18.11.2021
  156


Автор: Ауданбай Ахметжанұлы

Харамнан қашық болайық

Бисмилләәһир-рохмәәнир-рохиим.


«Мәйда» с. 3-а: «Бүгін діндеріңді және нығметімді толықтырдым. Сондай-ақ сендерге Ислам дінін қоштап ұнаттым», делінсе Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Менімен менен бұрынғы пайғамбарлардың арасы, мысалы бір адам әдемі, көркем үй салып, бұрыштарының бірінде бір кірпіш қаланбай қалған сияқты. Адамдар сол үйді айналып, таң қалып: «Әттең-ай, бұған бір кірпіш қаланғанда ғой» дейді. Мен – сол кірпішпін және соңғы пайғамбармын!»  деді.


Әлемнің әміршісі әрі жаратушысы жалғыз Раббымыз өзінің әрбір мақұлығына (жаратқанына) осы әлемде өзіне жүктелген міндетін толық орындай алатындай мүмкіндік берді. Жаратқандарының ішінде қозғалып, азықпен, ауамен қоректену, өмір сүруіне қажеттілік болғандарға, көбейіп ұрпақ өсіретіндеріне еске сақтау, әралуан дыбыс шығару арқылы бір-бірімен хабарласу, ұрпақ өсіріп, оған қамқорлық жасап қорғайтындай қабілетпен қамтамасыз етті. Ал осы әлемде болғанымен, бір орынға бекітіліп, қозғалмайтын, өзінің бірінші жаратылғанынан өзгермейтін жаратылыстарға, осы әлемнен жойылып кетпес үшін бүлінген молекулаларын қайта қалпына келтіру қабілетін берді. Осылай жаратқандарының барлығын әртүрлі ерекшеліктермен қамтамасыз етті.


Алла жаратқандарының арасынан пендені ерекше жаратып, оны басқа жаратқандарынан үстем етіп, падишасы және өзіне орынбасары қылды. Оған бүкіл болмыстың ерекшеліктерін топтастырып, ерекше ақыл-ой мен сана, білуге деген құштарлық пен білгенін өзінің пайдасына асыратындай орасан артықшылықтар берді. Қасиетті Құранның «Бақара» с. 30-а: (Мұхаммед (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Сол уақытта Раббың періштелерге: «Әрине мен жерде бір орынбасар жаратамын» делінген. Адамды жаратып, оны рухтандырған сәтте періштелер білмейтін білімді қоса үйретті. Бұл туралы «Бақара» с. 31-, 33-а: «Алла Адам (а.с.) ға бір тұтас атауларды үйретті де, сонан соң оларды періштелерге көрсетіп: «Айтқандарың рас болса, Маған осы нәрселердің аттарын айтып беріңдер» деді. «Періштелер: «Сен пәксің! Біздің Сенің үйреткеніңнен басқа білеріміз жоқ. Әрине, Сен толық білуші, өте данасың» деді. «Ей, адам! Оларға, бұлардың аттарын баян ет!» деді. Сонда оларға ол заттардың аттарын айтқан сәтте, Алла: «Мен сендерге көктер мен жердің құпиясын, сендердің де көрнеу, көмес істегендеріңді білемін деп айтпадым ба?» деді. Олай болса, Құдыретті жаратушы жалғыз иеміз, пендесі білімсіздіктен аяғын шалыс басып, қателеспес үшін оған қажетті ілім үйреткен. Пайғамбар Мұхаммедке (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дейін адамдар арасына әлсін-әлсін дұрыстықты уағыздайтын, жол көрсетуші пайғамбарлар жіберіп, олардың ілімін заманның ағымына қарай толықтыратын қасиетті кітаптар түсірумен, аян берумен және құдіретімен ойына салуымен жетілдірген. Дәуіт (а.с) – Забурды, Мұса (а.с) – Тауратты, Иса (а.с) – Інжілді, Мұхаммед (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) – Құранды түсірді. Мұхаммед (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) – ақырғы пайғамбар, ал қасиетті Құран – соңғы кітап. Құранда басқа пайғамбарларға түскен кітаптарға қарағанда, Пайғамбар (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дейінгі оқиғалар, сол кездегі және ақырет күніне дейінгі адамның атқаратын дұрыс амалдарының негізгілеріне жол көрсетілген. Бұл негізгі ұстанымдар қасиетті Құранда ашық, кейбірі жасырын берілген. Бірақ Алла Тағала ол жасырын білімнің анық сырын ашатын уақыты келгенде, пендесіне өзінің құдыретімен білдіретін сияқты. Анығын Алла біледі. Енді осы байламымызға дәлел мен дәйекті дүниеауи ғылым жаңалықтарынан іздеп көрелік.


Француз философы Анри Бергсон 1920 жылы «Адам миы телефон станциясы сияқты. Ми, ақпаратты, жаңалықты ойлап тудырмайды, тек қана оларды басқа ақпарат көзінен қабылдап, соны таратады» деген болжам жасаған. Бірақ ол кезде дүние жүзінің бүкіл зиялы қауымы бұл болжамды теріске шығарып, оны бос әңгіме деген байлам жасаған. Атақты нейрофизиолог, медицина ғылымдарының докторы, академик Н.П.Бехтерева көп жылдық ғылыми тәжрибесі мен түйсік-түсініміне сүйене отырып, екі түрлі қорытындыға келген. Оның бірі «Ми өзінің шабыттану шағында қабылдағыш ретінде жұмыс істеп, әлемнен ақпарат қабылдайды. Болмаса ми өзіне-өзі қолайлы жағдай жасап, шабыттанғанда ұлағатты ойлар тудырады. Қалай болғанда да мидың шабыттану кезеңінің өз теңдесі жоқ, тыстан келген тарту» десе, нейрохирургия ғылымының негізін қалаған, миға он мыңның үстінде ота жасаған, Америка мен Канаданың дәрігерлері Уайлдер Пенфилд пен Экклзом бірігіп жазған «Адамның құпиясы» еңбегінде «Адамды әлдебір нәрсенің басқаратыны ешқандай күмән тудырмайды» деген қорытындыға келген. Бүкіл ғылым әлемін дүр сілкіндірген АҚШ-тың Теннесси штатының 3 жасар бүлдіршіні Селена Яниктың адам интеллектуал шамасын бағалайтын IQ көрсеткіші 135 баллды құраған. Бұл атақты мемлекет қайраткерлерінің көрсеткіштерінен едәуір жоғары. Он екі жасар ақын Жамбыл өлең шығарар кезде өлеңнің мазмұнын құлағыма сыбырлап тұрады десе, Л.Н. Толстой ойына бір тың сөз тіркестері түскен бетте қағазға түсіреді екен, сондықтан қаламсабы мен сия сауытын жанынан бір сәтке де тастамаған. Бұл шағын мысал кейінгі кезде етек алған, «Адам – құдірет иесі, ол өзінің ойлау қабілетімен болмыстың барлық құпиясын біле алады» дегеннің қате түсінік екендігін Алланың адамға білдіруі емес пе?! Калифорния университетінің ғалымы, доктор Л. М. Койнға Алла кепкен саздан тараған ультрокүлгін сәулені көрсетіп, топырақтың қасиетін зерттеуге ынталандырды, нәтижесінде, Л.М.Койн: «Иондық байланыстың қозғалуы электр куатының пайда болуына әкеліп соғады. Қуаттан күш алған ол өмірдің қарапайым қозғалысын есімізге салады. Бұл тағы бір рет адамның топырақтан жаратылғанына дәлел» десе, ал «Массахусетс технология» институтының ғалымы Хайман Хартман «Біз заманауи құрылғылармен саздың молекулаларының тіпті, атомның құрылысын зерттеуге әбден шамамыз келеді. Талай үлкен жетістіктерге жеттік. Бірақ зертханада адамның өмірін жарата алмаймыз. Бұған Ұлы Жаратушының ғана құдыреті жетеді» дегені арқылы Қасиетті Құранның «Рахман» с. 14-а: «Ол адамзатты құмырадай сыңғырлаған құрғақ топырақтан жаратты» деген аяты мен Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Алла Тағала әр ғасырдың басында менің қауымыма дінді жасартатын адам жіберіп тұрады». (ҚМДБ. «Желмая» ғылыми аударма орталығы, Алматы, 1991ж. 28-б.). деген хадистеріне пендесінің көзін жеткізіп, көңілін тұрақтандыруы емес пе?! Алла Тағала Адамды жаратып, оған білім үйретіп, оның фәнидегі тіршілігінде күнә амалдардан аулақ болуын қалап, халал мен харамды білдірді.


***


Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Жаннат нәпсіге ұнамсым көрінген нәрсемен, Жаһаннам  нәпсіге  ұнамды нәрселермен, бүркемеленген» (Бухари, Риқақ, 28) деген хадисін ескермей, көпшілігіміз қоршаудың ішінің негізіне көңіл аудармаймыз. Нәпсіге ақылымызды жеңдіріп, күнәдан алыстамай, онымен айналысуды күнделікті әдетімізге айналдырудамыз. Осындай ауыр күнәлардың бірі – зина. Зина, алдымен аманатқа қиянат. Әйелдің де, еркектің де бойындағы барлық жақсы қасиеттері мен қабілеті, Алланың берген нығметі – некелі жұбайларының меншігі. Егер олар тұрмыс құрмаған болса болашақ жұбайларына тиесілі. Сіз өзіңізге берген Алланың нығметтерін некесіз басқаларға көрсету мен пайдаландыру арқалы олардың негізгі иесіне қиянат жасайсыз. Зина отбасын ойрандап, баланы жетім, әйелді жесірлікке, еркекті жарсыздыққа апарады. Отбасы мен отанның ойрандалуы. Отан отбасынан құралады, отбасы – Отанның іргетасы. Іргетасы нашар  құрылымның ғұмыры ұзақ болмайтыны тарихтан белгілі. Іргетасының беріктігі ғимараттың мықтылығының кепілі болса, отанының іргесінің беріктігі де әрбір отбасының беріктігіне тікелей байланысты. Азып-тозып, өз ошағының өңін кіргізе алмаған жұбайлар елін гүлдендірер азамат бола алмайды. Олардан отанын, елін, жерін сүйетін ұрпақ өсіп дамуы өте шүбәлі. Сонымен бірге, әке мен ананың ұлағатымен сусындамай тәрбиеленген ұрпақтан келешекте тізгіннің екі ұшын тең ұстай алатын білімді де білгілікті, ұлтына жаны ашып, ділі мен дінінің жоғын жоқтайтын тұлғалар тәрбиеленіп өсуі екіталай. Бұл бүкіл ұлттың болашағына балта шауып, тамырын қопарумен тең. Зина жүрген жерде адал ұрпақ әкелу де екіталай. Зина жасаған әйелдер ұрпақтың анық әкесін де нақты айта алмайды, өйткені оның биологиялық әкесін тап басып айтуға мүмкіндігі жоқ. Анығын Алла біледі. Қазіргі заманда ұрпағына мейірімнен гөрі жауыздықпен, өшпенділікпен қарайтын кейбір әкелердің кездесетіндігі өте өкінішті. Әке мейірімін сезінбеген ұрпақтан ер жетіп, етегін жауып, ел ісіне араласқан шағында маңайына мейірімділік шуағын шашатын ұландар шығады деуге ауыз бармайды. Зинаның залалын жіпке тізіп айта берсең шашың тік тұрады. Енді қазіргі заманда Алланың жердегі орынбасары ретінде бүкіл болмыстан үздік жаратылған адамның зинаға қатынасы қандай деңгейде дегенге көңіл аударайық. Зина өте лас, үлкен күнә және отанды ойрандайтын жиіркенішті амал болса да, осы арсыздықпен күрес көңіл көншітпейді. Қоғамды адамгершілікке тәрбиелеуге тікелей міндетті   құрылымдар адам құқығы деген жартылай ұғымға сүйеніп, бұған аса мән бере бермейді. Адам құқығы неге жартылай түсінік болады. Әрбір болмыстың екі беті болғаны сияқты, адам құқығының да екі беті бар. Бір беті – пенденің жеке құқығы. Екінші беті – қоғамдағы оның адами қасиеттері мен сол қоғамның мүшесі ретінде қоғам алдындағы міндеттері, бұл пенденің жеке құқығынан көп жоғары. Басқаша айтсақ, жеке пенденің құқығы қорғалғансып, екінші біреудің қоғамның мүшесінің құқығына зиян келетіндігі ескерілмейді. Нақтырақ айтсақ, зинаның кесірінен анасыз, не болмаса әкесіз өскен жетімнің, әкесі белгісіз шаталардың, еріксіз әуретке көзі, аяғы қолы арқылы жанама қатысы бар тақуалардың құқығы қалай қорғалмақ. Енді осы заманда зина етек алды деген тұжырымға дәлел-дәйек келтірейік. Бүгінгі күні дененің ұятты жерлерін, әуретін жат көзден жасырудың орнына, «дененің әдемілігін ашып елге көрсетуден неге тыйыласың, жалаңаштан» деген түсінік жарнамаланып, жастардың санасына сіңгені сонша, қыздар мен жас әйелдер тізеден қарыс сүйем жоғары қысқа киім киіп, кіндіктің асты-үстінен 3-4 елі жерін ашып жүруі дағдылы жағдайға айналды. Бұл дегеніңіз еркектерге «менде мынандай бар, сен қалайсың?» деген үндеу тастауға пара-пар қылық. Келешек үшін жалаңаштанудың, әсіресе әйелдерді жақсылыққа апармайтынын түсінген Мексиканың Сьюдад-Акунья қаласының әкімшілігі мен Италияның Кастелламсаре-ди-Стабия қалаларының әкімдері қысқа юбка киген әйелдерді қылмысқа итермелеуші, арандатушы деп танып, ондайларға айыппұл төлетуге арнайы заң қабылдаған. Өкінішке орай, мұндай шаралар басқа мемлекеттерде жоқшылық.


***


Қазіргі кезде үлкен қалаларда не көп, түнгі көңіл көтеретін клубтар көп. Осы клубтарға келгендердің көпшілігі ішімдік ішіп, есті кетіретін музыкаға еріп, төс тартқы мен сан арасын жабатын лыпадан басқаны шешіп, неше түрлі төсек қатынасын елестететін бисымақтарды еркек пен әйел бірігіп орындайды және бұндай биден әлсін-әлсін жарыстар да ұйымдастырылады. Жақында осындай әдепсіз кештердің бірінде жалаңашқа жақын бейнеде билеген қыз «Мен үйде ішкі киіміммен айна алдында жиі билеймін. Бұдан ешқандай ұятты сезінбеймін, жалаңаш төсіңді дірілдетіп, селкілдетіп билегенде не тұр» деп сұхбат берсе, осы жалаңаш би жарысының көрермені, әйел: «шіркін-ай мен де осылай жалаңаш билей алсам» деген арманы бар екенін айтқан. Былайша айтқанда, күннен күнге жалаңаш эротикалық би билеу жастардың арманына айналып барады. Бұл сорақылықтың келешекте азаймай, өрши түсетіні алаңдатады. Польша мемлекетінің тұрғыны 21 жасар Аня Лисевска жер жүзін шарлап, жүз мың еркекпен төсек қатынасына баруды армандайтынын мәлімдеген. Арманын іске асыруын тамызда бастағаннан бері 284 еркекпен төсектес болғандығын мақтанышпен жариялаған. Оның мұнша сорақы қылығын дұрыс емес дейтін пенде табылмай, азғындақ мақсатын қолдаушылар көп табылып, арманына жетуіне көмектесіп, жарнамалаушының көптігі таңдандырады. Адам атын масқаралап, хайуандыққа бет алғанымызда байқамауымыз, оны тоқтатуға ешбір шара қолданбауымыз – түсініксіз жағдай. Егер болашақта әр мен әйел көшенің бойында бірге жатса, олардың қасынан ұялатындай еш нәрсе болмағандай өте бергеніміз бе? Бұл масқараны көрген, естіген ессіздер «олар жасағанды біз неге жасамасқа» деп өмірдің қалыпты жағдайына айналдырмасына кім кепіл?! Анығы Аллаға аян, зинаның зиянын Алла пендесінің есіне салып, одан қашық болуына мынандай өмір шындағын білдірген сияқты. Оңтүстік Коряның генная информация орталығының іс басқарушысы Ким У Тхэ-нің айтуы бойынша, әкесі 4 баласының анық өзінен екендігін анықтау үшін ДНК-сын тексерткенде, баланың үшеуі өзінен еместігі анықталған. Бұндай жағдайда әкенің балаға деген әкелік мейірімінің болмауы қалыпты нәрсе сыяқты. Алла біледі, шата балалар араласқан отбасында қандай да бір бізге белгісіз себеппен аталық түйсік өзінен емес сәбиге ыза, кек сақтайтындай сезімде болуы да мүмкін. Міне, бір сәт жек көру сезімі оянып, әкенің еркінен тыс басқадан пайда болған балаға жәбір көрсетуі, кейде қастандыққа да әкелуі мүмкін. Егер зинаға тосқауыл болмай, пенде нәпсінің жетегінде кете берсе, келешекте әкелер жағынан «менің балам» деген түсініктің мәні қалмауы ықтимал. Болмаса мына бір жағдайға көңіл аударайық. Ағылшын ғалымдары онлайн-калькулятор құрастырып, адамдар некесіз төсек қатынасына барған жағдайда қанша адаммен тікелей және жанамалы түрде төсектес болатындығын анықтаған. Ол үшін тұрғындардан сауалнама жүргізу арқылы жасын, жынысын және некесіз қанша адаммен төсектес болғанын анықтаған. Сауалнама қорытындысы бойынша, орта есеппен еркектер тоғыз, ал әйелдер кемдеу, алты бүтін оннан үш адаммен төсектес болғандығын анықтаған. Өз кезегінде, сауалнамаға қатысқандармен төсектес болғандар да жоғарыда көрсетілгендей адамдармен төсектес болған деп есептеледі, себебі бұл көрсетілген сан жалпы халықтың санына шағылған орташа көрсеткіш. Бұндай жағдайда біреулер некесіз қатынаста болмауы мүмкін, енді біреулер орташа саннан анақұрлым аз мөлшерде, ал енді біреулер едәуір көп мөлшерде болуы ықтимал. Осылардың орташа көрсеткіші жан басына шаққанда жоғарыда көрсетілген сандарды құрайды. Міне, некесіз тікелей төсек қатынасы 9 бен 6,3 адаммен болғанда, солардың әрқайсысы, яғни осынша адаммен қатысты деп саналады да, олар бастапқы төсек қатысында болған адамдар мен жанама төсектес болған болып есептелінеді. Осылай жанама төсек қатынасына түскендер саны артып, шұбырған тізімге айналады. Калькулятор осының бәрін екжей-текжейлі есептеп, тікелей 9 және 6,3 адаммен төсектес болған адамның жанама 3 миллион кісімен төсектес болғандығын анықтаған. Британияның фармацевтік компаниясының жұмыскері Клара Керрдің түсіндіруінше, «егер біз біреумен төсектес болсақ, онда онымен ғана емес оның бұрынғы төсектестерімен, олардың төсектестерімен осылай жалғаса беретін жанама төсектестермен болған болады. Сондықтан ұзақ тізбек құрылады. Оның айтуынша, британдықтар төсектесін өте жиі айырбастайды. Калькулятор тұманды Альбионның тұрғындарына зинаның зиянын, әртүрлі қауіпті сырқаттың төсектестік арқылы жұғатындығын ескертіп, сақтандыру үшін жасалғандығын алға тартады. Зина арқылы берілетін сырқаттың кең тараған түрі – венерологиялық сырқат. Бұл сырқатты жұқтырған адамның тәнінің ауырғандығынан оны танып-біліп мойындадық. Ал, өмірде жұққанымен ауырып жанға батпай, адам ағзасын әлсірететін қаншама аурудың түрлері бар, олай болса, некесіз төсек қатынасында болғандардың бірінен-біріне аурудың ауысуы дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Анығын Алла біледі. Ойлап қарасаңыз, некесіз төсектестердің сырқаттары бірінен-біріне беріліп, ол келесі адамның бойында мутацияланып, бұрын ғылымға белгісіз жаңа емі жоқ аурудың пайда болуына әкелуінің мүмкіндігі зор. Олай болса, қазіргі заманда аурудың адамдар арасында кең таралып, абсолюттік тұрғыда сау адамның жоқтығының бірден бір себебін зина деуге толық негіз бар.


Қадірлі жамағат, Алланың харам деген барлық болмысында, ол асқа ма, әлде заңсыз жолмен табылған табысқа ма, не сол қаржыға алынған мүлікке ме, не болмаса зинаға қатысты ма, бүгін болмаса ертең, тіпті түптің түбінде, харамнан қашық болмағандарға, оның от басына, отанына кесірін тигізіп, орны толмас өкінішке әкелетіндігін әр уақытта есте сақтайық. Харамнан өзіміз қашық болайық, ұрпағымызды қашық болуға тәрбиелейік, шамамыз жеткенше маңайымызға харамның залалын түсіндіріп, Алланың ақ жолымен жүруді уағыздайық. Барлықтарыңыз Алланың рахымына бөленіңіздер. Әмин!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу