Өлеңдер ✍️

  05.11.2021
  162


Автор: Кеңшілік Мырзабеков

Ақ төбетке әр мезгіл ас құй, апа

Ақ төбетке әр мезгіл ас құй, апа,
Аңға салдық, қалды ма қасқыр ілмей?
Арлан төбет көкжалға тік қияда
Аңдап тұрып қадалған тас бүйідей.
Ауыз салған жерінде ақ мойнағым
Тапжылмастан кірпігін қақпай қалып,
Қанталаған көздері шоқтай жанып,
Қапталына қара күш боп байланып
Қасқыр алған...
Құмайдан қалған тұяқ,
Өтіп кеткен күндері – жалған қиял.
Қартайды ғой ғұмырға болмай құса,
Келте өмірге көңілі толмайды сәл.
Жанар алды тартқан соң көмескілеу,
Жон ескілеу, баяғы жол ескілеу.
Маңқ етпейтін маубасар маңғаз төбет
Қасқар алды дегенге сенбес біреу.
Сенбес біреу...
Сенгендер тамсанар да,
Кәрі төбет қозғалар қансонарда.
Енді қасқыр алмайды ол...
Жолдан қайтсам,
Шықса болды алдымнан арсалаңдап.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу