Шығармалар ✍️
Тәуелсіздікке 30 жылдығына арналған эссе
Тәуелсіздік баға жетпес байлығымыз және басты құндылығымыз. Тәуелсіздікке ғасырлар бойы армандап қол жеткіздік. Тәуелсіздік жайлы айта бастағаннан-ақ бірінші болып азаттықтың жолында құрбан болған желтоқсаншы жастар көз алдымызға келеді. Олардың күйін жүрегімізбен сезінеміз және оларға бас иеміз. Сол жастардың арқасында тәуелсіздігіміз есік ашып, күніміз күлімдеп, айымыз оңынан туып, түніміз тыныш, бейбіт күнде өмір сүрудеміз. Тәуелсіздік алғаннан соң тарихымызды түгендеп, репрессияға ұшыраған зиялыларды ардақтап, халық жауы атанған ақын, жазушыларды ақтап алдық. Тілімізге «мемлекеттік тіл» мәртебесі беріліп, ұлттық құндылықтарды қайтардық. Салт-дәстүріміз жанданып, қазақтығымыз айқындалып азаттығымыз есік ашты. Ұлттық рәміздеріміз қабылданып, әнұранымыз шырқалып, көк туымыз көк аспанда желбіреді. Бұның барлығы дерлік тәуелсіздіктің арқасы екені сөзсіз.
30 жылда ел жаңа, ия, 30 жыл, тәуелсіздік алғанымызға биыл 30 жыл болыпты. Еліміз күн санап, қалаларымыз бен ауылдарымыз жандануда. Осы 30 жылдың ішінде «Қазақстан» деген елді бүкіл әлем танып үлгерді.
Біз, қазақ елі, намысын қолдан бермейтін елміз, абыройын жерге таптатпайтын, ел үшін, жер үшін қанымызды, жанымызды беретін елміз, осы қайсарлықтың арқасында тәуелсіздікке қол жеткізіп, бодандықтан арылған елміз. Біз бармыз! Біз тіріміз! Біз өлмейміз! Сұлтанмахмұт Торайғыровша айтқанда:
«Алаш туы астында,
Күн сөнгенше сөнбейміз!»
— дегім келеді!
12.11.2021ж
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter