Өлеңдер ✍️

  06.11.2021
  417


Автор: Кеңшілік Мырзабеков

Себеп

(баллада)
Ашхабадта жерді сілкіп зардап жұт,
Қас-қағымда қалды сол жыл зарлап жұрт.
Көрші үйлерге тұтас келген апаттан
Тұтам өмір қалғанына таң қалдық.
Екі көрші үй ортасында ортақ бақ,
Қалың баққа өте алмайтын өрт аптап.
Мәулетті әулет – екеуі де өскен үй,
Демалатын бақ ішінде жер баптап.
Екі әулеттің ең үлкені – қарт ана,
Жетпісте еді.
Екі үйге ортақ ортада.
Ең кішісі – екінші үйде жеті айлық,
Іңгәлайтын дауысынан бал тама.
Қақпасы бір, бақшасы бір есікте,
Ортақ ана алдын бірі кесіп пе?..
Таласатын екі әулеттің баласы
Тербетуге ортадағы бесікке.
Бір кіндіктен тумаса да екі әулет,
Бір босаға кеткендей бір отау боп.
Жұрт айтатын «Шын татулық осы-ау»деп,
«Бір шаңырақ қой, екеу деген аты-ау» деп.
Түрікменнің бір әшмүңке көк шайын,
Ал немесе бір кездеме батсайы
Бірі әкелсе, «сен іш, сен ки» десетін,
Есептемей тиын-тебен, ақшаны.
Бір-біріне көздің іңкәр нұрымен,
Ымыраласқан, ынтымақпен жібіген.
Баянды бұл татулық ед не деген,
Байланғандай жүректің қыл жібімен?!
Таңғажайып, таңғы түстей тәтті өмір,
Кім ойлаған сап болар деп сәтте бір.
Сол күні апат – алай-түлей Ашхабад,
Алай-түлей от оранып жатты өңір.
Екі көрші үй солқ еткенде сол алап
Қақ жарылды жапырылып, домалап.
Оның несін...Оның несін айтамыз,
Қос шаңырақты жұтты көзсіз жаманат.
Жо-жоқ, тоқта!
Табиғатқа таң қалма,
Кездейсоқтық себебіндей заң бар ма?!
Жетпістегі ана кетті баққа ұшып,
Бала жатты мәуелі бақ – албарда.
Аруақтай ана жеңіл болғаны-ау,
Періштедей бала жеңіл болғаны-ау.
Алапат күш лақтырғанда екеуін
Бір алақан аман алып қалған-ау.
Қағып қалған бәлкім бақта жапырақ,
Қағып қалған бәлкім туған топырақ.
Сыртқа екеуін терезеден лақтырса,
Баласы мен әкесі деу мақұл-ақ.
...Қатал тағдыр кәріне ана қасарған,
Жетпісінде белді буып жасарған.
Тамырына қан жүгірген ал сәби
Уызына тойып қайта шашалған.
Аңыз емес, ертек емес, бұл – шындық,
Мұндай шындық болмасын деп күрсіндік.
Ашхабадта алты ұлдың әкесі –
Сол «сәбиге» кездесіп қол ұмсындық.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу