Өлеңдер ✍️

  05.11.2021
  607


Автор: Кеңшілік Мырзабеков

Автобуста қасымда отырған қызға

Қыз отырды қасымда қарақаттай,
Маған жазым жабысқан жарақаттай,
Әлде менен қымсынып отыр ма екен,
Әлде мені қомсынып отыр ма екен,
Көбелектей көкті іздеп маза таппай.
Ұшқысы кеп отыр-ау айналайын,
– Бар, ұша ғой, бағыңды байламайын.
Бір көбелек қонды ғой қолымызға,
Қазір бізге, қарағым, сол да уайым...
Бір уайым жетпей ме басымызға?
(Бір уайым шығар-ау осы қыз да).
Бір адамдай қудық қой бірталайын
Көбелекті қуатын жасымызда.
– Ұш, қарағым, жарыққа үйір болма,
Қырық қадам шықтың ғой қиыр жолға.
Биік, төмен ұшқанның пайдасы жоқ,
Бақ келмейді және де сиынғанға.
Ұлан дала, кездеспей ұшан белде,
Кездестік-ау кездейсоқ қысаң жерде.
Тілім менің қырқылып отыр, қалқам,
Саған енді серік боп ұшам деуге,
Саған енді ынтық боп құшам деуге.
Шын ұшқың кеп отыр ма, айналайын,
Бар, ұша ғой, бағыңды байламайын.
Оттан-судан аман жүр алыс жолда,
Көбелек деп мен сені ойламайын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу