Өлеңдер ✍️

  15.11.2021
  185


Автор: Кеңшілік Мырзабеков

Әліппе алдында

...Адамзаттың әлі сәби жас шағы,
Ашық еді маңдай алды –аспаны.
Сонда да ол бір сәулені іздеді,
Сол сәулеге шарқ ұра бастады.
Жас сәбидей туа сала тырбанған,
Тірлік іздеп тылсымдардан, тыңдардан,
Бірлік іздеп қуаныштан, думаннан,
Шындық іздеп қайғылардан, мұңдардан,
Бұл адамзат ізденумен шыңдалған!
Сонда Адамзат сол ізденіс – шерудің,
Мәңгі екенін білді өзіндей өмірдің.
Өмір – ғұмыр мақсаты да сол еді,
Көпірі де күрестердің, жеңудің.
Сол мақсатқа бізді мәңгі жалғаған
Адамзаттың танымына таң қалам!
Өзіңді өзің таны деген әуелден
Табиғаттан табиғатың аумаған.
Сәуле құмар, нұрға құмар сен гүлсің,
Басы тұнық бастаудайын мөлдірсің.
Көкірегіңді көк тұнығы сел жусын,
Қиялыңа қанат болып жел жүрсін.
Табиғаттан ал барлығын, ал іздеп,
Сен – адамсың, мойыныңда парыз көп.
Адамзаттың сонда-ақ асқақ санасы
Салды бізді білім – қия, сан ізге.
Сонда адамдар аяған жоқ көз майын,
Ойлаған жоқ қара басын, өз жайын.
Білім деген – ақиқат қой, сол үшін
Дар алдында тұрды талай сөз дайын.
«Бас кеспек бар, тіл кеспек жоқ» дегендер,
Заманынан ойы ілгері кемелдер.
Білім деген – келешек қой, сол үшін
Тұрды дайын зынданға, тас шеменге.
Шіркеулердің қоңырауларын сом болат,
Сәулелі ойлар тілсіз матап, алды орап.
Біреулері отқа өртеніп, біреуі
Көк аспаннан келешекке жол қарап.
Дүние сырын, шындық сырын жатты ашып,
Жатты Адамзат өзін-өзі тап басып.
Соның бәрі жарық сәуле секілді
Тапты келіп біздің дәуір қақпасын.
Біздің дәуір, біздің қоғам білімге
Кең сарайын ашты кеше, бүгін де.
Жиырмасыншы жылдар есте кешегі,
Сауат ашқан жермай шамның түбінде.
Одан арғы, бергісі де...Бәрі есте,
(Егер, егер...ұмыт болса сал еске).
Бұл Адамзат болсын қанша білімді,
Әліппенің алдында әлі нәресте.
Бүлдіршінім ақ фартук, ақ жағалы,
«Әліппеңді» ал ұстай ғой, ал әне...
Мойыныңа асына ғой сумкаңды,
Бұл міндетің – келешектің талабы.
Ал соға ғой, қоңырауыңды күмбірлет,
Талпын, талпын, дүние сырын білгің кеп.
Сенің соққан қоңырауыңның күмбірі
Адамзатқа тұрар жүктеп мың міндет.
Әліппесін аш, кәнеки, әлемнің,
Дүние сырын қызғанады сенен кім?
Қарыздар ғой Әліппенің алдында?
Кемел заман, кемел қоғам, кемел күн.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу