19.11.2021
  257


Автор: Сайын Назарбекұлы

Абайдың қара сөздері (1-4 сөздер)

Бірінші сөзден…


Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір бірталай өмірімізді өткіздік: алыстық, жұлыстық, айтыстық, тартыстық – әурешілікті көре-көре келдік.


Абай: өлшемі – шексіздік; мезгілі – мәңгілік; болмысы –  ұлылық атты жаратылыс құдіреттеріне толық бағына, құрметтей сезіне бағалаған болса керек.  Ол адам пендесіне тиісті «қамшы сабындай» қысқа ғұмырдан өзіне тиісті еншісін мол алмаққа тырысқан секілді…


Өзі тырыспаса сүрген ортасы мен өмір тартысы мәжбүрлеген.


Абай тек қана өмір сүрмеген, өмір туралы ойланған да.


Жауы да болған… Дауы да болған…


Жауы болғасын алысқан, жұлысқан. Күш көрсетіп жеңбекке тырысқан…


Дауы болғасын айтысқан, тартысқан. Айтысқасын ақыл салыстырады… Сөзбен тартысып сөзден сөз, ойдан ой асырмаққа тырысады…


Сүйе де білген, күйе де білген…


Ойлана да білген, толғана да білген…


Жоғарыда, өз шамамызша, Ұлы Табиғатты оқушылар қиялына, ойына, көзіне елестетпек болып: өлшемі шексіздік, мезгілі мәңгілік, болмысы  ұлылық деп атаған едік.


Абайдың шексіздік пен мәңгілікке қарсы қояры, немесе өз үлесіне тигені – бар болғаны алпысқа жетпей үзілген қысқа ғұмыры.


Дегенмен Абай ойы, Абай мұралары әлгі шексіздік, мәңгілік, ұлылық атты өлшемдерді өз бойына өлшеп қарап, адамдардың «өледі, өшеді» деген өлшемдеріне талас тудырып тұр.


Алпыс жылдық ғұмырымен Абайдың ойы мен сөзі, өнері мен ақылы мәңгілік пен шексіздік атты жұтпаның өңешіне сиғысы келмей, амалсыз жұртшылық назарын өзіне аударуда.


Абай –  әлем туралы білікке де, адам туралы танымға да өз көзқарасы болғанын, өз пайымын қалыптастырғанын дәлелдеген адам.


Абайдың бірінші сөзінен алынған келесі үзіндіні оқып қаралық…


…Енді жер ортасы жасқа келдік: қажыдық, жалықтық; қылып жүрген ісіміздің баянсызын, байлаусызын көрдік, бәрі қоршылық екенін білдік. Ал енді қалған өмірімізді қайтіп, не қылып өткіземіз? Соны таба алмай өзім де қайранмын…


Абай осы сөздерімен әлем жаратылысына қайрат көрсетпек болғандардың таласы мен тартысының нәтижесін анықтап береді. Уақыт кім кімді де мансабына, байлығына, көкірегіне қарамай, ақыры, қажытады, жалықтырады. Ақылы жеткендердің әлгі талас пен тартыс істерінің түбінде қоршылық екендігін, адам пендесінің жаратылыстағы орны бір-бірінің жағасын жырту емес екендігін түсіндіреді.


Абай өмір сатыларын осылайша өткізіп алып, Жаратылыс Ақиқатын іздейді.


…Ақыры, ойладым: Осы ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі дедім де, ақыры, осыған байладым, енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ…


Абай бірінші сөзін: «… дедім де, ақыры, осыған байладым, енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ» – деп, осылайша аяқтайды.


Әрине, әлем тыңдарлық асыл сөздер иесі Абайдың өмірден мүлдем алшақтап кетуі мүмкін емес. Абайдың еш нәрсеге енжар қарай алмайтыны, заманға да, адамға да немқұрайлы бола алмайтыны түсінікті. Бірақ Абай өзінің осы қара сөздерін ерекше таққа отырғызып кету үшін солай деп те отырған болар.


«…енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ» дегенде, болашақ айтылмақ ойларынан күтері көп екендігін, барлық шаруасы мен шығармашылық еңбегінен болашақ жазылмақ ойларын ілгері орынға шығаратынын байқатқаны секілді…


Ой ойлау…


Ойды қағазға түсіру…


Ойым біреудің пайдасына асса деп дәмету…


Әрине, бұл қарекет Абайдың ұстаз екендігіне дәлел. Ұстаз болғанда да әлемдік дәрежедегі ұстаз.


Бірінші сөз: жеке жаратылыстың (ұлыларды ойлап отырмыз) ой ісінің нәтижесі жай адам пенделерінің қолмен тындырар істерінен қажеттірек екенін, ондай адамдардың табиғат сыйлаған ерекше дарынын жалпы адамзат үшін пайдаға асыру жолындағы еңбегінің құндырақ екенін дәлелдеп шыққан.


Абай өзінің ұлылығын байқаған болса керек. Содан барып ол кез-келген пенде тындырып жатқан болымсыз нәрселермен, тіршілік тауқыметімен айналысудан бас тартқан болар, содан барып жалпы адамзат мүддесін қанағаттандырарлық ойларға берілген болар деген сенімге жетелейді…


Екінші сөзге саяхат


Бұ сөзінде Абай «қайран жұрты қазағына» қайран қалады. Жанындай жақсы көретін халқын басқалармен салыстырып қарап, өзгелердің өз жұртынан озық жерлерін мысал етеді. Қайран жұрты қазағының кей қылықтарын ызалана бетке баса отырып, өз жүрегін жарақаттай отырып жалпы жұртшылық санасына жеткізеді…


…Сонда мен ойлаушы едім: ей, Құдай-ай, бізден басқа халықтың бәрі антұрған, жаман келеді екен, ең тәуір халық біз екенбіз деп…


…Енді қарап тұрсам, сарттың екпеген егіні жоқ, шығармаған жемісі жоқ, саудагерінің жүрмеген жері жоқ, қылмаған шеберлігі жоқ…


…Ноғайға қарасам, солдаттыққа да шыдайды, кедейлікке де шыдайды, қазаға да шыдайды, молда, медресе сақтап, дін күтуге де шыдайды…


…Орысқа айтар сөз жоқ…


…Бағанағы мақтан, бағанағы қуанған, күлген сөздеріміз қайда?..


Абай – өз елінің төл тумасы. Ол өз елін де, өз жерін де мақтаныш тұтқан адам. Бұл ойға сенбейтіндерімізге айтарымыз олар Абайдың «Жазғұтұрым» атты өлеңінің әр сөзін, әр тынысын көкірек көзімен оқып қарасыншы.  Бұл өлең Абайдың өзіне де ұнаған өлең екен. Қыз-келіншектердің сыңқылдағаны, құлын-тайдың бұлтылдағаны… даласы… өзен үні… даласын сүймеген, далалықтар қылығына сүйсінбеген жан сондай өлеңді жаза алар ма еді…


Абай – өз елін ерекше сүйіспеншілікпен жақсы көре алған кісі. Сондықтан да өз жұртының кемшіліктерін ұқыптылықпен іздестіріп, тізіп, жазып, айтып жүруді, жұрт аузына салып жарыққа шығаруды өз міндетім деп есептеген.


Абай өзіне соншалықты міндетті қалай жүктей алған?


Біздің пайымдауымызша, Абай өзінің данышпандық болмысын түсіне алған тұлға. Сондықтан да «қайран жұрты қазағының» жағымсыз қылықтарын аяусыз әшкере еткен кезде замандастарына жағымсыз кейіпте көрінуге қорықпаған,  қазақ атына жағымсыз сөз айтуға арланбаған кемеңгер, сүйікті жұртының кейбір адамдарына жағымсыз көрінуге шыдап, мыңмен жалғыз күреске шыққан қазақтың таусоғар алыбы. Абайдың бұл қылығына өз замандастары түгілі, екі жүз жылға жуық уақыт өткенде, бүгінгі ұрпақтарының ішінде де риза еместері толып жатыр.


Енді бұл сөз туралы екінші ой…


Екінші сөздегі «біздің қазақ» деген сөз орнына Абайды оқып отырған кез-келген елдің ойшыл адамы өз жұртын ойлай отырып оқитыны сөзсіз.


Мысалы бір ағылшын жазушысы Абайды оқып отыр екен делік. Ол міндетті түрде жаман мінезді, жаман қылықты қазақты емес, жаман қылықты өз жұртын көз алдына елестетеді деп ойлаймыз… Адамдар бойындағы, өзі танитын ағылшын бойындағы әбес қылықтарды Абайдан оқыған ағылшын ойшылы Абайға риза болар еді. Қалай тауып айтқан, бұ кісілер бізде де толып жатыр емес пе дер еді.


Егер орыс ойшылы оқып отырған болса ойына бірден Гончаровтың Обломовы секілді өз қандастарын есіне түсірер еді деп ойлаймыз.


Екінші сөзде Абай өз қандастарының даңғой мінездерін, оғаш қылықтарын мысалға ала отырып, бұл сөзді адам пенделеріне жаны ашитындардың бәріне арнаған секілді.


Жанындай жақсы көрген «қайран жұртын, қазағын» Абай қандай қасиеттерімен көргісі келді?


Басында ми жоқ,


Өзінде ой жоқ,


Күлкішіл кердең наданның.


Көп айтса көнді,


Жұрт айтса болды –


Әдеті надан адамның.


Бойда қайрат, ойда көз,


Болмаған соң, айтпа сөз.


Міне көрдіңіз бе, Абай сөзін кімге арнап отыр. Абай сөзін «бойда қайрат, ойда көзі» бар, асыл қасиетті адамдарға арнайды. Олары болмаса оларға сөз айтпа деп отыр емес пе?


Тамағы тоқтық,


Жұмысы жоқтық,


Аздырар адам баласын.


Сол ой үстінде, халқына не жетпей жатқанын  аңғартып, ойлыларының намысын қамшылау үшін жазылған ойлар деп есептейміз. Кейбір арзан ойлы айтқыштарымыз Абай қазақ халқын әлемге жаман етіп көрсетті деп, шамданғысы келеді. Біздің айтарымыз Абай қара сөзінде жазған асыл ойларын әлгіндей адамдарға арнамаған.


Абай сөздері тек қана ой түсінетін, ой толғай алатын жандарға арналады.  Бұл сөзді жазғанда Абай:


«Есер-есірік болмасаң,


Тіршіліктен пайда жоқ» – деген сөзін арнаған адамдарды, рухани тірлікте шаруасы жоқ, мақсаты «ас ішіп, аяқ босату» қызметімен шектелетіндерді есепке алмаған…


Содан да болар, Абай менің сөздерім біреуге ұнамай қалады-ау, түсініксіз болады-ау деген ойлардан аулақ болған…


Атадан алтау,


Анадан төртеу,


Жалғыздық көрер жерім жоқ.


Ағайын бек көп,


Айтамын ептеп,


Сөзімді ұғар елім жоқ.


Моласындай бақсының


Жалғыз қалдым – тап шыным!


Абайдың атадан алпыс туса да, анадан қырық туса да жалғыз қалуы заңды құбылыс. Абай ойлы. Ол ағайын іздеп отырған жоқ. Ол ойын түсінер адам іздеп отыр. Сондықтан да оны жалғыздық шошытады.


«Адасқанның алды –  жөн, арты – соқпақ…» деп, адам пенделерінің күнделікті күйкі тіршілігін суреттей алады.


Абай өз жұртын қандай қасиеттерімен көргісі келеді? Бұл сұраққа жауап беру оңай деп ойлаймыз.


Абай өз жұртының бойынан өзі санап шыққан қасиетсіз қылықтардан арылтқысы келді. Ол барлық сөзінде адал еңбек пен мал табуды, әлемдегі озық жұрттар жетістігінен үлгі алуды үгіттеуден жалықпады.


Үшінші сөзге саяхат


…Қазақтың бірінің біріне қаскүнем болмағының, бірінің тілеуін бірі тілеспейтұғының, рас сөзі аз болатұғының, қызметке таласқыш болатұғының, өздерінің жалқау болатұғының себебі не?..


Абай осылай депті. Бұл сөздерді оқыған қазақ қандай күйде болмақ?


Қарындасқа қаны тартар кісінің намысы оянар, көңілін босатар, арлана көзге жас алдырар сөздер емес пе?


Абай солай дейді екен, қазақ не дейді? Қазақ не десін! Абай дұрыс айтады дейді. Абайдың солай дерін олар одан бұрын сезіп қойыпты.


Қазақ: «Дос жылатып айтады…» депті. Абай жылатып айтыпты. Халқының досы екенін  дәлелдей түсіпті…


…“Қасым ханның қасқа жолын, Есім ханның ескі жолын”, “Әз Тәуке ханның Күлтөбенің басындағы күнде кеңес болғанда, “Жеті Жарғысын” білмек керек” – деп, қазақ мемлекеттерінің жақсы заңдарының болғанын, үлгі аларлық азаматтарының өткенін ескертеді.


Бірақ сол жақсылар сөзінен, сол тәуір замандар заңынан бұ заман құлқына сәйкес келмей жатары болса, одан да сақтандырады.


«…ескі сөздердің қайсысы заман өзгергендікпенен ескіріп, бұл жаңа заманға келіспейтұғын болса, оның орнына татымды толық билік шығарып…» – түзету енгізу қажеттігін айтады.


Қазақпын  дейтіндерді сонша тұқырта, жерге кіргізе даттарлық әлгі сөздер шыққан ауыздан, сол пәлелерден құтылу жолын, бағдарламасын да Абай өзі жасап беріп кетіпті.


Ұлы Абайдың қазақ жұртына ел болу, қазақтарға адам болу бағдарламасы (программасы) бір кітап та емес, бір тарау да емес, тіпті бір парақ бет те емес.


Бұл бағдарлама бар болғаны бір ауыз сөзге сыйдырылған.


Абайдың данышпандық куәлігі де, академиктік дипломы да – осы бір ауыз сөз.


Біріңді, қазақ, бірің дос,


Көрмесең, істің бәрі бос…


Абайдың бүкіл адамзат ұрпақтарына да айтары – сол. Абай тек қана қазақты дос көр демейді. Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп ақыл айтады.


Жаңа заманда жаңа қазақтар болу қажеттігін алдын ала болжайды.


Абай үшінші сөзіндегі әлгі қатал сөздерді жазғанда, Шыңғыс бөктеріндегі қолдан қолға ауып жататын жақсы жайлау мен қысқы қоныстармен қоса Троекуров пен Дубровский арасындағы дауды да ойға алып отырмады дейсің бе?..


Елін, халқын бар жанымен сүйе алған кісінің сөзі ғана осындай болатын болар… Абай да, Пушкин де өз елінің даңғойларын өлтіре сынаған. Тек қана бір айырмашылығы Пушкин жағымсыз кейіпкерлерін жеке кісілердің атағымен атаса Абай кісі орнына жағымсыз қылықтарды тұтас ұлт еншісіне берген. Үлкен философтарға Абайдың бұл әрекетін зерттей түсуге боларлық әдіс деп ойлаймыз. Әрине Абай бұл әдістің жанға ерекше батарын, қанды қыздыра түсерін сезінген.


Абай жалпы адам пенделерінің, әр түрлі ұлттардың барлығына да сәйкес кемшіліктерді тізіп отыр!.. Абайдың қазаққа теліген кеміс қасиеттерін әлем жазушылары өз ұлттарының бойынан тауып, әлдеқашан жазып тастаған. Мысалы орыс деген сөз айтылмағанмен бір мұжықтың екі генералды асырағандығы туралы әңгімеде генералдар болмысы қай ұлтқа да абырой әперер тұлға емес…


Абай сөздері тек қана қазақ баласына арналмаған, ол жалпы адам баласы ұрпақтары үшін жазылған деген ойды бұрын да айтқанбыз. Сол ойды осы саяхатымызда тағы да әлденеше рет қайталайтын болармыз.


Ұлы Абай ұлылығы жалпы адам үшін өте ауыр сөздермен адам пенделерінің бәрін ренжіткенше, тек қана өз жұртын өкпелетпек болған да болуы мүкін ғой…


Абай осы сөзден кейінгі келесі сөзінде (төртінші) «адам» деп бастап жалпы адам баласы туралы толғанысқа кетеді.


Төртінші сөзге саяхат


Төртінші сөздің арқалап тұрған жүгі өте ауыр. Бұл сөзде адам психологиясы мен ішкі дүниесі туралы, қайғы мен күлкі туралы ой қорытылады.


Әрбір байқаған адам білсе керек: Күлкі өзі бір мастық екенін…


…күлкіге салынған кісі не шаруадан, не ақылдан, не бір ұят келерлік істен құр, ғафил (бейқам, салақ, алаңғасар) көп өткізіп отырса керек.


Абай, әрине шаттық күлкінің болатынын жоққа шығармайды, күлкінің қажеттігін түсінеді. Сондықтан да «үнемі күлмей жүруге жан шыдай ма екен?» дейді.


Абай «күлкіге салынған кісі» дегенде, нені айтып отыр? Абайдың осы зерделеу еңбегіндегі басты сөз осы болса керек.


Абайды алаңдатып отырған жалпы жай күлкі емес.


Абайға арнайы сөз арнатып, ой ойлатып отырғандар: арзан күлкіні өмір мағынасы етіп алушылар; жалған қызықты өмір мұраты етіп тірлік етушілер; күлкісіне арамза ойды нәр етушілер…


Абайды алаңдататын – сондай «антұрған күлкі». Сондай күлкінің адамды, адамшылықты аздырар күлкі екені Абайға анық.


Орынсыз күлкінің бір сыңары – шарасыздық. Істің ыңғайын таба алмай уайым мен қайғыны  жолдас ететіндерді де Абай «антұрғандар» деп қатты сөгеді.


Біреудің кемшілігіне күлетіндер де сол топта…


…Адам баласы жылап туады, кейіп өледі. Екі ортада, бұ дүниенің рахатының қайда екенін білмей, бірін-бірін аңдып, біріне бірі мақтанып, есіл өмірді ескерусіз, босқа, жарамсыз қылықпен, қор етіп өткізеді де, таусылған күнде бір күндік өмірді бар малына сатып алуға таба алмайды.


Көпшілік осыны аңғармай өмірден өтеді де кетеді.


Төртінші сөз – ырқылдап өтірік күлетіндерді, сол өтірік күлкі арқасында басқалар көзіне көңілді, көпшіл, қылықты кісі боп көрінуге тырысатындарды да сақтандыруға тиіс. Өйткені кез-келген саналы жан күлкі болмысын түсініп тұрады. Өтірік күліп тұрсың ғой деп айтуға тәрбиесі жібермейді.


Абай біреудің жетістігіне қуана күлуді, рахат табуды уағыздайды.


Төртінші сөз өтірік күліп өзгеден дәметпе, еңбек ет, еңбек өз иесін жерге қаратпайды деп уағыз етеді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу