Өлеңдер ✍️
Ақ келіншек киіпті қара көйлек
Ақ келіншек киіпті қара көйлек,
Ойласын дегені ме дара ғой деп?
Қозғап-қозғап қояды паң мүсінін
«Көздің жауын жаула да, ала ғой»деп.
Ажарында сыпайы сыздану бар,
Назарында қас-қабақ, жүз бағу бар.
Тереңінде тәкаппар міз бақпайтын,
Бет жағында жылымсып міз бағу бар.
Ерсі мінез, қимыл жоқ ебедейсіз,
Қабағы ашық, қарайды көлегейсіз.
Молшылықтың белгісі үйіндегі
Қарашықта қалыпты себеп ойсыз.
Әтірін айт бір иіс гүлге сіңген,
Мұрын жарып талдырар мүлде есіңнен.
Шым етеді жүрегің, пайда бар ма
Үлдесі мен біреудің бүлдесінен?
Жас шамасы қырыққа жетер-жетпес,
Жастық шағы басынан өтер-өтпес.
Сірә, өлердей сүйеді-ау, замандас та
Бір тілегін сондықтан екеу етпес.
Әйел заттың сұмдық қой сұлулығы,
Сұлулығы – киелі шымылдығы.
Шымылдыққа сұқтанып көп қарайтын
Бейбақ еркек біткеннің бір ұрлығы.
Әлгі әйелге сол көзбен мен де қарап,
Келісімін, кемшінін тең бағалап:
– Жасандылау болғанмен әлсіздігі,
Жақсы-ақ әйел, – дедім мен сәл жобалап,
...Сұлулығың өзіңе мәңгі аманат,
Сол сұлулық қайғыдан қара кисе,
Сонда обал-ақ, обал-ақ, сонда обал-ақ..
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter