Әңгімелер ✍️
Өткеннен қалған белгі
Қарпықтың шежіресінде: Қарпықтан – Көзей – Қаратоқа – Бесім – Сатыпалды – Ерназар – Ақжігіт – Серкебай тарайды. Бабамыз Ермек Ақжігітпен төс түйістіріп дос болған екен. Бір ұрыста қайтқан Ақжігіттің сүйегі жау қолында қалып, бабамыздың ұрпақтары жау қолында қалған Ақаңның, сүйегін алып шығуға тайсақтап тұрғанда Ұлы бабамыз Ермекқожа діндарлығына қоса ержүрек батыр адам екен «досымның сүйегін жауға қорлатпаймын» деп астындағы бәйгі «Құсторы атпен» жалғыз шауып, сүйекті алып шығыпты. Осыдан кейін Серкебай бабамыз ұрпағына: Ерекеңнен тарағандардың алдынан келмеуді өсиет еткен екен. Бабаларының өсиетіне адал ұрпақтары бізбен қатты сыйласты.
Менің он-онбір жастағы кезім. Атам үйі жылқыны жайлауға Құмкөл, Жаркөл деген көлдердің жағасына апарып, сол маңайда күзге дейін бір табын сиыр бағатын Жұмажанның үйімен бірге жайлайды. Маған ауылда жүргеннен Атам үйінде болып жаздай атқа мінген қызықты. Оның үстіне жазғы демалыс кезінде ауылдың мен қатарлыларын жаз бойы ұжымшардың жұмысына пайдаланады. Ол уақытта жасөспірімдерге, жұмыстың кәзіргідей жеңілдетілген не жарты күндік сияқты түрі қаралмаған. Жұмыскерлерді бригадир, таң құлан иектеп атқанда, әр үйдің есігін қағып аттарын атап-атап оятады, бұлардың ішінде оннан асқан балалардың бәрі бар. Мен жазғы демалысты Атам үйінде өткізгендіктен ұжымшардың жұмысына, каникулдың бас кезі мен аяқ кезінде және оқушыларды жұмысқа пайдалану үшін сабақты бір айға кеш бастаған уақыттарда ғана қатысатынмын. Жұмыс күшінің жетімсіздігі сонша, жаз айларында бүкіл баланы жұмыс басына жинап, таныс-туыстарының үйіне жатқызып жұмысқа пайдаланатын. Жұмыстан әбден ығыр болған балалар үйлеріне жұмыс басынан жазда бір емес бірнеше рет қашады. «Қашқандарды» жолда ұстаса жолдан қайтарады, болмаса үйінен барып алып келеді. Мұндайда бригадирдің қашқындарды ат бауырына алып, қамшылап алатын уақыттары болады. Міне, мен жұмыстан қашқақтаймын ба, әлде ат үстінде жүріп жылқы жайған ұнай ма, дәл қазір есімде жоқ, әйтеуір жазда Атам үйінде болатынмын.
Бұдан басқа жайлаудың бір қызығы, Құмкөлдің жағалауы жазық, сондықтан да шеті саяз, жайуат ортасы ойдым-ойдым арал, шеткері орналасқан аралдарға адам өз аяғымен су жалдап жете алады. Бұған қарама-қарсы Жаркөлдің жиегі жарлауыт, суының түсі қап-қара болып түнеріп. адамның бойына біртүрлі үрей тудырады. Оның себебі көлдің орналасқан жерінің тым терең шұңғыма болуынан болар. Жиегінің жарлауыттығынан, малдың өзі кез-келген жерінен суға жетіп су іше алмайды. Ол кездерде Құмкөл мен Жаркөлде құстар жыртылып-айрылады. Негізгі көлік – ат, оның өзі екінің бірінің қолына түсе бермейді, осыдан да елдің бәрінің аталған көлдерге келіп, құс аулауға шамалары да, уақыты да бола бермейді. Міне, көлдердің беті құстан көрінбейді, әсіресе, құс балапандарын шығарған жаздың аяғы, күз айларында. Жайлауға көшіп-қонған бетіміз, тайға міне салып, күннің ыстығынан Құмкөлдің суына бойлай түсіп, жас құрақты марғау шалып тұрған жылқыға бардым. Көлдің беті күнге шағылысып, жанға жайлы самалдан азғана тербеліп, күн сәулесінен неше алуан түрге бөленіп адамның көз жауын алады. Ал көлден ұшып көтерілген және көл бетіне ұшып келіп қонып жатқан құстардың қалыңдығынан асыра айтқанда күн көзі көрінбейді. Мен жаратылысымнан орнитолог емеспін, сондықтан да құстардың бірлі-жарым жиі көріп жүргендерімнен басқасын танымаймын. Бірақ, көлден ұшып, қайта қонған құстың түрі өте көп. Мұндай жағдайды бұрын-соңды көрмеген басым, көзім қарауытып таймен көлге түстім. Абырой болғанда, көлдің жағасы жайлауыт екен, жақын жатқан аралға еш қиындықсыз жеттім. Мүмкін көзімен көрмеген адам сенбес, бірақ шыны солай, аяқ аттам жерден ұя басып жатқан аналық құстар пыр-пыр етіп ұшып жатыр, мен болсам ұядағы жұмыртқаларды шалбарымның қалтасына сала бердім. Қанша жұмыртқа сыйсын шалбардың қалтасына, біраздан соң тайыма мініп, үйге келсем, бүтін қалған бір жұмыртқа жоқ, екі қалтам да қоймалжың сұйықтықтан басқа ештеңе жоқ.
Жайлаудың тағы бір тамашасы, түнде таң қылаң бергенше Атам, ұлы Зарлық және мен үшеуміз жылқыны үш жағынан қоғамдап, жусағанша ішінде болып, үйге келіп, таң аппақ атқанша көз шырымын ала салып, үй іргесіндегі байлаулы аттарға міне салып, жылқыны түнде іңірттеп қалдырған жаққа жетіп, жылқы жинаймыз. Кейде мал жатқан жерінен аса ұзамай, түгендеп жайлап қайырып, суға құлатамыз. Жылқы су ішіп жайланғанша күн көтеріліп қызады, жылқы малы күндізгі ыстықтан, бүгеліктен барлығы бір жерге жиналып, үйездеп жан сақтайды. Мал түгел болса, таңғы шәйімізді ішкеннен кейін көз шырымын алып, дем аламыз. Кейде мал түгел болмаса Атам шәйін ішер-ішпестен мал қарауға кетеді. Кейде тез, кейде біраз іздеп әуреге түседі.
Сол жылдары атам үйіне ұжымшардың басқарма бастығы Түменбайұлы Кәдірсіз келіп қонды. Алғашқыда Атам Кәдекеңмен жап-жақсы әңгімелері жарасып отыр еді, әлден уақытта шартпа-шұрт ренжісіп қалды. Сөз арасында Атам Кәдекеңе, «бабам Ермек сенің бабаң Ақжігіттің сүйегі жау қолында қалып, аталарыңның ешқайсысының алып шығуға батылы бармай, сендердің тұқымдарыңа мәңгі күйе жағылатын жағдайдан, «Досымның сүйегін жауыма қорлатпаймын» деп, Құсторы атпен жалғыз шауып, аталарыңның сүйегін алып шыққандағы: «Ермектің ұрпағының алдынан шықпаңдар» деген аталарыңның өсиетін ұмытып, менің тақымыма басқан атқа көз саласың. Алла разы болсын, атты да жылқыңды да ал, мен ертең ауылға көшейін» деп тұрып кетті. Қанша дегенмен, бұрынғының адамдарының үлкенді, ата-баба сөзін қадірлеп сыйлауы ерекше еді ғой. Кәдекең де орнынан ұшып тұрып, «Әуке, ғапу ет, менен бір білместік өтті» деп Атамның қолын алды. Жаңа ғана ренжісіп отырған екеуі қайта жарасып, мерейлесіп кетті. Сол жолы бабамыздың ерлігі туралы бірінші, ақырғы рет естіп, мәңгілік есімде қалды. Адамның психологиясы қызық жаратылыс қой деп ойлаймын. Өйткені, талай басқа адамдардың байлығын да, батырлығын да естіп жүрмін ғой, бірақ олардың ешқайсысы Ермек бабамыздың ерлігіндей анық жадымда сақталынбапты.
Атам барға қанағат жасайтын қанағатшыл болатын. Бірде ағайынды екеу Атам, інісі Тәтем мен аңға шығады. Сәске түс кезінде бір түлкі алып, Атама байлапты. Біраз түлкі қағып жүргенімен аң да, жақында жортқан аңның ізі де кездесе қоймапты. Әлден уақытта Атам: «жүр, Ахметжан, ауылға қайтайық, даланың тышқанын (түлкіні) тауысамыз ба» деп алған бір түлкіні қанағат санап, қайтып кетпекші болған жерінен Тәтем: «Әуке, оныңыз не, үйден шыққанымыз жаңа ғана, аңның бір қызығы оның жортатын жерлерін біліп, іздеп-тауып қуғанда емес пе?» деп азғырып әрең тоқтатыпты. Кейін Тәтем айтатын: «біздің Әукеңнің қанағатшылдығы керемет қой, даланың аңының өзін біреуін алғаннан соң басқасын қайтеміз» деген.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter