Өлеңдер ✍️
Ақындықтан қорықпаймын, қиын емес
Ақындықтан қорықпаймын, қиын емес,
Ұйқастыру, сөз құрау бұйым емес.
Тілдік қорым жетеді, орамдымын,
Тілім менің татусыз, сұйық емес.
Он жеті жыл ауылда, қырда өскенмін,
Абай, Нұрхан жырымен тілдескенмін...
Жесірлердің жоқтауын естігенмін,
Жеңгейлермен тілдесіп, үндескенмін.
Қалада мен ұмытқам жоқ ана тілін,
Ана тілі болды нан табатыным.
Тағдырыма ырзамын, талай талант
Алды мені астына қанатының.
Өмір көрдім, замандас, бір адамдай,
Болды талай басымда бұралаң жай.
Заманыма ырзамын, қайтер едім,
Тыпыршысам түнекте ұлы Абайдай?..
Тыпыршытпай өсіріп заман мені,
– Қабағыңды қалтқысыз бағам, – деді.
Қоғамыма ырзамын, тапсыз, тақсыз
Толып жатыр талантты қаламгері.
Талант болсаң – тартыссыз жазбауың хақ,
Заманыңның сауалын қозғауың хақ.
Жұрт көрмеген көріністі көруің хақ,
Көргеннен соң көзіңді жазбауың хақ.
Көргеніңнен көшірме жасамау хақ
Фотоаппарат секілді тез қабылдап.
Мұның бәрі, жарайды, келсін қолдан,
Шеберліктен өзіндік еншіңді алған,
Суреткер деп, ақын деп таныды елің,
Ал енді ойла, қай тұсың кемшін қалған?..
Білімнің де жетіпсің биігіне,
Бастауы не, білеміз иіні не?
Тақырыпты білеміз игеруді,
Қосуды да білеміз, қиыны не?!
Мен білемін бұларды, бұлар басқа,
Мен іздеген құдірет, құмар басқа.
Сол заманда шырқауға шыққан Абай
Бүгін туса, биікке шыға алмас па?!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter