Өлеңдер ✍️
Ақын болу Абай болу емес тек
Ақын болу Абай болу емес тек,
Ол – мұрамыз, мұрат емес теңеспек.
Мұрамызды сақтай алсақ мұнтаздай,
Абай – тірі.
Айдарынан жел еспек.
Абай тілі – біздер жазып жүрген тіл,
Бір сөзімен бірде жылап, күлген тіл.
Осы тілмен Абайды да, бізді де
Әлдилейді Зере сынды бір кемпір.
Рас, бізден Абай мұңы бөлек ед,
Сол мұң шығар оны ойлантқан керемет.
Біздің заман көксегені – Абайдың,
(Адамға тек мұңсызбын деу не керек?)
Біздің заман жасампаз да, жақсы да,
Біздің заман жойды тапты, тақты да.
Біз де Абайдай
ренжиміз адамға,
Біздің мұнда қоғамға тек жоқ кінә.
Абай мұңы өз халқының мұңы еді,
Ал біздің мұң – адамзаттың тілегі.
Адамзаттың ақ тілеуі сан рет
Қыл көпірде тұрған жоқ па бір елі?!.
«Абайдың да заманынан күрделі
Бұл заманда айту керек жыр нені?»
Десек тағы, адам барда ұлы Абай
Замандарға зымырайды ілгері.
Абай тілі, сен де қоса зымыра,
Салқындама, солғындама, суыма!
Қашан, қайда туса да ақын мас болсын
Ана тілі – алтынының буына!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter