткіздік.


Екі жылға созылған осы сапарымыз таза діндар мұсылманның қажылық сапармен Меккеге барып көкірегі мен рухын тазартып, сенімін нығайтып  келуіненен кем дәрежелі сапар емес екен-ау деп бағаларлықтай дәрежеге жеттік.


қаңтар 2007 – қазан 2008 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу