Өлеңдер ✍️

  16.11.2021
  138


Автор: Кеңшілік Мырзабеков

Ұя

(баллада)
Сонау жылы Ақшығанақ – Ақсайда,
Бір жас бала – жақсы бала жақсы ойда
Қой қайырып, қозы жайып жүруші ед,
Төбел тайы сылти ма, әлде ақсай ма?...
Онда ойы жоқ, ойы тіпті басқада,
Көз алдында қызыл-жасыл астана.
Төбел тайдың шіренетін үстінде
Проспектіде тұрғандай боп, масқара!
Қала деген тек түсінде әлі оның,
Карта арқылы алақанда әлемің.
Пәле бала көріпкелі бар дерсің,
Бәрін білед қаладағы «пәленің».
Алматыда қанша ақын, жазушы,
Қайсы нашар, қайсы мықты, азулы.
Еңбектерін саралайтын солардың,
Соларға өзі үйреткендей жазуды.
Аға шопан:
– «Тәйт,– дейтұғын,– тәйірі алғыр»,
Бірдеңені соғасың-ай ойдан кіл.
Тазала анау көк қозыда тоңғақ жүр,
Қияли боп туған неме қайдан бұл?..
«Қияли боп туған неме қайдан бұл?..»
Осы бір сөз жаман тиіп жайдан бір.
Кілт сергитін тәтті қиял, ойдан бұл.
Тап сол кезде шыбын жаны шырқырап
Бармақтай құс ұшты дейсің сайдан бір.
Бала сол сәт қалды қарап сол құсқа,
«Бейкүнә құс кеткені ме алысқа,
Қайтар ма екен орта жолда талықса?..»
Сай ішінде қалды туған ұясы,
Орап салған үпілдірік қамысқа...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу