Өлеңдер ✍️

  11.11.2021
  174


Автор: Кеңшілік Мырзабеков

Ту туралы жыр

Туыңды көтер, туыңды көтер, туыңды!
Туыңды көтер, таптатпау үшін тұғырды.
Неліктен ерлер көтеріп туын жығылды,
Неліктен елдер астына тудың жиылды?
Осыны ойла...
Туыңды көтер жоғары,
Туыңды көтер салтанаттарда саналы.
Жарыста озсаң, аласың қызыл жалауша,
Туменен түстес галстук балаң тағады.
Тулары бірге адам мен адам табысса,
Неліктен туды теңейміз ар мен намысқа?
Жеңіспен алған жерлерге неге қадаймыз,
Неліктен оны жібереміз біз ғарышқа?
Жүректе шындық.
Шыққанда шындық жүректен,
Жүректі және теңейміз туға дір еткен?
Неліктен туды көтерген әлем құлдары
Шынжыры бір сәт босаған кезде білектен.
Адамзат – болмыс,
Жаралған күрес – қайнардан
Революция қаны ғой мәңгі айналған.
Неліктен біздің революция тулары
Жүректің ісін, жүректің түсін байланған?
Отаның – біреу, Жүрегің – біреу, Ту – біреу.
Сондықтан жөн ғой «жүректен туым туды» деу.
«Туыңдай берік бол!» дейміз біздер сондықтан,
Рахат қой тудай желбіреп, жану, үлбіреу.
Туыңдай берік, туыңдай нәзік бола алсаң,
Туыңды ұстау аманат саған, саған сән!
Туыңды көтер, туыңды көтер, туыңды,
Өз Отаның мен өз жүрегіңнен жаралсаң!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу